Аталған қоныстың орналасқан жері – Үстірт қыраттарының бірінің беткейіндегі көлемі 140 шаршы метр болатын құлама жар. Құлама жардың абсолюттік биіктігі – 188 м, ойысы – 55-65 м, биіктіктердің ауытқуы 43 м дейін. Ескерткіш табиғи факторлардың қолайсыз әсерлері салдарынан жоғалу қауіпінде тұр. Қоныс орналасқан жардың, сонымен қатар қоныстың өзінің де мүжіліп қирауы, оның қалған бөліктерін жедел зерттеу қажеттілігін туғызады.
2006 ж. далалық маусымда зерттеу жұмыстары қоныс аумағын түгел қамтыды, бұлардың ішінде тастан қаланған тұрғын үй қалдықтары сақталған оңтүстік-шығыс және батыс беткейлердегі қазбалар ерекше маңызға ие болды (үйлердегі бастапқы қазбалар сипаттамасы өткен жылдар есептерінде берілді).
Қазіргі күнде негізінен ғұрыптық-табыну белгілері анықталған, оңтүстік-шығыс беткейдегі бір бөлмелі тұрғын үйдің солтүстік бөлігінде зерттеулер аяқталды. Күйген сары топырақтың астында орналасқан ұзын таяқтардан, бұталардан, қамыстан тұратын опырылып түскен агат жаппаның қалдықтары аршылды.
Құлаған шатырдың күйген қалдықтары түбінен еденде орналасқан, ғұрыптық мақсаттарға арналған in situ күйіндегі артефактілердің тұтас кешені сақталған. Металдан, сүйектен, мүйізден, қыштан жасалған бұйымдардың, сонымен қатар құрбандық тағамының үйлесім тауып, өзара бірге орналасуы олардың ғұрыптық бағытын айқын көрсетті. Тұрғын үйдің сақталған бөлігінің ішкі интерьері де өзгеше: дәліздің шығыңқы тұсы мен батыс қабырғасының бұрылысынан пайда болған қалтарыс бұрышта қуыс орналастырылған, оның жанына солтүстік қабырғаның төменгі жағында құрбандыққа шалынған жануарлардың сүйектері толтырылған жәшік қойылған. Ішінде оттың белгілері бар қуыс өзіндік алтарь тәріздес, анық ғұрыптық мәнге ие, бұл оның қасына және ішіне қойылған заттардан да байқалады: қызғылт-күрең түсті бояулы (жоса) шағын тас келсап және кіре беріс алдындағы дән үккіш тас; саз ыдыс, сүйектен жасалған жүн Өңдейтін құрал және сол кіре беріс дәліз қасындағы тас үккіш; өңделген қабырға сүйек, тас плита, іші көмір ұнтақтарымен, ұсақ мал сүйектерімен аралас топырақтан тұратын шақпақ пластина.
Киіз және мал терілері төселген бөлменің еденіне қыш ыдыстар, мыс пластинасы бар белгісіз ағаш бұйым, мүйізден жасалған бұйымы бар ағаш табақша, жануарлардың жекелеген сүйектері мен тушалары, ат сулықтары, үккіштер қойылған. Солтүстік қабырғаның астынан ұлу қабыршақтарымен және қызыл түсті минералды бояу (охра) бөлшектерімен толтырылған сопақ пішіндегі ойыс аршылды, сонымен бірге жан-жағынан тесіктерден тұратын «ореолмен» қоршалған дұрыс дөңгелек пішіндес кішкене шұңқырша тазартылды. Өрт нәтижесінен болған температуралық эсердің органикалық бұйымдарға ықпал етуі олардың ішінара сақталуына себепші болған, мысалы, жүннен тоқылған жіп қалдықтары, мата мен былғары бөлшектері және т.б.
Сыланған еденнің астынан баған орны болған шұңқырлар ашылды, олардың біреуінен ағаш қалдықтары анықталды. Бөлме ортасынан ошақ орны аршылды, оған жапсарлас шаруашылық мақсаттарға арналған болуы керек, тас жәшік орналасқан.
