1972 жылдары Ә.Х. Марғұланның басқаруымен ОҚАЭ зерттеп бастаған қорған-қоршау негізгі нысана көзі болып табылады. Қазба 2004 жылдан 2007 жылдар аралығында жүргізіліп, тас үйіндінің солтүстік және шығыс бөліктеріндегі құрылыстар, қорған едені және V, VI, VII, VIII бөліктері, солтүстік-шығысындағы орталық тас жәшікке апаратын кіреберіс тазартылды. Алынған материалдардың нәтижесінде қорған-қоршауды мүмкіндігінше қайта қалпына келтіріп, аспан астындағы мұражайға айналдыру жоспарлануда. Қорымның жанын- да орналасқан қонысқа салынған шурф нәтижесінде кейінгі қола дәуірімен мерзімдеуге болатын құжаттар табылды. 2006 жылы қоныс алаңының жол жиегіне салынған қазба нәтижесінде тұрғын-үйдің батыс бөлігі ашылды. 2007 жылы қонысқа «Ұлттық идея Қазақстанның дамуының негізгі тұрағы» бағдарламасы аясында Д.А. Байтілеудің басқаруымен Атасу-Ұлытау тобы зерттеу жұмыстарын жалғастырды.
2005-2006 жылдары кешеннің оң жақ бөлігіне жасалынған толық топографиялық жоспар негізінде аймақтың компьютерлік моделі өңделді. Түркі кезеңінің Жылысай жерлеу-ғұрыптық, кешені, Айбас қалашығының, Нүгербек дарасының топографиялық жоспары түсірілді. Айбас өзенінің бойы мен Едіге тауының етегіне жүргізілген барлау жұмыстары барысында бұрыннан белгілі және жаңа ескерткіштердің координаталық нүктелері алынды.
2007 жылы Қорған және Атасу-Ұлытау топтарының бірігуімен қорымда орналасқан қорған және қоршауларға, қоныстың батыс бөлігіне қазба жұмыстары жүргізді. Қорған тобы қорған-қоршау (қазба II), қорғанды айна орналасқан шеңберлі құрылыс бөлігі (қазба III), жермен жексен болған қорғандар (қазба IV) және қоршау-қорған II (қазба V) зерттеу жұмыстарын жүргізді.
Өткен жылдарда қазба жүргізілген қорған-қоршауда (қазба II) негізінен тас құрылысын қағаз бетіне түсірілді. Онда сызба, жеке- леген бөліктерін суретке және теодолитке түсіру, жоспарын құру
сияқты тағыда басқа жұмыстар жүргізілді. Қабір топырағы деп есептелген қоршаудың ішкі қабырғасының еденіндегі шым тазартылды. Солтүстік-шығыс жағынан камераға кіретін кіреберіс тазартылды, ыдыс сынықтары кездескен кіреберістің ішкі жағындағы көлденең кедергі және үйінді алынды. Солтүстік-шығыстағы ішкі қабырғаның тас үйіндісі мен пайда болған күйген саздан құйылған дақ тазартылды. Алдағы уақытта ескерткішті қайта қалпына кетіру үшін қорған- қоршаудың оңтүстік-шығысындағы тас пансцирь қалдырылды.
Қорым аумағындағы қорған-қоршаудан солтүстік-шығысқа қарай 22 м жерде орналасқан қазба III жалпы көлемі 36 шаршы метрді құрады. Тазартылған бөлігіне қарағанда ірі құрылыстың шеңберлі екенін байқаймыз. Қазба барысында тас шеңберлі тізбектің бір бөлігі қазылып, ішкі тізбекке барып тірелетін екі тізбекті, оның ішкі бөлігіндегі шұңқырдан қыш құмыра мен мал сүйектері табылған құрбандық немесе ғұрыптық, заттар алынды. Шеңберлі тізбек пен үйіндіден ыдыс сынықтары мен мал сүйектері кездесті, сонымен қатар сақина тәрізді алтын сырға табылды.
Шеңберлі тізбек негізінен қазбадан 9 метр оңтүстік-батыста орналасқан тас-жер қорғанын қоршап тұрған сияқты. Толығымен суретке түсірілді, топожоспары жасалып, сызбасы салынды.
Қазба IV қорған қоршаудан шығыс-оңтүстік-шығысқа қарай 16 м. жерде орналасқан. Оңтүстік бөлігінен дала жолы кесіп өтетін қираған топырақты қорғанға қазба жүргізілді. Биіктігі шамамен 30-35 см. болатын қорған диаметрі 9-10 метр. Қазбаның жалпы көлемі 100 шаршы метр. Қорған ерте кезде бірнеше рет тоналғанын батыстан шығысқа қараған ось бойында орналасқан ромб тәрізді қабір шұңқырынан байқауға болады. Үйіндіден бөлшектенген адам сүйектері кездесті. Қосалқы алаң болып табылатын сары саз қабаты арқылы кіргенге ұқсайды. Осы аймақтағы қорған үйіндісінен ұсақ мал сүйектері кездеседі. Қойылған құралдар мен адам қаңқасының үлкен бөліп кездеспеді. Қорғанды мерзімдеу дәл қазір қиынырақ,.
Қазба V Айбас Дарасы қорымынан шығыс-оңтүстік-шығысқа қарай 1,150 шақырым жерде орналасқан. Қазба Айбас өзенінің оң жағындағы аймақта орналасқан қоршау тобына жасалды. Ең жақын орналасқан қорым «Айбас Дарасы қорымы, қоршау тобы II» деген атау алды. Траншея әдісімен қазылған қазба алғашқы кезде 1 6 шаршы метрді қамтитын 1 және 2 траншеяға бөлінсе, кейін оған 16 шаршы метр болатын 3 және 4 траншеялар қосылды, сонымен жалпы көлемі 32 шаршы метр.
1-2 траншеялардан солтүстік-солтүстік-шығыс – оңтүстік-оңтүстік-батыс осі бойына бағытталған сопақша қорым ашылды. Шұңқыр периметрі бойымен тастар қаланып, айналасы қоршалған. Тастардың арасындағы үйіндіден ыдыс сынығын, үшкір қола пышағын және ұңғылы қола садақ ұшы табылды. Қабір шұңқырынан ыдыс сынықтары, адам тісі мен бөлшектеніп кеткен сүйектер алынды, әзірге біз қорымды кейінгі қоламен мерзімдеп отырмыз.
3 және 4 траншеялардан тігінен қойылған гранитті тақтатастардан тұратын шаршы тәрізді тас жәшік тазартылды. Жәшіктің төрт бұрышы әлемнің төрт бұрышына қараған. Қазба аймағынан және тас арасынан ыдыс сынықтары көптеп кездесті. Уақыттың тығыз болуына байланысты тас жәшік ашылған жоқ, толығымен зерттеу жұмысы келесі жылы жалғасады.
Сонымен, ОК.АЭ қорған тобы 2007 жылы Айбас Дарасы қорымы мен оның айналасына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді. ІІІ, IV және V қазбалардың жалпы көлемі 168 шаршы метрді қамтиды. Нәтижесінде көлемді заттай және қыш материалдар алынып, сызба толықтырылды, алдағы уақытта ГМЖ өңдеуге мүмкіндік беретін топотүсірілім жасалынып, суретке түсірілді. Қорым мен қонысқа жүргізілген қазба нәтижелерінен Ұлытау аймағының кейінгі қола дәуірі туралы кең көлемді ақпарат аламыз.