№4 нысан ( Жеке тұрақ-жай). Есеп беру жылында нысанда жүргізілген қазба жұмысы 2007 жылғы қазба мен ішкі қамалдың (цитадельдің) батыс қабырғасының арасындағы бөлікте жүргізілді. Салынған қазба алаңының жалпы көлемі 200 шаршы метр.
Қазба салынған алаңды қазып тазалау бізге үстінен жақсы оқылатын ішкі қамал қабырғасының шайылып кеткендігін, ал оған іргелес жатқан бөлікте ешқандай жер үсті құрылысының жоқ екендігін көрсетіп берді.
Бұл жағдай бізге мынадай міндеттерді іске асыруға мүмкіндіктер береді:
1) ескерткіштің осы бөлігінде ештеңені бүлдірмей субстракцияны зерттеу;
2) қаланың ең көне қабаттарына жету және олардың таралуын анықтау.
Қазба салынған алаңнан тек қам кесектердің іздері бар онша үлкен емес шайылып кеткен құлазынды табылды.
Сондай-ақ, бұрынғы қазбалардың оңтүстік шекарасына параллельді барлау қазбасы салынды. Ұзындығы 20 метрге жуық барлау қазбасының барысында ішкі қамал қабырғасының ішкі жағынан пахсалы қабырғадан тұратын субстракциялық платформа шықты.
Қабырғаның етегінен пахса қабырғасынан тұратын субструкциялық төсеніш шықты. Субструкциялық төсеніш өте жұмсақ топырақ қабатынан тұрады. Пахса топтамасының астындағы траншеядан қыш ыдыстар мен жануарлар сүйектерінің фрагменттері сақталған алдыңғы кезеңнің қабаты шықты.
Таза құм қабатына дейін тереңдетілген құм аралас бұл көне қабат, сірә, құрылыс үшін құм алған шұңқырдың жанында орналасса керек.
Траншеядағы көне қабаттың жанында in situ-де жатқан бөліктер бар. Ол жөнінде айтуымызға осы жерлерден шыққан қам кесек қалдықтары мен күйген жерлер қабаты себепкер болып отыр. Қаланың ең көне қабаттарына жету үшін және олардың таралуын анықтау үшін аумағы үлкен қазба салу керек.
№6 нысан. (Мавзолей). Шірік Рабат қала жұртының ортаңғы бөлігінде, ең үлкен обаның шығыс жақ етегінде орналасқан нысан жобасында төртбұрышты тебе іспетті. Сақталған биіктігі қазіргі жер деңгейінен 1-1,5 м-ге жететін бұл нысандағы археологиялық ізденістер 2007 жылы басталған болатын (1 сурет).
Сол жылы құрылыстың нақты көлемін анықтау үшін нысанға көлемі 16*16 м қазба салынған болатын. Шаршы пішіндес болып келген оның қабырғалары өлшемдері әртүрлі (40-50,5*30-40*10-12 см) төртбұрышты қам кесектерден қаланған. Қабырғаның қалыңдығы 4,5-5 м. Қабырғадағы кесектер қатарласа қойылған. Кесек қабаттарының арасына төселген лайдың қалыңдығы да әртүрлі. Шамамен 3-4 см-ден 10 см-ге дейін жетеді. Лайдың бұлай төселінуі өлшемі әртүрлі кесектерді бірқалыпты деңгейде қалануына байланысты болса керек.
2007 ж. қазба жұмыстары барысында мавзолейдің архитектуралық құрылымы мен оны тұрғызудың құрылыстық әдістері анықталып, біршама заттар табылған болатын.
Есеп беру жылындағы ізденістер негізінен мавзолейдің ішкі камерасын ашуға және сыртқы шекарасын анықтауға (сол үшін бұрынғы қазба алаңы 24*24 м дейін кеңейтілді) бағытталды. Қазба жұмыстары екі бағытта қатар жүрді.
Бағыттық жиектемелер арқылы төрт секторға бөлінген ескерткіш шартты түрде А-Б-В-Г әріптерімен белгіленді.
