Ал тұтастай алғанда, Ақыртас археологиялық-архитектуралық кешеніне б.з.д. VI ғ. мен XVI-XVIII ғғ. аралығындағы әр түрлі уақытқа жататын алуан сипатты ескерткіштер кіреді. Олар Қызылтау аталатын адырлы-қырқалы өңір (ең биік жері теңіз деңгейінен 776,5 м – Балтық биіктік жүйесі) мен көктемгі-күзгі маусымда ғана суға толатын құрғақ арналы аңғардың кеңістігін алып жатыр. Кешеннің аумағы шығыстан батысқа қарай 3 км және солтүстік-оңтүстік бағытқа 5 км шамасында созылған.
2005 жылғы далалық маусым кезінде Ақыртас ескерткішінде, сарайға солтүстік жақтан жанасатын аумаққа кешенді археологиялық зерттеу жүргізілді, сондай-ақ сарай қабырғаларының шығыс, батыс, солтүстік қасбеттері мен осы бірегей құрылысты қоршап жаткан топырақ үйінділері зерттелді. Сарайдың солтүстік-батыс бөлігіндегі жекелеген бөлмелер мен дәліздер аршылды.
Әуіз аумағындағы қазбалар
Көтерілген тұрқыңда (27*26 м) төртбұрыш түрінде келетін, өзіміз АК СН 1 деп белгілеген нысан (қазба аумағындағы барлық нысандар осы АК05 СН 1 ххх үлгісімен кодтық атау алды, мұндағы 05 – жыл, ал ххх элементтің реттік нөмірі) сарайдың солтүстік-батыс бұрышынан 120 м жерде жатыр (1-сурет). Мөлшері 5*5 м қазба батыс қабырғаның алдынан салынды (кейіннен солтүстік және батыс бағыттарда кеңейтілді). Шымды қабат алынған соң (0) қазбаның ортасынан өте тығыз, сұрғылт-қоңыр құм қабаты (1) көрінді. Ол қабырғаның бұрышына жете бере неғұрлым біркелкі, тегіс қабаттың (2) үстін толтырады. Екінші қабат малтатас пен қиыршық жыныстары аралас (қызыл құмтас та бар) ақшыл сұр құм қыртыстан тұрады.
Қабырға осы арада деп шамаланған жерден қоңырқай тығыз қабат шықты (3). Бұл қабаттың қалдықтары малтатас пен қиыршық жыныстар қосылған саз балшықтан тұрады. Ең дұрысы – бұл су жинайтын әуіз дің жақтауларын тұрғызған балшық болуы керек. Керамика шыққан жоқ.
Төртбұрышты үйінділердің солтүстік-шығыс бөлігінен қосымша қазба салынды. Шымды қыртыс алынысымен-ақ (0) бозғылт қоңыр түстес, өте тығыз саз балшық қабаты (1) басталды. Ұсақ малтатастың көптігіне (қабырғаға жасалған қазбаның суреттемесін қараңыз) және қабаттың үсті мен кеуіп қалған лайдың ұқсастығына қарағанда әуіздегі су ұзақ уақыт сақталған деп пайымдауға болады. Осы қабаттан күйдірілген кірпіштің бірнеше сынығы көрініп жатқан еді. Оларды аршып алғанда астынан күйдірілген кірпіш пен тастың үйіндісі (4) шықты. Кірпіштер мен тастың арасы жоғарыда айтылғандай тығыз саз балшықпен (1) толтырылған. Үйіндіні аршып тазартқанда күйдірілген кірпіштен салынған, шеңбер пішінді, ортасында мөлшері 110*70 см трапеция түріндегі шұңқыры бар құрылыс (16) табылды. Теріп алынған азғана керамика негізінен тұрмыстық ыдыс-аяқ сынықтары болды.
Үйіндіден солтүстікке таман үшінші қазба салынды. Қазуға кірісердің алдында оның ойыңқы тұсынан қызыл құмтастың бір шеті көрініп жатқан-ды. Борпылдақ құм қабатын (10) аршығанда екі шұңқыр табылды. Біреуі солтүстік үйіндінің батыс бұрышында (13), екіншісі отасында дерлік (11) орналасқан. Екеуі де тас тақталармен жабылған.
Шұңқыр (11) жаппасы (14) ұзындығы 70-120 см, ені 20-70 см аралығында болатын тас тақталардан қаланған. Тақталар Б-Ш бағытының бойымен қойылған. Үстіңгі тақталарды алғаннан кейін, шұңқырдың шығыс жақтауымен жапсарластыра тас қаланғаны анықталды. Тас қалау шұңқырды жапқан тақталарға қосымша тіреу ретінде жасалған, ені – 70 см, ұзындығы – 180 см. Тас блоктар көрдің кіре берісін толық бекітетіндей етіп қаланған. Тас жаппаның барлық қуыстары мен жарықтарын бітеу үшін үстінен малтатасы көп топырақ төгілген.
