Ақыртас кешені ортағасырлық Касрибас қаласы болған деп шамаланып жүр. Көне қала кұрамына архитектуралық ғимараттардың орасан зор кешені кіреді. Оған сарай кешені мен билеушінің бекінісі (замок), қамал және керуен-сарай, ауқатты қоныс-жайлар мен жертөлелер, бау-бақша ауданы мен су құбыры және суқоймалардың кең торабы кірген.

Ежелгі Касрибастың орталық ғимараты – сарай кешені.

Ақыртас сарай кешенінің қандай себеппен тұрғызылғаны жайындағы жорамалдардың бірін неміс зерттеушісі Б. Брентьес ұсынған. Бұл жорамал бойынша, сарай 714-715 жж. Орталық Азияның билеушісіне айналған араб қолбасшысы Кутейбаның әмірімен салынған. Кутейба ибн Муслим араб сәулетшілеріне осы жерде, Қазақстанның оңтүстігінде өзінің резиденциясын – әсем сарайын салуға бұйрық береді. Өкінішке орай, қолбасшының дүниеден өтуіне байланысты оның арманы орындалмай қалды.

Сарай салынып бітпеді, бірақ, құрылысшылар аяқтап үлгермеген, уақыт тоздырған күйінде де кешен бізді өзінің монументалдығымен, ойының алыптылығымен, шығармашылдық кеңдігімен таң қалдырады.

Ортағасырлық қала осы сарайға бола Касрибас аталып кетеді. Араб тілінен аударғанда «Каср» сөзі «сарай» мағынасын береді. «Аббас» – ер адам есімі. Арабтардың дәстүрі бойынша, белгілі бір ғимарат, құрылыс немесе ескерткіш тұрғызған адамдар оларды өздері қадірлеген адамның немесе өзінің ұстазының немесе өзінің әйгілі туысқанының есімін беретін жағдайлар жиі кездесетін. Кутейба сарайды өзіне қымбат адамның – «Каср-Аббас» есімімен атаған болуы мүмкін. Бұл жорамал бойынша, сарай атауы «Каср-аб-баз» деп айтылатын. Араб тілінен «баз» сөзі «бүркіт» деп аударылады. Яғни, «Каср-аб-баз» – «Бүркіт сарайы».

Кешеннің басқа елеулі архитектуралық құрылыстары арасында XIII ғ. жататын керуен-сарайды, билеуші замогы мен қамал құрылысты атауға болады. Билеуші замогы мен қамал бөлек, сарай кешенінен оңтүстік-батысқа қарай 1 км жерде орналасқан. Қамал құрылысы биіктігі 3-4 м табиғи төбешікте, замок тан оңтүстік-шығысқа таман жерде салынған.

Құрылыстың пішіні шаршы тәріздес, мөлшері 39*40,5 м. Қамалдың дуалдары, аздаған ауытқуы болмаса, шартарапқа қараған. Құрылыстың бұрыштарында пішіні дөңгелек мұнаралар орналасқан. Сонымен бірге, оңтүстік-шығыс мұнараға жақын, оңтүстік-шығыс жақта бесінші мұнара орналасқан. Осы екі мұнара арасында қамалдың кіре-берісінде қақпа орналасқан, сондай-ақ кешеннің шығыс және солтүстік бекініс дуалдарында да қақпалар бар.

Сонымен, қамалдың, сірә, үш қақпасы және бес қарауыл мұнарасы болған. Қамалда қазба жұмыстары төрт археологиялық маусым жүргізілді. Зерттеу барысында құрылысты қоршаған ені 3 м қамал дуалы ашылды. Дуалдан тас қалақ табылмады. Сондай-ақ кірпіш қалағы да шықпады. Қамал дуалы, сірә, ағаш қалып құрылып, оның ішіне саз балшықтан құйылып жасалған. Қамал дуалының аман қалған биіктігі – 1,75 м.