Қазба жұмыстары камераның көлемі С-0 бағыты бойынша 2,37 м және Б-Ш бағыты бойынша 5,3 м болатын А секторынан басталды. Беткі қабатты (сұр түсті жұмсақ құмдауыт топырақ) алғаннан кейін шамамен 20-35 см тереңдіктен Б-Ш бағыты бойынша орналасқан ені 60 см, ұзындығы 2,4 м болатын «баспалдақ» тәрізді екінші қабырға шықты. Сақталған бөлігі құйма лай болып келген баспалдақ-қабырғаның кейбір жерлері қам кесектен тұрғызылса керек. Себебі, қазба кезінде осы деңгейден сәл төмендеу тереңдіктен құлаған кірпіш қаландылары табылды. Қазбаны одан әрі 40 см-ге тереңдеткен кезде қам кесектердің сынықтары аралас ақшыл қоңыр түсті жұмсақ топырақ қабаты шықты. Ақ ұнтақты корбанат қоспасы бар тығыз қызыл құм түріндегі материк қабаты қада нүктеден 1,1 м тереңдікте анықталды. Б-Ш бағытындағы жиекке іргелес материктік қабаттан шұңқыр табылды.
Шұңқырдың көлемі 2,5*2,2 м. Шұңқырды тазалау барысында оның ішіндегі толтырылым көп қабатты ағындылардан түзілгендігі анықталды. Шекарасы қада нүктесінен 1,15 м тереңдікте жатқан шұңқырдың құлама тереңдігі қада нүктесінен 1,55 м-ге дейін жетіп, Б-Ш бағытындағы жиектің астына қарай кеткен.
Камераның Б секторының көлемі Б-Ш бағыты бойынша 5,2 м, С-0 бағыты бойынша 5,1 м. Сектордағы қазып-тазалау жұмыстары оңтүстіктегі Г-тәрізді болып келген құйма қабырғадан басталды. Қабырға қалыңдығы 1 см астам сылақпен сыланған. Сылақтың беті ақ түсті боялған. Сылақта сондай-ақ, қызыл және қара бояулардың іздері бар. Бұл сектордың стратиграфиялық жағдайы А секторының стратиграфиясына ұқсас. Яғни камераның іші қам кесектер сынықтары аралас ақшыл қоңыр түсті құмдауыт топырақпен толтырылған. Оңтүстік қабырғаның бойындағы құлама қам кесектердің деструктивті үйінділік құрылымына ие. Үйіндінің тығыздығы 1 м дейін жетті.
Қазбаны қада нүктесінен 80 см-ге тереңдеткен кезде оңтүстіктегі құйма қабырғаның етегінен Г-тәрізді екінші қабырға-баспалдақ, бағыттық жиектердің қиылысынан сынық қам кесектердің үйіндісі шықты. Үйіндінің аумағы 1,4*1,3 м. Осы үйіндіні тазалау барысында бірқатар заттар табылды. Солардың ішінде ең құндысы гипс тәрізді материалдан жасалған сүт түсті ыдыстың сынықтары. Сынықтың бірінде бес белгіден тұратын жазу бар. Жазу көне грек әліпбиінде жазылған. Эллинизм дәуіріне жататын бұндай ыдыстар б.з.д. ІІІ-ІІ ғғ. Орта Азияның (Соғды, Бактрия) оңтүстік облыстарында кең тараған қыш ыдыстардың ішінде көптеп кездеседі. Сонымен қатар бұл үйіндіден Шірік рабат мәдениетінің ескерткіштеріне тән қыш ыдыс сынықтары, үш қанатты темір жебелер, алтын жапсырмалар, ағаш қалдықтары және т.б. заттар табылды.
