Осындай мешіттердің қала тұрғындарының әлеуметтік тұрмысы мен қоғамдық өмірінде елеулі орын алғандығы анық. Қазақстанға мұсылман діні енгеннен бергі қарайғы уақытта ораза айт, құрбан айт секілді діни мерекелер елдің бірлігі мен ынтымағын нығайтудың негізгі діңгегіне айналды. Айт мерекелері құдайға құлшылық етіп, өмірден өткен ата - баба, әке - шеше, туған - туыс, тағыда басқа жақын адамдардың, дүниеден өткен жалпы мұсылман халқының рухына тағзым ету, аруағына сиыну, сонымен қатар өмірдің мәніне ризашылық білдіру, көзі тірі ел - жұрт, туған - туысқанға ілтипат білдіріп, құрмет көрсету мерекесі. Айт күні ер кісілер мешітке жиналып, мерекелік намаз оқып, құдайға құлшылық жасаған. Мұсылман дінінің ел ішінде кең таралуына байланысты айт намазына жиналған жұрт мешіт ішіне симайтын жағдайға жеткен кезде мерекелік намаз оқылатын жеке ауласы бар арнайы мешіттер салынды. Әдетте айт намазы кезінде мерекелік намаз оқылатын арнайы мешіттер қалалар мен ірі мекендердің маңында орналасты. Мерекелік мешіттер әртүрлі аталады. Соның ішінде шығыс әдебиеттерінде жиі қолданылатыны араб сөзі – «мусалла» намаз оқитын жер деген мағына береді. Осы термин ғасырлар бойы мерекелік намаз оқылатын мешіттермен қатар, мешіттің басқа түрлерінде атауға, тіпті жеке үйлердегі намаз оқуға арналған орындарды, бөлменің құбылаға қараған бөлігін, қаза болған кісінің табытын қоятын тасты, кейде жайнамазды атауға қолданылған. Мерекелік мешітті арнайы атау үшін кейде «мусалла ал-ид» (мерекелік намаз оқитын орын), немесе «мусалла ал-идайн» (екі айт кезінде намаз оқитын орын) атаулары да қолданылады. Бірақ мұндай аталулар кең таралмаған. [1].
Ел ішінде едәуір жиі қолданылатын екінші термин – «намазгах», «намаз оқитын жер» арабтың «мусалла» сөзінің синонимі деуге болады. Бұл атау Орта Азия, Иран және Ауғанстанда бірдей мағынада қолданылған. Ең көп таралған термин – «идгах», «мереке орны» деген ұғымды білдіреді. Айт мешітін білдіретін ұғым ретінде Орта Азия, Иран және Ауғанстан жерінде, сонымен қатар Үндістанда таралған [2].
Мұсылмандық енгенге дейінгі уақыттың өзінде ата - бабаларымыз кейбір діни шараларды (құрғақшылықтан қорғап, өнімнің мол болуын қолда деп, тәңірі мен жер анаға арнап шалынатын құрбандықты) ашық аспан астында өткізген. Кейіннен осындай шаралар да мусалла, намазгахтарда өткізілетін болды. Осыған қарағанда айт мешіті өзінің тегін мұсылмандық дәуірге дейінгі уақыттан алады деуге келеді. Орта Азия жеріндегі ең алғашқы айт мешіттері жайлы деректерде айтылғанмен олардың орны табылмаған. Бұл да мұсылмандықтың алғашқы кезінде мерекелік намаздар белгілі бір жерде ашық аспан астында оқылғандығын растайды. Бастапқыда қала сыртында оқылатын мерекелік намаздар көп ұзамай ірі қалалардың ішіне немесе қала қорғанына жақын жерден салынған айнала қорғаныс дуалдарымен қоршалған айт мешіттеріне ауыса бастайды. Бұл жай сол кездегі саяси ахуалмен байланысты болса