Мамандар ескерткіш түрлерінің молдығын және олардың сан түрлі күрделілігін ескере отырып, «Абаш мәдени-тарихи қауымдастығы» деген қосымша термин де қолданады. Алғаш 1920 ж. Чувашияда В.Ф. Смолин ашты. Сол уақыттан бастап ғалымдар О.А. Кривцова-Гракова, М.С. Акимова, А.Х. Халиков, И.Я. Мерперт, К.В. Сальников, А.П. Смирнов, А.Д. Пряхин және т.б. жүйелі түрде зерттеп келеді. Негізгі деректер ірі зираттар мен қоныстардан табылған. Еділ-Дон, Орта Еділ, Орал нұсқалары тайпалардың шаруашылығында мал бағу кәсібі үстем болғанын, одан төмендеу деңгейде егіншілік, металлургия мен металл өңдеу ісі де жақсы дамығанын көрсетеді. Тайпалар қоныстары, негізінен, мүйістерде орналасқан. Олар – уақытша тұрақтар, ірі қыстаулар және металл балқыту мен өңдеу кәсіптері дамыған өндірістік кешендер. Жақсы зерттелген үлкен зираттар (Абашево, Пикшик, Тауышкасы, Виловатов-2 т.б.) дөңгелек не дөңес пішіндес топырақ обалардан тұрады. Түбіне қайың қабығы төселіп, қабырғалары арагідік ағаш кесінділерімен шегенделген, топырақ қабірлерге мүрделер тізесін бүгіп, шалқасынан жатқызылған, жанына қыш ыдыстар, шақпақ тастан істелген қырғыштар, мыс пышақтар, балықшы құралдары секілді бұйымдар қойылған. Көп кездесетін мал сүйектері абаштықтардың сиыр, қой, шошқа және жылқы ұстағанын көрсетеді. Абаш қышы – түбі тегіс не дөңес келген, үшкір қабырғалы және пішіні төңкерілген қоңырауға ұқсас ыдыстар; «қалбыр» үлгісіндегі қарапайым көзелер; түбі дөңес, бүйірі шығыңқылау, ернеуі сыртқа қайырылған ыдыстар. Оюлысы да, оюсызы да кездеседі. Негізгі ою түрлері – сызу немесе дайын қалыппен басу арқылы түсірілген толқынды көлденең және көлбеу тік ойықтар. Қазба барысында қола балта, найза ұштары, қанжар сияқты қару-жарақ бұйымдары, көптеген тұрмыстық заттар табылды. Бұл кезеңге жататын ескерткіштер ішінен Орта Еділ нұсқасына тән жақсы безендірілген әйел киімі табылды. Киімде мыс пен қоладан жасалған көптеген әшекей түрлерімен ерекше безендірілген әйелдің бас киімі, білезіктер мен бұрама жүзіктер, басқа да әр түрлі бұйымдар бар.
Әдеб.: Сальников К.В. Абашевская культура на Южном Урале // СА. 1954. №21; Абашевская культура в среднем Повольже // МИА. №97. М., 1961; Пряхин А.Д. Абашевская культура в Подонье. Воронеж, 1976; Соныкі, Погребальные Абашевские памятников. Воронеж, 1977; Горбунов В.С. Абашевская культура Южного Урала. Уфа. 1986.