Мұның себебі Берел-2 қорымының обалары ерте темір дәуірінің ерте кезеңіне, яғни, өзге мәдени-хронологиялық ортаға жатады.
Сақ-скиф мәдениетінің бастапқы кезеңіне тән керемет олжаларымен танымал Берел-2 қорымындағы ерте көшпелілер ескерткіштерін зерттеу арқылы біз жер үсті құрылысы мен қабір іші кұрылымын, жалпы жерлеу салтындағы сабақтастықтың ізін анықтай отырып, діни-мифологиялық танымның дамуын, көшпелі мәдениеттегі кірме және жергілікті элементтер ізін анықтауға мүмкіншілік туады.
Берел-2 қорымы орналасқан алқап мыңдаған жылдар бойы мекен еткен көшпелі халықтардың ескерткіштері орналасқан Қазақ Алтайының таңқалдырар алтын бесігі. Одан өзге, мұнда сібірлік сақ-скиф кезеңіне тән жартас суреттері де жетерлік. Бұқтырма өзенінің алқабында орналасқан. Берел-2 қорымы алқапқа көлденең С-О бағытында параллель тізбектеле жатқан обалар тобынан тұрады. Алқапта ауыл шаруашылық жұмыстары жүргізіледі, негізінен жүгері мен мал азығы егіледі. Соның нәтижесінде, ұсақ нысандар мен ғұрыптық конструкциялар, обалар бүлініп кеткен. Ауыл шаруашылық жұмыстары жүргізілген қорым ауданынан малта тастар көптеп тіркеледі.
Сондай-ақ, осы есептік кезең аралығында қажетті нысандар іріктеліп, зерттеу әдістемесі жетілдірілді. Басты нысан етіп алынған оба типологиялық сипаттамасына қарай, ерте сақ кезеңінің әскерін көшпелі қоғамының өкіліне тиесілі деген жорамалмен таңдалды.
Зерттеу барысында жер беті құрылысының батыс және шығыс тараптары алынып, обаның стратиграфиясын зерттеу үшін С-0 бағытта, ені 2 м болатын жал (бровка) қалдырылды. Сондай-ақ, стратиграфиялық қиманың фото және графикалық сызбасы жасалып, одан әрі қазба жұмыстарын жүргізу барысында топырақпен толтырылған қабір шұңқырының фото және графикалық сызбасын түсіру турасында шешім қабылданды.
Қазба нысаны болып мөлшері кіші, үймесі белгісіздеу келген тағы бір оба таңдалып алынды.
№1 обаның қазбаға дейінгі сипаттамасы дөңгелек пішінді, диаметрі 40 м, биіктігі 3 м үсті шым мен әртүрлі шөптесін өсімдіктермен жабылған құрылым болды. Бұл оба солтүстіктен оңтүстікке қарай бір тізбекте жатқан түрлі мөлшердегі бес обаның оңтүстік бөлігінде орналасқан.
Археологиялық зерттеулер барысында №1 обаның негізін тас плита мен орташа және ірі көлемді жұмыртастардан салынған шаршы түріндегі құрылыс құрағаны анықталды. Бұл құрылыс көне жер қабатында орналасқан. Обаның шығыс жағында құрылыстың тастары қабір шұңқырынан шығарылған қалыңдығы 0,15-0,20 м топырақ қабатының үстінде жатты. Оңтүстік бөліктегі қабір шұңқырынан шығарылған топырақ қабатының қалыңдығы 1,10-1,20 метрді құрады. Солтүстік бөлігіндегі қабір шұңқырынан шығарылған топырақтар оба қоршауының ішкі шекарасына тіреледі. Құрылыстың ішкі қабырғасының шеттері бекітілмеген 8 қатар бөренелермен толыққан. Бөренелер бір қатар етіп, бір-бірінің үстіне қарапайым тәсілмен жатқызылған, ұштары түрлі ұзындықта болды. Құрылыс әлемнің төрт бұрышына бағытталған. Биіктеген сайын бөрене ұштары қысқара береді. Бөрене ұштарынан өңделген іздер байқалады. Бөренелердің диаметрі 10-28 см.
