Баланды I бекіністі тұрақ-жайында (1 фото) жүргізілген зерттеу жұмысы ескерткіштің оңтүстік-шығыс бұрышына 2007 жылы салынған бірінші қазбаны одан ары оңтүстік-батысқа қарай кеңейтіп, жалғастыру болды. Сол үшін аумағы 32 шаршы метр болатын қазба алаңы белгіленді. Жұмыс барысында қорғаныс қабырғасының ішкі жағы қазылып зерттелді.  Байқауымыз ша қабырға екі кезеңде салынған. Әр кезең екі сатыға бөлінеді. Ең алғашқы қабырғаның ені 2 м, қоңыр түсті жұмбаздалған балшықтан тұрғызылған (1-кезең, 1-саты). Кейбір жерлерінде сылақ қалыңдығы 5-7 см. жетеді. Бірқатар уақыт өткен соң бұл қабырғаға ішкі жағынан ені 1,8-1,82 м, биіктігі 0,8 м, сұрғылт қоңыр түсті мықтап иленген балшықтан салынған стилобат орнатылған. Бұл стилобат І-кезеңнің 2-сатысына жатады. Сонымен, ерте кезеңдегі сыртқы қорғаныс қабырғасының ені 4 м аса болған. Ескерткіштің І-ші кезеңіне жататын мәдени қабаттар қазбаның орталық және солтүстік-батыс бөлігінен шықты. Орталығынан шығып жатқан сопақ пішінді құрылыстың ені 3,15 м, ұзындығы әзірге белгісіз. Ол тұрғын үйдің ағаштан тұрғызылған алдыңғы бөлігі болуы мүмкін.

Тұрғын үй І-кезең ішінде тіршілік еткен сияқты. Бұл жерден екі сатыдан қалған екі мәдени қабат табылды. Оның төменгісі күл араласқан қара сұр түсті түйіршікті лайдан тұрса, оның үстіндегісі сұр түсті тығыз лай қабатынан тұрады.

Қазба жұмыстардың нәтижесінде 100-ге тарта қыш ыдыс сынықтары табылды. Олардың көбі (67%) қолдан жасалған. Айналмалы тұғырда жасалған ыдыстар аз. Ыдыс жасаған саз ішінде шамот, күйдірілген гипс көп.

Осындай ыдыстар барлығы дерлік Шірік рабат мәдениетіне тән. Осылардың арасында б.з.д. VI-IV ғғ. жататын керамикаларда кездеседі («ахеменид» археология кешені).

Баландыдағы зерттеулер жаңа басталса да бірқатар тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді. Қазба материалдары оның алғаш салынған кезі ертерек болғанын көрсетеді. Атап айтқанда төртбұрышты қам кірпіштер мен түбі қиғаш сүйірленген қыш ыдыстар (Яз ІІ-ІІ типтес) ескерткіштің б.з.д. IV ғ. ортасынан ары салынғанын дәлелдейді. Сонымен нысандағы 1-қазба қорған ішіндегі үлкен үй деген тұжырымды нақтыламады.

Мыңарал мавзолейі. Баланды ескерткіштер кешеніне жататын Мыңарал мавзолейі Баланды I бекіністі тұрақ-жайынан батысқа қарай 7 км қашықтықта орналасқан (2 фото). Географиялық координаттары N 44° 10’51,9» Е 063 °18 ‘02,1».

Жобасында дөңгеленіп келген бұл құрылыстың диаметрі 14 м. Қабырғасының сақталған биіктіктері – 1,3-1,5 м., қалыңдықтары – 1,35-1,4 м. Құрылысты екіге бөліп тұрған ішкі қабырғаның ұзындығы 11,5 м. Құрылыс қабырғалары көлемі 40*30*10 см, жоғарғы сапада дайындалған қам кесекпен тұрғызылған. Жалпы құрылыс алдын-ала дайындалған қалыңдығы 40 см-лік төсеніштің үстіне салынған.

Қазба жұмысы негізінен мавзолейдің оңтүстік секторында жүргізілді. Құрылыс үстіндегі сұр түсті ағындыны алғаннан кейін бос топырақ пен құс қиынан тұратын қабат шықты. Бұл қабаттың қалыңдығы кейбір жерлерде 50 см жетеді. Бұл ғимараттың ұзақ уақыт бойына үсті жабылмай, ашық тұрғандығы аңғартады. Қазбаны 60 см тереңдікке жеткізген кезде ғимараттың едені шықты. Еден көлемі 40*30*10 см қам кесекпен қаланған. Жауын-шашынның серлерінен  болса керек сектордың оңтүстік, яғни құрылыс есігінің ішкі жағындағы еденге төселген қам кесектер шайылып кеткен. Ғимаратқа кіретін ені 80 см, ұзындығы 1,6 м болатын негізгі есік құрылыстың оңтүстігінде орналасқан.

Еденді тазалау барысында сектордың оңтүстік-батыс бөлігінен жас баланың нашар сақталған мүрдесі табылды. Жанындағы қызыл түсті киіз қалдықтары мен қандайда бір ағаш құрылымның қалдықтарына қарағанда, сірә, бесіктің табаны болса керек, бала «бесікте» жерленген сияқты. Мәйіттің нашар сақталуына құстардың ұялары мен қиларының да әсерлері тисе керек. Мәйіттің шығыс жағында көлемі 80*80*20 см саз балшықтан жасалған құрбандық «үстелі» орналасқан. Үстіңгі бетіндегі биіктігі 10 см болатындай конус іспетті ойықшаға қарағанда бұл шаршы алтарь қызметін атқарса керек. Алтарь оңтүстік-батыс қабырғадан 1,4 м, ортаңғы қабырғадан 1,7 м жерде, СШ-ОБ бағытында орналасқан. Алтарьдің оңтүстік жағынан 10 см жерде қам кесектен салынған шағын құрылыс қалдығы орын алған. Одан тек қалыпты пішіндегі төрт кесек сақталған. Осы құрылыс маңын тазалау барысында диаметрі 15 см-ге тең үш бағана шұңқырлары аршылды. Аптарьдан батысқа қарай 50 см жерден шеңбер (О) таңбасы бар екі кесек табылды.

Сектордан табылған заттар өте аз. Қыш ыдыстары жабық формалы болып келген. Алдын ала жасалған сараптама бойынша ыдыстар таспалап жапсырып жасау әдісімен орындалған. Саз балшығының құрамында ұсақ түйіршекті құм, керамика үгіндісі және гипс қоспалары бар. Ыдыстардың барлығын дерлік  Шірік рабат мәдениетінің керамикалық кешеніне жатқызуға болады.