Ескерткіш Бұрықтал өзенінің оң жағалауында (Обаған өзенінің бірінші шығысы сағасы), Қостанай облысы Әулиекөл ауданының Шиелі поселкесінің оңтүстік-батысына қарай 8 шақырым жерде, Бестамақ қонысының солтүстік-шығыс шетінде орналасқан. Зираттың қазба жұмыстары 1991-1993, 1997, 2002, 2003, 2005 жылдары жүргізілді.
2006 жылғы маусымдық археологиялық жұмыстарында қазба жұмысының аумағы 400м 2 болды. Барлығы 14 шұңқыр зерттелді, оның 9-ы қабір, 2-і бағаналы шұңқыр, қалғандарының неге қазылғандарын анықтау мүмкін болмады. Сонымен қатар үш ор анықталды, оның екеуі №138 және №140 қабірлерді белдеулейді, үшінші ордың бір бөлігі жоғарыда аталған орларды тұйықтайды.
№138,140,144 қабірлер өздерінің ерекшеліктерімен үлкен қызығушылық туғызды.
№138 қабір сармат дәуіріне жатады. Қабірдің айналасында ордың іздері анықталды. Ордың бірінші жартысы 2005 жылғы маусымда зерттелген болатын. Ордың қазылған бөлігінің ені 2,5 м-ден 4,5 м-ге дейінгі аралықта ауытқиды. Тереңдігі 1,8 м-ге жетеді. Ордың іші тасқа және керамикаға, малдың сүйектеріне толы екен. Ордың жалпы диаметрі – 27 м.
Шұңқыр әбден тазаланып болғаннан кейін, доғаланған бұрыштары бар нағыз төрт бұрыш деуге келмейтін пішінге ие болды. Шұңқыр солтүстік-оңтүстік желіге бағытталған. Қабір камерасының аумағы 4,3*2,4 м, шұңқырдың тереңдігі 1,3 м. Шығысқа таман 0,7-0,95 м терендікте жұқа ағаш кеспелтектерден жасалған ұзындығы 2,3 м, ені 1,2 м жабын анықталды, сірә, ол қабір камерасына кіретін жерді жапса керек. Қабір камерасында топтық жерлеу болған, оны 1,2 м тереңдіктен бастап анықтауға болады. Қабір камерасында сәл қиғаштау келген қос-қостан аяқтары бір-біріне қаратылған төрт сүйек жатыр. Барлық сүйектер шалқасынан аяқтарынан созған күйі орналасқан. Екі сүйектің бастары солтүстікке, ал қалған екеуінің бастары оңтүстікке қаратылған. Барлық сүйектердің аяқтары шұңқырдың ортасына қаратылған. Сүйектерді тазалау және оны сипаттау кезінде сағат тілімен оларға 1,2,3,4 деген нөмірлер берілді. Шұңқырдың ортасында, 1, 2,3,4 сүйектер арасында жерленгендердің аяқ жақтарында екі бүтін керамикалық ыдыс қойылған (1,5,6-суреттер) және оның бірі көтеріп алуға жарамсыз болды. Сондай-ақ үш ағаш ыдыстың үгінді қалдықтары жатыр, оның бірінен қола сыммен жөндеудің ізі байқалады. Шұңқырдың периметрі бойынша малдың сүйектері, бас сүйектері, жауырындары, омыртқалары, сирақтары, қабырғалары шашылып жатыр. Сонымен қатар әрбір сүйектің айналасында ағаштың шіріп үгілген тікбұрышты көмкерме жиектері анықталды.
№1 сүйектің басы оңтүстікке қаратылған. Басы сол жақ иығына еңкейтілген. Қаңқада темір ұнтақтары мен тоттары жиі кездеседі, сірә, бұл темірден жасалған «қару-жарақтың» қалдықтары болса керек. Сол жақ бүйірінде ұшы аяқ жаққа қаратылған қабырға тұсында жоғарғы тұсы сақиналанған және айшықталған ағаш қынға салынған темір қылыш қойылған. Қылыштың ұзындығы 100 см. Қылыш пен белдің арасында темірден жасалған, төртқалақты, үш қырлы жебенің бумасы жатыр, бұл өте нашар сақталған (кемінде төрт жебе). Аяқ жағында малдың бақайы қойылған. Жерленген мүрденің оң қолының буыны сақиналанған, тікесінен айшықталған ағаш қынға салынған темір қанжар сабынының үстінде жатыр. Қанжардың ұзындығы 43 см. Сол жақ бүйір тұсынан кішкентай сопақша келген темір бұйым табылды. Қаңқаның омыртқа тұсынан екі кішкентай темір ілмек бар екендігі анықталды. Ал жамбас тұсында екі тікбұрышты тоға табылды, онда матаның іздері байқалады, сірә, бұл белдіктің бөліктері болса керек.
