№4 нысан. Өткен жылғы маусымда цитадельдің ОБ бөлігіндегі платформаның бір бөлігіне траншея салынып, одан б.з.д. IV-II ғғ. жататын шірік рабат мәдениетінің ерте қабаты табылған болатын. Осы жылғы маусымда траншея барлық ұзындығы бойынша солтүстікке қарай, яғни былтырғы орталық жиектемеге дейін кеңейтіліп, 2008 жылғы қазбаның ОШ және ОБ аудандарының бөлігін қамтыған үлкен қазбаға айналды.
Қалыңдықтары 50-80 см болатын пахса блоктарының қабаттары біртіндеп ашылды. Жұмыс барысында бүлінген пахсалардың жұмсақ қабаттары шықты. Аталмыш қабаттардан керамикалардың және мал сүйектерінің аздаған фрагменттері табылды. Бұл қабаттарды платформаны салу кезінде үстінде құрылысшылар жүріп. өз өмірлерінің аздаған іздерін қалдырған (керамикалардың, сүйектердің табылуы, сондай-ақ аздап күйген жерлердің іздері осындай жағдайларға тән), яғни пахса блоктарының жекелеген қабаттарының арасындағы шекара деп топшылауға болады.
Қазба барысында платформадан пахса блоктарынан тұрғызылған қабырғалар анықталды. Олардың арасына кейбір жерлерінде мүжілген, байланысы жоқ блоктар қойылған. Субструкцияны тұрғызудың мұндай әдісі Шірік Рабат цитаделінің ортағасырлық құрылысында да байқалады (2007 жылғы қазбаның 10-бөлмесі).
Шірік рабат кезеңінің қабаты қазбаның барлық ауданынан ашылды. Бұл қабат пахсалық блоктардың төменгі жұмсақ қабатынан анықталды, не болмаса ежелгі құрылыс қалдықтарын жауып жатқан пахсалар қабатымен жабылған.
Ерте қабаттан бір-бірін жауып тұрған көптеген ошақ қалдықтары табылды. Ошақтар қатты шайылып кеткен. Ал олармен байланысы бар еденнің үстіңгі бөлігінен көп жағдайда ештеңе қалмаған. Ошақ тұрған еденнің тек екі жоғарғы деңгейі ғана анықталды. Еденге жанасып жатқан қабырғалардың қалдығы жоғарғы деңгейінің кейбір жерлерінде ғана аңғарылады. Бөліктердің бірінде жоғарғы еденнің үстін кірпіштің көмегімен тегістеген іздер сақталған.
Жоғарғы еденнің бірінен іштерінде күлдің қалдықтары, керамикалардың және мал сүйектерінің фрагменттері сақталған үш камералы пештің күрделі құрылысы табылды. Пеш ортасының жоғары бөлігінде күйдірілген кірпіштен тұрғызылған ошақ орналасқан. Кірпіштердің бірінің қырында төменгі камера қабырғасымен бірге ысталған жерлері бар.
Аз да болса да сақталған еденнің жоғарғы бөлігінде бір-бірін жауып тұрған ошақтардың фрагменттері болған. Төмендеген сайын ошақтардың сақталуы нашарлай түскен. Бұл жерде олардың қалдықтары ағынды және құмды үйінділердің салдарынан толықтай бұзылған.
Мұндай жағдай өткен жылдың маусымдағы қазба барысында байқалған жағдайға ұқсас. Жоғарғы деңгейдегі кірпіштер аз да болса формасын сақтаған, ал оның астындағылар мүлдем шайылып кеткен және кұм үйіндісімен жабылған.
Бұл ұқсастықтар ескерткіштің бұл бөлігіндегі шірік рабат мәдениетінің, жоғарғы қабаты ашық болғандығын және оған табиғи факторлардың эсер еткендігін көрсетеді. Оның үстіндегі құмды үйіндінің болмауы бөліктің террасаның ОБ шетінде орналасуымен және қатты жел үшін ашық болуымен түсіндіріледі. Пахсаның ежелгі қабаты оның жоғарғы белігі үшін консервациялық рөл атқарды. Бұл қабаттан аз болсада шірік рабат мәдениетіне тиісті жапсырмалы және шарықта жасалған керамикалық ыдыстардың фрагменттері табылды.
№ 6-нысин. Есеп беру жылындағы қазба жұмыстарының негізі мавзолейдің оңтүстік- шығыс бөлігінде орналасқан В секторында жүргізілді (А, Б, Г секторлары 2008 ж. қазылған).
Секторды қазып тазалау жұмысы оңтүстіктегі пахсалық қабырғаның бойынан басталды. Сектордағы камераның көлемі ІІІ-Б осі бойынша 330 см және С-0 осі бойынша 490 см. Пахсалық қабырғаның беті ақ түсті сылақпен сыланған. Сылақта қызыл және қара бояулардың іздері бар. Қазып тазалау жұмыстары көрсеткендей, сектордағы камераның іші ағынды массадан кейін қам кесектердің сынықтары бар сұрғылт-қоңыр түсті жұмсақ құмдауыт топырақпен толтырылған.
Пахсалық қабырғаның бойындағы қазбаны қада нүктесінен 80 см тереңдікке жеткізген кезде пахса блоктарынан тұрғызылған қабырға-баспалдақ шықты. Қабырға- баспалдақтың ұзындығы -230 см, биіктігі - 50 см, ені - 45 см. Секторды тазалау барысында екі осьтік жиектеменің қиылысынан қам кесектердің үйіндісі шықты. Олардың жоғарғылары қада нүктесінен 50 см, ал төменгілері 110 см тереңдікте жатыр. Үйіндінің ауданы 90*100 см-ге тең. Бұл қабаттан шірік рабат мәдениетінің ескерткіштеріне тән қыш ыдыстардың, алтын жапсырмалар, ағаш қалдықтары және т.б. табылды.
