Көрсетілген аудандардан археологиялық ескерткіштер анықталып, оларда топографиялық кескіндер, GPS навигация және ескерткіштердің сызбалары түсіріліп, мақала ретінде облысымыздың «Ескерткіштер жинағында» жарық көрді.

Көксу ауданы бойынша қорғандарды зерттеу Мұқры елді-мекені маңында жүргізілді. Жамбыл ауылы төңірегінде осы заманғы қазақы қорым маңынан ерте темір дәуірінің он қорымы, ортағасырлық екі қоныс қола дәуірінің қорымы және Лабасы тауларының бөктерінде 40 петроглифтерден тұратын 2 топ анықталды. Суреттер қола заманы мен ерте темір дәуіріне жатқызылады (1 фото). Археологиялық зерттеулер Лабасы тауының қойнауындағы екі қоныста жүргізілді. Мұқры-1, Мұқры-2 қоныстарында тереңдіктері 2 метрден 2 зерттеу шұңқырлары қазылды. Тұрғын үйдің бөлігі болып табылатын тас конструкциялар табылды, ортағасырлық керамика сынықтары, ірі қара малдың сүйектері, ошақ пен күлдің орны анықталды. Жүмыстар кезінде тұрғын үйлер террасаларының топографиялық жоспары жасалды. Лабасы тауының батысындағы Жамбыл ауылының оңтүстігінен 5 шақырым жерден ерекше қоныс орны табылды. Таудың етегінде ерте темір дәуіріне қатысты қазбалар жүргізілді. Қоршаудың ортасынан тереңдігі 98 және 42 см тереңдікте екі мүрде аршылып алынды. Адам қаңқалары шалқасынан батысқа қаратып жатқызылған. Мәмбет ауылындағы қазақ қорымынан 40 м жерден қола заманының үлкен қорымының орны табылды. Үстіңгі бөлегінде тас жәшіктерге ұқсатып жасалынған құрылыс конструкциясының ізі байқалады. Көксу өзенінің аңғарынан ерте темір дәуіріне жататын 20 қорым табылып тіркелді. Қорымдардың ішінде 40-50 қорғаннан тұратын ірілері де кездеседі. Қорғандар Көксу өзені мен Ешкіөлмес жотасы арасында терасса пішінді қайталайтын түзу емес тізбек құрайды. Ешкі Өлмес жотасының қола заманынан ерте темір дәуірінен көне түрік дәуіріне дейінгі уақытқа жататын петроглифтердің жиынтығы табылды. Сақтардың «аң мәнері» негізінде жасалған бейнелер үлкен қызығушылық тудырады.

Ақсу ауданында 58 ескерткіш ескеріліп, тіркелді. Баянжүрек және Жоңғар Алатауы етегіндегі Қапал ауылынан ерте темір ғасырына жататын құрбандық тастары, сақ дәуіріне жататын диаметрі шамамен 96 м болатын дөңгелек пішіндес культтік ғимарат табылды, ортаңғы тастан арқарлар бейнеленген ерте темір ғасырына жататын петроглифтер табылды. Ғимараттың өзі сақтардың киелі орны болуы мүмкін (2 фото). Баянжүрек тауының етегінде шамамен ерте темір заманына жататын қоныс зерттелді.

Алматы облысының Кербұлақ ауданына қарасты Қоғалы, Жайнақ Батыр, Тастыөзек, Шоқан, Кербұлақ ауылдарында ерте темір ғасырына жататын, бұзылып тоналған орны байқалмайтын, кейбірінің диаметрі 100 м болатын қорғандар анықталды. Алтынемел ұлттық қорығының территориясынан ерте темір заманы мен ортағасырлық кезеңге жататын мазарлар мен петроглифтер табылды. Шеңгелді ауылының орталық бөлігінен ортағасырлық қалашық анықталған. Жамбыл ауданында Қарақыр және Қарғалыбастау таулары тексеріліп ерте темір ғасырына жататын 5 қорым, қола заманы мен ерте темір ғасырына қатысты петроглифтердің екі жиынтығы табылды. Оларда: жануарлар бейнесі, аңшылардың аң аулауы, сақ дәуірінің арбасы мен салт аттары бейнеленген. Сонымен қатар, Қарақыр атанған киелі орынның жобасы суреттелді. Қарақыр тауының солтүстігінде жеке тұрған төбеден қола дәуірі мен көне түрік дәуіріне қатысты 30-ға жуық бейнелер табылды. Қарақыр тауының орталық бөлігінен табылған үлкен киелі таста барлық заманның екі мыңға жуық петроглифтері табылып зерттелді. Қарақыр тауының батыс бөктерінен шамамен көне түрік заманына жататын 28 қорғаннан тұратын үлкен қорым табылды. Жетісу өлкелік экспедициясымен барлығы 170 тұрақ зерттеліп тіркелді. Сөз болып отырған аудандарда үстіміздегі 2005 ж. да зерттеу жұмыстары жүргізіледі.

