Бұл жерде Алтын Орданың бірнеше хандары, Ноғай ордасының билеушілері және Қазақ хандығының ханы Қасым (1511-1524 жж.) жерленген. Сарайшық қаласы көлемі 100 гектар.
Мерзімі – XIII-XVI ғасырлар. Атырау қаласынан 55 шақырым жерде Жайық өзенінің оң жағасында орналасқан.
Қазба жұмыстары 1996 жылдан бастап үзілмей жүргізілуде.
Сарайшық қаласының мазарында Алтын Орда билеушілерінің ішінде Меңгу-Темір (1266-1281 жж.), Тоқта (1280-1312 жж.), Жәнібек (1342-1357 жж.), Бердібек (1357-1359 жж.) леген хандардың зираттары бар. Алтын Орда құлағаннан кейін 1391 жылдан бастап Сарайшық XVI ғасырдың 40-шы жылдары Ноғай Ордасын қалыптастырған Маңғыт жұртының орталығына айналады, ал Қасым ханның кезінде Қазақ хандығының астанасы болады.
Сарайшық қаласында 1996-2004 жылдар аралығында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде Қазақстанның Алтын Орда кезеңіндегі қала мәдениеті бойынша, Шығыс пен Батыс мәдениеттерінің сауда-экономикалық байланыстарының даму қарқыны жөнінде көптеген манызды мәліметтер қоры жинақталды.
Сарайшық қаласындағы 2005 жылғы зерттеу жұмыстары Жайық өзенінің жағасындағы шайылып кету қаупі бар бөліктерінде жүргізілді. Жайық өзенінің оң жағалауындағы жарды зерттеудің нәтижесінде көлемі 10*5 метр, биіктігі 1 метр әр түрлі көлемдегі күйдірілген кірпіштерден қаланған үлкен құрылыстың орны аршылды. Бұл құрылыс бесінші қазбадан оңтүстік-шығысқа қарай, Сарайшық ауылының ескі бөлігі мен «Тәжірибе алаңының» ортасында орналасқан. Құрылыс құландыларының кейбір кірпіштері алебастрмен сыланған және орталарын су өтпейтін қоспамен бекіткен. Құрылыстан қыш ыдыстардың сынықтарымен қоса темір қазан табылды. Жардың қырында күйдірілген кірпіштен қаланған қабырға көрініп тұрды. Осыған байланысты қалың мәдени қабаттың ортасында бұрынғыдай көп кездесетін көрханалар емес бір жеке құрылыс орны деген болжам жасалды. Сол себепті бұл жерге көлемі 400 м2 қазба салынды.
Құрылыстың жоспарын, құрылымдық ерекшеліктерін және архитектуралық бөлшектерін зерттей келе және оларды Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияның орта ғасырлық қалаларымен салыстырғанда бұл ескерткіштің моншаның орны екендігі анықталды.
Монша Сарайшықтың батыс шетінде, қаланың оңтүстік шекарасынан 10 м және мазардан солтүстік-батысқа қарай 60 м, әрі қаланың маңызды құрылысы болған «ханадан» 200 м жерде орналасқан. Моншаны салар кезде су көзін де қарастырып, Жайық өзеніне жақын орнатқан. Моншаның орнын тазалағанда оның құрылыстық ерекшеліктері, жылыту жүйесі анықталды.
Моншаның қабырғасы Алтын Орда кезеңінде көп қолданылған кірпіштерден (24*24*5 см) және саздан қаланғаны, сонымен қатар әр түрлі қызмет көрсетуге арналған бірнеше бөлмеден құрылғаны белгілі болды. Бөлмелердің ішінде еден астынан жылу жүйесі жүргізілген жуынатын бөлімі бар. Моншаның еденіне күйдірілген кірпіштер жайылып, су өткізбейтін қоспамен сыланған. Еденді тазалау барысында су ағызатын арықтың орны, көмілген хум, су жиналатын шұңқыр орындары аршылды. Моншаны және суды тандыр пешін жағу арқылы қыздырған. Ескерткіш XIV ғасырмен мерзімделеді.
Моншаның жанынан Сарайшық ауылының аэрофотосынан байқалатын ескі жол өтіп жатыр. Бұл жол Сарайшық ауылының ескі және жаңа бөліктерін қосып тұр. Моншаның оңтүстігінен қаланың оңтүстік-батыс бөлігін шектейтін жал орналасқан. Алтын Орда кезеңінің қалаларында бекіністері болмағандығы тарихтан белгілі, бекіністер осы кезеңнің соңғы ширегінде пайда бола бастайды.
Күйдірілген кірпіштермен қаланған қабырғаның бойымен көлемі 5*4,5 м қазба салынып, өзен жағасын бойлап оңтүстік-батысқа және солтүстік-шығысқа қарай созылды. Қазбаның жалпы ұзындығы 25 м дейін жеткізілді. Моншаның үлкен бөлігін өзен шайып кеткен, сол себепті оның сақталған оңтүстік-шығыс бөлігі тазаланды.
Зерттеу жұмыстары ханака мен құдықты ортасынан салынған V қазбада да жалғастырылып, ол жерден қыш күйдіруге арналған пештің орны аршылды. Пештің сақталған көлемдері: диаметрі 1 м, тереңдігі 0,5 м, пеш қабырғаларының қалыңдығы 12-16 см.
Қаланың мазарлар орналасқан бөлігі зерттеліп, мұсылман жерлеуінің бастарын оңтүстік-батысқа қаратып қоятын жаңа түрі анықталды.
