Қорым солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған, әр түрлі көлемдегі төрт қорғандар тізбегінен және жеке жерлеу-ғұрыптық кешендер топтарынан түзілген. Қазіргі күні ерте темір және түркілер дәуіріне жататын 70 обаның 15 зерттелді. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Берел даласының ежелгі тұрғындары адамды бальзамдаудың әдістерін білгендіктері белгілі болды. Сонымен қатар жерлеу ескерткіштерінің жер үсті құрылыстарын белгілі бір ретпен тұрғызудың нәтижесінде қабірде мәңгі тоң пайда болып, бізге дейін жылқылар, киімнің қалдықтары, құралдар, әшекей бұйымдар, яғни кез-келген жағдайда сақтала бермейтін органикалық заттар сақталып қалған. Органикалық заттардың сақталу қалпы молекулярлы-генетикалық, палинологиялық зерттеулер жүргізуге қолайлы жағдай тудырды.
Қорымда бірнеше ірі қорғандардың болуы және олардың тізбекте орналасуы, Берел даласының ежелде көшпелілердің этно-саяси, мәдени орталықтарының бірі болғандығы көрсетеді. Оларды Геродоттың «алтын қорыған грифтер», «аримаспы», «аргиппейлер « «исседондар» деп атаған тайпаларымен ұштастыруға болады. Қазақ Алтайын зерттеуде обадағы жылқыларды лабораториялық жағдайда зерттеу үшін блокпен бүтіндей алу әдісі жаңадан қолданылды, сонымен қатар №10 обада тоналмаған, салтанатты әбзелденген он жылқы табылды.
Зерттеу тақырыбы бойынша көлемі 12 баспа табақ ғылыми еңбектер жарияланды.
Берел қорымы, көлемі 4000*1000 м² жерді алып жатыр. Қорымда бүгінгі күні барлығы 70 жуық обалар мен ғұрыптық кешендер белгілі. Мерзімдемелік кестелеу бойынша ең ерте қорғандарды б.з.б. V-ІV ғғ. ( 2500-2300 жж. бұрын), кейінгілерін б.з. VІІ-VІІІ ғғ. (1200-1300 жж. бұрын) жатқызуға болады. Ескерткіш қазіргі администрациялық бөлініс бойынша Шығыс Қазақстан облысы Қатонқарағай ауданының Берел ауылынан оңтүстікке қарай 7 км жерде орналасқан.
Есеп беріліп отырған кезеңде 2004 жылы табылған заттарды ғылыми сараптау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ №4, 4а, 71, 23 обалардың сызбалары және басқа зерттелген обалардың сурет материалдары өңделіп, 2004 жылдың толық есебі дайындалды. Берел қорымындағы №4, 4а, 71, 23 обалардан табылған заттар сұрыпталып, скиф-сақ және түркілердің жерлеу ғұрпы бойынша жаңа мәліметтер бір жүйеге жинақталды. Қазақ Алтайы ескерткіштерінің құрылыстық ерекшеліктері айқындалды. Берел қорымындағы зерттеулерге байланысты мақалаға материалдар дайындалды. №4 обадан блокпен бүтіндей алынып, лабораторияға алып келінген жылқыларда тазарту жұмыстары іске асырылды. №4, 71 обалар жер үсті, қабір іші құрылыстары, табылған заттары бойынша б.з.д. IV - III ғғ. мерзімделеді және Алтайдағы пазырық мәдениетіне жатады. Қазақ Алтайындағы ерте темір дәуірі ескерткіштері көршілес территориядағы ескерткіштерден құрылысы бойынша ерекшеленеді: қырынан қойылған бекіткіш тастар, қабір маңы шеңбері, қабір үстіндегі тас қаланды. Обаны тұрғызуда ежелгі көшпелілер жерленетін адамның әлеуметтік дәрежесіне тән берген, себебі әрбір қорғанның өзіне ғана тән ерекшеліктері бар.
Жерлеу ғұрпы Алтайдың сақ тайпаларына тән: тастан бірнеше қабатты жер үсті құрылысын тұрғызу, қабірдің оңтүстігіне қойылған қиманың ішіндегі табытқа адамды басын шығысқа бағыттап жатқызу, жылқыларды солтүстік бөлігіне орналастыру, жылқылар мен қиманың үстін бірнеше қабат қайыңның қабығымен жабу. Бірақ жергілікті жерлеу ескерткіштерінің тас үйіндісінің пішіні сопақ, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылып жатыр. Тізбектегі кейбір қорғандардың бір-біріне жалғасып орналасуын жерленген туыстық қатынастарымен түсіндіруге болады.