Материктік қабат қада нүктесінен 110 см тереңдіктен шықты. Басқа секторлардағы сияқты бұл сектордағы материкте күл дақтары байқалады. Дақтар 5 см сары түсті құм қабатымен жабылған. Қалыңдығы 15-30 см-ді құрайтын басқа күл дақтарының астынан диаметрлері 30-дан 60 см-ге жететін шұңқырлар шықты. Шұңқырлар іші күлге толы каналдармен жалғанған.
№9 нысан (жерлеу құрылысы). Нысан - №1-ші нысаннан шығысқа қарай 2 м, №5-ші нысаннан солтүстік-шығысқа қарай 5 м жерде орналасқан (2004-2005 жж. қазбалар). Қазба жұмыстарын жүргізгенге дейін нысан жобасында дөңгеленіп келген болмашы ойпат түрінде болды.
Ескерткішті кең көлемде ашу мақсатында ауданы 64 шаршы метр, яғни аумағы 4*4 метрлік 4 шаршыдан тұратын қазба алаңы салынды. Жер бетінен 0,20 м тереңдіктен ескерткіштің нобайы айқындала бастады.
Оның сырты керш тастары араласқан қызғылт топырақты болса, орталық бөлігі ақшыл түсті құмнан тұрады. Қазба жұмыстарының алғашқы сатысында ескерткіштің жобасында дөңгеленіп келген қабырғаларының нобайы шыға бастады. Қазбаны одан әрі тереңдетіп қазу барысында нысанның пошымы өзгеріп, кесе тәрізді формаға не болды. Қазбаны 1,45 м тереңдікке жеткізген кезде бұрыштары дөңгеленіп келген төртбұрышты қабір шұңқырының оңтүстік, солтүстік және шығыс қабырғалары анықталды.
Қазіргі жер бетінен 2,05 м тереңдіктен ені 2,1 м, ұзындығы 3,1 м болатын қабір шұңқыры шықты. Қабір шұңқырын 2,15 м тереңдікке жеткізген кезде қазбаны шығыс және батыс бөліктерге бөліп жатқан қам кесектердің ағып кеткен қалдығы шықты. Сақталған ұзындығы 1,2 м болатын оның қалыңдығы 10 см. Сірә, бұл лақаттың ауызын жауып тұрған қаландының қалдығы болса керек.
Қабір шұңқырын аталмыш тереңдікте батысқа қарай қазған кезде лақат шықты. Төбесі күмбез тәрізді болып, оңтүстіктен солтүстікке қарай созылып жатқан лақаттың ұзындығы 2,3 м, ені 1,3 м, еденінен төбесіне дейінгі биіктігі 1,1 м. Лақатты тазалау барысында оның оңтүстік-батыс бөлігінен бір кісінің бас сүйегі мен әр жерде шашылып жатқан басқа да сүйектері шықты. Сүйектер күйген, сақталуы қанағаттанарлықсыз. Осы сүйектерді тазалау кезінде алтын жапсырмалар, сондай-ақ қандай да бір темір бұйымның сынықтары (семсер ?), сондай-ақ ағаш тақтайшалардың қалдығы табылды. Жерлеу құрылысы өзінің типі жағынан қалашықта бұрын зерттелген №1-ші және 5-ші нысандарға ұқсас.
Шірік Рабат кешенінде жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижесінде мынадай көріністер айқындалды.
Қала жұрт территориясының оңтүстік бөлігінде орналасқан ортағасырлық мәдени қабаттың (№4-нысан) астынан, қазіргі жер бетінен есептегенде метрге жуық тереңдіктен шірік рабат мәдениетінің ыдысын еске түсіретін қыш ыдыс сынықтары бар қабат шықты. Соған қарағанда осы және ортағасырлық ішкі қамалдан оңтүстікке қарай жерлерде көне дәуірде ежелгі қала өмір сүрген. Бізге сол қаланың құрылысы, сондай-ақ осы кезеңнің мәдени қабатының қалыңдығы әзірше белгісіз. Алдағы жылдардың қазба жұмыстары ескерткіштің алғашқы тұрғындарының рухани және материалдық мәдениеттеріне байланысты көптеген сұрақтарға жауап берері сөзсіз.
Жалпы №6- және №9-нысандарды қазу нәтижесінде бай олжалар табылды. Бұлар б.з.д. IV-II ғғ. өмір сүрген Шығыс Арал өңіріндегі халықтардың материалдық мәдениеті мен жерлеу дәстүрінің кейбір қырларына жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Зерттелген жерлеу құрылыстарының материалдық мәдениетінің ортақтығын баса айта отырып, Шығыс Арал өңірінің көне тұрғындары жерлеу ғұрыптарымен ерекшеленетін бірнеше тайпаларға немесе руларға бөлінген деген жорамал айтуға болады. Сонымен қатар, зерттелініп жатқан аймақтағы тұрғындардың жерлеу дәстүріндегі ерекшеліктер этникалық емес, әлеуметтік сипатта болуы мүмкіндігін де теріске шығармаймыз. Бұл өз кезегінде жоспарлы жұмыстар нәтижесінде деректік базаны кеңейту мақсатын жүзеге асыруды қажет етеді.