Жерлеу камерасының (15) едені сол кездегі жер бетінің деңгейінен 180 см тереңдікте болып шықты. Оның мөлшері 172*50 см. Еденде мұсылман ғұрпымен жерленген өліктің :үйегі жатыр. Қаңқа ер адамдікі секілді, бас сүйегінен табанына дейінгі тұрқының ұзындығы – 178 см. С-0 бағыты бойынша қолдары екі жағына созылып, беті ОБ жаққа бұрып қойылған. Сүйек анатомиялық қалпында жерленген, тек бірер қабырғасы ғана бас сүйектің солтүстік жағында жатыр.
Шығыс жақтағы бейіттен (15) небары 2 м жерде төртбұрыш пішінді, мөлшері 210*190 см тағы бір шұңқыр аршылды. Шұңқыр мөлшері 60-120 см тас тақталармен (12) жабылған. Мұнда да 11 шұңқырдағыдай жаппаның блоктарын тіреген құрылғы бар. Бұл бейіттің жерлеу камерасы (12) жоғарыда суреттелген шығыс бейіттен (15) ерекше көрінді. Өйткені мұның тереңдігі небәрі 60 см болып шықты. Бейіттің шұңқырына кіретін қуыс жоқ (2-сурет). Сүйек анатомиялық қалпында, тас жаппадан 60-70 см тереңдікте жатыр. (15) бейіттегі секілді бұл да С-0 бойымен бағытталып, басы О-Б-қа бұрып қойылған, тізелері бүліңгі, қолдары жамбасының жанында.
Әуіз (СН1) аумағындағы жұмыс барысында бүл нысанды пайдаланудың екі кезеңі болғаны анықталды. Бастапқыда әуіз өзінің тікелей мақсатын атқарып, су жинап сақтайтын шұңқыр ретінде пайдаланылған. Бүл су құбырлар арқылы төңіректегі қоныстарға таратылған. Әуіз дің оңтүстік жағынан осындай құбырлардың сынықтары табылды. «Пахса» үйінділерінің сілемінен көрініп тұрғандай төртбұрыш әуіз дің орнын кейінірек зираттар басқан. Біз тапқан бейіттердің, сірә, жер үсті сағаналары да болуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе қирап қалуы мүмкін.
XIV ғ. керуен-сарайдың аумағындағы қазба жұмыстары
Әуізден (СН-1) солтүстік-шығысқа қарай 20 м жерде «керуен-сарай» (AK-KS) орналасқан. Оның қабырғаларының нобайын анықтау мен сақтауға қою шараларын жүзеге асыру мақсатында қазба жұмыстары жүргізілді.
Қабырғаларды аршыған кезде бұрын белгісіз жәйт анықталды: шығыс жақтағы шеткері бөлмеге оңтүстік-шығыс бөлме жағынан кірер есік сақталыпты. Оның ені – 1 метр. Ғимараттың орталық оңтүстік қақпасының алдынан да қазба салынды. 30 см тереңдікке жетісімен-ақ екі шомбал тас блоктың нобайы ашылды. Олар қақпаның оңтүстігінен, 110 см жерден шықты. Батыс блоктың мөлшері 70*60 см, шығыстағысы – 60*55 см. Бүл блоктар орталық қақпаның алдынан (үстінен) орнатылған шағын бастырмаға қойылған екі ұстынның іргетасы болса керек.
Керуен-сарайдың ауласындағы архитектуралық құрылыстарды анықтау үшін, оның оңтүстігінен 9 м жерде қазба салынды (12*12 м). Осы шаршының оңтүстік бөлігінде жердің бедері көзбен шолғанда биіктей түсетіндей көрінді, оның үстіне бірнеше тас блоктар шығып жатты. Шым қабаты (0) алынысымен сарғылт-қоңыр түсті тығыз саз балшық қабатының (1) үстінен шықтық. Одан кейін сұрғылт қоңыр саз балшық қабаты (2) басталды. Қазбаның солтүстік-шығыс бөлігінен тас пен күйдірілген кірпіштің үйіндісі (5) табылды. Бұл құрылыс (бәлкім, қабырға) СБ-ОШ бағытымен қаланған небірі төрт күйдірілген кірпіштен (25*25*5 см) және бастапқы қалпында жатқан бірнеше жұмыр тастан тұрады. Құрылыстың ұзындығы 2 м, ені 90-100 см. Орналасу бағытының таяу маңдағы құрылыстар қабырғасының бағытынан өзгеше екендігі назар аудартады. Осы жәйтті және құрылыс пен үйіндінің керуен-сарайдан биікте жатқанын ескерсек, олардың бертінгіректе салынғанын байқаймыз.