Қамалдың жобалануы жайындағы жорамалдар төмендегідей. Қамал дуалдарының бойымен, ішкі жағынан есіктері аулаға қараған, бір-біріне тығыз орналасқан бөлмелер «кесіліп» салынған. Ауланың ортасында, жорамал бойынша, құдық орналасқан. Бірақ, қазба жұмыстары құрылыс жобасының тіптен өзгеше екендігін көрсетті. Жорамалданғандай, қамал дуалдарының ішінен мөлшерлері шамамен тең, бір тізбекпен созылған, бір-біріне жақын орналасқан тікбұрышты бөлмелер «кесіліп» салынған. Бөлмелердің мөлшері шамамен 2,8-2,9*8,5-9 м. Мұндай бөлмелердің үшеуі (1,2,3 бөлме.) батыс дуалдан және біреуі (12 бөлме.) – оңтүстік дуалдан ашылды. Бұрыштағы бөлме ғана (4 бөлме.) өзінің өлшемдерімен ерекшеленеді. Оның өлшемдері: батыс қабырға бойында – 4,5 м, оңтүстік қабырға бойымен – 7,1 м.

Былтырғы маусымда (2004 жылы) оңтүстік жақтан, аралық қарауыл мұнараның жанынан өзінің өлшемдері бойынша кәдімгі бөлмелерден әлдеқайда үлкенірек 5 бөлме аршылды. Біз бұл бөлмені «Салтанат залы» деп атадық. Салтанат залы толық арылмаған және сондықтан сол кездегі оның өлшемі 7,6*8,3 м-ді құрады.

2005 жылғы маусымдағы қазбалар қамалдың оңтүстік дуалының бойымен оңтүстік- шығыс бұрыш мұнарасының жағына қарай жалғасты.

Оңтүстік дуалдан оттығы бар қабырға маңындағы пеш табылғаннан соң, 8 м ұзындық бойынан ешбір бөлме табылмады. Қамалдың аралық мұнарасы орналасқан жерде, ішкі жақтан құрылыстың жартылай дөңгелек пішінді бөлігі аршылды. Оның диаметрі – 3,5 м. биіктігі – 1,9 м. Үстінен тегіс алаңқай орын алған. Алаңқайдың шетінен қамал дуалына дейінгі қашықтық (радиусы) – 1-4 м. Біздің жорамалымызша, бұл – қамалдың оңтүстік қақпасының кіре-берісін қоршап тұрған жартылай дөңгелек пилон. Бірақ, қазірше, аралық мұнараның ішкі бөлігі аршылмағандықтан оның қандай құрылыс болғандығын нақты айту мүмкін емес. Жартылай дөңгелек пилонның іргесі тастан қаланған. Қазіргі кезде орта мөлшердегі қойтастардың бір қатары ғана көрініп тұр. Аралықтағы пилон мен қамалдың шығыс дуалына дейінгі қашықтық – 12 м. оның ені – 2,8 м, еңісінің бұрышы шамамен 30 м-қа тең.

2005 жылғы қазбалар қамалдың ішкі аумағында ғана емес, сондай-ақ оның сыртында, нақтырақ айтсақ - құрылыстың оңтүстік-батыс бұрышындағы мұнарада да жүргізілді. Сондай-ақ, ескерткіштің төңірегі де зерттелді. Қамалдың ішінен, оңтүстік-бұрыштағы мұнараға 4 бөлме жалғасады. Оның батыс қабырғасында, 3 бөлмемен ортадағы аралық қабырғада есік ойығы бар, ол қамал дуалы арқылы сыртқа шығады. Есік ойығының төменгі жағындағы ені – 1,3 м, жоғарғы жағында – 0,65 м, биіктігі – 1,65 м. Соңғысының сол жағында, сыртында, бұрыштағы мұнара орын алған. Оны аршу барысында тіптен күтпеген жобалану тәсілі шықты, яғни, мұнараның өзі, мұнара ішіндегі бөлме орны табылмады. Біздің жағдайымызда, бір шеті аршылған қалың аралық қабырғалар мұнараның астындағы дөңгелек тұғыр бөлігі болса керек.

Соңғы маусымда табылған заттар ішінде үй жануарларының сүйектері, асүйлік және дастархандық керамика сынықтары көптеп шықты. Табылған заттар арасында көңіл бөлетін төменгілерін атап өтуге болады. Қамалдың батыс дуалындағы 4 бөлмеден пішіні бойынша кішкентай қанжарға ұқсайтын темір тілік табылды. Қамалдың мерзімі VIII - XI ғғ.

Түсіндірме:

*Қамалдың дуалдарын шатыстырып алмас үшін, оларды, аздап ауытқулары бар екендігіне қарамастан оңтүстік, солтүстік, батыс және шығыс дуалдары деп атаймыз.