Осы жылдар аралығында алынған мәліметтердің арқасында мәдениеттер ашылып, олардың мінездемесі жасалынды, осы деректер ғылыми әдебиеттер мен ЖОО оқу бағдарламаларына енгізілді.
Будан кейін, 1980-1990 жж. ғылымда беғазы-дәндібай мен тасмола мәдениеттерін зерттеу деңгейінің төмендеу тенденциясы анық байқалды. 2007 жылдан бастап бұл тақырып «Мәдени мұра» МБ енгізілді. Осы уақыттан бастап атқарылған екі жылдық жұмыстар үш еседен астам көлемдегі қаржылық қысқартулар аясында жүргізілуде1. Осындай себептермен 2008 жылғы зерттеулер жоспарларына да зерттеулер бағыты мен көлемінің қысқартылуымен байланыстырылған тиісті өзгертулер енгізілді.
Есептегі жылы екі мәдениет бойынша қордаланған мәліметтерді жүйелеуге бағытталған зерттеу жұмыстарының алғашқы сатысы басталды. Бұл - көп мөлшердегі дерекнамалық мәліметтерді жинақтау мен талдауды талап ететен кең көлемдегі аналитикалық жұмыс. Аталған бағыт бойынша ғылыми айналымдағы мәліметтерді сараптау, зерттеу тарихындағы негізгі кезеңдерді анықтайтын тарихнамалық талдаудың бастапқы жұмыстары атқарылды.
2008 ж. далалық маусымында Археология институтының Сарыарқа экспедициясының жетекшісі т.ғ.к. А.З.Бейсенов) ғылыми-зерттеу жұмыстары Ақтоғай мен Қарқаралы аудандарындағы Беғазы, Едірей өлкелерінде, сонымен қатар Бұғылы тауының (Шет ауданы) маңайында жүргізілді.
Беғазыдағы зерттеулер екі нысанда жүргізілді: Беғазы мен Беғазы-ЗБ қорымында. Екі нысанның бір-бірінен арақашықтығы 1,46 км.
Беғазы қорымындағы ғылыми-зерттеулер мен консервация және реставрация жұмыстары Қарағанды облысының Мәдениет басқармасымен бірлесіп атқарылуда.
Қазіргі танда беғазы-дәндібай мәдениетінің ең маңызды көрнекті нысандарының бірі Беғазы қорымын қайта қалпына келтіру (консервация және реставрация) мәселелеріне ерекше назар аударылуда.
Ертеректе көрсетілгендей, қорым құрамында андронов уақытының көптеген қоршаулары, беғазы-дәндібай мәдениетінің 6 кесенесі, ерте темір дәуірінің тасты-топырақты қорғандары, сондай-ақ, көп мөлшердегі қазақ жерлеулері, соның ішінде 3 саман мазар бар. 1952 жылдан кейін Беғазы қорымында археологиялық зерттеулер жүргізілген жоқ. Ескерткішті қалпына келтіру, сақтауға арналған іс-шаралар да мүлдем жүргізілмеді. Қазір табиғи-климаттық жерлерден бөлек, антропогендік сарындағы өзгерістер де мұнда анық байқалады. Осындай себептердің салдарынан, жарты ғасырдан астам уақыттан кейін Беғазы қорымы авариялық ескерткіш ретінде тіркелді. Сақтау және музейлендіру жұмыстарының алдын-ала жоспарына бағазы-дәндібай уақытының барлық кесенелерін, андронов дәуірінің кейбір қоршауларын, қазақ жерлеулерін ғылыми тұрғыда қалпына келтіру, саман мазарларды консервациялау, сонымен қатар, қорым территориясын қоршау мен көркейту шаралары енгізілді. 2007 жылы №1 кесенені реставрациялау жұмыстары жүргізілді. №2 кесенеде бұл жұмыстар 2008 жылдың далалық иаусымында(шілде-тамыз)атқарылды(1сурет),сондай-ақ,тастақтайшаларданқаланатынбайқау алаңдары мен айналым жолдар жүйесінің құрылымы жоспарланды. Өткен жылғы және ағымдағы есеп беру жылы Беғазы қорымындағы нысандарды реставрациялау жұмыстарына Археология институтының ғылыми қызметкері, архитектор-реставратор Н.Д. Егоркина жетекшілік етті.