(2) қабатты тереңірек қазғаннан кейін, оңтүстік бөліктен бес бөлмеден тұратын ОББ-СШШ бағытында салынған ғимараттың орны ашылды. Бөлмелерінің қабырғасы әртүрлі мөлшердегі (16-60 см аралығында) тас блоктардан қаланыпты, күйдірілген кірпіш қалаудың үстіңгі қабаты ара- тұра сақталған. Бөлменің батыс бұрышын құраған қызыл құмтастан қаланған екі қабырғаның қалдықтары табылды (10). Солтүстік қабырғаның ұзындығы 2 м, батыстікі – 140 см. Ғимараттың іші мен сыртында қыруар тас үйінділері жатыр. Мөлшері 2*3 м келген батыс қанаттағы шеткі бөлменің (6) тек шығыс қабырғасы сақталған, оның ұзындығы 260 см, ені 45-60 см. Шым қабат алынысымен-ақ ғимараттың солтүстік-батыс бөлігінен күйдірілген кірпіштен қаланған құрылғы (4) шықты (3-сурет). СБ-ОШ бағытымен қаланған бес кірпіштің (25*25*5 см) астынан құбырлар тармағы табылды. Бір-біріне кіргізіліп қойылған керамикалық құбырлар (ұзындығы 45 см дейін, диаметрі 20 см) 190 см-ге дейін созылып жатыр.
Ортаңғы үш бөлменің (8,9 және 3) екі ортақ қабырғасы бар, солтүстіктегісінің ұзындығы 4,8 м, оңтүстіктегісі – 5,5 м. Ғимарат солтүстік және оңтүстік қабырғаларға тік тірелетін ішкі қабырғалармен бөлінген (3-сурет). Қабырғаларды қалауға мөлшері 30 см-ден 60 см-ге дейін жететін тас блоктар пайдаланылған. Батыс қабырға (8) мен шығыс қабырға (6) оңтүстік және солтүстік қабырғалар шектемейтін ені 90-100 см дәліз құрайды. (9) бөлменің мөлшері 90*180 см. Басқа бөлмелер сияқты оны да тас үйіндісі толтырып тастаған. Сірә, (3) бөлменің шығыс қабырғасы мен (10) бөлменің батыс қабырғасы (6) және (8) бөлмелердің арасындағыдай дәліз жасауға тиіс болған секілді. Бөлменің ішіндегі тас үйіндісінен мөлшері 70 см-ге дейін жететін жеке блоктар табылды. Олар қабырғаны тұрғызған блоктардан анағұрлым ірі.
Табылған керамикалық бұйымдардың көпшілігі – су құбырларының қалдықтары. Бұған су жинап, сақтайтын әуіздің жақындығы себеп болғаны анық. Сондай-ақ біраз шаруашылық- тұрмыстық және ас үйлік керамика да табылды. Оның ішінде ангобқа мөлдір шыңылтыр жағылған жылтыр керамиканың бірнеше сынығы бар. Дегенмен бұл нысанның қандай мақсатқа арналған ғимарат екені әлі анықтала қойған жоқ.
Сарай аумағындағы қазбалар
Мәдени қабатты табу және зерттелетін кезеңдегі жер бетінің деңгейін анықтау мақсатымен сарайдың батыс, солтүстік және шығыс қабырғаларына барлау қазбалары салынды (1-сурет).
Мөлшері 2,5*5 қазба (51) СШ мұнараның қасынан, шығыс қабырғаға салынды. Бірнеше қабат аршылды:
1. Шым қабаты.
2. Эолды, қоңыр-сұр лесстік қабат.
3. Ірілі-уақты тасы көп тығыз құмды қабат. Жердің бетінде қиыршықты ақшыл топырақ қыртысы бар (теңіз деңгейінен 732,37 м). Қазба салынған жердегі қабырға үш қатар блоктан тұратыны анықталды. Шұңқырдың контуры анық емес. Оңтүстік жиегінде, үстіңгі қабаттарда бірнеше тас блок көрінеді.
