Тұрақ Қарағанды облысы, Жезқазған қаласынан солтүстік-батысқа қарай 83 шақырым қашықтықта, Талдысай ертедегі металлургтер қонысынан 2,5 шақырым жерде орналасқан. Ескерткіш 2001 жылдан бастап Ә.Х. Марғұлан атындағы археологиялық институттың Ж.Қ. Құрманқұловтың жетекшілігімен Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы зерттеп келеді. Содан бері қазу нәтижесінде ескерткіштің 252 шаршы метр аумағы ашылып, 47 мыңнан астам тас артефактілері, сүтқоректілердің уатылған сүйектері (көпшілігі анықталмаған), ұсақ қыш сынықтары табылды.
2008 жылы қазба жұмыстары оңтүстік-батыс бағытта 40 шаршы метр, фитогендік дөңнің шығысында жалғасты. Бұл аймақтың үстіңгі қабатының еңісі солтүстіктен оңтүстікке қарай ауытқыған. Қазба орнының түпкі жыныстары ұсақ тастармен цементтелген ақшыл-сұр әктас және ақшыл әктасты сарғылт реңді брекчия секілді карбонаттық жыныстар түрлері кездеседі. Құрлықтың үстіңгі беткейі өсімдіктердің тамырлары мен кеміргіштердің індерімен бұзылған. Қазба орнының орталық бөлігінің түпкі жыныстары шамамен ұзындығы 6 м және 30 см-ге дейін шығыңқы кішкене еңісті құрайды. Бұл барлық қыртыстар борпылдақ шөгінділермен тегістеліп және күндізгі беткейде анық көрінбейді. 2008 жылғы қазба орнында борпылдақ шөгінділердің қалыңдығы 70 см-ге дейін жетеді.
Оңтүстік-батыстағы шеткі шаршыда жұмсақ шөгінділердің қимасы төмендегідей көрініс береді: 0-12 см тереңдікте қара-сұр қарашірікті, өсімдік тамырлары қаныққан қара түсті жеңіл құмдақ топырақ түріндегі шым қабаты;
12-25 см – кесектелген, жазық, аздаған түпкі жыныстар араласқан ақшыл-күрең түсті топырақ қабаты;
25-40 см – қара, жазық карбонатты түпкі жыныстардың сынықтары мен ұсақ тастар араласқан саздақ қабат (үйілген топырақ қабаты);
40-50 см – түпкі жыныстардың сынықтары араласқан сарғыш реңді, кесектелген, карбонатты саздақ қабаты;
50 см және одан тереңірек-ақшыл-сұр, ақшыл реңді, жазық келген, карбонатты цемент араласқан әктасты ұсақ тастар қабаты;
ИК/17,18 солтүстік-батыстағы шеткі шаршысында фитогендік дөңнің негізін құрайтын түпкі жыныстардың ақшыл әктастармен және бұлақ суымен келген сарғылт-сұр карбонатты брекчиямен араласқандығы байқалады.
2008 жылғы қазба орнының орталық шаршысында батыс жалының 30-35 см тереңдікте көптеген нуклеустарды өңдеу және дайындау (техникалық сынықтар, отщептер) нәтижесінде артефактілердің жинағы кездесетін жұмыс орны табылды. Ертедегі шебер оттың жанында жұмыс жасаған, соның дәлелі ретінде қазбаның батыс қабырғасының астына қарай кеткен күл дақтарын айтуға болады. Бұл қабырғада споро-тозаңды сараптамаға үлгілер алынды. Палинологиялық сараптама биология ғылымдарының кандитаты С.А. Нигматова жасап (Қ.И. Сатбаев атындағы геология ғылымдарының институты), ол нәтижелерге талдауды С.А. Нигматова мен геология-минерология ғылымдарының докторы Б.Ж. Аубекеров жасады. 50-55 см тереңдіктен (үйілген топырақ қабаты? Нұсқаларды алу кезінде отщептер кездесті) және 43-47 см (ашық карбонатты қабат) алынған төмендегі екі үлгіде ұқсас споро-тозаңды спектрлерді, яғни суық және құрғақ климатқа (суық шөлді) тән нышандар кездесті. Бұл кезең голоценнің атлантикалық кезеңіне дейінгі уақытпен байланыстырылады.
