Жұмыстың негізгі көлемі ескерткіштің оңтүстік және шығыс бөліктеріндегі қазба жұмыстарын қорғаумен байланысты. Қазбаларды қорғаудан басқа қоныстың солтүстік-шығыс бөлігіндегі көктем кезінде жыл сайын жаңадан ұсақ жыралардың пайда болуына әкеп соқтыратын үлкен жыраның бастауындағы ұсақ жыраларды ішінара толтыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қоныстың жағалау желісінің бәрі қорғалатын қазбаларға жатады. Қоныстың оңтүстік бөлігінде мәдени қабат пен жаға желісінің үзілуі арасында келер жылдарға жоспарланған рекультивациялық жұмыстардың орындалуы мақсатында, жер қазушы техниканың жүруі үшін оңтайлы ені 6-8 м болатын алаң жасалды.
Қазбаның жалпы көлемі 592 шаршы метр құрады. Жұмыстың басталу сәтінен бастап мәдени қабаттың ашылуы қарсаңында қоныстың орталық бөлігінде орналасқан реперден учаскелер беті тегістелді. Мәдени қабат қазбаның бүкіл аумағымен бір мезгілде қабат бойынша 10 см тереңдікте аршылды. Материалдарды тазалауда «in situ» жүргізілді, ол құрылымдардың қалдықтарына, остеологиялық материалдар мен артефакттардың жиынтықтарына қатысты олардың жоспарларын сызумен және стратиграфиясын жүргізумен қатар қолға алынды.
Қабаттарды аршу барысында екі тұрғын жай кескіндемесі, шаруашылық және ошақ шұңқырлары, сүйектен бұйым жасайтын шеберлік ісі бойынша жұмыс орындарының қалдықтары, жылқы мен басқа да жануарлардың сүйектерінің сансыз көп жиынтығы табылды. Қазбаның батыс бөлігінің жоғарғы беткейлерінен неолиттік пластина тәрізді материал анықталды. Бұл факт неолиттік уақыттағы мәдени қабаттың қайта бөлінуімен түсіндіріледі. Белгілену және материалды өндеудің ыңғайы үшін қазба «А» және «Б» деген шартты аймақтарға бөлінеді. «А» аймағында 60 - 70 см тереңдіктен тұрғынжай орнының сегізбұрышты қисық пішінінің сұлбасы анықталды.
Қазба барысында жасалған стратиграфиялық бақылауда өткен жылдардағы қазбаларда анықталған мәдени қабаттың құрылуының заңдылығы түгел қайталанады. Жердің беткі қабатынан бастап ордың түбіне дейінгі қабаттар былайша қалыптасқан: 0-10 см жоғарғы құрылыс қабатының шөгінділері; 10-50 см қара түсті қабатты саздың күйген қабаты, ол қара топырақты жер мен ормандағы сазды топырақтың өзіндік қосындысын құрайды. Ол саз балшықтан сыланып, топырақ қабаттарымен жабылған төбенің құлау кезінде пайда болған. Бұл қабаттың негізгі бөлігі ордың орталық бөлігінде үйіліп қалған, ал шет жақтарына қарай төменгі жағында азғантай доға тәрізді созылып жатыр. Ордың жиектерінен 30-70 см тереңдікте қара-қоңыр сазды топырақ кездесті, ол кей тұста ашық-қоңыр және сарғыш сазды топыраққа немесе кұмдаққа айналады. Бұл да жиектен басталып, тұрғын жай кеңістігінің ортасына қарай еңіспен төмен түседі. Осы жағдайда тұрғын жайдың сыртқы қабырғаларының құлаған үйіндісі бір жағынан орға келіп тіреледі, қабырғалардың құлаған бір бөлігі екінші жағынан ормен жалғасқаны анықталды. Тұрғын жайдың едені екенін білдіретін 50-60 см терендікте қара-күлді саз балшықты топырақ қыртысы бар екені байқалды.
Сондай-ақ, төменіректе тұрғын жайдың екінші еденінің болғанын көрсететін 80-100 см тереңдікте қара-күлді саз балшықты қабаттың екінші бөлігі анықталды. Тұрғын жайдың еденіне қатысты қос қабат тұрғын жайды адамдар пайдаланған кезде және одан кейінгі үзілістен соң оны қайтадан пайдалану нәтижесінде пайда болған. Ернеулерді қазу кезінде көптеген жұқа қабаттарда сырдың, саздың, құмның, күлдің, кейде олардың араласқан түрлері байқалды. Тұрғын жайдың ішкі жағындағы күйіп-қақталған белгілеріне қарағанда ол алдымен өртеніп, кейін қалпына келтірілген тәрізді. Еденнің қос қабатты болуының өзі де ежелгі заманда болған осы оқиғамен байланысты болса керек.
Ордың солтүстік-батыс бөлігіндегі түбінде 60 см тереңдіктен диаметрі 90 см, тереңдігі 15 см №2 ошақ шұңқыры табылды. Ошақ шұңқырының пішіні дөңгелек болып келеді. Стратиграфиясы мынадай: күйген қара-құрылыс қабатты саз 15 см тереңдікке дейін барады, ал одан төменде кәдімгі жердің сазы жалғасады. Шұңқырдан күйген сүйектердің қалдықтары, қырғыш құралдардың бірнеше сынықтары табылды. Шұңқыр еденнің екінші қабатында орналасқан.
