Мәдени қабат пен тас құрылыстар Талды өзенінің оң тармағы, Қызылкеніш өзенінің оң жағасының таралымындағы 15 га аумақты алып жатыр. Орамалы керамика мәдениетінің қауымдастығына тән керамиканың кездесуі, ескерткіштің осы мәдениетке жататынын анықтайды. Сондай-ақ ерте орамалы және кейінгі доңғал типіндегі керамика да кездесіп отырады. Қыстақ б.д.д. ХІІІ-ІХ ғғ. өмір сүрген. Ескерткіш ең үлкен аумақты алып жатқан уақытында, мәдени қабаттан ХІІ-Х ғғ. жатқызылатын беғазы-дәндібай мәдениетінің орта кент кезеңінің материалы көбірек кездеседі.

Кент Орал мен Алтай арасындағы далалық аймағының б.д.д. II мыңжылдықтағы ең ірі қыстағы. Бірақ Кент түп қалалық статусты алып жатқан мөлшерімен емес, қаланың ерте түрлеріне тән функционалды сипаттарына қарай алып отыр. Кент қыстағының ауыл типіндегі Ақымбек, Домалақтас, Нарбас, Найза. Башура, Қызылтас, Қызылтас I қоныстардан құралған селолық округі болған. Қызылкеніш өзенінің сол жағасында орналасқан Алат, Алат I, Алат II қоныстары, сірә, қыстақтың сол жағасындағы бөлігі болған, мұндай жағдайда Үлкен Кенттің алып жатқан аумағы 30 га-ны құрайды. Оның тұрғындарының саны шамамен 1500 астам болса керек.

2005 жылы зерттеулер барысында қыстақтың өмір сүрген кейінгі уақытын және оның жекелеген бөліктерінің атқарған міндетін анықтауға ден қойылды. Осы мақсатпен екі құрылыс зерттелді. Қазбаның жалпы аумағы 50 шаршы метрді құрады.

Бірінші құрылыс ескерткіштің жартасты шоқыларға жақын маңдағы солтүстік-батыс бөлігінің қиыр шетінде, құрылыстардың негізгі бөлігінен алшақтау жерде орналасқан. Қазба барысында ежелгі үй-жайдың тас қаланған іргесінің қалдықтары аршылды. Мәдени қабаттың мардымсыз болуы, бүл жерде адамның ұзақ тұрмағанын айғақтайды. Қазбадан шыққан сымбатсыз керамика (ернеулер мен өрнексіз бүйірлер) бір қарағанда ерте темір ғасырының бас тұсындағы керамикаға жақын. Алдын ала болжағандай, поселкенің шеткі құрылыстары кейінгі уақыттікі болып шықты, бүл жәйт ескерткіштің ерте темір ғасырының бас тұсында да (б.д.д. VIII, мүмкін VII ғ. бас тұсы) өмір сүргендігін көрсетеді.

Екінші құрылыс қыстақтың шығыс бөлігінде орын тепкен және шартты түрде Үлкен I қоршау деп аталған ескерткіштің маңында орналасқан. Аталмыш қоршау осыған дейін бірнеше жыл бойы зерттелген еді. Тігінен қойылған тас тақталармен қоршалған және СБ-ОШ бағытымен созылған қоршаудың пішіні тік төртбұрыш, мөлшері 46*84 м алаңды алып жатыр. Қоршаудың солтүстік-батыс бөлігі тас қабырғалармен бірнеше бөлікке бөлінген. Олардың біреуінен диаметрі 1,25 м, тоғыз тастан тұратын шеңбер аршылды. Шеңбердің ішінде үш шұңқыр бар, олардың біреуінде ағаш бағанның түбі сақталған. Шеңберден солтүстікке таман жерінен оймышты сүйек бұйымдары (арасында кальцийленгендері бар), қола қалыптар мен қармақтар табылды. Қабырғаның тас қалағы арасынан көне заманда салт-жоралық мән-мағынаға ие болған дән үккіштер сынықтары шықты.