керек. Жазба деректерде айтылмағанмен кейбір аңыз әңгімелер бойынша арабтардың қандай кедергі болмасын намазын бұзбайтынын жақсы білген жаулары мен мұсылмандықты мойындағысы келмеген жергілікті тұрғындар оларға осындай мерекелік намаз кезінде соққы бергендігі белгілі. Кусам б. Аббас туралы аңыздардың бірінде дінсіздер Самарқандағы намазгахқа намаз үстінде бас салған. Садақтың оғы тиген Кусам б. Аббаста осы жерде өледі. Бүл оқиға хиджраның 56/675-676 немесе 54/673-674 жылы болған [3]. Мамандар мерекелік намаз оқылатын орындардың қала ішіне ауысып, оның аумағы арнайы дуалмен қоршалуын осындай оқиғалармен байланыстырады. Археологиялық зерттеулер X ғ. бастап айт мешіттерінің қала сыртына аусқандығын көрсетеді. Бұндай өзгеріс тұрғындар санының артуы мен саяси жағдайдың жақсаруы секілді мәселелермен түсіндіріледі. Айт мешіттерінің әдетте зираттарға жақын салынуы да мерекелік мешіттердің қала- сыртына ауысуына себеп болды. Өйткені олардың екеуі де белгілі бір жер көлемін қажет етеді. Ал феодалдық қалаларда жер мәселесі өте тапшы еді. Бұл да Айт мешіті мен қала зиратының қаланың сыртында, бірақ бас қақпадан аса алыс емес жерге орналасуына эсер еткен.
Ортағасырлық сәулеткерлік құрылыстардың осы бір түрі Орта Азия көлемінде археологиялық тұрғыдан аз зерттелген, ал Қазақстан жерінде тіпті зерттелмеген деуге болады. Дегенмен Самарқан, Бұқара, Ниса, Мерв секілді көне қалалардағы бірқатар айт мешіттерінің орындары қазылған. Қазіргі археология тәжірибесінде айт мешіттерінің топографиясы, архитектуралық ерекшелігі және олардың орналасу заңдылықтары туралы жеткілікті мәліметтер баршылық.
2005-2006 жылдары Сауран қаласының маңында осындай мерекелік мешіттің бірі қазылды. Бұл Қазақстан қалаларындағы қазылған алғашқы айт мешіті. Мешіттің орны Сауранның бас қақпасынан Солтүстік - шығыста 200 м жерде сақталған. Жалпы аумағы бір гектарға жуық жерді алатын мешіт ауласы айнала биік дуалмен қоршалған (сурет 1). Мерв (XII ғ.) пен Нисадағы (ХIII - ХІV ғғ.) намазгахтар дәл осындай жобада және көлемі де шамалас [4]. Төрт бұрышты формадағы қоршаудың ортасында өлшемі 12*20 м сопақ тебе (Максура - намаз кезінде көпшілікке көрнекті болу үшін молланың қимылын қайталап тұратын оның көмекшісі мініп тұратын тұғыр) орналасқан, оның оңтүстік шетінде төрт бұрышты, өлшемі 14*14 м, тереңдігі 0,6-0,8 м ауыз бар. Мешіттің үлкен қақпасы солтүстік-батыс бұрышта. Қақпадан кірген жерде, батыс қабырғаның ішкі жағына әртүрлі мақсатта (дәретхана т.