№2 сүйектің басы оңтүстікке қаратылған. Басы оң иыққа қарай еңкейтілген. Жерленгеннің кеудесінде тері киімінің қалдықтары табылды. Оның табандарының арасында үш қалақты үш қырлы қола төлкесі бар жебелердің бумасы жатыр (4 дана).
№1 және №2 сүйектердің беттері бір-біріне қаратылған.
№3 сүйектің басы солтүстікке қаратылған. Басы сол жақ иығына еңкейтілген. Бас сүйегінің астына пластина тәрізді қола бұйым қойылған. Бас сүйектің айналасында және оның астында 10 әйнек тәрізді және тас моншақтар табылды. Сүйекті тазалау кезінде тағыда сондай 24 моншақ кездесті. Бас сүйектің арғы жағында, шұңқырдың қабырғасынан (аңның інінен) әшекейленген шаршы пішінді керамикалық моншақ табылды. Негізі болып табылатын қара түске сары түспен моншақтың бетіне бірнеше қатар етіліп өрнектер салынған.
№4 сүйектің басы солтүстікке қаратылған. Басы кеудесінде жатыр. Сол жақта, жерленгеннің иығына түбі жоғары қаратылып төңкерліген шағын ыдыс қойылған. Сол қолының жоғарғы бөлігінде сүйектен жасалған ұршықбас жатыр. Ал иегінің астынан 10 әйнек тәрізді және тас моншақтар табылды және бір үлкен күбі тәрізді фаянс бейнесі әшекейленген. Моншақтың сарғын түсінің үстіне екі қоңыр және екі ақ сызықтар көлденең тартылған және бір қатарлы ирек көк түсті сызық та бар. Мүрденің төсінде әйнек тәрізді және тас моншақтар төгіліп қалған (35 дана). Қолдарында осындай моншақтардан жасалған білезік (оң қолында 22 дана, сол қолында 56 дана). Сүйекті тазалау кезінде (арқасын, қолдарын, басының астын) 58 моншақ табылды. Қабырғасынан, жамбасынан бастап аяғына дейін сүйектердің кальцийленгенін байқауға болады. Демек, бұл жерде бір нәрсе жанған. Оттың жануы басталған тұс жамбастың маңайы.
№140 қабір дамыған қола дәуіріне жатады (петровско-синташты кезеңі), ол диаметрі 17 м ормен қоршалған. Қабірдің пішіні бұрыштары доғаланған тікбұрышты, ол батыс-шығыс желісіне бағытталған. Өлшемдері – ұзындығы 3,44 м, ені 1,8 м. Шұңқырдың шығыс бұрышы сармат орымен толықтай тұйықталған десе болады.
Шұңқырдың сақталған бөлігінің периметрі бойынша 0,05 м тереңдіктен ағаш шіріндісі табылды, бұл сірә, шұңқыр қабырғаларын қаптауға және төбені жабуға пайдаланған ағаштардың болғанын дәлелдейді, онда батысқа қаратылған екі ат сүйегі орналастырылған. Аттар шұңқырдың ұзына бойына қарай жатқызылған, ал «солтүстік» жағындағы аттың сүйегі сармат орымен жабылған, одан тек бас сүйегі және азғантай қабырғасы ғана сақталған.
Сүйек 1 м тереңдіктен табылды. Жерленгеннің басы батысқа беріліп, сол жағына қарата жатқызылған. Қолдары бетінің алдында, оң аяғы созылған, сол аяғы сәл бүгіліп оң аяғының үстінде жатыр. Жерленген мүрдеге қатысты заттар шұңқырдың батыс бөлігінде шоғырланған. Солтүстік бұрышта төрт ыдыс қойылған (1-сурет 1,2,4). Біреуі үлкен, екеуі орташа, ал үшіншісі шағын. Қолының буынында қырынан жүзі жерленген мүрдеге қаратылған қола балта-шапашот табылды, онда өрме сақталған. Оның жанында әктастан жасалған дөңгелек түйреуіш жатыр. Қарында сүйектен жасалған бұйым және ағаш сабының қалдықтары бар қоладан жасалған төлкелі бұйым табылды. Қаңқаның арқа тұсында ауыр төлкелі балта жатыр, оның ағаш сабының қалдықтары төлкенің ішінде бар екендігі анықталды, балтада және балтаның астынан матаның іздері байқалады. Яғни балта матамен оралған немесе матадан жасалған қапта сақталған деуге болады. Жерленгеннің табаны тұсынан екі қола моншақ табылды. Сан сүйегінің жанынан төрт тастан жасалған ұш табылды, бәрінің де ұш жағы аяқ жаққа қаратылған.