В.В. Варфоломеев пен В.Г. Ломанның пікірлері бойынша аталмыш құрылыс салт- жоралық мінездегі ғимарат және ежелгі қалалардың ғибадат құрылыстарына ұқсас келген өзіндік бір кешен болған. Қыстақта бұл қоршаудан басқа, соған ұқсас, мөлшерлері 58*40 және 40*28 м тағы да екі құрылыс орны бар.

2005 жылғы қазбалар бір-біріне жанасып орналасқан Үлкен I қоршау мен осы сөз болып отырған құрылыстар арасында байланыстың бар-жоқтығын анықтауға тиіс еді. Зерттеуге іргетасы жақсы сақталған құрылыс таңдап алынды. Оның СБ-ОШ бағытымен созылып жатқан нобайы тік төртбұрыш пішінді, мөлшері 7*15 м. Қабырғалары тас тақталардан қаланған, оның 3-4 қатары аман жеткен. Қабырға бойымен шатыр тіреуіштері, ағаш бағандардың шұңқырлары орналасқан. Сонымен қатар құрылыстың ортасынан негізгі бағандар қатарының шұңқырлары аршылды. Ішкі бөлікте, еден бетінен тұрмыстық қоқысы бар шаруашылық шұңқырлар және оттың орны тазаланды. Оңтүстік-шығыс бұрышта және шығыс қабырғаның бойында от орнынан алынған күл қабаты шықты. Кіре-беріс есік, сірә, қирап кеткен солтүстік қабырғада орналасқан. Шыққан заттардың арасында, кейінгі қола дәуірінің керамикасынан бөлек бір қола және екі сүйек түйрегіштер, тас қайрақ пен абразив, сондай-ақ тас және сүйек қаруларының сынықтары бар.

Сонымен, құрылыс салт-жоралық сипаты жоқ кәдімгі тұрғын үй болған. Бірақ, бұл жерде Үлкен I қоршауға қатысы бар адамдар мекендеуі ықтимал.

Үлкен I қоршау мен Кенттің басқа да құрылыстарынан көптеп табылған, сүйек пен мүйізден жасалған, қолданысы утилитарлы емес, сапалы жасалған бұйымдарды кәсіпқой сүйек шеберлері жасаған. Темір қорытушылар және сірә, сүйек шеберлері бұл жерде қолөнершілердің дәстүрлі ауыл шаруашылық кәсібінен бөлініп шыққан жеке топты құраған болса керек.

Керамика әрбір үй-жайда жеке дайындалатын. Жасалған сараптама оны типологиялық сипаты бойынша екі топқа бөлуге болатындығын көрсетті. Бірінші топқа 1643 дана (95,2%) енгізілді. Оның өзі тағы үш топқа бөлінді. 1А тобының керамикасы барлық қазбалардан шығып отырды. Бұл топқа сарғары-алексеев типіне жататын түбі жалпақ, пішіні құты тәріздес, иығы доғалданған ыдыстар кіреді. Оның ішінен тоғыз түрді ажыратуға болады:

1 түрі – мойны кең, бүйірі біртіндеп қампиған және кең мойны бүгілген биік құтылар; 2 түрі – бітімі үйлесімді, мойны тар құтылар; 3 түрі – бітімі отырыңқы, мойны кең құтылар; 4 түрі – бітімі созылыңқы, мойны айқын белгіленбеген құтылар; 5 түрі – мойны тар, бүйірі қампиған, түбі кең құтылар; 6 түрі – пішіні бірінші түрге жақын, бірақ мойнынан бүйіріне өткен тұсы айқындалып белгіленген құтылар; 7 түрі – табақтар; 8 түрі – банка пішінді ыдыстар; 9 түрі – түбі анық көрсетілмеген, мойны ыдыстың жартысын құрайтын ыдыстар. 1-4 түрдегі құтылардың көбісінің ернеуі бойынша есептегендегі диаметрі 20 см аспайды, мұндай ыдыстардың сыйымдылығы шамамен 2-3 литр. 1.А тобында 687 ыдыс (43,4%) өрнектермен әшекейленген. Өрнектер әдетте бордюрлы (қырлы) болып келеді. Өрнек арасында әдетте жапсырмалы орама (43,8%) жиі кездеседі. Ыдыстардың 9.2%-ының ернеуінің астында жағалары бар. Өрнектің кең тараған түрлері – кесінділер мен бастырмалар (9,2%), тік ирек (4,5%), саусақ шымшымалары (2,9%), сондай-ақ торшалар, қиылысқан кесінділер, тырнақ іздері, жапсырмалы бүршіктер, үшбұрыштар кездеседі. Өрнектердің көбісі (42,6%) жалпақ қалып техникасымен жасалатын, сондай-ақ айдарлы қалып, кесінді, жапсырма мен қалыптау әдістері де қолданылатын. Ыдыстар жылтыратылмаған, беттері кедір-бұдырлы. 1Б тобында 25 ыдыс (1 топтың 1,5%-ы) бар. Қисық сатылар, топтастырылған ирек, каннелюрлар мен үшбұрышты бастырмалар және қосарланған кең орамалар сынды өрнек сарындары. 1Б тобындағы ыдыстардың айрықша белгісі болып табылады. Ыдыстардың барлығының қырындары бірқалыпты, мойындары кең. 1В тобында құты пішінді 35 ыдыс (1 топтың 2,1% - ы) бар. Әшекейде тар, шығыңқы орама, ішінен шығарылған інжу, бүйірдегі шолақ жапсырма өрнектері қолданылған. Бүл керамика В.Г. Ломан бөліп көрсеткен донғал типіндегі ыдыстарға өте-мөте ұқсас.