Беғазы-ЗБ зиратындағы өткен далалық маусымда басталған ғылыми зерттеу жұмыстары жалғастырылды. Есептегі жылы соңғы қола дәуірінің №6,7,8 шағын құрылыстары, соңғы қола дәуірінің (№8), ерте темір дәуірінің (№3,4,5) және көне түркі кезеңінің (№9) қорғандарында қазба жұмыстары жүргізілді.
№6 шағын құрылыс - №2 құрылысқа оңтүстік-шығысынан жапсарластырылып орналасқан. Өлшемдері 1,60x1,40 м болатын төртбұрышты формадағы, ұзындықтары 0,2 ден – 0,4 м ұзыншалау тастардан жалпағынан қаланған құрылыс. Қабыр шұңқырының орта тұсында 0,80 м тереңдікте басымен оңтүстікке бағытталған, қолы-аяғы бүрістіріліп сол қырына жерленген адам қаңқасының қалдықтары анықталды. Сүйектің сақталу деңгей қанағаттанғысыз. Жақ сүйегінің маңайынан қоладан жасалған 34 дана қапсырмалы моншақ пен басы тұсынан жайпақ түпті көзе тәріздес қыш ыдыс табылды. Ыдыстың негізгі денесінің жоғары жақтары аралары 5-6,5 см қиғаш қысқа (2-2,5 см) жапсырмалы белдеулермен безендірілген.
№7 шағын құрылыс №2 құрылыстың оңтүстік-батыс жағында орналасқан. Сызбада 1,2*1,2 м төртбұрышты формадағы құрылыс. Құрылыстың солтүстік және батыс жақтары тігінен қойылған тақталармен қоршалған. Ірі тас тақталармен жабылған қабыр шұңқырының 0,45 м тереңдігінен бүрістірілген кейіпте оң қырымен, басымен оңтүстікке бағытталған адам қаңқасы аршылды. Жамбас сүйектері тұсынан диаметрі 2,5 см қола түйме табылды. Қаңқа басының тұсына жайпақ түпті көзе тәріздес формадағы қыш ыдыс қойылған. «Жағасы» бар ернеуде саусақ ұшының бастырындылары мен ыдыс мойнында жиі салынған қиғаш сызықтар бар. Ыдыс түбінің ішкі периметрі бойынша 13 дана тырнақ іздері салынған.
№8 шағын құрылыс №7 құрылыстан батысқа қарай орналасқан. Қазбаға дейін формасы дөңгелектеу, ірі тас тақталардың қаландысы ретінде байқалған. Диаметрі шамамен 2 м. Қаланды астынан өлшемдері 1,7*1,3 м тікбұрышты формадағы шұңқыр қабір орналасқан. 0,45 м тереңдікте оң қырымен бүрістіріліп, басымен оңтүстікке бағытталған адам қаңқасы анықталды. Жерленушінің бас жағына жайпақ түпті, көзе тәріздес қыш ыдыс қойылған. Ыдыс аузының шеткі жиектері горизонталды белдеулер, ал негізгі дене бөлігінің орта тұстарына қиғаш белдеулер жапсырылған. Аталған белдеулер көлденең бастырындылармен тілімденген. Мойын тұсынан дене бөлігіне өтер тұста домалақтанған таяқ ұшымен бастырылып шығарылған бір қатар «маржандар» бар.
2 ғұрыптық (№1, 2) орындар аршылды. №1 ғұрыптық орын №8 құрылыстан солтүстікке қарай 2 м жерде орналасқан. Тастардың шашырандысы ретінде байқалатын, дөңгелек пішіндегі құрылыстың диаметрі шамамен 1,5 м. Тастарды аршу барысында ағаш көмірмен аралас ірі жануардың 2 метоподиясы табылды.
№2 құрылыстан оңтүстікке қарай біріншіге ұқсас №2 ғұрыптық құрылыс анықталды, диаметрі 1,2 м. Құрылыстың орта тұсында тастардың астынан ағаш көмірдің қалдықтары табылды.