№ 1 ошақ шұңқыры 80 см тереңдікте И-11 учаскесінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Шұңқырдың пішіні диаметрі 73 см дөңгелек, тереңдігі 35 см. Шұңқырдың стратиграфиясы мынадай: жоғарғы құрылыс қабатындағы саздың қалыңдығы 20 см, күйген топырақтың қалыңдығы 5 см, одан әрі қарай 10 см тереңдікте ашық-қоңыр саз бен жердің сазы жалғасады. Шұңқыр еденнің бірінші қабатында орналасқан.
З-11, И-11 шаршы алаңдарында диаметрі 40 см, тереңдігі 35 см 3 шұңқыр табылды. Бұл бағананың орны және шаруашылық істеріне арналған болуы керек. Этнография тұрғысынан алғанда әдетте мұндай шұңқырларды азық-түлік сақтау үшін пайдаланған. Тұрғын жайдың сырт жағында топырақ, сүйектердің бөлшектері, артефакттың сынықтары толтырылған шаруашылық мақсаттағы шұңқырлар кездесті.
«Б» аймағында 50 см тереңдікте тұрғынжай орнының ізі табылды. Op диаметрі 5 метрдей қисық алты бұрышты тереңдікте қазылған. Тұрғынжайдың орталық бөлігіндегі Н-21 учаскесінде тереңдігі 90 см, диаметрі 85 см. №1 ошақ шұңқыры анықталды, ол жоғарғы жағынан есептегенде 10 см тереңдікте 7 см-ге дейін күйген қара түсті-жоғарғы құрылыс қабатындағы сазбен толтырылған, ал оның төменгі жағында қоңыр саз жатыр.
Тұрғынжайдың сырт жағында №20 учаскесінің оңтүстік бөлігінде оңтүстік қабақтан солтүстігіне таман №2-ші ошақ шұңқыры табылды. Шұңқырдың диаметрі 130 см, тереңдігі 30 см. Шұңқырдың стратиграфиясы мынадай: күлдің немесе сұр түсті күйемен қосылған 10 см тереңдікте жоғарғы қабатты саз, 3 см - күйе (көмір), 4 см - ақшыл қоңыр саз, 2-3 см - күйе, одан төмен 5 см-де қара-сұр түсті күйе, әрі қарай құмдақты жер. Шұңқыр жүйелі түрде діни наным-сенім салттарына арналған болса керек. Көптеген остеологиялық материалдардың жиналуы қазба жұмыстары жүргізілген учаскелерінің бәрінде дерлік кездесті.
Артефакттардың қысқаша сипаттамасы
Тас және шақпақтас мүліктер өткен жылдардағы зерттелген артефакттарға сәйкес. Әсіресе мыс пластинаны белгілеп кету керек, ұзындығы 4,7 см, ені 1 см. Пластина торт мәрте мыс фольгадан бүктетіліп дайындалған. Жасалатын спектрлік талдау металдың құрамы мен оның пайда болған орнын айқындап береді. Қазірге кезде бұл табылған мыс бұйымның үлгісі энеолит ескерткішіне жатады. 1980 жылы бірнеше сүйек тұтқалардан мыс тотықтары кездескен болатын.
Қашау тәрізді құрал жылқының жілігінен шет жағы ұшталған пішінде дайындалған. Бұйымның ұзындығы 22,2-ден 23 см аралығында ауытқиды. Кесетін жүзі (ені 0.9 см және 1,3 см) сына тәрізді жасалған. Ағашты қашау үшін ол жүзі шығарылып, және тегістелген.
Пышақ ұзындығы 17,8 см, ені 3,1 см етіліп, жылқының жалпақ жілігінен дайындалған. Пішіні сопақ-жапырақ тәрізді. Сабының жоғарғы үш жағында диаметрі 0,5 см ойық болған. Аспаптың бет жағы тегістелген. Бұл оны ұзақ уақыт бойы пайдаланғандығын білдіреді.
Керамика (мыңнан аса сынықтары бар) жартылай жұмыртқа пішіндес ыдыстардың бөліктері күйінде кездеседі. Сынықтарының бөлігі бес және алты ыдыстарға келеді. Ондай бөліктер жіптей иретілген, тарақ және ойық тәріздес бедерлермен өрнектелген.
Сонымен соңғы үш жыл бойына жүргізілген зерттеулер нәтижесінде айтарлықтай көлемде археологиялық және қорғау жұмыстары жүзеге асты, тұтастай алғанда 1756 шаршы метр мәдени қабат аршылып, одан 20 мыңдай заттар табылды.
Бұл жұмыстардың маңызына ғылым үшін бірегей археологиялық материалды, тұрғынжайлардың құрылыстарын, өзіндік ерекшелігі бар жағалаудың шаруашылық аймағында орналасқан қоныстардағы тұрғын жайлардың планиграфиясын сақтауға қол жеткізілгенін айтуға болады. Қазіргі кезеңде археологиялық ескерткішті объектіні сақтаудың ақырғы сатысына мәдени қабат пен жағалаудың жарлары арқылы өтетін жыралар рекультивациялауға дайын деуге болады. Ландшафтты қайта қалпына келтіруге байланысты соңғы жылдары жүргізілген белсенді іс- әрекеттің нәтижесінде жердің шөбі қайта өсіп, реликтік қарағай қайта өсе бастады.
Ескерткіштің қорғалатын аймағына жақын жерде республика азаматтарымен экскурсиялық жұмыстар қолға алынды. Жаз мезгілінде, жыл сайын ескерткіште Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарының қалалары мен ауылдарындағы мектеп оқушылары осында болды. Ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдері қазба жұмыстарына тікелей қатысу немесе қазба жұмыстары қалпына келтірілген архитектураны қарау, өлкенің ежелгі бай тарихы жөнінде лекцияны тыңдау мақсатында келеді.