Үй сөзсіз ғұрыптық, соның ішінде отқа табынумен де байланысты міндеттерді атқаруға арналған болуы керек, қоныстағы өзіндік сиыну орны болуы да мүмкін. Алынған материалдардың тұтас сараптамасы аталған орын қонысты еріксіз тастап шығар алдында әдейі өртелген деген ойға жетелейді. Осы кетуден кейін, үй өмір сүруін мәңгілікке тоқтатқан, алайда ертедегі адамдар бұл жерге қайта оралып отырған және бірнеше мәрте келген секілді, бұл өрттен кейін де құрбандықтардың шалынуынан көрінеді. Екі құрбандық орны - шығыс қабырға түбіндегі өрттен тазартылған жерге қойылған жануарлар тушаларының бөліктерінен тұратын біріншісі белгілі бір мәнге ие болса, солтүстік қабырға түбінде, қуыс жанындағы жәшікте орналасқан екіншісі ендігі басқа мәнде және басқа ғұрыптық дәстүрлерге арналған. Зерттелген үй орны қоныс тұрғындары өмірінің тек тұрмыстық және шаруашылық жағын ғана емес, олардың дүниетанымын да танып- білуге аса құнды ақпараттар берді.
Қоныстың қарама-қарсы батыс беткейінде бірінің үстіне бірі тұрғызылған және құрылу мен хронологиялық жағынан әртүрлі кезеңдерге жататын екі тұрғын үй зерттелуде. Былтырғы маусымда бұл үй орындары қазіргі жер бетінен 2,5 м астам тереңдікке дейін қазылды, бұл төменгі үйдің деңгейін құрады. Төменгі бөлмені оның үстінде орналасқан жоғарғы тұрғын үйдің конструкциясын сақтай отырып тазарту, одан арғы зерттеу жұмыстарын қиындатты. Барлық үйінділерді тазалау, қабырғалардан құлаған тастарды және құрылыстың төменгі жағындағы аралас үйінділерді алу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде төменгі бөлменің көлденең тас қаландыларынан тұратын шығыс, дәлірек айтқанда оңтүстік-шығыс қабырғасы 130-140 см биіктікке дейін тазартылды.
Солтүстік-батыс және солтүстік жақтарынан құлама жар үстінен төменгі деңгейдің тастары көрінгенше тазарту жұмыстары жүргізілді. Күйген қабат екі құрылыс аралығы мен қоныстағы өрт кезеңін айғақтайды. Жоғарғы үйдің солтүстік-шығыс қабырғасының шашыраған үйінділері астынан тігінен қойылған плиталар мен тастардан тұратын төменгі қабырға көрінді. Төменгі үйдің аралас үйіндісі екі бөлігінде де тым ерекшеленеді - оңтүстік-батыс бөлікте мәдени қалдықтары аралас тасты-топырақты болса, солтүстік-шығыс жағы әртүрлі көлемдегі тастардан, бірақ негізінен ірі және орташа тастардан тұрады. Олардың арасындағы анық шекара үй орнында алғаш кезде бөлмелерді бөліп тұрған қабырға болған деген ойға меңзейді, ол сақталмаған. Мұны жанама түрде құлаған тастары тура бір түзу бойымен орналасқан солтүстік-шығыс қабырғаның қирау сипаты да растайды.
Осылайша, қоныстағы зерттеліп жатқан тұрғын жайлар архитектуралық, құрылымдық, ерекшеліктер, ішкі интерьер элементтерін, сонымен бірге қонысты тұрақ ету кезеңдерін танып- білуде бағалы болып табылады.
2006 ж. далалық жұмыстар бұл ескерткіштің даралығын және палеометалл дәуірінде Үстірттегі протоқалалық мәдени кешендердің қалыптасу мәселелерінің зерттелу болашағын тағы да айқындады.
Зерттеулер нәтижесінде қоныстан табылған олжалар коллекциясы сүйектен, тастан, шақпақтан, саздан жасалған бұйымдармен, тұтас ыдыстармен және олардың бөлшектерімен толықты.