Шаршы түріндегі қоршаудағы жиынтық және әртүрлі көлемдегі тастар мен плиталар үшкір пирамида тәрізді пішін беріп тұрды. Көне жер бетіндегі пирамида шым бөліктері мен сары түсті ұнтақты сазбен бекітілуі мүмкін. Тас пирамиданың үстінен қиыршық тасты топырақпен қалыңдығы 0,7-0,9 м үйінді жасалған. Ол пирамида тастарының сырғып құлауынан сақтаған. Тас құрылыстың шетінен 1,33 м арақашықтықта көне жер қабатында арнайы құйылған саз байқалды. Обаның жер беті құрылысының үшінші қабаты қоңыр түсті, аралас топырақ. Қалыңдығы 0,20-0,50 м. Пирамиданың тегіс келген төбесінде ірі жұмыртас тігінен қойылса керек. Бұл тас қазба жүргізу барысында көлденеңінен жатты. Жұмыр тастардың көлемі пирамида табанынан бастап жоғарғыға қарай кішірейетіні байқалды. Пирамида тығыз, әрі ұқыпты етіп қабаттарымен қойылған жұмыртастардан тұрғызылған. Тастар арасынан ашық қоңыр түстес борпылдақ топырақ тіркелді.
Қазба барысында тікбұрышты формадағы, жер бетінде жерлеуі бар пирамида құрылысының негізі сақталынды. Батыс қабырғасында бірі-біріне жапсарлана үш қатар етіп салынған және жоғарғы төртінші қабаттағы жұмыр тастар жақсы сақталынған. үшкірлене келген пирамида тәрізді негізгі құрылыс элементінің айналасынан солтүстік және оңтүстік бөлігінен жұмыр тастардан ұқыпты да реттілікпен қаланған тас үймелер анықталды. Ондағы тастардың мөлшерлері әртүрлі: табанында жұмыртастар ірі болып, жоғарыға қарай кішірейе береді. Стратиграфиялық кескінде олар пирамиданың шетіндегі күмбез тәріздес биіктіктер болып көрінеді.
Жер үсті құрылысының шаршы пішіндес табанының оңтүстік, оңтүстік- батыс бұрышынан қабырғалары тас плиталар мен орта мөлшерлі жұмыр тастардан салынған жерлеу құрылысы анықталды. Құрылыстың негізі плиталармен жабылған тас жәшік болып табылады. Қабір шұңқырының қабырғалары жұқа плиталардан, кей жерлері жұмыр тастардан қаланған. Ол ұзын бойына Ш-Б бағытына созыла орналасқан. Жерлеу нысаны толықтай тоналып кеткендіктен тек адам қаңқасының бірнеше сүйектері ғана тіркелді. Бірге қойылған жабдықтардан ақықтан, жасыл тастан, шыныдан, сүйектен, мыстан жасалған моншақ пен сары түсті металдан сомдалған құйма сырға тіркелді. Жартылай бағалы тастардан жасалған моншақтар негізінен цилиндр тәріздес бір типті болып келеді. Сондай-ақ, ұзартылған биконикалық бұйымдар тіркелді. Шыны моншақтар анағұрлым ірі болып келеді.
Тас пирамиданың шығыс жағында дәліз (дромос) салынған. Тас пирамида мен дәлізді ажырататын белгі ретінде Ш-Б бағытында ұзын бойына қабырғасына қойылған тастармен бөлінген. Тас, гумусталған қара-қоңыр түстес топырақпен толтырылған ағаш қалдықтары кездескен дәлізде адам сүйектері табылды. Шығыс жақ қабырғадағы дәліздің едені ағашпен төселген. Дәліздің бұрыштарында ағаштардың қойылған шұңқырлары байқалады. Олар жер үсті жабындысының тірек ағаштары болуы мүмкін.