Қабір камерасының солтүстік қабырғасының бойында, 1 м тереңдікте мынадай заттар табылды: бояу іздері бар үккіш, ағашпен көмкерілген қола орақ, малдың қабырғасынан жасалған сүйек бұйымы, оны алайын деп жатқанда үгітіліп кетті, әктастан жасалған дөңгелек бұйым өте нашар сақталған, дөңгелек тас бұйым, қола ілмек, екі түрпі, қола қырғыш, ағаш сабы бар қола бұрғы тәрізді құрал. Сонымен қатар 0,8 м-ден 1 м-ге дейін терендікте қабір камерасының оңтүстік қабырғасы бойынан және жерленгеннің аяғының үстінен инвентарь табылды, ол қабірге топырақ тастаған кезде ішке түскен болуы керек. Қабірден табылған заттар: жебенің 8 тастан жасалған ұштары, бір шағын келсап, екі тас бұйым, үш қола бұрғы (оның екеуінің ағаш сабы бар), бір қола қырғыш, бір құлағы бар қола ине, қола орақ, қола ромб тәрізді пышақ, ағаш саптарының қалдықтары бар, табиғи темірдің дөңгелек кесегі, тесігі бұрғыланған бір астрагал. Сондай-ақ осындай «заттардың» арасында керамика сынықтары да кездеседі, ондай ыдыстар қалпына келтірілді, дөңгеленген «ыдыс» (1, 3 сурет), дөңгелек қоладан жасалған жұқа тоға-ілмек бар. Тоғаның диаметрі 9 см, ортасы дөңес иілген болып келеді.
Керамикалық коллекцияда 5 ыдыс бар (1-сурет 2,4). Ыдыстардың бәрінің де түбі тегіс, өрнекті. Оның төртеуі тік қабырғалы, біреуі жай ғана бүйірлі. Екі ыдыстың ернеу ойығы дөңгелек те, үшіншісінде тегіс болып келеді. Өрнектеу техникасына келетін болсақ, ол тісті штамппен, сызу, тегіс штамп арқылы салынған. Өрнектер геометриялық сызықтармен, яғни үшбұрыштармен, көлденең сызықтармен бір және бірнеше қатарлы иректермен, ирек өрнектермен, «күн», және «жануардың мүйізі» тәрізді күрделі бейнелермен салынған. (1-сурет 1,2). Жасалған сазы тығыз, органикалық заттар мен қиыршық қосылған. Қабырғаларының қалыңдығы 6-10 мм, түбінің қалыңдығы 10-12 мм.
Шұңқырдың шығыс бөлігінде, 1 м тереңдікте екі сопақша сұр-қоңыр түсті, бір бір-біріне қатар орналастырылған екі дақ байқалды. Дақтардың аумағы 0,7*0,2 м және 0,77*0,2 м, тереңдігі 05-0,2 м. Дақтардың ара қашықтығы – 0,95 м.
№144 қабір энеолит дәуіріне жатады. Шұңқыр дөңгелек пішінді, диаметрі 1 м, тереңдігі 0,4 м. Қабір алаңының барлық тұсында 0,15 м тереңдікте қызыл түсті бояудың ізі анықталды. Сүйектер 0,15 м тереңдікте шұңқырдың оңтүстігінен анықталды, қаңқа тұрқы қатты тырысып қалаған, оң жағына қаратылған мойын омыртқалары сындырылған. Оң қолы сол қолынан жоғары, иығымен шұңқырдың қабырғасына тірелген, сол қол денесінің бойымен жанында жатыр. Аяқтары мен табаны қатты бүгілген, сол жақ табаны әлде бір күшпен бұратылып қалған. Мүрденің бас сүйегі мойын омыртқа сүйегінің үстінде жатыр, ол оңтүстікке қаратылып, беті шығысқа берілген, төбесі жоғары қаратылған. Сүйектің бәріне қызыл түсті бояу жұққан, әсіресе оның денесінің жоғары жағы мен басында бояу ізі көп. Жоғарыда айтылғандарға қарап мынадай қорытынды шығаруға болады, жерленген адам бастапқыда «отырғызылып» жерленген, кейін денесі ығысып, мәйіттің көрде қолайсыз жатуының мәні сонда болса керек. Қабірден зат табылған жоқ.
Бестамақ обасын зерттеу тұтастай алғанда зираттың энеолит дәуірінен ортағасыр дәуіріне дейін болғанына көз жеткізді.