Ұлы Жібек жолы бойындағы ірі саяси және сауда орталығы болған қала, жазба деректердің мәліметтері бойынша X ғ. соңына таман 28 га мөлшердегі жерді алып жатқан. Отырықшы егін шаруашылығы мен көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын халықтардың тоғысқан жерінде орналасып, қала стратегиялық тұрғыда қолайлы жерді алып отырды. Бұл жәйт қаланың жобалық кұрылымын, тұрғындардың әлеуметтік жіктелуіне, қолөнер мен саудаға септігін тигізді.

Қазіргі таңда сырты, мұнаралары төбе түрінде көтеріліп тұрған қамал дуалдарымен қоршалған, мөлшері 298*302 м (9 га) келген қаланың орталық бөлігі - цитадель ғана аман қалған.

IX ғ. бекінісі бар бөлікте, яғни цитадельде көпестер мен қолөнершілер тұратын. Бастапқыда олар билеуші мен сарай маңындағыларды қамтамасыз етсе, уақыт өте келе маңайдағы отырықшы халыққа арнап өнім шығара бастады. Бекінісі бар қаланың орталығын, қаланың қолөнер-сауда бөлігін құраған үй-жайлар қоршап жатты. Тұрғын үй және ауладан тұратын қоныс-жайлар көптеп салынды. Үйлер көп бөлмелі, ол әдетте тұрғын бөлмелерден, асүй және әртүрлі қамбалардан тұратын. Үй тас немесе қам кесектен қаланған дуалмен қоршалған аулада тұратын. Ауланы мал қамауға да пайдаланатын1.

Тұрғын үй мен мал ұстайтын үлкен ауланың бір болуы Іле аңғарындағы қоныс-жайлардың ғасырлар бойындағы өзіне ғана тән ерекшелігі. Ортағасырлық Талғар тұрғындарына дейін осыған ұқсас үйлерді Іле аңғарында б.д.д. III ғ. мен б.д. V ғ. аралығында өмір сүрген үйсін тайпалары да салған еді2.

Сонымен, әкімшілік биліктің, қолөнер мен сауда орталығы болған қала осылай қалыптасты. Дамудың бұл жолы орта азиялық қалалардың бәріне тән үрдіс.

Қала экономикасының өркендеуіне, шаруашылық пен қолөнерінің дамуына, бір тармағы Іле аңғарын кесіп өтіп, Қытайға, Жапонияға, Орта Азияға, Иран мен Византияға апарған Ұлы Жібек жолы үлкен рөл атқарады.

2005 жылғы далалық маусымда ортағасырлық Талғар қаласының жұртында «Мәдени мұра» бағдарламасы аясындағы қазба жұмыстары жалғастырылды. 2004 жылғы қазбаның орны шығыс, батыс және оңтүстік бағыттарда кеңейтілді.

Шығыс жақтан салынған қиманың мөлшері 225 шаршы метр (Ш-Б – 5 м, С-0 – 45 м). Бірінші кезекте қалыңдығы 7-10 см шымды қабат алынды. Қазбаның шығыс жиегінің бойында жоғарғы құрылыс қабатының қалдықтары – тас қалақ аршылды. Қазбаның солтүстік шекарасында қалақ тығыз болса, оңтүстікке қарай сиректей келе, оңтүстік шекарасында қайтадан тығыздай түседі. Қалақтың аталмыш учаскесін тазалау барысында алғашқы олжалар шыға бастады. Олардың арасында бетінде мұқият жасалған бес ойығы бар тас бұйымды ерекше атап өту керек. Бүйірі созылынқы, мойны кең, құты тәрізді бүтін ыдыс дәл осы жерден табылды. Қысқа мойыны қозықұйрық тәрізді жапсырмалары бар төрт тұтқамен жалғасқан.

Мөлшері тура осындай (225 шаршы метр) учаске қазбаның батыс жағынан салынды. Оның нәтижесінде махалланың тастан төселген көшесінің бір шеті аршылып, осы жерден стратиграфиялық шурф салынды.