Берел қорымы және Алтайдан басқа өңірлерде ерте темір дәуірінің жерлеу кешендерінің шығысына, түркілер жерлеу ескерткіштерін тіркестіріп қоятын болған. №10 обадағы археологиялық қазба жұмыстары аяқталды. Оның көлемдері: диаметрі 32*25 м, биіктігі 2 м. Бұл обаның жер беті құрылысы алғашқы зерттелген обаларға ұқсас; оның негізі үлкен плиталардан, балықтың қабыршағы тәрізді бір-біріне қойылған платформадан құралған. Тереңдігі 3,35 м болған қабір шұңқырының оңтүстік-шығыс қабырғасының бойында екі бөренелі қима орналасқан, ал оның солтүстік-батыс қабырғасының арғы жағында жылқылар жерленген. Қиманың ұзын қабырғасы көлденең қабырғасына қарағанда биік. Қима бұрыштарын, ұзын қабырғаларының ұштарын жалпақ жағынан ойып, көлденең қабырғаның ағаштарын ойықтарға кигізу әдісімен біріктірген. Оның ішіне бүтін бөренеден ойып, төрт бұрышына құлақшалар қалдырылған табыт қойылған, оның беті тақтайлармен жабылып, темір шегелермен бекітілген. Табыттың сыртқы, солтүстік-батыс бұрышына қыш ыдыс, төртбұрышты, аяқтары ойылып жасалған ағаш орындық қойылған. Ағаш орындықтың үстіне қой етінің бір бөлігі және темір пышақ қойылған. Қиманың түбіне жалпақ плиталар көлденеңінен төселген. Табыт орнынан қозғалып кетпеуі үшін, оның түптері әр жерінен ұсақ тастармен бекітілген.
Қабірдің солтүстік-батыс бөлігіне аяқтары ішіне қарай бүгіліп. іштерімен қойылған он жылқы жерленген. Солтүстік-шығысқа бағытталып қойылған жылқылардың бастарында чеканмен ұрып тескен іздері сақталған. Жылқылардың барлығы жүгенделген, ерттелген. Олар үш қатарға бөлініп қойылған; бірінші қатарда төрт жылқы жұбымен орналасқан, бастары көтеріліп тұруы үшін олардың астын плита тастармен тіреген. Бүл қатар бірінші қойылып, артынан үш-үш жылқыдан тұратын екі қатар орналастырған, соңғы екі қатардағы жылқылардың бастары алдыңғылардың жамбастарына қойылған. Бірінші қатардағы, қиманың солтүстік бұрышына қарай ойысып кеткен жылқының басына ағаштан жасалған тау текенің мүйізі қондырылған. Ерлердің беті аппликациялармен безендірілген. Үшінші қатардағы жылқылардың біреуінің еріндегі аппликациялары жақсы сақталған. Аппликацияларда беті адамдікі, денесі теңбіл, мысық тұқымдас жыртқыш, басында тау текенің мүйізі орналасқан, қанаттары бар 8 сфинкс бейнеленген. Сфинкстердің алдыңғы жағы қызылға, ал артқы бөлігі көк түске боялған. Осы қатардағы екі жылқының ерлеріне қалқан ілінген. Соңғы қатардағы жылқылардың сулықтарының ұштары бүркіт грифон бейнесінде ойылып, жүгендері ағаштан жасалған қабанның тістеріне ұқсас салпыншақтармен әшекейленген. Екінші қатардағы жылқылардың әбзелдері ағаштан ойылған балық мүсіншілерімен және әр түрлі оюлармен безендірілген.
Бірінші қатардағы жылқылардың жүгендері мен ерлері бүркіт грифон, архар мүсіндерімен толықтырылған. Осы қатардағы жылқылардың біреуінің ері қызыл түске боялған және аппликациялары бар, бірақ аппликациялардағы бейнелер анық көрінбейді. Қалған екі жылқының ерлері алтын және қайыңның қабығынан жасалған оюлармен безендірілген. Бұл қатарда ағаштан жасалған жылқы, бүркіт грифон мүсіншілерінің бастары көптеп табылды. Ат әбзелдерінің кейбір әшекейлері теріден, киізден жасалғандықтан, олардың алтын қаптамалары және ағаштан жасалған бастарының мүсіншілері ғана сақталған.
Алғашқы қатардағы жылқылардың бірінен ұштары алтынмен қапталған, жыртқыш аңның басымен шектелетін қамшының сабы табылды.
Тонаушылар кірген жерден сүйектен жасалған үш қырлы, ұңғылы жебелер (6) салынған горит немесе қорамсақтың қалдықтары табылды. Сонымен қатар оралған архар бейнеленген түймелер тазаланды. Бұл түймелер қорамсақтың немесе адам киімінің бөлшектері болуы мүмкін. Маралдың бейнесі, ойылып алтынмен қапталған сүйек қапсырма да осы жерден табылды. Оның бетіндегі денесі оратылып бейнеленген маралдың артқы аяқтары, басының жоғарғы жағына орналасқан. Тонаушылар кірген жерден алтынмен қапталған архардың және жауырыны мен жамбасында архардың басы ойылған аттың мүсіндері табылды. Бұл мүсіншілер жерленген адамның әшекейі болуы мүмкін.