Жоғарыда аталған үш құрылыс табылған ыдыстар бойынша беғазы-дәндібай мәдениетінің соңғы кезеңімен (доңғал кезеңі) мерзімделеді. Бұл кезеңге екі ғұрыптық құрылыс та жатқызылады.
№3 қорған қорымның солтүстік шетінде, №2 құрылыстан 10 м қашықтықта орналасқан. Формасы төртбұрыштау, өлшемдері 4*4 м, биіктігі 0,3 м. Қорған үйіндісі топырақ аралас ірі және орташалау тастан тұрады. Құрылыс астынан қабыр шұңқыры, табылымдар анықталмады. Үйінді ғұрыптық бағытта пайдаланылғандығы туралы болжам жасауға болады. Ескерткіш ерте темір дәуірімен мерзімделеді.
№4 қорған қорымның солтүстік-батысында, №2 құрылыстан 15 м жерде орналасқан. Тасты-топырақты үйіндісі бар, сопақтау формадағы құрылыстың өлшемдері 8*6 м, биіктігі 0,25 м. Қазба жұмыстары барысында қабыр жабындысының сұлбасы анықталды. Ұзындықтары 20-30 см төрт ұзыншалау тастардан тұратын қабыр жабындысы ұзын осі бойынша СБ-ОШ сызығы бойымен бағытталған қабыр шұңқырына көлденең жабылған. Қабыр шұңқырының ұзындығы 2 м, ені 1,2 м, тереңдігі 1,1 м. Қабыр түбінен басымен СБ бағытталған адам қаңқасы аршылды. Жерленуші солға сәл бұрыла, аяғы бүгіліп жерленген (жартылай бүрістірілген бейнеде). Бас сүйегінің астына тас «жастық» қойылған. Қаңқаның жамбас сүйектерінің оң жағынан дөңгелек, жиектері сыртқа қайрылған қола айна табылды. Айнаның диаметрі 15,5 см. Айнаның сыртқы жағына биіктігі 0,8 см, ұзындығы 2 см ілмек жабыстырылған. Ілмектің ұзын бойы параллельді екі қатар науалы жолақтармен өрнектелген. Айнамен бірге, бір жақ басында диаметрі 1,6 см дөңгелек қалпақшасы бар, екінші басы үзеңгі тәріздес формадағы, жалпы ұзындығы 4 см болатын ілгіш табылды.
Жерлеу ғұрпы ерекшеліктері мен табылған қола айна негізінде ескерткіш тасмола мәдениетінің ерте сатысымен мерзімделеді (б.з.д. 7-6 ғғ.).
№5 қорған №4 қорғаннан оңтүстік-батысқа қарай 2 м қашықтықта орналасқан. Ірі тастар мен топырақтан үйілген дөңгелек формадағы үйіндінің диаметрі 9 м, биіктігі 0,4 м. Қазба жұмыстары кезінде алғашқы тасты-топырақ қабатты алғаннан кейін ірі тастардан қаланған сыртқы қоршау мен үйіндіні бекітуші ішкі тіреуіш-қоршау анықталды. Сыртқы қоршаудың диаметрі 8,6 м, ішкі қоршаудікі 7,2 м. Екі қоршаудың бір-бірінен ара қашықтығы 1-1,4 м аралығын қамтиды. Қорған аумағының орта тұсынан өлшемдері 2*2 м, бұрыштарымен әлем тараптары бойынша бағытталған шаршы формасындағы цисталы-шұңқыр аршылды. Шұңқырдың солтүстікті-шығыс бөлігінде ұзындығы 0,5 м тіген орнатылған тас тақта бар. Қабыр түбінен адам қаңқасының төменгі жақ сүйектері мен омыртқалары табылды. Осы сүйектердің жатуына қарап жерленуші басымен СШ қаратылып, бүрістіріліп жерленгендігі анықталды. Қабір шұңқыры ерте кезде тоналған. Оған қабір шұңқырының әр деңгейінен табылған өрнектелмеген қыш сынықтары дәлел бола алады. Жер үсті құрылыстарының ерекшіліктері бойынша бұл қорған ерте тасмола уақытына жатады (ішкі және сыртқы қоршауы бар үйінді). Цисталы жерлеу камерасы болса, қола дәуіріне меңзейді. Болжаммен, бұл архаикалық, өтпелі сипаттары бар ерте тасмола мәдениетінің ескерткіші (б.з.д. 7 ғ.).