Бүтін құрылыс жұмыр тастармен шеңберлене отырып қоршалған. Обаның оңтүстік-шығыс жағында орналасқан тастардың арасынан тұғыр тас анықталды. Қоршаудың ені - 0, 90 см.
№2 обаның үйіндісі топырақтан тұрғызылған. Қабір шұңқырынан адаммен қоса жерленген жылқы мүрдесі табылды. Қабір шұңқырының топырағы байырғы жердің сары топырағымен және ұсақ тасты борпылдақ қоңыр топырақ аралас қосындымен ерекшеленеді. Жер үсті құрылысының стратиграфиясында №1 обадағыдай элементтер кездеседі. Олар үймедегі ұсақ тас аралас тығыз топырақ, қоңыр түстес топырақ және тас. Үнемі ашу барысында обаның орталық тұсында тұғыр тас анықталды. Қабір шұңқырының толтырымы аралас топырақ (ұсақ тас, гумусталған қара топырақ, байырғы жер бетінің сазы) және тас болды. ІІІұңқыр көлемі – 3,55*2,45 м.
Адам қабір шұңқырының солтүстік бөлігінде, үсті тас плиталармен жабылған астауда жерленген. Адам жерленген бөлік жылқы жерлеуінен тас плиталар және жұмыр тастармен бөлінген. Адам жерлеуінің солтүстік қабырғасы қабір шұңқырынан төрт қабат етіп қойылған тас плиталармен және жұмыр тастармен бөлінген.
Астау бүтін ағаштан ойып жасалған. Астау шеттерінен жіп өткізу үшін ойылған ойықтар бар. Астаудың үстіне төселген плиталар таңдалып алынған. Астау қуыс тәріздес жерге қойылған. Астаудың шеттеріне мығым түру үшін тастар қойған. Астаудың көлемі: ұзындығы – 2,29 м, ені – 1,14 м, шығыс жағынан 0,56 м, батыс жақ биіктігі – 0,55 м, ойықтың диаметрі 7-10 см. Жалпы жерлеу құрылысы өзіне бірнеше дәстүрді сіңірген; яғни, ерте сақ заманына тән тас құрылыс және б.з.д 5-3 ғасырларда Алтай ерте көшпелілерінде кең тараған ағаш астау.
Қабір шұңқырының оңтүстік бөлігінде адаммен қоса ішіне басы батысқа қаратыла, бассүйегі сәл көтеріліп жерленген жылқы мүрдесі анықталды. Жылқы әбзелдерімен жерленген. Ауыздық пен сулық қоладан жасалған және ерте сақ заманына жататыны анықталды.
Адамның мүрдесі толығымен тоналып кеткендіктен қаңқа сүйектерінен тек бірнеше сүйек сақталған. Сол себепті, адамның алғаш қандай бағытта жатқызылғанын анықтау мүмкін болмады.
Жер үсті құрлысы мен қабір іші құрылымы негізіндегі алғашқы қорытынды нәтижесінде зерттеу нысандары ерте сақ заманына (б.з.д 7-6 ғғ.) жататындығы анықталды.
Алынған материалдар Еуразия кеңістігіндегі б.з.д. I мыңжылдықта таулы- жазықты, далалы аймақта мекендеген халықтар жөнінде мағлұматтар қорын ұлғайтады. Әсіресе, бұл зерттеулер соңғы жылдары Тыва, Монголия, Ресейлік Алтай, Қазақстан территориясындағы Шілікті алқабындағы жаңа археологиялық ашулармен сабақтаса өзінің өзектілігін арттыра түседі. Қорыта келгенде, алынған материалдар Еуразияның шығысындағы ерте сақ-скиф мәдениетінің шығу тегі мәселесін зерттеу мен пазырық мәдениетінің берелдік нұсқасының қайнар көзін ашуға мүмкіндік береді.