Есеп мерзімінде №16 оба және біртұтас археологиялық кешеннің айналасында орналасқан, шартты түрде белгіленген №16 А, 16 В, 16 С объектілерінде зерттеулер жүргізілді.
№16 оба Үлкен Берел обасы орналасқан және №11, 9, 10 тоң басқан обаларымен қатар жатқан тізбекте орналасқан. Осы қатарда №18 және 17 обалары да бар. 1998 жылы қазылған №18 оба тастан қаланған жолмен №16 обамен сабақтасып жатқанын атап өтуге болады. Соңғы он жылғы зерттеулер назары негізінен №4, 9-11, 36, 71-74 обаларына аударылғандықтан әр тізбектегі жерлеу ғұрыптарының ерекшеліктері мен жер беті құрылыстарының архитектурасын салыстыру үшін қатарлас жатқан басқа тізбектегі обаларда қазба жұмыстары жүргізілді.
№16 обада бірнеше маусым бойы зерттеулер жүргізілді, себебі объектінің көлеміне және зерттелу тәсіліне қарай әрбір атқарылған жұмысқа тиянақты түрде сипаттама жасалды. Дөңгелек пішінді №16 обаның диаметрі 30,7 м (ОШ-СБ) * 27,25 м (СШ-ОБ), биіктігі 1,8 м. Археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде жер беті құрылысының құрылымдық ерекшеліктері анықталды: обаның негізін «қабыршақтана» қойылған ірі плита тастар құрайды. Қабір шұңқырының айналасына, ішінен шыққан топырақтың үстіне орта көлемді жалпақ тастардан қабырға тұрғызылған, ал оның жиегі ақ түсті жұмыр тастармен қаланған. Қоршау қабырғасының биіктігі 1 метрге жуық, қалыңдығы – 4 метрге дейін. Ал оба айналасын екі қатар етіп түғыртастармен қоршаған: бірінші қатар тігінен орнатқан жалпақ тастардан, ал сыртқы жағы жатқызылған плиталардан тұрады, бәлкім алғашқы кезде олар тігінен тұрған, кейіннен құлап қалған. Тұғыртастың шетінен 1,1-1,3 м қашықта тұғыртас пен қабір шұңқырының айналасындағы қоршау аралығында ұзынша келген ірі жалпақ тастармен немесе блоктармен бір-біріне тығыз қылып, екі қабат қойылған «белдік» сияқты құрылымдық элементтер анықталды. Оның шетінде ірі плиталар жалпағынан қойылғаны байқалады. Олардың үстіне жіңішке плиталар ортадан сыртқа қарай созыла тығыз орналастырылған және орта көлемді жалпақ, жұмыр, блок тастар да кезігеді. Белдіктің ені 90 см-ден асады. Бәлкім, ол жер бетіндегі құрылысты берік қылып тұру үшін арналғандай.
Оба тастарының негізгі бөлігінде аса ірі көлемді плиталар мен жұмыр тастар көп кездеседі. Үстіңгі қабаты – жабынды малта және қиыршық тастар үйіндісінен құралады.
№16 оба төрт бөлікке бөлінді. Екі бөлігінде бейберекет жатқан тастардың барлығын төменгі қатарда ретімен жатқан плиталарға дейін алдық. Сонымен қатар қабір шұңқырының айналасындағы, ортадан сыртқа қарай немесе шеңбер бойымен қойылған ірі жене орта көлемді плиталар мен сырық тастардан жасалған қоршауда қалдырылды. Обаның шығыс бөлігіндегі қабір шұңқырының айналасындағы қоршаудың сыртқы қабырғасы жұмыртастың үйілгендігінен нашар байқалады. Кейбір жерлерде жұмыр тастардың қабырғасын қаламақ болғандары да көрінеді: олар тығыз орналасқан. Негізінен жұмыр тастар ақ түсті және көлемді болып келеді, бұл бөлік обаның төменгі қабатында тығыз орнатылған орта және ірі көлемді плиталардың үстінде жатыр.
Обаның бір бөлігінде тастың қалануының ерекшелігін анықтау үшін, бұл қабырғаның ішкі жағынан тастары алынды. Басқа бөліктерінде осы қабырғаны өзгеріссіз қалдырдық.
Жоғарыда айтылған «белдіктің» құрылыстық элементі болып келетін, бекітпе тастардың арасын плита, жұмыр, малта тастарымен толтырылған ірі плита тастар байқалады.
Жалпы, жер бетіндегі құрылыс тастары қара-қоңыр түстес қара топырақ қабатында жатты. Жер беті құрылысының негізін плиталар мен орташа көлемдегі сырық тастар құрайды. Олардың арасында көбінесе жұмыр тастар, әсіресе ақ түстісі кездеседі. Тастарды алу барысында ерекше көрінгені плиталардың қаланып жатуы болды. Кей жағдайларда ірі тастардың тіреуіші сынды кіші плиталар және ұсақ сырық, малта тастармен толтырылған.
