Ең алдымен қоныс аймағы тексеріліп, қазба орны анықталып, жауып кеткен орындарды қайта ашу жұмыстары атқарылды. Қыста қар аз болып тасқын болмағандықтан қоныстағы бұрынғы қазба орындары жақсы сақталыпты. Алайда қоныс үстімен адамдар жүріп, мал айдалғандықтан оның орталық бөлігі біршама бұзылған. Сондықтан қонысты сақтау үшін айнала қоршау қажет.

Қазбаның шығыс бөлігінде металлургиямен тығыз байланысы бар шығыс тұрған үй және шеберхана кешенін (ШТШК) зерттеу онан әрі жалғасты. Кешен шұңқырының батыс және солтүстік-батыс жағында қабырғалары мен жылу жүйесі ашылды. Жылу жүйесінің ұзынша шұңқырлары батыс қабырға бойы мен солтүстік бөлігінде қазылыпты. Сол сияқты осы жартылай жертөленің төбесін және қабырғаларын тіреп тұрған бөренелер орны табылды, батыс қабырғасы текпішек түрінде салынғаны анықталды. ШТШК-нің батыс бөлігінен төрт металлургиялық шұңқыр табылды. Олардың ішінде зерттелген үшеуі шахта типтес. Оларға іргелес алаңда металл балқыту системасына қажетті жер үсті құрылыстар бар. 1995-1996 жж. қазба барысында өзен суының шаюынан бүлінген екі металлургиялық шұңқыр ашылған болатын, биылғы қазба жұмысының барысында олардың шығыс ТШК-іне жататыны анықталды.

Ұзақ жылдар пайдалану кезінде бірнеше рет бұзылып қайта салынған үй мен шеберхана орны күрделі стратиграфиялық мәдени қабаттардан тұрады. Қазіргі кезде әр кезең қабаты кейде түр түсімен, кейде еденін сылаған қалың лай қабатымен, күл, күйе жолақтарымен ерекшеленеді.

Үй шеберханаларында тіршілік тоқтаған кезде тұрғындар малдарды кейбір кезде адамды да құрбандыққа шалған. Өткен жылы 10-шы түзу бойындағы Ж, 3, И шаршыларында сұрғылт түсті мәдени қабаттан жоғары жатқан екі бүтін және бөлшектелген екі жануарлардың қаңқалары аршылған. Биыл сүйектерден төменгі сұрғылт қабатты аршыған кезде астынан жалпақ тас плиталар шықты. Олар металлургия пештерінің қақпағы болған сияқты. Осындай жағдай келесі Е10 шаршысында да қайталанды. Сонымен құрбандық орындары солтүстіктегі Е11, Ж11, 311, шаршыларына қарай ұласатыны анықталды.

Е10, Е11 шаршыларында оң бүйірімен, бас сүйегі шығысқа қаратылған ірі қара мал қаңқасы жатты. Оның сәл иілген мойын омыртқалары солтүстік, солтүстік-батыс-оңтүстік, оңтүстік шығыс бойымен қойылып, кеудесі шығыстан батысқа қарай созылып қойылған, оның үстінде бір жаурыны жатыр. Қаңқаның артқы бөлігі біршама қашықтықта Ж11 шаршысының шығыс бөлігінде орналасқан, жамбасы, құйымшағы, құйрығының омыртқалары және артқы аяғының жіліктері қабырға астынан аршылды.

Осы сияқты мал сүйектері Ж11, 311 шаршыларының түйіскен тұсынан да: бір тобы солтүстік қабырға астынан, екіншісі оңтүстік қабырға астынан табылды. Солтүстіктегі шоғырда шүйдесі жоғары қаратылып солтүстікке қарай бағытталған бас сүйек, оның солтүстігінде жаурын, шығысында сүйектен жасалған бұйымдар, қабырға, үш омыртқа, ал солтүстік шығысында ауыз омыртқа жатты. Бас сүйектің батыс жағынан жақтың сынығы мен ірі қара малдың асығы табылды.

311 шаршысының солтүстік шығыс бұрышында және солтүстігінде ірі қарамалдың қабырға сүйектері, олардың үстінде және жанында арқа омыртқалары орналасқан, оның аяғында құйымшақ және жамбас сүйектері жатты. Қабырғалардың оңтүстік жағында артқы аяқ жіліктері мен жылқының үш тісі сақталған жоғарғы жағы, олардан бөлек тағы үш омыртқа ашылды. Осы шаршының оңтүстік-батыс бөлігінен екі қаңқа табылды. Біріншісі ұсақ мал қаңқасы. Оны ЗЮ-ЗИ шаршыларының аралығында сол жақ бүйірімен аяқтары жиырылып, басын батыс, оңтүстік батысқа бағыттап қойған. Қаңқаның бөлшектелген артқы аяғының сүйектері үстіңгі жағына қойылған екінші ірі қарамал қаңқасының астында жатты. Ұсақ мал қаңқасының оңтүстік жағында былтыр зерттелген жануардың жақ сүйегі табылды. Екінші қаңқа денесі шағын ірі қара малдікі. Ол да мүшеленген. Батыс жағына бас сүйегі қойылған одан әрі қарай омыртқалары, қабырғалары, жауырындары, солтүстігінде алдыңғы аяғы, солтүстік-шығысында артқы аяқтары орналастырылған. Сонымен 2005-2006 жылдары Ж10-310-И10-Е11-Ж11-311 шаршыларында орналасқан солтүстік құрбандық алаңы зерттелді.

