Қаланың бас жоспары бойынша Бұзықты көлінің сыртынан елорданың сыртқы айналма жолы өтпекші. Қаланың болашақ диаметрі 32 км. Ескерткіш территориясы қаланың негізгі осінде қалып, құрылыстың жалпы сәулет мағынасына жақсы сәйкестеліп отыр: өткен (Бозоқ), қазіргі (Ақ орданың жанындағы орталық алаң), болашақ (университет қалашығы).
2007 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасының жұмыстары келесі бағыттарда жүргізілді: 1) Бозоқ қалашығының қазба жұмыстары жалғастырылды; 2) палеотопырақты зерттеулер жүргізілді; 3) 2002 жылы Бозоқ қалашығынан табылған әйел бас сүйегінің пластикалық реконструкциясы жасалды; 4) Зертханада Бозоқ қалашығының суару жүйелерінің топографиялық жоспары мен космосуреті талданды.
1. 2007 жылдың жазында Бозоқ қалашығының шығыс махалласы арқылы стратиграфиялық қазба жасалды, оның нәтижесінде екі: шығыс пен солтүстік махалланың көлденең сызығы алынды; топырақтағы жерлеу мен тұрғын үй қалдықтарын табу мақсатында махаллалар сыртынан да қазба жұмыстары жүргізілді; солтүстік махалланы қайтадан жабу, яғни, рекультивация үрдісі жүргізілді.
Ескерткіште жалпы 400 шаршы метр алаң қазылып, 500 шаршы метр жер қайта жабылды. Шығыс махалла арқылы стратиграфиялық ор қазу жалғастырылды. Траншеяның ені 3 м, ұзындығы 30 м, тереңдігі 0,5-2,5 м. Траншея махалланың ішкі алаңын қамтып өтіп, махалланың солтүстік-шығыс бұрышының оры мен үйіндісі арқылы өтті. Ордан табылған бекініс қалдықтары сыртқы бекініс қамалының құрылысынан мағлұмат береді, ол қыштан салынған. 2,5 метр тереңдікте су шыға бастайды, ол су ор ішіндегі қалдықтарды толығымен зерттеуге мүмкіндік бермеді. Топыраққа жақын орналасқан жер асты суын Бозоқтықтар пайдаланған болы керек. Үш махалланы қоршап жатқан ор орта ғасырларда сумен толы болуы мүмкін. Мұны Бозоқ қалашығының космосуреті бейнелейді. Онда солтүстік махалла орында қазылған ірі шұңқырлар көрінеді. Бүл шұңқырлар құдық немесе су кететін шах- талар болуы мүмкін. Ордың ішкі жағынан архитектуралық бөлшек байқалды: үш қатарда бағаналар бекітілетін шұңқырлар орналасқан. Олар көбіне ордың бұрылуы тұсында байқалады. Мұндай қоршау өмір қауіпсіздігін сақтайтын маңызды құрал.
Ескерткіштің орталық бөлігінің солтүстігінде өткен жылы басталған қазба жұмыстары жалғастырылды. Бұл жерде жертөлелер кешеніне солтүстіктен және оңтүстіктен шекаралас жерлер зерттелді. Оңтүстік жақтағы қазбадан қаңқа тәріздес жерүсті құрылғының іздері байқалды. Бағана шұңқырлары іздері дөңгелек тәріздес құрылымның болғандығынан мағлұмат береді. Оның ішінде күл толы ошақ қалдығы табылды. Бұл қазба суару жүйесі мен жертөлелер құрылысының хронологиялық айырмашылығы жөнінде мәлімет беретін маңызға ие болды.
Оңтүстік махалла сыртында алтын орда уақытына тән топырақтағы жерлеу орындарын іздеу жалғаса берді. 120 шаршы метрге созылған бұл жердегі қазба шығыстан мазарға келіп тіреледі. Бұл мазар оңтүстік махалланың оңтүстік-батыс бұрышында тур. Мавзолей 2001 және 2005 жж. Қазылған болатын. Кірпіш қалыптары арқылы 14 ғасырға жататыны белгілі болды. 2007 жылдың қазбасынан мазарды салу кезінде үйінді үстіндегі гумусты қабат алынбағаны белгілі болды. Жай ғана тегістелген алаңға қара-сүр түсті кірпіштер қалаған. Кірпіш қабат мазар қабырғасы айналасындағы алаңды айналады. Бұл мәліметтер ортағасырлық архитектура мен құрылыс ісі жөніндегі деректерді толықтыра түседі.
Биылғы жылы солтүстік махалла қазбасын қайта жабу жалғастырылды. Ескерткішті мұражайға айналдыру үшін оған қазба жұмысына дейінгі бейнесін қайтару қажет. Сондықтан да солтүстік махалланың ішкі бөлігі жабылды.
2. Бозоқ қалашығының зерттелуінің өзекті мәселелерінің бірі – оның төменгі датасын, яғни, негізгі үш махалланың салыну уақытын анықтау болып табылады. Солтүстік махалланың ішкі алаңын зерттеу кезінде архитектуралық құрылымдар ізінен басқа ешқандай мағлұмат берер деректер табылмады. Ескерткіштің салыну уақытын біз тек салыстыр малы стратиграфия тәсілі арқылы ғана анықтай аламыз. Сондықтан да жаратылыстану ғылымдары тәсілдерін қолдану үлкен маңызға ие болады. Осындай мақсатпен ағымдағы жылдың шілдесінде қалашықта палеотопырақты зерттеулер жүргізілді. К.А.Ақышев ат. ҒЗИ шақыруымен Бозоқ қалашығында екі апта бойы РҒА Сібір бөлімшесінің Топырақтану және агрохимия институтының мамандары (Новосибирск к,.) жұмыс жасады. Ғалымдар тобын РҒА Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Дегтярева М.И. басқарды.