№8 қорған қорымның оңтүстік-шығыс шетінде орналасқан. Ескерткіштің жер үсті құрылысы негізінен бір қатар әр түрлі типтегі тастардан жасалған, дөңгелектеу келген аланды. Оның диаметрі 6 м. Қабір шұңқыры өлшемдері 0,3-0,5 м ұзыншалау келген тастардан қаланған циста. Формасы тікбұрышты, ұзындығы 1,5 м, ені 0,5 м. Ұзын осі бойынша СШ-ОБ сызығымен бағытталған. 0,5 м тереңдікте басымен ССШ бағдарланған, оң қырымен, бүрістіріліп жерленген адам қаңқасы аршылды. Сүйектер анатомиялық дұрыс келбетін сақтаған, бірақ жерленушінің бас сүйегі жоқ. Ескерткіш соңғы қола дәуіріне жатады.
№9 қорған қорымның ОБ шетінде, негізгі ескерткіштердің шоғырынан оңашалау жерде орналасқан. Биіктігі онша көрнекті емес тасты-топырақты үйіндінің диаметрі шамамен 4 м. Орта тұсынан ББС-ШШО сызығымен бағытталған, ұзындығы 2 м, ені 1,5 м, тереңдігі 1 м жер шұңқыр қабір. Шұңқыр түбінен аяқтары бауырына жинақталған, басымен батысқа бағытталған жылқы қаңқасы табылды. Жерлеу барысында жылқының басы бұрылып, тұмсығымен шығысқа қаратылған. Лақыт, адам жерлеу іздері, басқа да артефактілер табылмады. Ескерткіш көне түркі дәуірімен мерзімделеді (6-10 ғғ.).
2008жылы аталған қорымдағы №6 қорғанның үйіндісінен табылған (2007жылы қазылған) қыш қалдықтарды зерттеуге бағытталған қосымша жұмыстар жүргізілді. Қыш бөлшектері төменгі жағында саусақ іздерінің бастырындылары бар жалпайтылған ернеулі, жайпақ түпті ыдысқа жатады. В.Г.Ломанның жүргізген технологиялық анализдері барысында ыдыс табиғи қосынды ретінде ұсақ құм мен ұсатылған сұр темір рудасы пайдаланылған орташа темірленген қалашықтан дайындалғандығы анықталды. Балшыққа жасанды қоспа ретінде 1:5 концентрантта ірі дресва мен көң қолданылған. Ыдыстың бастамасы сұлбалық, ал дене бөлігі жүйесіз бір-біріне қабаттала салынған құрақтардан жасалынған (құрақты-кесекті әдіс). Ыдыс беті былғары немесе шөппен тегістелген. Ыдыстың көптеген аналогиясы Орталық Қазақстанда ертеректе зерттелген ерте темір дәуірінің қоныстарынан алынған материалдарынан табылады. Мұндай формадағы ыдыстар зерттелген қоныстардың барлығынан табылған, әсіресе Сарыбұйрат қонысында оның саны басымырақ. Бұл – Сарыбұйрат қонысынан алынған қыш кешенінің көлемі үлкендігімен түсіндірілуі мүмкін. №6 қорған ыдысының қалыптау массасынан анықталған дресва (үгітілген тас), қоныстық қыштардың қалыптау массасында қолданылатын жасанды қосындылар ішінде екінші орында тұр. Ал ыдыстың құрастырылуының технологиялық схемасы (сұлбалық бастама мен дененің құрақты-кесекті әдіспен даярлануы) зерттелген қоныстық 49 ыдыстың ішіндегі 6 ыдыстан (1 ыдыс Едірей-1 қонысынан, 5 ыдыс Сарыбұйат қонысынан) көрініс тапқан. Яғни, 6-шы қорғанның үйіндісіне қойылған қыш бөлшектері өз ерекшеліктері бойынша қоныстық ыдыстармен бірдей.
