Жұмыс бірнеше бағыт бойынша атқарылды: а) Ұлытау өңіріне барлау жұмысын жүргізу, сол аймақтың барлық археологиялық ескерткіштерін картаға түсіру; б) бай әрі қызықты аймақтан табылған ескерткіштердің негізінде туристтік маршрут кестесін жасауды өңдеу; в) мавзолейді консервацияға дайындау үшін орталық қабірге жақын орналасқан барлық обаларды толығымен қазып, зерттеу.
Оба 1946 ж. ашылып, 1972 ж. Ә.Х. Марғұланның басқаруымен зерттелді. Орталық мавзолейдің қабірі мен бірнеше қоршауға ОҚАЭ қазба жұмыстарын жүргізді. Дүниенің төртбұрышына қараған орталық мавзолей қабірінің сызбасы 12*12 м болып келетін шаршы тәріздес құрылыс. Қабірдің ішкі қабырғасы ірі өңделген гранит блоктармен құрылған, ал биіктігі орташа есеппен 0,6-1,2 м. Тас плиталарды үш-төрт қатар етіп қалаған. Сыртқы қабырғасының қалыңдығы 0,4-0,6 м. Орталығында ірі гранит плиталар қырынан қойылған тас жәшік құрылысы бар. Дүниенің төртбұрышына бағытталған тас жәшік (2,8*2,6 м) шаршы пішінді. Жәшік қабырғасының ұзындығы 2,5-2,7 м дейін, ал тереңдігі 1,5 м жетеді. Жәшік пен сыртқы қабырғаның арасында, жәшіктен қабырғаға қарай радиалды түрде сыртқы қабырғалар сияқты тастан қаланған қоршаулармен бөлінген. Мавзолейден қырықтан астам керамикалық ыдыстар мен алтын білезік табылды. Олар орталық қабірден бөлек күл мен жануар сүйектері жатқан бөлігінде орналасқан.
Ә.Х. Марғұлан құрылыстың батыс, орталық бөлігіне және сыртқы қабырғаға дейінгі аралықты толығымен зерттеді. Бірақ, мавзолей қабірінің оңтүстік-шығыс және солтүстік, шығыс бөліктеріне қазба жұмыстары жүргізілген жоқ. Сонымен қатар орталық құрылыс айналасы да толығымен зерттелмеген.
Сондықтан, ескерткіштің қазіргі жағдайын анықтау, құрылыстың ашылмаған бөліктерін алдағы уақытта зерттеу үшін жоспар жасау және мавзолейді сақтап қалу үшін айналасындағы басқа қорымдарға қазба жұмыстарын жүргізу біздің мақсатымызға кіреді.
Қорым тас құрылыстан, қоршаулармен және үйінділерден тұратын әр түрлі кезеңнің жерлеу құрылыстарынан тұрады.
Қорымның стратиграфиясы мен жерлеу құрылыс кешенін анықтау үшін орталық құрылыстан 30 м оңтүстік-батысқа қарай жалпы көлемі 172 м. болатын қазба жұмысы жүргізілді (1 сурет). Әртүрлі деңгейде жатқан тастармен қоршалған. Тас үйіндінің ортасында жануарлар сүйектерімен бірге құрбандық орны анықталды.
2004 ж. Айбас Дарасы қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстарының барысында құрбандық шалу орны ашылды (1 фото). Айбас өзен алқабының территориясы зерттеліп, бестен аса ескерткіш топтары: қорғандар, құрбандық орындары ашылды.