Қазба жұмыстардың барысында нумизматикалық материалдар қоры жиналды, солардың ішіндегі көрнектілері күміс теңгелерден құралған көмбе (84 экз.). Сонымен қатар алтындалған майолика, жазулары бар тас салпыншақ секілді элементтерден тұратын архитектуралық декор бойынша мәліметтер алынды. Табылған заттардың ішінде темірден жасалған құлпылар да кездеседі. Теңгелердің басым бөлігі бір-біріне жабысып қалған және шүберектен тоқылған қапшықтың қалдықтары сақталған. Көмбенің табылған стратиграфиялық қабатына сүйенсек, бұл теңгелер моншаның саздан қаланған қабырғасы тұрғызылғаннан кейін тығылған.
Теңгелерді сараптаудан өткізудің нәтижесінде, олардың төменде келтірілген билеушілер тұсында шығарылғандығы анықталды: Мұхамет Өзбек хан (1313-1341 жж.) Тоқтағу хан (1291-1313 жж.), Махмұт Жәнібек хан (1341-1357 жж.), Бердібек хан (1357-1359 жж.), Күлна хан (1359-1360 жж.), Наурыз хан (1359-1360 жж.), Махмұт Қызыр хан (1359¬1361 жж.), Келдібек хан (1361-1362 жж.), Қайыр Пулат хан (1362-1363 жж.), Абдуллах хан (1360-1370 жж.). Алтын Орда теңгелері Сарай (ал-Махруса, ал-Жадид, ас-Сарай), Гүлістан, Азақ қалаларынан шығарылған. Сарай ал-Жедид - Жаңа Сарай қаласының орны әлі күнге дейін нақты анықталмаған. Көмбедегі ең ерте теңгелерді Тоқтағу ханның уақытында және Өзбек хан билігінің алғашқы жылдарында (1313-1341 жж.) шығарған. Өзбек ханның мемлекетте жүргізген күрделі реформалар теңгелердің көрінісіне де әсер еткен. Мысалы, ислам дінін мемлекеттік дін ретінде орнықтырудың нәтижесінде теңгелердің бетіне Сунниттердің табыну белгісі бейнеленетін болды. Сонымен қатар теңгелердің бетінде құдірет, билік белгілері – алдыңғы аяғын көтеріп тұрған барыстың бейнесі, күннің шығу көріністері кездеседі. Жәнібек хан билікке келгеннен бастап Жаңа Сарайдан пұлдар шығарыла бастайды. Теңгелерге негізінен алты жапырақты және бұрышты өрнектер бейнеленген. Жапырағын жайған гүлдің бейнесі бар теңгелер XIV ғасырда шығарылып, Тоқтамыс ханға дейінгі уақытта, Дешті Қыпшақтағы ақша айналымының негізін құрады. XIV ғасырдың 60-80 жылдарында Жаңа Сарайдан Ақ Орда билігіне таласқан хандардың атынан теңгелер шығарыла берді. Хат танымайтын тұрғындар теңгелердің құнын ажырата алуы мақсатында, олардың реверсіне жыртқыш аңдарды, гүлдер мен геометриялық пішіндерді бейнелейтін болған. Сарайшықтағы сауда-экономикалық және мәдени қатынастардың шарықтау кезеңі 1310-1360 жылдар аралығына сай келеді. Ақ Орда тағына талас болған жылдары теңгелер аз көлемде шығарылып, ақша айналымы хорезмдік теңгелермен толықтырылды. Тоқтамыс ханның билікке келуімен жергілікті ақша айналым астаналық теңгелерге тола бастайды және әздерінің теңге өндірісі іске қосылады. Сарайшық Хорезм, Сарай қалалары арқылы Дешті Қыпшақтың алшаңқы аудандарымен және басқа елдермен қарым-қатынас жасап отырды. Ноғай Ордасының уақытында Қырым мен сауда-экономикалық қатынас нығайып, Гирей теңгелері көбейе бастайды. Бұл кезеңнің өзінде, олардың өз теңге шығару ісі жалғасып жатуы мүмкін.
Сарайшық қаласын жан-жақты зерттеудің нәтижесінде Қазақстан тарихындағы Алтын Орда кезеңі туралы маңызды мәліметтер қоры жинақталады, себебі бұл ескерткіштің Европа иен Азияның түйіскен жерінде орналасуы сол кезеңдегі мемлекеттердің өзара саяси- экономикалық, мәдени байланыстарының қарқынды түрде жүргізілуіне қолайлы болды. Қаланың мәдени қабаттары сол байланыстарды қалпына келтіруге негіз болатын археологиялық заттарға бай. Сарайшық және оның өлкелерінің қалыптасуында көршілес Еділ бойы, Хорезм, Орта Шығыс мәдениеттерімен салыстырғанда далалық мәдениеттің әсері басым болған, әр Дешті Қыпшақпен байланыстары қарқынды жүрген.
Сарайшық қаласындағы зерттеу жұмыстарын жалғастыру Алтын Орданың қалыптасуы мен құлауының тарихи салдарын жаңа Отандық көзқараспен бағалау үшін маңызды. Сарайшық қаласының қалыптасу, өркендеу және құлдырау тарихы қазақ хандығының және этникалық территориясының қалыптасуына тікелей байланысты.
Бүгінгі күні Сарайшық қаласының мәдени мұраларын сақтап қалу проблемасы шешілмеген. Жыл сайын Жайық өзені қаланың ені 2 ден 3 метрге дейін, ұзындығы 600 м дейінгі аумақтағы мәдени қабаттарды шайып кетеді. Сол себепті бұл ескерткішті сақтау мен мұражайға айналдыру мәселесі кезек күттірмейтін проблемалардың бірі болып табылады.