Қаланың ең басты нышаны сол кездері айырбас түрінде жүргізілген сауда болып табылады. Кент тұрғындары арасында айырбас саудасының «қала» мен селолық округ арасында, беғазы-дәндібай мәдениетінің аймақтық қауымдарымен және басқа мәдениет қоғамдастықтарымен жүргізілген үш түрі болған. Егер саданың бірінші екі түрін мәдениеті біртекті ортадан байқау қиынға түссе, мәдениеттер арасындағы байланыстар бөгде ортадан әкелінген керамика олжасымен айғақталады. Кент қыстағынан табылған уақыты бір 1643 ыдыстың арасынан, ыдыс мойнының пішініне қарап, олардың 6%-ға жуығы бөтен жерден келгендері: Орта Азиядағы кейінгі Намазга 6-ның шарықпен және қолмен жапсырыла отырып жасалған ыдыстары, сондай-ақ Сібірдегі Андроновтық және Карасу керамикасы бар.

Заттай айғақтардың жиынтығы, соның ішінде керамика, «ғибадатхана» қоршауларының (Бүғылы 2) мөлшері мен олардың бар-жоқтығы бойынша, сарыарқалық Бүғылы 2, Мыржык, Шортанбұлақ қыстақтарын Кентпен бір қатарға қоюға болады.

Қалалардың пайда болуы мен өкілдеріне зәулім кесенелер салынған бекзатты таптың қалыптасуы, беғазы-дәндібай мәдениетінің құрамы эгалитарлы көршілес мәдениеттермен салыстырғанда бірегей келбетін қалыптастырады. БДМ ескерткіштерінің әлеуметтік-мәдени маңыздылығының кейбір фактілерін сараптау бірқатар маңызды қорытынды жасауға мүмкіндік береді. БДМ қоғамы эгалитарлы жағдайдан мемлекет пен өркениет қалыптастыру кезеңіне өтеді. Оның құрамдас бөлігі билеуші бекзаттары басқарған туыстас тайпалар болды. Қала дәрежесіндегі Кент, Бұғылы 2, Шортандыбұлақ, Мыржық секілді ірі қыстақтар туыстас тайпалар одағының әкімшілік, экономикалық, саяси және идеологиялық орталықтары болған. Туыстас тайпалар одағы өзінің саяси және әлеуметтік келбеті бойынша ном, түріндегі ерте мемлекеттік құрылымдарға сәйкес келеді. Беғазы-дәндібай қоғамының өркениетті негізінің генезисі тиімді жайылмалы мал шаруашылығы мен саудаға арнап металл өндіру нәтижесінде мүмкін болды. Қазақ даласындағы өркениет ерте темір ғасырында емес, кейінгі қола дәуірінде пайда болған. Аталмыш тақырыптың сырын аша түсу үшін археологиялық зерттеулер кең ауқымда жүргізілуі тиіс.