Ол Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы Талдысай кентінен оңтүстікке қарай 12 км қашықтықта, Қобда өзенінің аңғарындағы Абат-Байтақ қорымында орналасқан. Халық арасындағы аңызға қарағанда, кесене атақты ойшыл Асан қайғы жыраудың (15 ғ.) осы Бесқопа аңғарында кенеттен қайтыс болған баласы Абат батырға арналып, бүкіл аймақ халқының қатысуымен тез арада тұрғызылған. «Байтақ» атауы содан қосылған. Бірақ құрылыстың архитектуралық құрылымы оның төрелерге тән екенін байқатады. Кесене үстінде 11 қырлы тұғырға орнатылған шошақ күмбез бар, ал негізгі тұрқы төрт бұрышты. Тұрқының сыртқы ауданы 9,52 х 9,8 м. Кесененің сақталған биіктігі 14,5 м, бастапқы биіктігі 16 м. Өңделмеген кірпіштен қаланып, ішкі жағы балшықпен сыланған, сыртқы жағы күйдірілген кірпішпен қапталған. Абат-Байтақ кесенесі қалыпты қоскүмбезді шатырлы құрылыстар тобына жатады және кейбір әдебиеттерде көрсетілгендей центрик емес, порталды-күмбезді кесене. Оның ішкі құрылымы да төртбұрышты жобада салынған. 8 және 16 қырлы өрімдердің біртіндеп күмбез ішіне қарай көтерілуі көрер көзге жеңілдік әкеледі. Бөлменің батыс және шығыс қабырғаларында арқалық ойықтар бар. Күмбез тұғырының сырты мен ойықтарын оймыштап әсемдеген. Абат-Байтақ кесенесі сәулет нақышы жағынан хорезмдік кесенелер мен 12 ғ.-дың ақыры – 16 ғ.-дың бас кезіндегі Арслан, Текеш, Көк-Кесене, Кесене ескерткіштеріне ұқсайды. Кесене орналасқан қорымда әр түрлі үлгімен, ою-өрнектерімен салынған құлпытастар көп. Құлпытастардың көпшілігі ақ және ақсұр әктастан қашалған. Бәрінің биіктігі 1,2-2,0 м аралығында. Олардан 18-19 ғасырлардағы қазақ шеберлерінің қолтаңбасын байқауға болады. Құлпытастардың көбіне қаза болған кісі аттары, қысқаша өмірбаяндары араб әрпімен жазылған, ішінара ру таңбалары салынған. Абат-Байтақ кесенесі орналасқан қорым мемлекет қорғауына алынған.