Қазбаның оңтүстік бөлігінде тұрғын және шаруашылық бөлмелер (№25-42) аршылды. Қазба нәтижесінде салынған қимамен, ол тереңдей түскенде №25,32,31,35,36,37 бөлмелердің жобасы өзгеретіні анықталды.

Жоғарғы құрылыс қабатының бөлмелерінің сақталуы мардымсыз. Қанаттандыру жұмыстарынан кейін бүл қабат алынып, төменгі қабат тазаланды. Саз балшық ерітіндісімен бекітіліп, тастан қаланған тұрғын және шаруашылық бөлмелердің іргетастары аршылды. Құрылыстар тығыз орналасқан. Тұрғын және шаруашылық бөлмелер кең ауласы бар және есігі тұйық көшеге қараған үй-жайларды құрайды.

Үлкен аумақты аршу барысында қоныс-жайлардың құрамдас бөліктері - ошақтары бар тұрғын бөлмелер және 1-2 немесе одан да көп шаруашылық бөлмелер – қамбалар мен қоймалар анықталды. Есігі аулаға (32) қараған жеке үйді (24, 25 бөлмелер) бөліп көрсетуге болады. Екі тұрғын және бір шаруашылық бөлмеден (26,27,28) тұратын тұрғын үйдің де есігі аулаға (32) қараған. Екі тұрғын (29,30) және төрт шаруашылық- қамба мен қаша сынды (38,39,40,41) бөлмелерден тұратын үлкен тұрғын үйдің есігі кең аулаға (42) қараған.

Үйлердің іргетастарын қалауға өзеннен алынған, көлемі әртүрлі малтатастар қолданылды. Малтатастар саз балшықпен қаланған. Қабырғалар қам кірпіштен қаланып. сыртынан саз балшықпен сыланған. Үйлердің шатыры бір шеті биіктетіліп, ал екінші шетіне қарай еңіс қойылған сырғауылдардың үстіне қамыс пен саз балшық аралас төсеніш жабылса керек. Жер сілкінісінен қорғайтын құрылғы ретінде іргетас пен қам кірпіштен қаланған қабырға арасына бүтін ағаш бөренелер қойылатын. Мұндай бөренелердің қалдығы шаруашылық бөлмелердің (40,41) ішінен табылды. Осының алдындағы қазбалар барысында да жер сілкінісінен қорғайтын белдеу ретінде қолданылған Тянь-Шань қарағайларының бөренелері табылған еді.

Шымды қабат алынғаннан кейін, еден үстіндегі үйіндінің ішінен және еден бетінен негізінен сырланбаған керамика сынықтары мен бүтін ыдыстар табылды. Пішініне қарағанда ыдыстардың түрлері көп. Олардың арасында көлемдері әртүрлі асүйлік қазандар, құты мен құты тәріздес ыдыстар, дастархандық және су құятын құмыралар, күбіжіктер мен астық сақтайтын мойны кең қашақтар бар. Соңғылары, әдетте қамбалардың және шаруашылық бөлмелердің еденінің ернеуіне дейін көмілетін.

Шаруашылық бөлмелердің бірінен (39) егін шаруашылық құралдары - ... бар «көмбе» табылды. Сондай-ақ ыдыстың ішінен қоладан жасалған тұрмыстық бұйымдар шықты. Олардың арасында сыртқы және ішкі беттері өсімдік сарынындағы өрнектермен безендірілген, жартылай домалақ пішінді екі тостақ бар. Сондай-ақ бүйірі жазуға ұқсас және медальонды өрнектермен безендірілген жайпақ екі мыс тостақ пен ішкі беті өсімдікті өрнекпен әшекейленген табақ та осы жерден шықты. Көмбенің ішінде біреуі аң тұрпатында жасалған, қақпағы болған (орнында жок) құмған мен жиегінің анар гүл шоғына ұқсайтын шығысы бар нәзік құмыра бар. Көмбеден аяғына күміс жалатылған табақ-тұғырға бекітілген қола майшам-шырағдан табылды. Майшамның бір ұшы шырағданға, ал екінші ұшы табақ-тұғырға бекітілген қола тұтқасы бар. Осыған ұқсас бұйымдар Талғар қаласының жер бетінен кездейсоқ олжа ретінде кейде қазбалардан осыған дейін де кездесіп отыратын. Мұндай қола бұйымдар Алдыңғы Азия өнімі деген және олар бүл жерге Ұлы Жібек жолымен сауда-саттық нәтижесінде сырттан келген деген пікір бар.