Г секторындағы камера қазбасының аумағы С-0 бағыты бойынша 2,5 м жене Б-Ш бағыты бойынша 3,36 м. Секторды қазып-тазалау барысында ешқандай құрылым мен заттар табылмады. Ағынды лай қабатты алғаннан кейін тығыздығы шамамен 50-70 см ақшыл қоңыр түсті жұмсақ құмдауыт топырақ шықты. Бұл құмдауыт топырақ кейінгі жылдардағы іс-әрекеттердің нәтижесінде пайда болса керек. Олай дейтін себебіміз солтүстік қабырғада шабатын құралдың іздері сақталған. Соған қарағанда бұл жерде кейінгі жерлеулер іске асырылса керек. Материктік қабат қада нүктесінен 1,1 м тереңдікте шықты
В секторы мавзолейдің оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан. Сектордың ауданы Б-Ш бағыты бойынша 3,3 м жене С-0 бағыты бойынша 4,9 м. Бұл жердің стратиграфиялық жағдайы басқа сектордағы қазбалардан алынған стратиграфиялық жағдайдан айырмашылығы аз. Ағынды лай массасынан кейін қам кесектердің қалдықтары бар ақшыл түсті жұмсақ құмдауыт топырақ шықты. Қазбаны 40 см тереңдікке жеткізген кезде оңтүстік қабырғадан 3 м, С-0 бағытындағы жиектен 50 см жерден жоғарыда аталған сүт түсті эллинизм дәуіріне жататын ыдыс табылды. Бөтелке тәрізді болып келген бұл ыдыстың түбі домалақ, мойны қысқа. Ыдыстың биіктігі 17 см, кеудесінің диаметрі 9 см, аузының диаметрі 3 см. Бул ыдыста да алдыңғы ыдыстағыдай бес белгіден тұратын жазу бар. Жазу кеуденің жоғарғы жағындағы екі қатар жолақтың астына екі қатар болып жазылған (2 сурет).
Құрылыстың сыртқы шекарасын анықтауға бағытталған қазба жұмыстары барысында да бірқатар жұмыстар атқарылды. 2007 жылғы қазба жұмыстары барысында құрылыстың солтүстік жағынан (А секторынан) шыққан қоршау-қабырға толық ашылды. Солтүстік-батысында мавзолей қабырғасынан 40 см қашықтықта орналасқан қоршау- қабырғаның солтүстік-шығысындағы басы қабырғадан 3,2 м алшақтықта орналасқан. Жалпы ұзындығы 16,2 м болатын бұл қабырғаның ені орта есеппен 60-80 см құрайды.
Құрылыстың батыс жақтағы шекарасын анықтау үшін жүргізілген қазба жұмыстарының барысында тағы бір қоршау-қабырғаның шығыс жақ шеті ашылды. Батыс қабырғадан 1,4 м қашықтықта орналасқан бұл қабырғаның әзіргі ұзындығы 10 м-ге жуық. Ені белгісіз. Оны анықтау үшін батыс жағында орналасқан патша обасының етегіндегі біраз үйіндіні алу керек.
Мавзолей қабырғасы мен аталмыш қоршау-қабырғаның арасындағы аралық сарғыш- қоңыр түсті құмдауыт топырақпен толтырылған. Қазып-тазалау жұмыстарының барысында құмдауыт топырақ қабатының астынан қалыңдықтары шамамен қоршау-қабырға астында 30 см, мавзолей қабырғасының астында 16 см болатын күл қабаты шықты.
Күл қабаттары қалыңдығы 5-8 см болатын сары түсті құм қабатымен жабылған. Тазалау барысында бұл күл қабаттарының күл жене керамика сынықтары толтырылған құрбандық шалу шұңқырларынан тарайтындығы анықталды.
Сопақ пішінді болып келген шұңқырлар бір-бірімен ені 50 см, тереңдігі 30 см ормен жалғасқан. Иірленіп келген ордың ұзындығы орта есеппен 2,4 м-ді құрайды. Шұңқырларды тазалау барысында олардан асханалық қыш ыдыстар сынықтары мен ірі және ұсақ малдың сүйектері шықты.
Оңтүстік қабырғаның құрылымында бірқатар өзгешеліктер бар. Басқа жерлерде 5 м аспаған қабырғаның ені оңтүстік жағында 8,4 м-ді құрайды.
