Қаракеңгір өзенінің сол жақ қапталы бұл тұста үнемі дерлік тау жоталарымен жалғасып жатыр. Хан Ордасы қалашығы осы екі аралықтағы ені жағынан шағын келетін алаңқайда орын тепкен. Қалашықтың солтүстік жағынан Қаракеңгір өзеніне Қотанбұлақтан бастау алатын Ақсай жылғасы келіп қосылады. Хан Ордасы қалашығы орналасқан атыраптың тек жазда ғана емес, сонымен қатар ертеден қазақтардың қысқы жайлы қонысы болғанын сол уақыттарда бой көтерген қыстау орындары дәлелдейді. Әрі қысқы қоныс ретінде бұл жерді жай ғана бұқара халық өкілдері емес, аға султан шенін алған атақты Ерден Сандыбайұлының өзі иеленген. Ерденнің салдырған «көк үйі» әлі күнге сақталған. Ол Хан Ордасы қалашығынан солтүстік-батысқа қарай 3 км қашықтыққа, өзеннің сол жақ бетінде орналасқан. Кейін Ерден бұл қыстауын бір баласына беріп, өзіне басқа жерден қыстау салдырады.
Келесі бір қыстау қалдығы қалашықтан оңтүстікке қарай 500 м жерде, өзеннің ішіндегі аралда сақталған. Бұл XIX ғ. өмір сүрген бағаналының атақты байларының бірі Дүзеннің қыстауының қирандысы. Дүзен Ерденнің ағасы болып келеді. Бул жерде тек Дүзеннің қыстауы ғана емес, сонымен қатар мазары да бой көтеріп тұр. Мазар қалашыққа сәл қиыстау, өзеннің арғы бетінде орын тепкен.
Әрине бұл қыстаулар әкімшілдік реформалар нәтижесінде XIX ғ. ғана пайда болған. Бұған дейінгі жергілікті қазақ қыстаулары Сарысу, Шу өзендерінің төменгі ағысында, Бетпақдаланың ішіндегі құмдарда болған.
Дегенмен XIX ғ. бой көтерген қыстаулар бізге Қаракеңгір өзенінің атырабы жазғы жайлаумен қатар қысқы қоныс ретінде де пайдалануға келетіндігін дәлелдейді. Ұлытауда ортағасырлық қалалардың пайда болуы осымен түсіндірілсе керек. Әрі бұл кезеңдегі (VIII- XII ғғ.) ескерткіштерге тән нәрсе қалашықтардың бекініс түрінде келуі. Олар сыртында орлармен қоршалған, сыртқы бекіністен (мұнаралы қабырғалар) және цитадельден тұрады. Біреулерінде цитадел (Басқамыр) ортада жеке орналасса, кейбіреулерінде сыртқы бекіністің бір жақ ішкі бұрышында орналасады. Әдетте бұл тұс басқа қабырғалармен салыстырғанда биіктеу және қорғаныс қабілеті күшейтілген болып келеді. Басқамыр қалашығының жанындағы таудың төбесінде от жағып белгі беретін арнайы тастан қаланған құрылыс сақталған. Бұдан шығатын қорытынды, яғни Ұлытаудың барлық ортағасырлық (VIII-XII ғғ.) қалалары құрылысынан байқалатын ортақ жайт сырттан қауіп күткендегі қолданылатын шаралар.
Егер осы жайттарды түсіну үшін салыстырмалы түрде XVIII-XIX ғғ. қазақ қоғамын алға тартсақ екі кезеңге тән ортақ заңдылықтар бар.
Жоғарыда жазғанымыздай жергілікті қазақ руларының қысқы қоныстары кезінде әлде қайда ұзақ болған. Бұл сол уақыттағы барлық қазақ руларына тән нәрсе. Бұл көш жолдарының қысқаруына тек патша үкіметі тарапынан жасалған әкімшілдік жүйе ғана емес, сонымен бірге эсер етуші екінші бір себеп бар. XVIII ғ. кіші жүзбен кейбір орта жүз руларының Ресей үкіметіне бодандыққа кіруі Орта Азиядағы хандықтардың наразылығын тудырады. Осының әсерінен Хиуа, Қоқан хандықтарына жақын барып, Сырдың бойында қыстап шығатын қазақ руларына енді өздерінің көш жолдарын қысқартып, олардан алыстау, даладан қысқа ыңғайлы жаңа қоныс іздеуге тура келді. Нәтижесінде Бетпақдаланың ішінде (құмдарда) және далалы аймақтарда қыстаулар өсіп шықты. Осыған сай көшпелі тұрмыста шаруашылықтың жаңа типтері (көшпелі, жартылай көшпелі, жартылай отырықшы т.б.) пайда бола бастады.
Тарихта Орта Азия территориясында бой көтерген мемлекеттердің далаға тереңдей енген жорықтары аз болмаған. Соның ішінде белгілісі Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға аттанатын жорығы. Осы жорық кезінде Ұлытауды басып өтіп, қазіргі батыс Қазақстанның жері арқылы Еділге шығады. Одан кейінгі белгілі жорықтардың бірі шибанид Абдоллах ханның қосындарының шеру тартуы.
