Арал-Асар мекен жұртындағы зерттеулер бұрын алға қойылған мақсаттарға сәйкес жүргізілді. Қазба жұмысынан басқа, мекен жұрттың солтүстік-батыс жағында орналасқан көне алқаптардың жоспары түсірілді. Алқаптар шайылған жалдар түрінде ерекшеленеді. Пішіні тікбұрышты атыздарда дәнді дақылдар (?) өсірілген. Алқаптар тұрғын жайлардан, жер бетінде тереңдігі 15-20 см, ені 3-4 м келетін еңіс түрінде сақталған, жылғамен (не қолдан жасалған арықпен) бөлінген.
Мекен жұрттың әртүрлі бөліктері мен сыртында салынған шурфтар көмегімен мәдени қабаттың орташа қалыңдығы 42 см-ден аспайтыны анықталды. Алқаптардағы стратиграфиялық жағдай, бұл учаскелердің егіншілікке пайдаланғанын тағы да дәлелдеп берді. Барлық шурфтардан топырақтану сараптауларын жүргізу үшін топырақ үлгілері алынды.
Қазбаны былтырғы қазба жүргізілген мекен жұрт бөлігінде салу жөн деп табылды, өйткені, бұл учаске (мекен жұрттың оңтүстік-шығыс бөлігі) еңістері мен дөңестері айқын көрінеді (еңістердің тереңдігі 5-10 см, дөңестер биіктігі 10 см-ден аспайды).
Көлемі 10х10 м қазба, 1 қазбадан (2005 ж) батысқа қарай 20 м жерде салынды. Қазу алдында бұл жер биіктігі 10 см дөңес болатын. Бұл кесек құрылымның шайылған қалдықтарынан пайда болуы әбден мүмкін. Беткі материалды мұқият жинап алған соң, қышбақа қабықтарының майда бөліктері бар құмдақтан тұратын жоғарғы қабаты алынды. Оның астында сұр және қоңыр түсті саздың тығыз қабаты бар екені анықталды.
Одан төмен саздың түрлі консистенциясы, қышбақалы құм, кей жерде көң, күл орындары бар аралас тығыз қабат аршылды. Көң қазбаның шығыс бұрышында анықталды, шайындының барлық жерінде, су басу кезінде құлаған кесек конструкцияларының бұзылуынан пайда болған, әркелкі көлемдегі шұңқырлар бар. Шұңқырлар беткі жақтағыдай құмдаққа толған. Шұңқырлардан табылған заттар, жақын маңдағы учаскелерден сумен ағып келген болу керек. Қызықты деген олжалар ішінде моншақтар, қола теңгелер, ал, қазбаның оңтүстік бөлігіндегі 9-шы шұңқырдан ашатұяқты жануардың (құлан?) бас сүйегі табылды.
Қазбаның солтүстік бұрышында қалыңдығы 30 см, ұзындығы 110 см кесек қабырға табылды. Ол қатты бұзылып, шайылған, алайда, айналасындағы тығыз шайындылардың арқасында оның сұлбасы сақталып қалған.
Қазбаның батыс бөлігі тұтастай біртекті сұрқай қоңыр түсті болып келген, ал, оңтүстік бұрыштан солтүстік бұрышқа қарай, іші ашық сұр құмдаққа толған, арық тәрізді сай тартылған. Осы жерден бастап су конструкцияларды шая бастаған болуы мүмкін.
Қазба барысында табылған олжалардан басқа, ескерткіш бетінен көтерме материал жиналды. Олардың арасынан, негізінен сары түсті, көптеген шыны моншақтарды атауға болады. Сонымен қатар, мекен жұрт аумағында жақсы сақталған екі күміс теңге табылды. Олар мекен жұртты XIV ғасыр ортасына жатқызуға мүмкіндік береді.
Қазба жұмысының алдында Кердері 2 кесенесі тікбұрышты пішінді ірі дөңес түрінде болды. Оның етегіндегі көлемі шамамен 20x25 м-дей болды. Қыш сынықтарының көпшілігі төбенің ең биік тұсы (биіктігі 1 м), батыс бөлігінде шоғырланған. Солтүстік-шығыс бөлігінде тастан қаланған іргесі анық байқалады. Төбенің ең төмен жері де осы тұста (биіктігі 40-50 см).
Жұмыс барысында анықталғандай, кесене бұрыштары дүниенің төрт бұрышына қараған, пішіні тікбұрышты. Кесене қабырғалары көлемі 25x25x5 см келетін қыштардан қаланған. Ең биік сақталған тұсы оңтүстік-батыс қабырғасы, оның алты қатар қышы бар.
Кесене көлемі 5,5x5,5 м, шаршы тәрізді камерадан (көрхана) тұрған. Кесененің кіреберісі оңтүстік- батыс қабырғада болған, ені 2 м портал ойығымен пішінделген. Порталдың тікбұрышты қасбеті мен ойығы өсімдік тәрізді, геометриялық және эпиграфикалық өрнек салынған майоликамен безендірілген.