Б-Ш бағытындагы жиектің стратиграфиясы: Б-Ш бағыты бойынша қалдырылған жиектеменің стратиграфиясына келер болсақ, мавзолейдің батыс қабырғасы мен патша обасының арасындағы кеңістіктің беткі қабаты мавзолей қабырғасының ағындылары мен патша обасының үйме топырағынан түзілген. Патша обасының етегімен аяқталатын қазба жиегінің соңы ертеректегі шұңқыр арқылы кесілген және қоршау-қабырғаны қиып өткен.
Қоршау-қабырғаның етегіндегі шұңқыр сарғыш-қоңыр түсті құммен араласқан ақшыл- қоңыр түсті саздақтың көпқабатты тығыз қабатымен толтырылған. Төменгі қабаты толығымен сары түсті құмнан тұратын шұңқырдың тереңдігі қада нүктесінен – 84 см. Шығыстан шұңқырға біртектес сұр түсті тығыз саз қабаты тоғысады. Бұл саз қабаты қоршау-қабырғаның құландысы болса керек. Өйткені, қабатта қам кесектердің сынықтары бар. Осы қабаттан кейін патша обасынан аққан саздақ қабаты басталады.
Қоршау-қабырға мен мавзолей арасындағы кеңістікті толтырып тұрған бұл ағынды қабаттың қалыңдығы 64 см. жерді толтырып тұр. Мавзолейдің батыс қабырғасының етегінен қам кесектердің сынықтарынан түзілген қабат шықты. Төменгі шекарасы қада нүктесінен 1,1 м тереңдікте жатқан бұл қабаттың астында күл дақтарын жауып жатқан сары түсті құм қабаты бар.
Камера ішінің стратиграфиялық жағдайы оның үш рет қазылғанын көрсетті. Алғашқы екі қазба жерлеу камерасын тонау кезімен, ал үшіншісі Г секторындағы құлама шұңқырмен байланысты.
Жерлеу шұңқырының үстіндегі қазба жиегінің жоғарғы қабаты қалыңдығы 50 см құрайтын кейінгі ағынды мен сарғыш топырақ қабатынан тұрады. Одан төмен III шұңқырдың шығарылымынан пайда болған ақшыл-қоңыр түсті саздақ ағынды жатыр. Ағындының қалыңдығы – 24 см. Оның астында қалыңдығы 10 см-ді құрайтын сары түсті құм үрлемесі орналасқан. Аталмыш қабаттан кейін саздақ тығыз қабат басталады. Қалыңдығы 10 см болатын бұл қабат, сірә, қам кесектердің ағындысы болса керек. Олай дейтін себебіміз, бұл қабаттың құрамында қам кесектердің сынықтары кездеседі. ІІІ шұңқырдан шығарылып тасталған топырақтан кейін II шұңқыр ағындысының жоғарғы шекарасы басталады. Ол сары түсті үрлемелі құммен араласқан ақшыл-қоңыр түсті топырақтың көпқабатты ағындысынан тұрады.
Ағындының қалыңдығы 84 см. II шұңқыр ағындысы жерлеу шұңқырының пішімі ретінде анықталған шұқыр алымын жауып жатыр. Жерлеу камерасынан шығарылған қабаттың қалыңдығы 50 см. Б-І±І бағыты бойынша ол шығысқа қарай кеңейе түскен.
II шұңқырдың төменгі шекарасы мен I шұңқырдың жоғарғы шекарасының арасындағы айырмашылық өте аз. I шұңқырдың жоғарғы шекарасы қада нүктесінен 1,83 м тереңдікте орналасқан. Ағындының қалыңдығы 34 см. Ағындының астында III шұңқыр шығарылымына ұқсас қабат жатыр. Жерлеу шұңқырында материк қада нүктесінен 2,1 м тереңдікте анықталды.
Қазба жұмыстарын шығысқа қарай өрбіткен кезде барлық камера бойынша II шұңқыр мен I шұңқыр шығарылымдарының қабаттары ғана анықталды. Олардың қалыңдығы 50-70 см.
Қорыта келгенде, Б-Ш бағытындағы жиектің стратиграфиясы ескерткіштің ерте заманда тоналғанын көрсетеді.