Ал XIX г. бірінші жартысында Қоқан хандығы өздерінің бекіністерін Бетпақдаланың ішіне (Сарысу өзені бойында) ішкерлей салып, онда тұрақты әскер ұстаған. Осы арқылы Сарыарқаны жайлап отырған руларға өзінің ықпалын жүргізгісі келген.
Ортағасырларда (VIII-XII ғғ.) Ұлытауда қалалардың пайда болуына осындай себептер эсер етуі мүмкін. Яғни, сол уақыттағы тарихи сахнада орын алған процестердің ықпалынан далалы аймақтарда көлемі шағын келетін осындай қала-бекіністер пайда болады.
Хан Ордасы қалашығы өзінің құрылысы жағынан нығайтылған қала- бекініс болып табылады. Қалашықтың жалпы сипаты келесідей болып келеді.
Қалашықтың жобасы төртбұрышты болып келген және бұрыштарымен төрт тарапқа бағытталған. Қабырғаның солтүстік бөлігінде ішкі жағынан цитадель келіп қосылған. Цитадель екі камералы, жобасында төртбұрыш тәріздес келген. Сыртқы қабырғалары ормен қоршалған.
2008 жылғы маусымдық зерттеу кезінде қазба жұмыстары цитадельде және қала сыртындағы нысандарда атқарылды.
Биылғы жылы цитадельдің ішіндегі зерттеу жұмыстары одан әрі жалғасты. Яғни, өткен жылғы цитадельдің ішкі бөлігіндегі оңтүстік бұрыш тұсынан салынған қазба одан әрі ұзартылды. Нәтижесінде қабырғаның ішін жағалатып салынған екі бөлменің орындары толықтай аршылды. Бөлме ішінде ошақтың орындары (оттың табының іздері) анықталды. Қазба барысында аздаған керемика фрагменттері ұшырасты. Табылған керамиканың негізгі бөлігі иленбелі түрін құрайды. Қазбадан жиі ұшырасатын «олжалардың» бірі ұсақ малдың сүйек қалдықтары. Сонымен қатар пластина тәріздес жұқа келген мыс бұйым бөлшектері жиі кездеседі.
Хан Ордасы кешеніне қарасты қазба жұмысы жүргізілген келесі бір нысанның бірі, қалашықтан солтүстік-батысқа қарай 300 м қашықтықта орын тепкен. Бұл тұстағы алқаптың шөбі қаулай өсетіндіктен бұл нысан бірден байқала қоймайды. Сонымен бірге қалашықпен аралықтағы бұл алқапта бірнеше обалар орналасқан.
Бұл нысанды 2007 жылғы қазба жұмысы барысында анықтап, шурф салып, алдын ала тексеру жұмыстары жүргізілді. Әрі осы тексерулер барысында оған «ғибадатхана» деп атаған болатынбыз. Ескерткіштің жалпы сипаты келесідей болып келеді.
Пішіні төртбұрышты келген бұл ескерткіштің жер деңгейінен шығып тұрған биіктігі 70 см-ді құрайды. Өлшемі: 34*34 м. Бұрыштарымен төрт тарапқа қараған. Жан-жағын ор қоршаған. Ордың оңтүстік-батыс тұсында ғана үзік бар. Бұл үзік кірер «есік» қызметін атқарып тұрса керек.
Бұл ескерткіште жүргізілген 2008 жылғы зерттеу жұмыстары нысанның ешқандай да «ғибадатхана» орыны емес екенін анықтауға мүмкіндік берді. Үсті теп-тегіс болып келген ескерткіштің беткі қабатында жүргізілген зерттеу жұмыстары барысында оның ешқандайда күрделі құрылыс немесе ғұрыптық орын маңызын атқармағанына көз жеткіздік. Салынған шурфтар да қандайда бір деректік мәліметтер бермеді. Тек беткі қабатына жақын тұстан азғана керамика сынықтары табылды.
Біздің ойымызша арнайы үйіліп, беті тегістелген бұл құрылыс тұғыр қызметін атқарған. Яғни, бұның үстінде үлкен он екі қанатты (мүмкін оданда көп) киіз үй орнатылған. Топырақтың (тұғыр) үйілу себебі, оның өзен табанына жақын орналасуынан болуы мүмкін. Өзен жағалауы сыз тартатындықтан және сағаның тұсы болғандықтан әдейі жердің топырағы биіктетілген. Бұл орын бір жағынан қаладағы билеушінің күзгі отыратын орыны болуы мүмкін.
Қорыта айтқанда, Хан Ордасы кешені Ұлытауда бой көтерген ортағасырлық қала мәдениетінің жарқын үлгілерінің бірі. Бұл аталмыш қалашықты және онымен қатысты кешенді тұтастай зерттеудің маңызы зор. Зерттеу нәтижелері дала төсіндегі қала мәдениетіне байланысты және оған қатысты сұрақтарды шешудегі маңызды түйіндердің бірі.