Зерттеу жұмыстарының барысында антропологиялық, палеозоологиялык. палеоботаникалық, антропохимиялық, технологиялық анализ жасалды. «Древние лошади Казахского Алтая» (Самашев 3., Кашкинбаев К.); «Сокровища мерзлых курганов Казахского Алтая» (Самашев 3., Горбунов А.П., Северский Э.В.) атты монографиялар дайындалды. Қазба жұмыстарының нәтижесінде №11 обадан табылған жылқылардың ағзаларына морфологиялық және патоморфологиялық зерттеулер жүргізілді. Алғаш рет қанның гемотологиялық және ультракұрылымдық өзгерістерінің ерекшеліктері анықталды. Жекеленген криогендік жағдайда екі жарым мың жыл бойы жүрген десмогенез, остеогенез, жануарлардың кейбір жасушаларының қайта құрылу процесстері қарастырылды. №11 обадан табылған жылқылардың жасы (15 жас), түсі (жирен), сонымен қатар қазіргі «жабы» тұқымдас жылқыларға ұқсас екендігі анықталды. Патологоанотомиялық мәліметтер бойынша бұл жылқылар ежелден белгілі жұқпалы инвазионды ауруларға шалдықпаған. Қазақ Алтайындағы археологиялық зерттеулердің нәтижесінде табиғи жағдайда мәңгі тоңды калыптастыру тәсілдері белгілі болды. Берел қорымына байланысты тоң басудың қалыптасу процесінің көрінісі болып табылатын модель жасалды.
«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының «Берел» тақырыбы бойынша 2004 жылдан бері жұмыс жүріп жатыр. Есеп мерзімінде осы қорымда бес объект зерттелді: жергілікті жердің ерте және ортағасырлық көшпенділердің жерлеу ғұрыпының негізгі элементтері, дәстүрлі тәжірибелері алғашқы кезеңіндей жасалды. Солардың ішінде жерлеу ғұрпы жеке кезіксе, сонымен қатар құрбандық шалу, салттық ғұрыптар да белгіленді. Олар ерте көшпенділер мен көне түркілер ескерткіштерінің жер бетіндегі және қабыр ішіндегі құрылысында көрініс береді. Берел қорымының қорғандарынан табылған заттарына жүргізілген салыстырмалы. типологиялық анализ, осы ескерткіштерді мерзімдеуге және қай мәдениетке жататынын аңықтауға болатынын көрсетті.
Берел қорымының ерте көшпенділер дәуірінің қорғандарының табылған заттары қыш ыдыстар, жебенің ұштары, чекандармен, ат әбзел жабдықтарымен және т.б көрсетілген. Қыш ыдыстар құмыралардан тұрады, өздерінің ерекшеліктері бойынша бірнеше топқа бөлуге болады. Олардың ішінде: созыңқы келген пропорциялы сопақша немесе домалақталған денесі бар құмыралар, мойыны ұзын кернейленген; созыңқы сопақшаланған немесе домалақтанған денесімен ыдыстар, аса үлкен емес түзуленген немесе аздап конусталған аузымен; биконусты денесімен, түзу және кең аузы бар құмыралар. Кейбір әшекейлер жапсырмалы бедермен сызықшалап, ойылып безендіріліп минералды бояумен боялған. Бірінші типтегі құмыралар б.д. V-III ғғ-дағы жерлеу ескерткіштерге тән. Жоғарыда айтылған ыдыстар сұйық тағамдарды сақтауға арнайы жасалуы ықтимал, сондай-ақ мойыны қысқа, ернеуі кең құмыраларда құрғақ заттарды сақтауы мүмкін. Әрине бұл ыдыстарда мәйітке арналған тағамдар болған. Берел қорғандарынан табылған жебенің ұштары сүйектен, ұшқырлы, жебе таяағы жағы ойылып жасалған, Орталық Азияның көптеген жерлерінде кездеседі. Осындай жебенің ұштарын ұзақ мерзімде б.з.д II ғ дейін қолданған. Қабыр шұңқырындағы шірінді дақтарынан қорамсаның бар екендігін байқауға болады, бірақ та нашар сақталу себебінен пакты айту өте қиын.