Алматылық топ Еңбекшіқазақ ауданында Новоалексеевка, Есік, Қаракемер, Түрген қорымдары сияқты эталонды ескерткіштерді зерттеді. Есік қорымы маңындағы шатқалдар зерттеліп, қоныстар табылды. Қолда бар мәліметтерді жаңарту мақсатымен Шошанай II, Сүмбе IV, Кіші Ақсу I, Кіші Ақсу II, Ават I, Ақтам I, Ақтам II, Актам III, Ардалаты I, Ардалаты И, Мойынтоғай I, Мойынтоғай II, Сарытоғай I, Сарытоғай II, Сүгетті I қорымдары зерттелді.

Новоалексеевка саяжайы маңында биіктігі 3 метр, диаметрі 40 метр болатын қорған сықылды төбеге шұғыл түрдегі қазба жұмыстары жүргізілді. Қазба барысында көп мөлшерде құмыраның сынықтары, ұсақ мал сүйектері, жанған ағаш қалдықтары және кесектен салынған құрылыс орны табылды. Қазба жұмыстары нәтижесінде нысан қорған емес ғибадатхана болуы мүмкін екенін көрсетті. Райымбек ауданы бойынша далалық барлау жұмыстары Кеген өзенінің аңғарында жүргізілді. Бұл аймақ қола дәуірінен ортағасырлар кезеңіне дейінгі қорымдарға толы. Мазарлардың ара қашықтықтары орта есеппен 700-900 м. 1958-64 жж. зерттелген Ақтасты қонысы мен қорымы қайта зерттелді. Табылған қорымдар С-Ш, О-Б бағытында орналасқан қорғандарды құрайды (3 фото). Қорғандардың үймелері топырақ пен тастан тұрады, олар шеңберленіп қорғанның батыс бөлігінен қаланған. Келесі қорымдар тобы ерте темір ғасыры мен ортағасырларға жататын қорғандарды құрайды. Молалар ішінде үйменің жан-жағында төртбұрыш пішіндес етіп тастан төселген қорғандар да кездеседі. Қорғандардың шығыс бөлігінде көлемі 2 м тастарды тігінен қалаған. Мүрделер жанынан арқар және ешкі бейнеленген петроглифтердің бір тобы анықталды.

Алакөл ауданы бойынша барлау-зерттеу жұмыстары Жалаңашкөл көлінің оңтүстік жағалауындағы Көктұма ауыл аймағында жүргізілді. Ол бойынша келесі ескерткіштер анықталды; Жалаңашкөл көлінің оңтүстік- шығыс жағалауындағы жеке қорған. Үйіндісі топырақ пен ұсақ тастардан тұрады. Қорғанның дм 16 м, биіктігі 1 м. Үйіндіде таспен қаланған 4 қабір бар. Болжам бойынша ерте темір ғасырына жатқызылады.

10 қорғаннан тұратын мүрделер; биіктігі 0,3 тен 0,8 м дейін болса диаметрлері 7 ден 11,5 м аралығында. Бірінің ішкі үйі жеке қазылған және бірі ішкі үйсіз беті ағашпен бекітілген бір-бірінен өзгешерек екі зират зерттелді. Болжам бойынша зираттар ерте көшпенділерге қатысты. Жалаңашкөл көлінің оңтүстік жағасында таспен көмкерілген жалғыз қорған орналасқан. Қорғанның диаметрі 10 м, биіктігі 0,7 м.

Үш қорғаннан тұратын мүрде. Оңтүстіктен солтүстікке қарай бағытта орналасқан. Көктума ауылының оңтүстік батыс өңірінде темір жол бойының арғы бетінде орналасқан. Қорған сфералық формаға ие, үйіндісі топырақтан, диаметрлері 26-дан 40 м дейін, биіктігі 1 ден 3 м дейін. ЕТҒ кезеңіне жатқызылады.

Түрген отряды арқылы Еңбекшіқазақ, Ескелді, Көксу және Кербұлақ аудандарындағы ескерткіштер зерттелді. Еңбекшіқазақ ауданы бойынша Қызылбұлақ шатқалында, Ойжайлау, Бөлексаз және Асы биіктауында, Батан, Үшбұлақ және Дөң жайлау өңірлерінің археологиялық ескерткіштеріне барлау зерттеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 100 археологиялық нысан анықталды. Оларға қоныстар, мүрделер және көп қабатты құрылымдарды айтуымызға болады.

Олардың ішінде Қызылбұлақ шатқалында, Ойжайлау және Асы қыратында ерте темір ғасыры мен қола дәуірінің жұрты табылды. Екі нысанды жіті зерттеу барысында олардың қола дәуірінен орта ғасыр аралығындағы кезеңге жатқызуға болады (Түрген-ІІ, Асы-ІІ). Түрген шатқалы мен Асы қыратындағы археологиялық ескерткіштердің басым бөлігін қола дәуірі, ерте темір ғасыры және көне түрік заманына қатысты мүрделер тобы құрайды. Қызылбұлақ шатқалы, Ойжайлау және Асы қыратында мүрделердің негізгі тобы шоғырланған. Ерте темір ғасырының мүрделері Дөнжайлау және Асы қыратында мәлім болды (20 дан 70 ке дейін). Басым көпшілігіне тән сипат, олардың үйінділерінің ұқсастығында (үйінді, шеңберлі қоршау, құрбандық тастары). Көне түрік кезеңінің мүрделері Дөңжайлау, Белексаз шатқалы мен Үшбұлақ қыратында табылды. Батан қыратында XX-XIX ғғ. жататын аса үлкен этнографиялық мола анықталды. Өлкеміздің Ескелді, Көксу және Кербұлақ аудандарында, Көксу өзенінің оң жағалауындағы Құйған шатқалы мен Ешкіөлмес қыратындағы Рудничный елді-мекенінің маңына барлау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде қола дәуірінен ортағасырлар кезеңіне жатқызылатын 70-тен аса археологиялық ескерткіштер (тұрақтар, мүрделер, ғибадатханалар, көпқабатты құрылымдар) анықталды.