Ол археологиялық ескерткіштің уақытын анықтайтын, көнетопырақтан гумидті қышқылды бөлетін жаңа тәсілді ойлап шығарған. Бозоқ қалашығы топырағының бір ерекшелігі махалла ішінде көне жерлеу орындары бар бөліктердің болмауы. Ежелгі жерүсті топырақ тек үйінді астында ғана жіңішке қабатта сақталған. Бозоқ қалашығының салына бастаған уақытын анықтау үшін жеті жерден топырақ алынды.
3. «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуының нәтижесі болып Астананың көне және ортағасырлық тарихын Бозоқ қалашығы арқылы зерттеу болып табылады. Бұл орынның ерекше тарихи маңыздылығы – Бозоқ қалашығында XI-XV ғғ мазарларының көптеп табылуы, бұл ескерткіштер өз заманының белгілі адамдары үшін салынғаны күмән келтірмейді. Осы жерде Алтын Орда кезеңінде жерлеу рәсімдері орын алған. 2007 жылы ХШ ғасырдың соңында өмір сүрген әйелдің пластикалық бейнесі қалпына келтірілді. Жерлеу 2002 жылы кездейсоқ табылды.
Топырақ астындағы жерлеу оңтүстік махаллаға кіре-берісте орналасқан. Бейіттің түбінде толық қаруланған және әшекей бұйымдарын шешпеген әйел сүйегі табылды. Ол үстінен жібек мата- мен тартылған табытта жерленсе керек. Оның киімі жібектен тігілген болса керек, одан тек кей бөлшектері ғана сақталған. Оның басында дулыға тәріздес бас киім, қолдарында күміс білезіктер, құлақтарында күміс сырға болды. Жанында темір найза, белінде бір жағынан темір қанжар, екінші жағынан күміс ыдыс, аяқ жағында темір ат әбзелі жатты. Жауынгер әйелдің бейнесі РҒА Этнология және антропология институтының Антропологиялық қайта құру зертханасында қалпына келтірілді. Біздің алдымызда монғолоид тәріздес қайсар жүзді әйел. Жасы 50-дің айналасында. Оның қасына көмілген бұйымдарға қарағанда, бұл әйел сол кезеңнің шайқастарына ер адамдармен бірге қатысқан. Алайда, өзінің әйел бейнесін де сақтап қала алған. Оның әшекей бұйымдары мен меруерт моншақ, каури бақалшығымен әшекейленген бай бас киімі осыны дәлелдейді.
Бас киімнің қалпына келтірілуі нақты археологиялық деректер мен ортағасырлық саяхатшылар Плано Карпини мен Вильгельм Рубруктың суреттемелеріне сүйеніп жасалды. Аталмыш саяхатшылар Алтын орда хандарының сарайларында болып, сол заманның ақсүйек әйелдерінің бас киімдерін көрген. Тіпті ол бас киімдердің суреттері да бар. Бозоқ әйелінің бас киімінің биіктігі бас сүйек пен табыт қабырғасының арасынан өлшеніп алынды – 15 см. Бул жерде аққайың қабығына жапсырылған үш каури раковинасы табылды. Бас сүйектің жан-жағынан 400 ұсақ меруерт моншақ табылды, олар ромб тәріздес болып орналасқан. Жазба деректерден мұндай бас киім – «бокканың» аққайың қабығы мен жұқа өңделген киізден жасалғаны белгілі. Олардан жасалған қаңқа жібекпен тартылатын болған. Бозоқ әйелінің әлеуметтік статусы осы бай өрнектелген бас киіммен анықталады.
4. 2006 жылдың 1 қазанында жасалған космосурет алынды. Бозоқ қалашығы орналасқан Бұзұқты көлінің шығыс жағалауының сұлбасы қызығушылық туғызады. Жағалаудың биік бөлігі анық сегмент тәріздес қалыпқа ие. Бұл табиғи құбылыс болуы ықтимал. Немесе адам өмірінің нәтижесінде пайда болуы мүмкін: жасанды үйінді, шаруашылық иге- ру нәтижесінде. Биік жағалаудың шығысында ойық батпақ сұлбалары анық байқалады, олар солтүстіктен оңтүстікке созылып жатыр. Сонымен бірге көлдің оңтүстігінен шығысқа қарай қазылған арна ізі көрінеді.
Қалашық орналасқан биік жағалау толығымен суару жүйесімен қамтылған, жалпы көлемі 45 га шамасында болады. Суару жүйесін зерттеу кезінде объектінің құралдық топографиялық суреті түсірілді, арналардың көлденең профильдері жасалып, фотосуретке түсіру жүргізілді.
Тұрақты зерттеу және топографиялық жоспар құру барысында суару жүйесінің құрылымы анықталды, ол магистралды арнадан, бірінші және екінші реттегі таратқыштан, арықтардың тығыз желісінен тұрады. Биыл арықтар мен «қатарларға» көлденең қазу жасалды, зертханалық талдау үшін топырақ алынды.
Бозоқтың суару жүйесі Есіл өзені аймағын толығымен пайдаланады. Көптеген көлдер су қоймалары есебінде пайдаланылды, олар көктемгі су тасқыны кезінде суға толатын. Жаз бойы ол су арналар арқылы төменге ағып, егіс алқаптарын суаратын. Суару жүйесі қалашық адамдарының отырықшы шаруашылықпен айналысқанын көрсетеді. Алайда, бүгінгі күнде бұл агро ирригациялық жоспарлау ескерткіштің қай кезеңдегі уақытына тән екенін айыру қиын.