Географиялық координаттары N 44 10”51,9" Е 063 18 ’02,1".
Жобасында дөңгеленіп келген бұл құрылыстың диаметрі 14 м. Қам кесектерден қаланып тұрғызылған қоршау ортасынан қабырға арқылы төртке бөлінген. Қабырғасының сақталған биіктігі 1,3-1,5 м, қалыңдығы 1,4 м, крест тәрізді ішкі қабырғаларының қалыңдығы 1,35 м.
Құрылыс материктен 40 см биіктеу болып келген алдын-ала дайындалған құм төсендінің үстіне салынған. Ғимарат қабырғасы көлемі 40x30x10 см және одан да үлкенірек тік бұрышты қам кесектерден тұрғызылған.
Қабырға төмендегідей сипатта қаланған:
1. Кесек қаландылары құрылыс заңдылықтарына сай әдіспен тұрақты қаланып, әр қатардың арасына бір деңгейде лай (батпақ) төселген;
2. Қалау барысында кесектер арасындағы байланыстың үстіне кесекті ұзынынан қою іске асырылған (кейбір жағдайларда кесектің 1/3 бөлігі пайдаланылған);
3. ғимараттың шеңберлі қабырғасына ортаңғы ішкі (шығыс-батыс бағыттағы) қабырға перпендикуляр байланыстырылып ерілген;
Ескерткіштегі қазба жұмыс 2008 жылы басталып, оңтүстік бөлігіндегі екі сектор ашылған болатын. Сол жылғы қазба жұмысы барысында оңтүстік-батыс сектордан қам кесектен жасалған бағана іргетасы мен жас баланың нашар сақталған қаңқасы табылған болатын. Құрылыстың ашылған секторларының еденіне қам кесектер төселген.
Биылғы далалық маусымдағы қазба жұмыстары мавзолейдің солтүстік бөлігіндегі секторларда жүргізілді.
Ғимараттың солтүстік-шығыс секторын ағынды лай қабатынан аршыған кезде, оның астынан күс пен аңның қиларынан тұратын қабат шықты. Қабаттың қалыңдығы 20-30 см құрайды. Қазба жұмыстарын 40 см жеткізген кезде сектордың оңтүстік-шығыс және солтүстік-батыс бөлігінен ағаш зембілге қойылған екі адам қаңқасы шықты. Оңтүстік- шығыс бөліктегі қаңқаның басы оңтүстік-шығысқа қаратылып қойылған. Тазалау жұмыстары кезінде мәйіттің оң аяғы толығымен жоқ болып шықты. Бас тұсынан биіктігі 30 см, ернеуінің, диаметрі 10 см болатын құмыра және аяқ тұстарынан қыштан істелінген көзе мен тостаған шықты. Бұдан басқа да бел тұсынан ағаштан істелген моншақтар мен сүйектен жасалған қандай да бір бұйым табылды. Мәйіттің аяқ жағына құрбандыққа шалған малдың сүйектері қойылған. Зембіл сақталған ұзындықтары – 1,6-1,8 м, ендері – 8-10 см, қалыңдықтары – 2-3 см екі тақтайдан тұрады. Тақтайлардың астына көлденең екі тақтай қойылған. Ал, солтүстік-батыс бөліктегі зембілге (нашар сақталған) қойылған мәйіттің сүйектері әр жерде шашыранқы түрде жатыр. Басы сектордың оңтүстік-батыс бұрышынан табылды. Бұл сол заманның тонаушылары тонау кезінде қозғалғанға ұқсайды. Тазалау жұмыстары кезінде сүйектермен бірге қыш ыдыстар мен сүйектен жасалған бұйымдар табылды. Сонымен қатар сектордың орталық бөлігіне бағана іргетасы мен саусақтың ізі бар доға тәріздес таңбалы кірпіш қойылған. Бағана іргетасына жапсарласа тағы бір жас мәйіттің бас сүйегімен омыртқа қабырға сүйектері шықты.
Сонымен, бұл сектордан тоналған үш адам сүйектері анықталды. Бір айта кететін жайт, қазылған алдынғы секторлар тәрізді бұл сектордың едені төртбұрышты болып келген біркелкі кірпіштермен қаланған және бетіне лай қабаты төселген. Зембіл осы лай қабатының үстіне қойылған.
Қазба жұмыс солтүстік батыс секторында да жүргізілді. Мұнда да алдынғы секторлар сияқты едені кірпіштермен төселген. Бірақ бір қызығы мұнда екі жерлеу шұңқыры қазылған. Жерлеу шұңқырының бірі бөліп тұрған қабырғадан батысқа 40 см қашықтықта орналасқан. Аршу барысында тоналғаны белгілі болды. Адам сүйектері мен қыш ыдыс сынықтары беткі қабатынан табылған болатын. Шұңқырдың пішіні төртбұрышты болып келген; қабырғалары біркелкі 34*28*9 см кірпіштермен өрілген. Табаны да кірпіштермен төселген. Шұңқырдың ұзындығы 2,7 м, ені 95 см, тереңдігі 62 см солтүстіктен оңтүстікке бағытталған. Екінші жерлеу шұңқыры сектордың оңтүстік - батыс бөлігінде орналасқан. Бұл да алдынғы шұңқыр тәрізді қабырғалары біркелкі кірпіштермен өрілген. Аршу жұмыстары кезінде бір адам қаңқа сүйегі анықталды. Басы оңтүстік батысқа бағытталған. Тазалау барысында мәйіт тоналған болып шықты, адам сүйектерін орынынан қозғап құнды заттарын алып кеткен. Тонаудан қалған заттары: қыш ыдыс сынықтары, қоладан істелген қоңырауша, моншақтар, сүйектен жасалған бұйымдар мен киімге тігілетін алтын жапсырмалары жинап алынды.
Қазба жұмыс жерлеу ғимаратын тең ортасынан бөліп тұрған қабырғаға да салынды. Қабырғаның батыс жағының аяқталар тұсында 2 м жетпей, тереңдігі 50 см қабырғада шұңқыр жасалған. Шаршы пішінді шұңқыр көлемі 1*1,3 м. Шұңқырдың табаны қам кесекпен қаланып, оңтүстік сектор жағындағы сырты қырынан қойылған кесектермен жабылған. Осы шұңқырдан шығысқа қарай 7,4 м қашықтықта қабырғада пішіні, көлемі тең екінші шұңқыр ашылды. Бұл шұңқыр да сыртқы қоршаудан 2 м жерде салынған.
Қорыта келгенде археологиялық қазба материалдары бүл ескерткішке археологиялық зерттеулер жаңа басталса да бірқатар тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді. Атап айтқанда төртбұрышты қам кірпіштер б.д.д. III ғ. басында, бүкіл Орта Азия жерінде шаршы кірпіш түрлері пайда болады.
Бұл мавзолей құрылысы жағынан Жаңадария ортаңғы ағысындағы Белтам, Қараөткел, Шірік рабат II, Шағырлы II т.б. жерлеу құрылыстарына өте ұқсас және мерзімдес (б.з.д. I мыңжылдықтың II жартысы аяғы) болып келеді.