Табылған бұйымдар ХІ-ХІІ ғғ. жатады.

Темір бұйымдардың жиынтығы жұмыс қарулары, ағаш ұстасының саймандары, егін шаруашылық қарулары, тұрмыстық заттар мен қару-жарақпен едеуір толықтырылды.

Ортағасырлық көшедегі жұмыстар жалғастырылды. Солтүстіктен оңтүстікке созылып жатқан махалла көшесінің ұзындығы 7 м, ені 1,5 м бөлігі - «көше қиылысы» аршылып қайта қалпына келтірілді. Көше тазалау барысында негізінен майда бұйымдар: ат тағасының шегелері, мөлшері мен безендірілуі әртүрлі кілттер, ат әбзелдерінің тағалары, пышақтар, теңгелер, біздер мен инелер, сырға сынықтары мен сым темір үзіктері көптеп табылды. Өзен малтатасынан төселген көше ХІ-ХІІ ғғ. тұс келеді.

Стратиграфиялық шурф. Өзен малтатасынан төселген махалла көшесі кейінгі уақытқа түс, тұрғын үйлердің астында қалып қойған жерінде, қазбаның батыс жағынан мөлшері 2*2 м стратиграфиялық шурф салынды. Шурф 2,4 м тереңдіктегі құрлық деңгейіне дейін жеткізілді.

Сырлы керамика. Шурф тан сырлы керамиканың бай жиынтығы жинап алынды. Мұнда негізінен ақ бояумен сырланған, әшекейлі дастархандық ыдыстар – кесе, пиалай, шырағдан-майшамның сынықтары, тостақ түптері бар. Сондай-ақ жасыл, қоңыр және сары бояумен сырланған керамика сынықтары да кездеседі.

Шурф тан шыны ыдыстардың сынықтары мен бөліктері көптеп табылды.

Стратиграфиялық шурфтан шыққан шыны ыдыс сынықтары жиынтығының саны аса көп емес: небәрі 150 дана. Ассортимент! бойынша шыны ыдыстардың Талғар жиынтығы Қойлық шынысымен үндес келеді. Жиынтықта рюмка, рюмка тәріздес тостақ, құмыра, саптыаяқ, бокал сынды шаруашылық пен тұрмыста қолданылған ыдыстар мен терезе шынысы бар. Шыны сапасы температурасы 1200° С аспаған пеште өтетін технологиялық процеске сәйкес келеді.

Технологиясы мен безендірілуін алып қарасақ, ыдыс бүйірлері біркелкі жасалған. Ыдыс жиектерінің бірнеше түрі бар, соның ішінде сыртқа қайырыла отырып балқытылған қалың жиектер жиі кездеседі.

Мөлшері мен жасалу әдісі бойынша ыдыс түптерінің түрлері көбірек. Жиынтықта понтия жапсырылған жерінің сынғанынан қалған ізі бар, ішке қарай шұғылданған; ішке қарай конус пішінінде шұғылданып, бүйірімен жалғасқан сақина тәрізді тұғыры бар және қимасынан конус пішінді түптер кездеседі.

Ыдыстың бүйірі бірнеше қатар етіліп, айналдыра жапсырылған жіптермен безендірілген. Қайнатылған жіптер ыдысты айнала түйіскен жерінде дөңгелек жапсырма түрінде көрінеді, әшекейде сондай-ақ тік және көлбеу ирек тәрізді сызықтар қолданылатын. Банка пішіндес ыдыстардың түптерінде жапырақшалары бар гүлдер кездесіп отырады.