Осында табылған дөңгеленген әрлеуіш қыштардың сынықтары, ойық аркасының архивольты, ойықтың бұрышына орнатылған төрттен үш бөлікті бағаналарға сүйенген деп болжауға мүмкіндік береді.
Көрхананың ішкі қабырғалары қарама-қарсы орналасқан төрт терең 1 -м-дей ойықтармен безендірілген. Оңтүстік-шығыс ойықта есік орнатылған, ал, тереңірек солтүстік-батыс ойығында, кесененің негізгі мәйіті жерленген. Бөлменің еденіне тікбұрышты, көлемі 44x27x6,5 см келетін қыштар төселген. Мәйіттер орналасқан жерде еден қыштарының жартысы немесе көлемі 25x25x4 см қалыпты шаршы қыштар пайдаланылған. Еден қыштары тығыздалған, қоныр түсті құмдак топыраққа төселген. Еден тақташалары кесененің сыртқы қабырғаларының ішкі сызығынан көрініп тұрғандай, іргетастың үстін жайып тұр.
Кесене іргесі, жоғарыда айтылғандай, орташа көлемі 20x30x315 см-ден 100x50x25 см аралықта өзгеріп тұрған. ірі тас тақталарынан қаланған. Іргені бойлай салынған шурф, оның биіктігін анықтап берді. Тас тақталар бір-біріне алты қатар етіп қойылған, биіктігі 1-1,2 м-ге дейін жетеді. Мұндай биік әрі мықты іргетас, Орталық Азияның осы тектес құрылыстарына тән емес, оларда кейде іргетас мүлдем болмайтын. Мұнда құрылыс салу үшін тұрақсыз құмдақ топырақ есепке алынған болуы керек. Сонымен қатар, қабырға қалыңдығын да есепке алған жөн. Оның ең енсіз жерінің қалыңдығы 1-м-ге жетеді. Портал бөлігінде пилондар ені 3 м.
Кесенеде жеті мүрде анықталды. Олардың бәрі XI - XIV ғғ. кеңінен тараған сағана тектес. Солтүстік- батыс ойықтағы 1 -ші мүрде қана ерекшеленеді. Мүрде біздің заманымызда тоналған. Бұл мүрденің конструкциялық шешімі қызықты әрі өз дәуіріне әдеттен тыс болып көрінді. Ол тастардан циста тәрізді қаланып, үш ірі тас тақталарымен жабылған. Адам мәйіті мен артефактілер мүрдеден табылмады.
Жоғарыда сипатталған мүрдеден басқа, №3-ші мүрде де аршылып, зерттелді. Бұл, көлемі 2,25x0,5 м, тікбұрышты пішінді сағана әдетті көлемдегі қыштан қаланған. Мүрде қырынан қойылған 33 қышпен жабылған. Мүрде ішінде өте жақсы сақталған ағаш табыт табылды. Табыттың ұзындығы 2 м, бас жағындағы ең кең тұсының ені 49 см, енсіз аяқ жағының ені 35 см. Табыт тереңдігі 21-28 см аралығында. Табыт бір-біріне қағылмаған екі тақтаймен жабылған. Мәйіт арқасына, солтүстік батыстан оңтүстік шығысқа қарай жатқызылған, қолдары денесінің бойымен қойылған. Басы оңтүстік-батысқа қаратылған. Бас сүйегі мен қаңқаларына қарап, әйел адамның мәйіті деп болжауға болады. Мүрдеден табылған қос алтын сырға да бұл болжамды жанамалап дәлелдей түседі. Сырғалар өз құйрығын тістеген жыртқыш арыстан болуы мүмкін) басы түрінде жасалған. Оған қоса қою көк түсті (түрін анықтау мүмкін болмады) тас ілінген. Бұл сырғаларды дайындау тәсілі Қазақстанның батысындағы да, оңтүстік-шығысындағы да темір дәуірінің әшекейлеріне келеді. Аң стилінде жасалған сармат әшекейлеріне ұқсастығы ерекше байқалады.
Көлемі, пайдаланылған құрылыс материалдары мен архитектуралық тәсілдерінің жиынтығына қарап, құрылыстың бұл түрін қасбеттік кесенелерге жатқызуға болады. Кесенелердің бұл түріне Л. Манковскаяның жіктеуі бойынша1, басты есіті қасбеті портал тәрізді құрылыстар жатады. Мұндай құрылыстардың порталы қалған қасбеттерге қарағанда көптеу әрленіп, кейде олардан портал-пештак тәрізді биік болып тұрады. Қапталында есіктерінің бар жоғына қарамастан, бүл кесенелер тек бір жақтан келіп, қабылдауға есептелген. Архитектурасын сараптау, кесененің географиялық орналасуы, мүрделер мен артефактілердің түрі, бұл ескерткішті XIII ғасыр аяғы - XIV бірінші жартысына жатқызуға мүмкіндік береді.
1. Л.Ю. Маньковская. О типологии мемориального зодчества Средней Азии. Мавзолеи Фудины и Касби. Культура и искусство народов Средней Азии в древности и средневековье. М. 1975. С. 97.