Үшінші үлгіде 34-40 см тереңдіктегі күрең түсті үйілген топырақ қабатынан алынған қаныққан тозаңды өсімдіктер климаттың дымқыл және жылы болғандығын дәлелдейді. Бұл кезең антлантикамен, яғни голоценнің климатының жассарған кезеңіне сәйкес. 4 үлгіде (25-30 см тереңдік, күл дақтарының жайылу орталығы) және 5 үлгіде (12-19 см қыртыс астындағы ашық түсті қабат) тозаң құрамы аз кездеседі. Суықтау және кұрғақтау болғанға ұқсайды (постатлантик - суббореал). 6 үлгіде (3-7 тереңдік) – қазіргі деңгей, тозаңды дәндер көп кездеседі, су айдыны жанында мезофильді өсімдіктердің өсуі сияқты микроклиматтық ерекшеліктері бар қазіргі солтүстік шөлдердің (жартылай шөл) өсу деңгейіне сәйкес
2008 жылғы қазба барысында бар болғаны 2770 тастан жасалған артефактілері табылды. Тас артефактілері жайылу тереңдігіне байланысты төмендегі кесте бойынша бөлінеді:
Тұрақтан табылған өңдемелі пластиналар арасында геометриялық микролиттер ерекше көңіл аудартады, олар көбінде трапеция түрінде болып келеді. 2008 жылғы материалдар арасында 7 дана кездеседі.
Өсімдіктердің қалдықтары өте сирек, олар тек қана қазбаның жартысында кездеседі. 2008 жылы 66 сүйек сынықтары табылды. 52-ін анықтау мүмкін емес, оның 8-і қазіргі кеміргіштер мен тышқан сүйектері: сұр тышқандар, саршұнақтар, далалық алақоржындар, аламан және шақылдақтар. Анықталған сүйектер: 2 асық, оның біреуі киіктікі, екіншісі қарақұйрықтікі екендігі дәлелденді. (Осы және осыдан кейінгі тұжырымдар биология ғылымдарының кандидаты Л.А.Тютькова орындады.)
Бұдан бұрынғы қазба материалдары анықталмаған сүйек сынықтары кездеседі. Сонымен, 2002 жылғы барлық сүйектері анықталмаған, 2003 жылғы – бизон (1 сүйек), құлан (3 сүйек), қарақұйрық (1 сүйек); 2004 жылғы – бизон (10 сүйек), құлан (16 сүйек), қарақұйрық (3 сүйек), киік (5 сүйек), мысыққұйрық(1 сүйек); 2005 жылғы – бизон (1 сүйек), құлан (9 сүйек), қарақұйрық (2 сүйек), киік (6 сүйек), жылқы (2 сүйек); 2006 жылғы – бизон (3 сүйек), құлан (7 сүйек), қарақұйрық (4 сүйек), киік (7 сүйек), қой (1 сүйек); 2007 жылғы – бизон (4 сүйек), құлан (15 сүйек), қарақұйрық (6 сүйек), киік (9 сүйек), қой (1 сүйек), жылқы (3 сүйек), түлкі (1 сүйек), алақоржын (4 сүйек), су саршұнақтары(5 сүйек), соқыртышқандар (2 сүйек), құмтышқан (1 сүйек), саршұнақ (1 сүйек).
Тістердің қажалғандықтарына және эпифиздердің жабыстырылу деңгейіне қарағанда, жануарлардың көпшілігі жастары үлкен, оған дәлел, 3 бас – қой, құлан, және жылқылардың сүйектері өте ескі, 2 бас – жас бизондардың денесі. Жекелеген даналардың жинағында ұқсас сүйектердің кездесуі 2004 жылғы қорда – 3 бас құлан және 3 бас киік, 2005 жылғы қорда - 2 бас киік, 2006 жылы – 2 бас киік, 2007 жылы – 2 бас құлан деп есептеуге мүмкіндік береді.
Палеозоологтардың берген нәтижелері біздің тас дәуірінің түрлі кезеңдерінің аңшы тайпалардың орны деген тұжырымдарымызды растайды. Кейінгі екі жылда қазба жұмыстары бұлақ суының жыл сайынғы шайқалуынан тыс жерде фитогендік дөң қабатында жүргізілуде. Мұндатасартефактілеріаздау,бірақоларқалыптыорналасқандықтан,техникалық-типологиялық, палинологиялық, палеозоологиялық, геологиялық зерттеу сараптамалдарды қажет етеді.
Тоқтауыл - Сарыарқа даласында қазіргі әдіснамалық деңгейде зерттеліп жатқан тас дәуірі аңшыларының алғашқы ескерткіші. Қазба және лабораториялық зерттеулер нәтижесінде Орталық Қазақстанның өзендері мен теңіздерінің жағалауындағы бұлақты тұрақтарының мәдени және хронологиялық мәселелерін шешу мүмкіндігі туады.