Ыдыстар сарғылт-жасыл, жасыл, көк реңді жасыл, ашық жасыл, жасыл-сары, көк- жасыл, күлгін реңді, қошқыл-қонырт, жасыл-көк, қою қоңыр, қошқыл жасыл түсті шыныдан жасалатын. Талғар шынысының түсі құм мен күлдегі темір атомдарының бар-жоқтығына байланысты болатын. FеО, Fе2О3 темір оксидінің шыны құрамындағы көлемі біркелкі емес және соның есебінен шыны көкшіл, жасыл және сарғыш рең алған. Шыны бұйымдарының түсі сондай-ақ күлдегі көміртегінің бар-жоқтығына, температура режиміне және балқытудың уақытына байланысты болатын.

Ыдыстар еркін үрлеу, қалыпқа салып, айналдыра отырып үрлеу және өрнектелген қалыпқа салынып, айналдырылмайды «баяу үрлеу» әдістерімен жасалатын. Шыны бұйымдарының пішіні, түрлері мен ассортиментінің ұқсастығы Оңтүстік Қазақстан қалалары – Тараз, Отырар және Құйрық төбе, Солтүстік-шығыс Жетісудағы Қойлық қаласының бұйымдарына жақын.

Жиынтықта ақау бұйымдардың, шыны дайындамаларының (фриттар) кездесуі ортағасырлық Талғар қаласында жергілікті шыны өндірісінің (басқа өндіріс салаларына қарағанда екінші кезекте болса да) болғандығын айғақтайды.

Шыны өндірісі қалаға ғана тән қолөнері болып табылады.

Қала жұртының одан әрі зерттелуі және шыны мен шыны өндірісіне байланысты бұйымдардың табылуы, сондай-ақ химиялық талдаулардың нәтижелері қолданылған технологиялар, шикізат пен олардың жасалу уақыты жайлы танымыздың аясын кеңейте түсетіні сөзсіз.

Жұмысты қорытындылай келе, заттай айғақтарды талдай отырып «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша ескерткіштегі зерттеу жұмыстары жалғастырылуы тиіс деген пікір айтқымыз келеді.

Ø   Солтүстік-шығыс Жетісудың XI ғ. - ХІІІ ғ. бас тұсы ортағасырлық қаласының сәулет өнері жайлы жаңа мағлұматтар жиналды. Орталық және махалла көшесінің қиылысқан жері аршылды. Көшенің бір беті тегіс өзен малтатасынан төселген.

Ø   Темір бұйымдарының (тұрмыстық бұйымдар, құрал-саймандар, ауылшаруашылық қарулары) бірегей жиынтығы жаңа бұйымдармен толықтырылды. Сондай-ақ жергілікті темір өндірісінің жоғарғы деңгейде болғандығын көрсететін дайындамалар – темір тіліктері, құймалар, крица мен өндіріс қалдығы – қож көптеп табылды.

Ø   Өткен жылдардағы деректермен қоса отырып, бұл жерде алдыңғы қатарлы жергілікті шыны өндірісінің болғандығын көрсететін шыны жиынтығы жинап алынды.

Ø   Қола бұйымдарының жиынтығы, олардың бір бөлігі сауда керуендерімен Алдыңғы Азиядан келгендігін, сонымен қатар жергілікті қола өндірісінің болғандығын айғақтайтын жаңа олжалармен толықтырылды. Қола бұйымды жөндеп қана қоймай, сонымен қатар жаңа бұйымдар – тостақ, құмыра, құмған, майшам және шара жасай алатын шеберлер болған көрінеді.

Ø   2005 жылғы далалық маусымда жүргізілген зерттеулердің және қазба барысында жинап алынған деректермен (бұйымдар XI ғ. мен XIII ғ. бас тұсына жатады) қысқаша сипаттамасын қорытындылай келе ол өткен жылдары жинап алынған жиынтықты толықтыра түсті деп айтуға болады.

Әдебиеттер тізімі: 

1.     Байпақов К.М., Савельева Т.В., Чанг К. Средневековые города и поселения Северо-восточного Жетысу. Алматы,2005. 21-27 бб.

2.     " Chang С., Teurtellotte Р., Baipakov К.М., Grigoriev F. Р. The Evolution of Steppe Communities from the Bronze Age through Medieval Periods in Southeastern Kazakhstan (Zhetysu). Sweet Briar - Almaty,2002. P. 86-93.