Едірей өлкесіндегі жұмыстар. Археология институтының Сарыарқа экспедициясының соңғы жылдардағы зерттеулер барысында Едірей өлкесінен тасмола мәдениетінің көптеген жаңа ескерткіштері ашылды. Соның ішінде көп мөлшерде қоныстық ескерткіштер тіркелді. Тасмола мәдениетінің әр алуан аспектілерін зерттеуде қоныстық мәліметтердің маңыздылығын ескере отырып, сонымен қатар тақырыпты іске асыруда көзделген жоспарларға сәйкес, есептегі жылы Едірей-3 қонысында зерттеу жұмыстары жүргізілді.
Едірей 3 қонысы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Едірей ауылынан оңтүстік-оңтүстік-шығыс бағытта 3,95 км жерде орналасқан. Географиялық координаттары: N - 50 12,597; Е - 77 09,603; ALT - 536 m.
Ескерткіш аттас тау жотасының шығыс етегінде жайғасқан. Қоныс территориясының оңтүстік және оңтүстік-шығыс бөлігінде қазақ қыстауының қирандылары мен күл қалдықтары бар. Қоныс аумағы бойынша тұрғын-жай немесе шаруашылық бағытта пайдаланылған 10-ға жуық құрылыс орындары байқалады. Ертеректе ескерткіштің мәдени-хронологиялық ерекшеліктерін анықтау мақсатында 110 шаршы метр ауданы аршылып, ерте темір дәуірінің қыш үлгілері мен тас құралдары табылған болатын.
2008 жылы қоныста бір үлкен құрылыстың негізгі бөлігін қамтыған 404 шаршы метр қазба салынды. Қазба ауданынан бір-біріне параллель орналасқан, ортақ қабырғамен бөлінген №1 және №2 екі негізгі тұрғын бөлмелері, сондай-ақ, басқадай шағын құрылыстардың (қосалқы құрылыстар, дәліздер) орындары аршылды. Тұрғын бөлмелердің әр қайсысының ені 3 метр, ұзындықтары 17 метр (өлшемдер ішкі периметрлер бойынша алынған). Қазбадан 200-тен астам қыш бөлшектері мен 95 тас құрал табылды. Тас құралдардың басым бөлігі кетпендер (38 дана), кетпендерден басқа қырғыштар, қайрақтар, ұрғыштар (пест) және т.б. құралдар бар. Жиналған қыш бөлшектері ыдыстың үш типіне жатады. Олар – көзе, құты, аздаған мөлшерде аяқтар (кесе тәрізділер) бар. Алынған мәліметтер қонысты тасмола мәдениетінің ерте сатысымен мерзімдеуге мүмкіндік береді (б.з.д. 7-6 ғғ.)
Бұғылы ескерткіштері. ОҚАЭ ертеректе жүргізген зерттеулері кезінде (Ә.Х.Марғұлан, Ә.М.Оразбаев, К.А.Ақышев, М.Қ.Қадырбаев, 1950-1960 жж.) Бұғылы өлкесінің көрнекті ескерткіштері ашылды, оның ішінде Шопа өзенінің жағалауында шоғырлана орналасқан 2 қоныс, 3 қорым бар. Сол жылдары қазбалардан беғазы-дәндібай мәдениеті бойынша қызықты және мағлұматты деректер алынған болатын.