Мөлшері 3*1 м қазба (52) солтүстік қабырғаның шығыс бөлігінің сырт жағынан, төрт бұрышты тіреу табылар деген жерден салынды. Шым қабаты алынысымен-ақ ұсақ малта тас аралас, сұрғылт-қоңыр құм топырақтың бірнеше қыртысы ашылды. Одан әрі аздаған малтатас аралас қара сұр шөгінді топырақ қыртысы шықты. Сол кезеңгі жер беті ұсақ малта тасы көп, неғұрлым ашығырақ түсті жұқа қабаттан тұрғаны көрінді (теңіз деңгейінен 732,25 м). Сол жерден табылған шұңқырдың үстіңгі бетінің ені 70 см, түбінің ені 30 см. Шұңқырдың түбінен жұқа керамика ыдыстың бірнеше сынығы, үзілген жері қызыл түсті қамыр табылды, сынықтардың бәрі бір ыдыстікі. Қабырға қалауының жеті катары ашылды.
(53) қазба сарайдың солтүстік-шығыс мұнарасын (50) айналдыра салынды. Қазбаның ені мұнараның қабырғасынан 15 м болды. 40 см тереңдікте қазбаның бүкіл аумағынан сылақтың сынықтары көптеп шыға бастады. Осы табылғанға ұқсас сылақ қалдықтары мұнараның тас блоктарында да сақталған, сынықтың қалыңдығы кейде 1 см жетеді. Аршылған мұнара солтүстік-батыс мұнараға ұқсас, тек шығыс қабырғасының солтүстік бөлігінің енді іргетасы бар.
(54) қазбаның мөлшері 2*6 м. Қазба солтүстік қақпадан шығысқа таман, солтүстік қабырғаның түбіндегі төбеден салынды. Әуелі төбенің батыс бөлігі бетіне дейін кертіп атынды. Бірнеше қабат ашылды, бұл төбенің құрылыс жүрген кезде шұңқырдан шығарылған құм топырақтан үйілгенін көрсетеді. Төбенің түйілуінің өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Ашылған қабаттар негізінен әртүрлі малтатас аралас құм шөгінділері болып шықты. Жердің бетін жапқан қабат (үйіндінің қимасында) назар аудартады. Бұл қабатты көбінесе құмтастың сынықтары құрайды.
Сірә, сарайдың солтүстік, шығыс және батыс қанаттарындағы осындай төбелер, қашап жасалған тас блоктарды қабырғаның жоғарғы қабаттарын қалауға көтеру үшін де пайдаланылған болса керек.
(56) қазба сарайдың батыс жағындағы үйме төбенің орталығынан салынды. Топырақтың үстіңгі қабаттарын ашқанда, қызыл құмтастың ұсақ сынықтары көп таза қоңыр қабат шықты. Одан әрі ірілі-уақты малтатас пен біршама тығыздалған борпылдақтау құм қабаты ашылды. Оның астында, осыған өте ұқсас, бірақ анағұрлым тығызырақ қабат жатты. Қабаттарды салыстырып көргенде (стратиграфиялық зерттеу) сарайды салу барысында үйме төбенің екі рет биіктетілген анықталды. Бірінші (астыңғы) қабат тас блоктарды көтеру және қалау үшін көтерілген үйіндінің бастапқы мөлшерінің сұлбасын көрсетеді. Ал үстіңгі қабатты сарайды соңғы биіктікке жеткізу үшін, екінші кезекте көтерілген және табиғи құбылыстар, сондай-ақ желмен жеткен әр түрлі шөгінділер құраған төбенің бертінгі сұлбасы деп тану керек.
Сарайдың сыртындағы қазбаларға қоса, бөлмелердегі еденнің деңгейін анықтау үшін кіре берістен (42) үйдің ортасына (37) дейін созылған қабырғамен (30) қатар қазба салынды. Оның ені 1,5 м, ұзындығы 13 м болды. 50 см тереңдікке жеткенде, шым қабатты қоса алғанда үш қабат бары анықталды. 10 см-ден 30-50 см-ге дейін жеткен шым қабаттан соң бірден екінші, сұрғылт қоңыр қабат басталды. Онда малтатастың көп екені көрінді. Бұдан кейін ұсақ қиыршық тасы көп, ашық түсті, борпылдақ құм қабат ашылды. Қазбаның солтүстік бөлігінде ретімен қойылған бірнеше тас табылды. Еденнің деңгейі (қиыршық тасы көп, тығыз ақ сұр топырақ қабаты) теңіз деңгейінен 734,5 м белгіде болғаны анықталды.
Сарайдың жекелеген дәліздері мен бөлмелері аршып, тазартылды. (28) және (29) бөлмелер еденіне дейін толық ашылды. Олардан кезінде қабырғадан құлап түскен тастардың шағын үйіндісі шықты. Тазартып алынған әрбір тас блокқа кодтық нөмір берілді.