Бұл жерде біз тұрғын үй мен шеберхананың өз жұмысын толық тоқтатып жарамсыз болғаннан кейін құрбандық шалынатынына куә болдық. Олай дейтініміз, мыс өндірген пештер мен шеберхана орны мұқият көшіліп, бір қабат лаймен сыланғаннан кейін ғана құрбандық шалынғаны сүйектердің орналасуынан айқын көрініп тұр.

Құрбандыққа негізінен мал шалған, сонымен бірге адамдар, өндіріс құралдары мен ыдыс- аяқ та қойылған. Олар мал сүйектері арасынан көптеп табылды.

Зерттеу шығыс металлургия шұңқыр-пешінде де жалғасты. Үстіміздегі жылы оның оңтүстік бөлігін аштық. Шұңқырдың шығыс қабырғасы аса қатты қызу әсерінен күйе мен шлакқа айналып бүршіктеніп кеткен. Қабырға бірнеше рет қайта сыланған. Әр сылақ қабатында күйе іздері сақталған. Пеш конус тәрізді. Ол әбден тозған кезде қоқыстармен толтырылып, үстінен сыланған. Қоқыс ішінде шлактар, керамика сынықтары, күйген сүйек, көмір т.б. заттар кездеседі. Шұңқырдың ауыз жағы мен оңтүстік-батыс бөлігіндегі ең үлкен плитадан өзге түтін құбырының бетін жапқан плиталар алынды. Ал үлкен плита жанынан түтін құбырының басталар тұсынан, қырынан қойылған төрт тас тақташадан жасалған бөлік-тигель қоятын орын табылды.

Шұңқыр ішінде металлургиялық өндірістен қалған өте күрделі мәдени қабаттар 1,6 м тереңдікке дейін жалғасты. Одан әрі қарай зерттеу келесі жылға қалдырылды.

Оңтүстік шұңқыр пеш. Пеш және оның солтүстік шұңқырмен аралығындағы қабырғасы толық зерттелді. Пеш ішінен қазіргі жер бетінен 270 см тереңдікте, қабырғаның қалың сылағы астынан жолақ ашылды. Ол пеш ішінде ауа үрлейтін канал болған сияқты. Одан төменіректе пештің түбі (?) табылды. Ол қалың саз балшықтан жасалған текпішек тәрізді. Ол оңтүстік қабырғаның орта кезеңінен басталып, оңтүстік батыс бөлігіне дейін созылады. Осы жерден канал да бітеді. Каналды тазалағанда ішінен ұсақ тастар, көмір, ұсақ саз түйіршіктері аралас топырақ шықты. Орта кезінен каналдың бұрылыс жасайтын тұсы болу керек саз перегородка табылды.

Әлі де зерттеуді қажет ететін жәйттер көп кездесті. Олар: оңтүстік қабырға астында үлкен тас плита астынан, жергілікті темір аралас саздан бөлек карбонатты саздың табылуы, сол сияқты қабырға орнындағы тас плиталардың орналасуы. Осы жағдайды анықтау үшін пештің оңтүстік жағынан және осы шұңқырды көлденең кесіп өтетін кесінді шұңқыр жасалды. Кесіндіден пештің сылақ қабаттары мен оның сыртқы қабатпен шекарасы анықталды. Сол сияқты карбонатты саз астындағы плиталар пештің оңтүстік қабырғасына тіреліп жатқандығы белгілі болды. Плитаның төңірегі мен астында күйген қабат жатты. Ол күйген әктас түйіршіктері, күл мен көмір түйіршіктері аралас топырақтан тұрады. 355-360 см тереңдікте орналасқан осы қабаттан төмен қарай, пештің бұрынғы дөңгелек пішіні, қабырғаларының тарылуымен байланысты конус тәрізді пішінге алмасады. Түп жағына тақау кішкене шұңқыр тәрізді болды. Күйген қабат қалыңдығы 40-50 см жетеді. Қабырғадағы сылақ қалыңдығы 12-22 см болды. Шұңқыр түбіне дейін тазаланды.

Солтүстік және оңтүстік шұңқыр аралығындағы қабырға да толық зерттелді. Оның батыс шетіне батыс канал келіп жалғасты (өткен жылғы есепті қараңыз). Сыртқы сылақ қабатын алған кезде канал 60 см дейін ұзарды. Каналдың ені 10-12 см1.

2 нысана. Құдық былтырғы тоқтатылған 110-120 см тереңдіктен төмен қарай аршылды. Суретін, планын түсіргеннен соң кесінді қабырға алынып, оның астында табылған қабырға шегені тас плита алынды. Құдықты толтырған топырақ ішінен 170-175 см тереңдікке дейін ешбір зат табылмады. Осы деңгейде ғана иығында текпішегі бар ұзын мойынды өрнекті қыш ыдыс сынығы табылды. Екі ыдыс бөлшектері 210 см тереңдіктен табылды. Екі метрден соң топырақ ылғалды бола бастады. Оның ішінен саз түйіршіктері, ұсақ сүйек, жанған ағаш, көмір, шлак, дәуірлеуге мүмкіндік жасайтын керамика сынықтары табылды. Үш метр тереңдікте де осы топырақ қабаты жалғасты. Осы жерде ірі қарамалдың сол жақ жағы мен кен түйіршігі табылды. Одан төменірек екі ыдыстың түп жағы, ал одан да төменде, үш метрден асатын тереңдікте, яғни шұңқырдың түбінде тастар мен плиталар кездесті. Олардың бірі дән үккіш немесе тас тұғырға ұқсайды. 

1.      Оңтүстік шұңқырдың зерттеліп бітер кезінде Италия археометаллургі Клаудио Джардино қатысты.