Бүгінде Ұлытауда екі Хан Ордасы деп аталатын жер бар. Біреуі соңғы онжылдықта қолдан жасалған атау. Бұл қала орнының негізгі атауы бұған дейін Алашахан қалашығы деген атпен келді. Алашахан қалашығы Ұлытау елді-мекенінен солтүстік-батысқа қарай 18 км жерде, Қаратал өзенінің сол жағасында орын тепкен. Алашахан қалашығы тек үйінді топырақтан құралған, жобасында төртбұрышты келген, екі бөліктен тұратын ескерткіш. Ә.Марғұлан бұл қала орынын кезінде бекініс қызметін атқарған, ішінде киіз үйлер болған деп қорытынды жасаған болатын. 90 жылдардың бас кезінде елбасымызды Ұлытауға келгенде осы қала орнына апарып, таққа отырғызып, хан көтеріп, содан бері жергілікті әкімшілікте жаңа Хан Ордасы деген атау пайда болды.
2007 жылы бүл жерде жүргізілген зерттеу жұмыстары ескерткіштің ешқандай да ортағасырлық қала-жұрты емес, керісінше Кенесарының көтерілісіне байланысты XIX ғ. Ұлытауда пайда болған әскери бекініс (орыс казактарының) екенін анықтады. Бұған Жаңарқа ауданы жерінде орналасқан, Кенесары көтерілісімен байланысты бой көтерген Ақтау бекінісі және одан оңтүстікке қарай орналасқан тағы бір қорған орындарымен салыстырып барып көз жеткіздік. Бүл үшеуінің де сыртқы түрлері, орналасу реті бір-бірімен үндес келеді.
Осылайша 2007 жылдың қорытындысында Ұлытау және Жаңарқа аудандары бойынша осы уақытқа дейін орын алып келген үш бірдей ескерткіш орыны археологиядан алынып тасталды. Олар: Алашахан (немесе Хан Ордасы) қалашығы, Қалмақ қорған (Ақтау бекінісі) және Қорған бекіністері.
Ортағасырлық Хан Ордасы қалашығы Жезқазған қаласынан 86 км қашықтықта, Қотанбұлақтан бастау алатын Ақсай жылғасының Қараңкеңгір өзеніне келіп қосылатын сағасында орын тепкен. Қараңкеңгір өзенінің қарсы бетінде XIX ғ. Дүзеннің мазары бой көтеріп тұр.
Қаражат мәселесіне байланысты қалашық орнында толыққанды қазба жұмыстарын жүргізудің мүмкіндігі болмады. Тек қалашықтың жекелеген арнайы бөліктерінде қазба жұмыстары атқарылды.
Қаланың жобасы төртбұрышты болып келген. Қалашық бұрыштарымен төрт тарапқа бағытталған. Қалашықтың қабырғасы жайылып кеткен. Қабырға өлшемдері: солтүстік-шығыс - 69 м; оңтүстік-шығыс - 80 м; оңтүстік-батыс - 77 м; солтүстік-батыс 91 м.
Қабырғаның бұрыштарында және орта тұстарында мұнараның орындары сақталған. Сыртқы қабырғаның өзінде мұнараның саны 9-ға жетеді. Солтүстік-батыс қабырғада (бұрыштарын есептемеген- де) мұнараның орыны 2-у болса, қалған қабырға бөліктерінде бір-бірден орын алған. Қабырғаның сақталған биіктіктері 1,1 м-ден 1,2 м-ге дейін жетеді. Ені ең жіңішке тұсында 2 м құраса, жалпақ тұсы 7 м жетеді. Мұнара орындарының биіктігі 2 м-ден 2,3 м-ге дейін, ені 7-10 м аралықтарын құрайды.
Қалашықтың қабырғасын қоршай, айнала ордың ізі сақталған. Ордың бойында бірнеше тұстан үзіктер байқалады. Яғни, солтүстік-шығыс қабырғаның орта кезіндегі мұнара тұсында (солтүстік бұрыштан 40 м жерде), оңтүстік шығыс қабырғаның бойында, оңтүстік бұрышқа таяу (оңтүстік бұрыштан 9 м) тұста, солтүстік-батыс қабырғаның бойында, батыс қабырғаға таяу (батыс бұрыштан 18 м) тұста және оңтүстік-батыс қабырға бойында үзіктер үш тұстан орын алған. Соңғы оңтүстік-батыс қабырғаның оры алдыңғыларына қарағанда тайыз болып келеді, әрі қорғаныс міндетін аса ала қоймаған сияқты. Бұған себеп, біздің жобалауымызша сол уақыттарда Ақсайдың бір арнасы дәл осы қабырға тұсын жанай өткендіктен өзен арнасы табиғи қорғаныс қызметін атқарған. Бұған кеуіп қалған ескі арна орны дәлел. Бұл ескі арна орыны Ақсайдың Қаракеңгір өзеніне келіп құятын сағасынан жоғарырақ басталып, қаланы жанай өтіп, қазіргі қыстақ тұрған тұста барып Қаракеңгірге келіп қосылады. Соған қарағанда қала тұрғындары бұл арнаны әдейі, қорғаныс мақсатында қолдан жасаған болуы керек. Қалаға кірер негізгі қақпа орыны ретінде солтүстік-батыс қабырға бойындағы үзікті айтуға болады. Басқаларына қарағанда бұл тұстағы қабырғаның үзігі 3 м құрайды, және де ордың үзігі де ең көлемдісі болып келген. Ордың ең терең тұсы 1,5 м-ге жетеді.