б.) пайдаланылған үш бөлме салынған. Ең үлкен орталық бөлменің өлшемі 12*6 м, оңтүстік шетіндегі бөлменің өлшемі 6*6 м, солтүстік шетіндегі бөлменің өлшемі 8*6 м. Намаз оқылатын бас ғимарат оңтүстік - батыс қабырғаның орта тұсында орналасқан. Дәретхана мен бас ғимараттың арасы бүтін және сынық кірпіштер төселген жол арқылы байланысады. Осы бас ғимараттың орнына салынған қазбаның өлшемі 13,5*14,5 м, тереңдігі 1-1,2 м. Қазба барысында ортағасырлық Бұқара, Самарқан, Ниса қалаларында қазылған айт мешіттерінің жобасын қайталайтын мешіттің орны ашылды. Мешіттің жалпы өлшемі 11,5*12,5 м. Ол михраб орналасқан орталық бөлме мен оған үш шетіне жалғасатын порталдан кірген жердегі айуан бөлмелерінен тұрады (сурет-2). Михраб орналасқан орталық бөлмесінің төбесі күмбезделіп жабылған. Бөлменің ортасына құлап түскен күмбездің кірпіштерінің бір бөлігі сол күйінде бізге жеткен. Порталдардың кіреберісіне бір қатар етіп қырынан қаланған кірпіштерден табалдырық (дандана) салынған. Мешіттің үлкен порталы солтүстік шетінде орналасқан. Онымен жалғасатын үлкен айуанның төбесі аркатүрінде жабылған, ені 6 м, тереңдігі 2,75 м, ал жалпы порталдың өлшемі 12,5 м. Айуанның екі қапталында орналасқан пилондар бір метрге дейінгі биіктікте сақталыпты. Екі шеткі пилондардың сырт жағында болған (орта тұсында) мешіттің төбесіне көтерілетін басқыштардың астыңғы жағы бұзылмай қалыпты. Олардың алғашқы басқыштары дандана түрінде - тігінен қаланған кірпіштерден салынған. Осы басқыштың соңғы үш баспалдағы сақталған. Мешітке екі шеттен кіретін қосалқы порталдар үлкендігі 3,8 м айуандарға жалғасады. Шығыс шеттегі порталдан айуанға өтер табалдырыққа қырынан қаланған кірпіштер (дандана) кейіннен бұзылып алынған. Ондағы дандананың орны қарапайым көздің өзіне анық байқалады. Мешіттің қабырғалары қам кесектен қаланып сыртынан күйдірілген кірпіштермен бірқатар етіп қапталған. Осындай тәсіл Орта Азиядағы ортағасырлық құрылыс салу тәжірибесінде жиі кездеседі. Мысалы, Ниса қаласындағы XI ғ. салынған намазгахтың қабырғалары да осылай қаланған [5]. Кірпіштерінің өлшемі 26*26*5, 25*25*5, 24,5*24,5*5 см. Солтүстік-батыс және оңтүстік-шығыс шеттердегі айуандардың кендігі бірдей 3,8 м, тереңдігі 2 м. Бастапқыда барлық бөлмелердің еденіне күйдірілген кірпіштер төселсе керек. Олар екінші кезекте бұзылып алынған. Кірпіштен төселген еденнің қалдықтары үлкен айуанда сақталған. Мешіттің ішінде күлгін түсті алебастыр сылағының қалдықтары көп кездеседі. Михраб орталық бөлменің оңтүстік батыс қабырғасының ортасында орналасқан. Бес бұрышталып жасалған михрабтың ені 1,4 м, тереңдігі 0,7 м, сақталған бөлігінің биіктігі 0,6 м. Михрабтың бұрыштарына альебастер сылағымен безендіру қырлары жасалған. Бөлменің оң жақ бұрышында мінбе (минбар) орналасқан. Оның өлшемі 1*1,4 м, сақталған биіктігі 0,5 м. Мінбе басқышының астыңғы бір қатары ғана сақталыпты. Михраб орналасқан артқы қабырғаның сыртқы жағы екі шетінен Г әрпі тәрізді бұрыштап қаланған. Оңтүстік қабырғаның екі шетіне мешіттің сыртқы қорғаныс дуалы жалғасады. Мешіт өз тіршілігін тоқтатқан кезде оның бас ғимараты қайта соғылып, тұрғын үй ретінде пайдаланылса керек. Михраб орналасқан орталық бөлменің сыртқа шығатын айуандармен жалғасатын тұстары бір қатар қаланған қам кесектерден тұрғызылған қабырғалармен бөлінген (№2 суретті қараңыз). Бөлменің еденіне