Чекандар – жақын соғыстың қаруы. Осы қарумен жерленген жылқылар өлтірілген, сондай-ақ №11 қорғандағы ер адамның бас сүйегін де чеканмен ұрғандығы көрінеді. Берел қорымында чекандар темірден жасалған, бірақ та қатты карозияға ұшыраған. Чекандардың ағаш саптары ғана сақталған. Құлақшалы чекандар Алтайдың пазырық кезеңіне тән. Ал темірден жасалғандары б.з.д ІІІ-ІІ ғғ. кеңінен таралған. Ат әбзелдердің заттары жүген, сүйектен жасалған айылбастары, сүйек және ағаштан жасалған ат әбзел әшекейлермен көрсетілген. Төртбұрыш қозғалмайтын тілімен жасалған айылбастары б.з.д V-I ғғ. тән. Суылдырықтары – екітесікті, ауыздықтары – қоладан, кейде темірден, шығыршықты кең мерзімдеу шкаласы бар. Берел қорымынан табылған суылдырлықтар негізінен ағаштан жасалған, екі типті: S- тәрізді, екі ұшы барельефте немесе аң мүсінімен әшекейленген және де түзу таяқша тәрізді де кездеседі. Бірінші типтегі суылдырлықтар б.з.д VI-VII пайда болып, б.з.д II ғғ. қолданылады. Екінші типте біріншімен қатар қолданылуы ықтимал. Бір шығырықты қола ауыздықтар, б.з.д VIII -VII ғғ. пайда болып, темірден жасалғандармен қатар қолданылады да б.з.д ІІІ-І ғғ. соңғысын ығыстыра бастайды. Ат әбзелдерін әшекейлеген салпыншақтар барельефте немесе скиф-сібір аң стилінде скульптуралық аң бейнесінде жасалған. Көрсетілген хайуанаттар әлемі өз бейнесінде берілген: бұғы, бұлан, мысық тәріздес жыртқыштар, құстар, грифондар. Бейнеленген аңдар көріністің нақты қойылуымен, шынайы келтірілген, әрбір қимылы дәлме-дәл келтірілгенімен, маңызды мағынасымен ерекшеленеді. Жалпы, Берел қорымынан табылған заттар кешені ерте көшпенділер дәуіріне тән келеді, әсіресе б.з.д IV-III ғғ. Олар, айтылмақ аймақтың көшпенділерінің материалдық және рухани мәдениетінің жоғары деңгейінде болғанын көрсетеді.
Берел қорымының жерлеу құрлысының конструкциялық элементтері (платформа, крепида, панцирь), Таулы Алтайдағы Пазырық мәдениетінің ескерткіштерінде (б.з.д V-ІІІғғ) ұқсастықтарды байқаймыз. Қазақ Алтай көшпенділерінің мәдениетінің ерекшеліктерін жер бетіндегі құрылыстарын байқауға болады: қабір шұңқырының үстін күмбездеп жабу, қабір шұңқырының айналасын қатпарлап жинау, қорғанның негізгі қабатына сақина тәріздес көлденеңінен плиталарды қалау. Қабір шұңқырының үстіндегі байқалған күмбез тәріздес құрылыс, жоспарда домалақ пішінді болып көрінетін, негізгі маңызы бойынша қорғанның жер бетіндегі құрылысының, домалақ немесе сопақша қорғанның пішінін қайталауы өте ықтимал. Көнедегі діни-мифологиялық көзқарастарында, құрылыстың дөңгелек пішіні Аспанды белгілеген, сондай-ақ төртбұрыш - Жерді. Сондықтан да төртбұрышты қабір шұңқырының үстіндегі күмбезінің өзіндік бір мағынасы бар. Әрине, қорған қасындағы қаланған тастар да еске алу немесе құрбандық шалу рәсіміне арналған деуге болады. Берел жазығының көне көшпелілерінің материалдық мәдениетінің айтылған ерекшеліктері басқасынан да байқалады: бейнелеу өнерінің элементтерінен, ағаш өңдеу әдістерінен және т.б.
Берел қорымындағы қорғандарының қабір шұңқырының құрылысында Алтай ерте көшпелілері пазырық мәдениетіне тән көптеген элементтерімен ерекшеленеді: қабырдың оңтүстік жағында орнатылған қима ағаш пен табыт, бірнеше қабат қайыңның қабығымен жабылған жерленген жылқылар және т.б. Кейде бір ерекшеліктері кездеседі: тас жәшікте тәуелді адамдарын бірге жерлеу.
2005 жылы №10 қорғанында жұмыстар жүргізілді. Осы қорғанның құрлысы мен табылған заттары, жоғары информациялық құндылығы бар бай мәліметтер берді, соған қарай отырып, Қазақ Алтайының көне көшпелілерінің діни-мифологиялық көз қарастарын, жерле, ғұрпын, сәулеттік өнері мен құрылыс жүргізу деңгейін байқауға болады. Жаңадан табылған археологиялық заттар консервациялау мен қалпына келтіру жұмыстары жүргеннен кейін. еліміздің мұражайларының қорын толтыратын болады. Қазба барысында алынған артефактыларды ғылыми зертханалық зерттеу нәтижесінде, ата-бабаларымыздың тіршілігімен, салтына көзқарасымызды арттыра түседі.