Қола дәуірінің ескерткіштері Көксу өзенінің оң жағалауынан атақты Ешкіөлмес ғибадатханасына жақын маңнан көптеп орын алған. Бұл жерде екі үлкен қоныс және бес мола анықталды. Зерттеу барысында тұрақтардың соңғы ортағасырлық этнографиялық кезеңге жататындығы анықталды. Ор қоянды асуынан 4,5 км оңтүстік-шығысқа қарай жерден көлемі 80*80 м болатын ортағасырлық қоныс орны анықталды.

Батыс Жоңғар Алатауынан ерте темір ғасырының молалары анықталды. Олардың ішінде жан-жағы ұсақ үйінді төмпешіктермен қоршалған дм 25-тен 60 м болатын жеке дара немесе қос-қостан бірге тұрған үлкен қорғандар ерекше көзге түседі. Жоңғар Алатауының үстіртінен және Шолақ тауы мен Ешкіөлмес беткейінің шатқалдарының оңтүстік беткейінде жартас бетіне салынған суреттер орны анықталды. Археологиялық барлау жұмыстарының нәтижесіңде 170-тен астам қола дәуірінен ортағасырлық кезеңге дейінгі ескерткіштер тіркелді.

Алдағы уақытта географиялық координаттарын түсіру, фотофиксация, тұрақтардың нақты мекендермен байланыстырылуы, ескерткіштерді қайта жаңарту сияқты жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

Архитектура және монументалды өнер ескерткіштері.

Архитектура ескерткіштері және монументалды өнер бөлімі бойынша жұмысты НИПИ, ҚМА және СМ орындайтын болады. Бірінші этаптағы жұмыстың көлемі; бастапқы сөздік, тарихи-библиографиялық ізденіс жүргізу, архитектура ескерткіштері және монументалды өнер бойынша 25 мақала жазу, көркемдік материалдарды мақалаларға дайындау. Бастапқы мәліметтер жинастыру мақсатында Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына және Ақсу, Панфилов аудандарына экспедициялық маршруттар жүргізілді. Талдықорған қаласында облыстық архитектура және мәдени басқару бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, жинаққа кіретін мемлекет қарауындағы ескерткіштер тізімі жасалынды. Талдықорған қаласы бойынша 22 ескерткіш мемлекет қарауында болса, олардың 12-сі экспедиция барысында зерттелді. Ақсу ауданында бес ескерткіш зерттелді, оның ішінде республикалық дәрежеге ие Сара Тастамбекованың мазары да бар (ауд. орт. – Жансүгіров). Панфилов ауданы бойынша 27 ескерткіш мемлекет қарауында (ауд. орт. – Жаркент). Олар Жаркент мешітін қоса алғанда жалпы 9 ескерткіш зерттелді. Зерттеу барысында олардың нақты уақыттары мен орындары белгіленді. Ескерткіштердің бүгінгі күнгі жағдайы мен олардың жаңа бағытта қолдану мүмкіндігі қарастырылды. Тарихи тұлғаларға байланысты орнатылған монументалды өнерінің жаңа ескерткіштері анықталып зерттелді. Жиналған материалдар, фотофиксациялар, өлшемдер, тарихи деректер сараптан өткізіліп бір жүйеге келтірілді. Алдағы уақытта Алматы облысының «Ескерткіштер жинағына» енгізілетін ескерткіштер тізімі жасалынды. 25 ескерткіш бойынша ғылыми мақалалар жазылды. Сәулет өнері және монументалды өнер ескерткіштері бойынша әдістемелік талапқа сай келетін мақалалар жазылып, олар мәтіндік бөліктен және көркемдік материалдар; сызбалар мен суреттерден тұрады. Сызбаларды жобалар мен әр қырларын өзгеріске алып келген құрылыс кезеңдері бөлініп көрсетілді. Алдын алғы санақ бойынша ескерткіштердің жалпы саны 220-ны құрайды, оның ішіне сәулет өнерінің ескерткіштері мен 126 монументалды өнер ескерткіштері кіреді. Ескерткіштердің алдын ала санағы бойынша облыстың ескерткіштерін зерттеу келесі кезеңдерде өңделіп, және облысымыздың сәулет өнері ескерткіштері бойынша негізгі түпкілікті мақала сөздігі жасалады.