Қалашық қабырғасының солтүстік бұрышына ішкі жағынан цитадель келіп қосылған. Цитадельде өз кезегінде екі камералы, жобасын да төртбұрыш тәріздес. Цитадельдің ішке қараған қабырғасының өзінде жайылып кеткен 3 мұнара орыны сақталған, яғни оңтүстік бұрышта, оңтүстік-батыс қабырғада және солтүстік-шығыс қабырғада. Және де ішкі камераның қабырғасында мұнара тәріздес, жайылыңқы келген 2 орын байқалады. Цитаделдің ішкі оңтүстік-шығыс қабырғасының ұзындығы 44 м, оңтүстік-батыс қабырғасының ұзындығы 43 м. Қалған екі бөлігі қаланың сыртқы қабырғалары есебінін құралған. Қабырғасының биіктігі 1,2 м, ені 5 м-ден 7 м-ге жетеді. Қабырғаның іргесін айнала ордың іздері сақталған. Ордың тереңдігі 1 м-ге дейін жетеді.
Қазба жұмысы цитадельдің ішкі камерасының оңтүстік бұрышынан салынды. Жалпы көлемі 40 ш.м. құраған бұл қазбадан зерттеу барысында тұрғын үй орындары анықталды. Тұрғын үйлер қабырғаны бойлай салынғандықтан цитадельдің орталарында бос алаңдар қалыптасқан.
Қазба барысында оңтүстік бұрышқа жақын бөліктен мыстан жасалған ыдыстың ұсақ бөліктері жиі ұшырасты. Бұл мыс бөліктердің кейбірінде бекітпе «шегелер», «тіс» тәріздес бөлшектер орын алған. Аздаған темір сынықтары табылды. Малдың сүйектері де қазба барысында көптеп ұшырасты.
Қалашық бұл жерде жалғыз емес, оның солтүстік жағында, тау етегінде бірнеше тастан үйілген обалар орналасқан. Сонымен қатар, бұндай оба орындарын қаланың солтүстік-батыс жағында ұштасып жатқан алқаптан белгіледік. Бұл қаламен байланысты зират орындары болып шығуы мүмкін. Оны алдағы жылдағы зерттеу жұмыстары көрсетеді.
Хан Ордасы қаласының маңайындағы тексеріс жұмыстары бұл төңіректің одан (VIII-XII ғғ.) кейінгі уақыттарда да қоныс ретінде маңызын жоғалтпағанын дәлелдеп берді. Қаланың оңтүстік- шығыс жағында, оңтүстігінде, Қаракеңгір өзенінің жағасына таман тұстан бірнеше «күдікті» деген орындар тексерілді. Саман тәріздес құрылымнан тұратын бұл үйінділер қатты жайылып кеткен. Беткі қабаттарынан күйген кірпіш сынықтарын, шлак бөліктерін, керамика фрагменттерін жинап алынды. Көтерме керамиканың басым бөлігін станокті түрі құрайды.
Осындай бір ірі құрылыс орыны қалашықтың солтүстік-батыс жағындағы алқаптан, 300 м қашықтықтан анықталды. Жалпы бұл алқап ылғалдың молдығынан өзінің өсімдігінің қаулай өсуімен ерекшеленеді. Нәтижесінде онда орын тепкен ескерткіш орындары бірден көзге ұшырай қоймайды.
Пішіні төртбұрышты келген бұл ескерткіштің жер деңгейінен шығып тұрған биіктігі 70 см-ді құрайды. Өлшемі: 34*34 м. Бұрыштарымен төрт тарапқа қараған. Жан-жағын ор қоршаған. Ордың оңтүстік-батыс тұсында ғана үзік бар. Бұл үзік ауыз қызметін атқарып тұрса керек.
Ескерткіштің беткі қабаты теп-тегіс келген. Сары саз тәріздес болып келген беткі қабаты қабыршақтанып, жарылып кеткен. Ойықтар, шұңқыр іздері байқалмайды. Солтүстік-шығыс қабырғасына таман, орта тұстан өлшемі 2*2 м болатын шурф салынды. Тереңдігі 1 м-ге дейін бұл қазбаның барысында тек беткі қабатынан ғана 3 станокті керамиканың сынықтарын және күйген шаланы, күйген топырақ орынын кездестірудің сәті түсті. Қалған тереңдігі бойы соқпа тәріздес сары саз жалғасты. Ғибадатхана тәріздес бүл орынның нақты маңызын алдағы зерттеу жұмыстары көрсетпек.
Келесі бір ескерткіш орыны қаланың солтүстігі жағында, тауға үштасатын төбелердің үстінде орын тепкен. Жерден сәл ғана көтеріңкі жатқан (15-20 см) бүл ескерткіштің диаметрі 6 м құрайды. Пішінін қазба жұмысынсыз анықтау мүмкін емес, топырағы қатты жайыл ып кет- кен. Беткі қабатынан күйген кірпіш сынықтары, керамика фрагменттері жинап алынды. Әсіресе табылған керамика фрагменттері өзінің көп түрлілігімен ерекшеленеді. Арнайы орындарда жасалған кейбір керамика сынықтарында бірнеше қатар толқынды сызықтар бедерленген. Сонымен қатар бүл жерден қыш ыдыстың 1 тұтқасы табылды.
Соңғы ескерткіш орындары көтерме деректеріне қарағанда Жошы ұлысы кезеңімен байланысты болып келеді.
Қорыта айтқанда Хан Ордасы кешені өзінің бойында тұтас бір мыңжылдықтың тарихын бойына жинақтаған алқап. Сол себепті оны зерттеудің мүмкіндіктері өте зор. Жоғарыда жазылған ескерткіштің орындарының түйіндері алда жоспарланып отырған толыққанда зерттеу жұмыстарынан кейін ғана барып шешілмек.