1998 жылы Археология институтының Бұғылы отряды (А.З.Бейсенов, В.Г.Ломан) мұнда жаңа зерттеулер жүргізді. Соның ішінде қазба жұмыстары Бұғылы-1 қонысының №40 үйінде, тасмола мәдениетінің бір қорғанында жүргізіліп, сондай-ақ, Бұғылы-3 кесенесін жан-жақтан қоршай орналасып, жаңбыр суларының құрылыстың ішкі жағына жиналуына ықпал жасап отырған ескі үйінділер алынып тасталған болатын. 2008 жылы Сарыарқа экспедициясы аталған кешендегі нысандарда қысқа мерзімді зерттеулер жүргізді. Кешендегі барлық нысандар тексерілді және олардың қазіргі күнгі мінездемесі жасалынып, жаңа координаттары алынды. Атқарылған жұмыстар Бұғылы ескерткіштерінің қазіргі жағдайы мамандандырылған ғылыми және ескерткіштерді қорғау мекемелері тарапынан арнайы іс-шаралардың бағытталуын талап ететінін көрсетіп отыр. Ең алдымен бұл мәселе Бұғылы-3 кесенесіне қатысты. Бұл ескерткіш (Беғазы сияқты) жарты ғасырдан астам бұрын қазылып, өз уақытында консервация жұмыстары жүргізілмегендіктен, қазіргі кезде тез арада консервация жене реставрация жұмыстарының басталуына аса мұқтаж. Тағы да бір маңызды жайт- зерттеулер көрсеткендей, 1950-1960 жж. суретшілер түсірген Бұғылы ескерткіштерінің сызбаларында әр түрлі деңгейдегі қателіктер бар. Аспаптық өлшемдерге негізделген ескерткіштің нақтыланған мәліметтерін алу бірінші кезекте атқарылуы тиіс шаралар.
Сонымен, «Мәдени мұра» МБ аясында іске асырылған зерттеулер кезінде беғазы- дәндібай және тасмола мәдениеттері бойынша маңызды ғылыми, ғылыми-практикалық нәтижелер алынды. Қазір кезде Беғазы қорымының құрылымы мен параметрлерінің нақтыланған мәліметтері алынып, аспаптық өлшемдер жүргізілген. Айналасы көне дәуірдің ондаған ескерткіштерімен қоршалған қорымның тарихи фоны зерттелуде. Беғазы-ЗБ - бұл беғазы-дәндібай мәдениетінің соңғы сатысы болып табылатын доңғал кезеңінің ғылым тарихындағы ең алғашқы қорымы. Бұл қорымдағы тасмола мәдениетінің қорғандарына келсек, мұнда қос адамдық жерлеу, қаңқалардың жартылай бүрістірілуі, үйіндіде қыштың кездесуі (қоныстық ыдыстарға сәйкес) сияқты және т.б. бірқатар архаикалық, ғұрыпта сирек кездесетін қызықты ерекшеліктер тіркелген. Қоныстық материалдар да аса маңызды мағынаға ие, бұл – тасмоланы зерттеудегі тың тақырып.
Қазір беғазы-дәндібай мәдениетінің негізгі ескерткіштерін қалпына келтіру жұмыстары аса өзекті болып табылады. Консервация және реставрация жұмыстарының жүргізілуі, бұл – нысандарды музейлендіру бағытындағы өте маңызды саты, бұл – ескерткіштердің толық сақталуының алғашқы шарты. Қазігі таңда бұл саладағы іс-шаралар Беғазы қорымындағы кесенелерге бағытталған. Дегенмен, ондаған жыл бұрын қазылған, қазір болса анық авариялық жағдайдағы басқа да кесенелер арнайы көңіл бөлуді қажет етуде.
Беғазы-дәндібай және тасмола мәдениеттеріне қатысты ғылыми, ғылыми- практикалық мәселелерді жете зерттеу ісі, жоғарыда көрсетілген өзекті тақырыптардың барлығы іс-шаралардың алғашқы жоспарында көзделген болатын. Айтылып өткендей, жыл сайынғы қаржылық қысқартулар тақырып пен жұмыс көлеміне сәйкесінше түзетулер енгізуге әкеліп отыр. Сондықтан, тақырыптың толықтай іске асырылуы оның әрі қарай қаржыландырылуы мәселелерімен тікелей байланысты².
Бейсенов А.З., Касеналин А.Е Археологические исследования на могильнике Бегазы II Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2007 жылғы археологиялық зерттеулер жайлы есеп. – Алматы, 2008, 172-174 бб.
Бейсенов А.З., Касеналин А.Е Археологические исследования на могильнике Бегазы I Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2007 жылғы археологиялық зерттеулер жайлы есеп. – Алматы, 2008.