төселген бастапқы кірпіш едендер бұзылып алынған. Бөлменің батыс және шығыс қабырғаларының орта тұсында сыртқа өтетін табалдырықтар қалыпты. Табалдырықтардың еден деңгейінен биіктігі 15 см, көлемі 70*70, 70*1,5 см. Михрабтың ішінде жанған оттың орны қалған. От қызуына күйген жер көлемінің аса үлкен болмағандығына қарағанда бұл үй жылыту үшін жағылған оттың қалдығы деп айту қиын. Дегенмен мұнда белгілі бір уақыт аралығында бірнеше дүркін алау жағылғаны анық. Дәл осындай оттың қалдығы оңтүстік шығыс айуанның батыс бұрышында да бар. Оттың айналасы 40-35 см көлемінде бірқатар қам кесектермен қоршалған. Сыртқы формасы ошаққа ұқсас. Ошақ айуанның батыс бұрышына жалғастырыла соғылыпты. Ошақта жанған от жалынынан қалған күйелер қабырғаның бойын да жарты метр биіктікте сақталған. Осындай тұрғын бөлме мешіттің оңтүстік қабырғасының сыртынан да салыныпты. Бөлменің бір қабырғасы ретінде михраб орналасқан қабырға пайдаланылған. Екінші қабырғасы ретінде михрабтың дәл артынан соғылған ұзындығы 8 метр, ені 0,7 м тіреуіш қабырға пайдаланылған. Сыртқа шығатын есігі оңтүстік бұрыштан салынған. Есіктің табалдырығына бір қатар күйдірілген кірпіштер төселген. Еденнің кейбір тұстарында (батыс бөлігінде) күйдірілген кірпіштер мен тандырдың қақпағының сынықтары төселген. Еденінің бетінен сырлы және сырланбаған ыдыстар, етіктің тағасы (екі дана), жебенің ұшы, темір құлыптың кілті секілді заттар табылды. Табылған ыдыстар кешені қазылған объектінің салыстырмалы хронологиясын анықтауға мүмкіндік береді. Олар сапасы, жасалу нақышы, сырларының құрамы, түсі және өрнектері жағынан ХV ғ. жатады. Археологиялық зерттеулер тәжірибесі мен жазба деректерді талдау айт мешіттерінің көпшілік жағдайда елге танымалы әулие кісінің зиратына жақын салынатындығын көрсетеді. Ескі Мервтен 30 км жердегі XI - XII ғғ. намазгах Абу Бакр Мухаммад Талхатанидің қабіріне жақын жерге салынған [5]. Саурандағы айт мешітіне жақын жерде хронологиясы толық анық емес зират орналасқан. Зираттың батыс шетінде әулие Қарахан бабаның қираған кесенесі орналасқан. Қарахан әулиенің қашан өмір сүріп, қашан өмірден өткені жайлы мәлімет жиналған жоқ. Біз қазған мешіт осы кісінің құрметіне салынуы да мүмкін. Бірақ бұл жан-жақты дәлелдеуді қажет ететін мәселе. Дегенмен мешіттің сәулеткерлік ерекшелігі, одан табылған заттар кешенінің салыстырмалы мерзімделуі және басқа да белгілері ол ХІV-ХV ғғ. салынған деп алдын-ала болжау жасауға негіз береді.
1. Кочнев Б.Д. Средневековые загородные культовые Сооружения Средней Азии. – Ташкент, 1976. С. – 4-5.
2. Бұл да сонда. – С.4.
3. Абу-Тахир Ходжа. Самария. Описание древностей и святынь Самарканда, пер. В.Л. Вяткина, СКСО.вып. ҮІ, Самарканд, 1898. – С.175
4. Кочнев Б.Д. Средневековые загородные культовые Сооружения Средней Азии,- Ташкент, 1976. – С.16-17, 27.
5. Кочнев Б.Д. Новые данные о мечети-намазгахе Нисы / Изв. АН ТССР, СОН, 1968. – №4. – С-26-31.