Алматы, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарының тарихи және мәдени ескерткіштері тізіміне арналған үш томдыққа материалдар жинақтау аяқталды. Аудандар бойынша материалдар жинақталып, әр уақыт кезеңдерінің ескерткіштері зерттелініп, тиісті құжаттамалар жасалынды.
Ақмола облысында Астана қаласының негізін салушы, ортағасырлық Бұзоқ қала жұртындағы зерттеулер одан әрі жалғасты. Бүгінгі қала территориясында орналасқан қала жұртының аумағында археологиялық парк жасау жобасы бойынша материалдар жинастырылды.
Белгілі жылқы сүйектерінің көптеп ұшырасатын Ботай қонысында құрылыс конструкцияларын анықтаған мәдени қабаттар зерттелініп, аса бай керамикалық материалдар, тастан жасалған құралдар кешені жинақталып, палеозоологиялық коллекция толықтырылды.
Алматы облысы бойынша Талғар қала-жұртында XIII ғ. қаласының бір бөлігі аршылды. Солтүстіктен оңтүстікке баратын, қиылыстан өтетін, жұмыр тастан төселген көше (ішкі кварталдық көше) зерттелінді. XI ғ. қола монеталарының коллекциясы жинақталды.
Қойлықпен сәйкестендірілетін Антоновка қала жұртында оның оңтүстік бөлігіне су өткізетін, құмнан жасалған су құбырының бір бөлігі ашылды. Тағыда бір XIII ғ. бай тұрғын-жайында қазба жұмыстары басталды.
Ақтөбе облысында ескерткіштер тізіміне арналған жұмыстар басталды. Сарматтық Қызыл Үйік ғибадатханасында зерттеу жұмыстары одан әрі жалғастырылды.
Атырау облысында көп жылдан бері жалғасып келе жатқан ортағасырлық Сарайшық қаласында зерттеулер одан әрі кеңейтілді.
Жамбыл облысында сирек кездесетін Ақыртас архитектуралық кешенінде зерттеулер жүргізілді. Онда сарайлық кешен зерттелініп, ескерткіштің көркейтілуі және тұрақты мұражай құрылысын бастаудың дайындық жұмыстары іске асырылды.
Экспедициялардың бірі Мерке мен Жайсаңның көне түркі ескерткіштерінде жұмыс жасады.
Батыс Қазақстан облысында Қырықоба қорымының сармат обаларынан қазба жұмыстары барысында көрнекті материалдар табылды. Мұражай-қорық ашу жоспарланып отырған, Жайық қала-жұртында зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Қарағанды облысында қола дәуірінің қонысы Кент зерттелінді. Бұл қоныс сол дәуірлердің өзінде-ақ Сарыарқа территориясында мемлекеттіктің қалыптасуы жөнінде ой тудыратын материалдар береді.
Тас дәуірінің тұрағы Тоқтауылда, кеншілер қонысы Талдысайда және Айбас Дарасы қорымында қазба жұмыстары жүргізілді.
Арал аймағында, Қызылорда облысында сақтардың астанасы Шірік Рабат қала-жұрты және онымен іргелес территориялар зерттелді.
Маңғышылақта, Маңғыстау облысында энеолит-қола дәуірінің қонысы Тоқсанбайда қазба жұмыстары жасалды.
Сақ дәуірінің көрнекті материалдары Берел мен Шілікті қорымдарында атқарылған қазба жұмыстары барысында табылды.
Отырартөбе қала-жұрты мен оазистегі қалашықтар Оңтүстік Қазақстан облысындағы негізгі нысандар болып қала бермек. Мұнда бұған дейін ашылған нысандарда кең ауқымды консервациялық жұмыстар атқарылып және Отырарды ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру жобасын іске асыру дайындықтары басталды.
Сауран қала-жұртында қазба жұмыстары барысында қызықты материалдар алынды. Мұнда XVI-XVII ғғ. қала қақпасы, XVI ғ. медресесі және XV-XVI ғғ. мешіті зерттелінді.
Сидақ қала-жұртында VII-.VIII ғғ. храмдық кешен аршылды. Керамикалардың, темір мен сүйектен жасалған бұйымдардың, түрлі-түсті тастардан жасалған моншақтардың аса бай коллекциясы жинақталды.
Арыс өзенінің орта ағысындағы екі ірі қала-жұрттары: Жуантөбе (б.д. І-ІІ ғғ.) және б.д.д. бірінші ғасырлардан XVIII ғ. дейін жасап келген Қараспан зерттелінді.
Қаңлы дәуірі мен ерте ортағасырларға жататын, Бөріжар қорымында зерттеулер жүргізіліп және консервациялық жұмыстар атқарылды.
Шымкент қаласының территориясында орналасқан қала-жұрты зерттеліп, ашылған нысандар консервациялық жұмыстармен аяқталды.
Үшінші жылдағы жұмыстардың ерекшелігі болып облыс Әкімшіліктерінің үн қосуы болып табылады. Осы негізде Сығанақ, Жанкент және Арал Асар (Қызылорда облысы) қала жұрттарындағы қазба жұмыстары қаражаттандырылды.
Демеушілердің көмегімен Оңтүстік Қазақстан облысында Қаратөбе және Жамбыл облысында Құлан қала жұрттарында қазба жұмыстары атқарылды.
Бағдарлама аясында Отырар оазисінің көне қалалары бойынша екі альбом, ортағасырлық Қойлық қаласы жөніндегі монография және Қазақстанның нумизматикасына арналған үш монография жарыққа шықты.
Жинақталған мол материал, алдыңғы екі жыл материалдарымен қоса алғанда Қазақстан тарихын және мәдениетінің тарихын зерттеуде алға жылжуға, сонымен қатар ескерткіштердің консервациясының және музеефикациясының бірқатар мәселелерін шешуде (бірінші кезекте Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан), туристік бағыттардың ұсынымдарын қалыптастыруға жол ашады.