Жер беті құрылысының жоғарғы жиегінде тонаушылардан қалған ойыстарда қыштың сынықтары, киіз қалдығы, металл жүзік табылды.
Обаның солтүстік бөлігіндегі оба маңындағы ортасы қара топырақпен толтырылған қоршауды тазалау барысында жылқы сүйектері табылды. Олар қабір шұңқырының айналасындағы қоршаудың ортасындағы тас үймелер арасында жатты. Жылқының сүйектері қатты тоналғандығы байқалады, қаңқадағы тістері, жіліктері, қабырғалары толық емес. Жалпы сүйектердің сақталу деңгейі нашар, көп бөлігі шіріндіні құрайды. Жылқы сүйектерін тазалау барысында ортасы шығыңқы келген ернеулі, қозғалмалы тілі бар темір айылбас; мыс (?), шеткі жағы өрнектелген айылбас, киіздің қалдықтары (?) анықталды.
Обаның шығыс бөлігінде сарғыш-сұр түсті таза қабір шұңқырының топырағы байқалады.
Қабір шұңқырының ортасы төмен қарай қарап жатқан жұмыр және плита тастардың негізінде анықталды. Қабір шұңқырының батыс жақ шетімен, тастардың арасында, жылқы сүйектері кездесті. Ежелгі жер беті деңгейі қара түсті қабаттан кейінгі сары-сұр түстес материк анықталды. Жалпы шұңқыр тік бұрышты қалыпты құрап, солтүстік жағы тонаушылар әсерінен бүлінген. Шұңқырдың айналасы тығыз сары түсті балшық қабір шұңқырынан шыққан топырақ. Оба маңындағы қоршау плиталары толықтай шығарылған топырақ үстінде жатты, яғни қабір шұңқырының оңтүстік бөлігі топырақтың анағұрлым тығыз жері. Қабір шұңқырының айналасындағы жерде шығыс, солтүстік және батыс жағында қалыңдығы 6-27 см тастар ішінен шыққан топырақтың үстінде жатты. Қабір шұңқырының айналасының жиегінде және қоршау қабырғасының төңірегінде тығыз қара топырақ байқалады, ол сол кезеңдегі ежелгі жер деңгейін көрсетеді. Қабір шұңқырының айналасындағы қоршаудың төменгі қабат жалпақ тастары қалыңдығы 30 см жететіндей қиыршық пен малта тастар аралас қара-қоңыр топырақпен көмкерілген.
Қабір шұңқырының қазіргі жер деңгейінен шамамен 4 м тереңдікте, тонаушылар кірген жерде қойдың екі жауырын сүйегі табылды. Жауырындардың жатысына қарағанда, олар алғашында байлаулы болуы ықтимал. Біреуінде тоғыз, ал екіншісінде үш дөңгелек тесіктер бар.
Көлемі 3,5*5,5 м, тереңдігі 5 м болатын қабір шұңқырында ер адам мен әйел адамның және оларды шығарып салатын сегіз жылқы жерленген. Жерлеу рәсімі қима тағанда (?) жасалған. Ағаш құрылыс пен екі сатыда жерленген жылқыларды ірі тас блоктармен қаланған қабырға бөліп тұрған. Қабір шұңқырының толтыруында жиегімен қойылған ірі көлемді тастар кезігеді. Біздің ойымызша, жерлеу кейінгі тонаушылар әсерінен қатты тоналған. Адам жерлеуіндегі заттарға ортасында өсімдіктердің тұқымын, бояуларды ұнтақтауға арналуы мүмкін, ортасында ойысы бар, тастан жасалған үккіш бұйым; көптеген жұқа алтындардың бөліктері; алтыннан жасалған кішкентай төртбұрыш тәріздес жапсырмалар; мәйіттің киімін безендірген ақ түсті моншақтарды атап өтуге болады.
Ағаш құрылыстың еденінің көлемі 4,88*2,40 м; жылқыларды жерлеу орнының көлемі 5,35*0,8-0,85 м; малтатаспен толтырылған қабырғаның көлемі 4,90*0,70 м; тонаушылар ізінің көлемі 2,47*2,52 м.
Жылқылардың жерленуі: жылқылар қима-тағанның қабырғасының қасына бастары шығысқа қаратыла, аяқтары бүгіле жатқызылған. Шартты түрде жылқылар ағылшын әліпбиі негізінде белгіленді.
Қабірдегі С жылқысын тазалау барысында, тонаушылық әрекетінен қатты зардап шеккені байқалады, in situ қалпында тек артқы дене мүше бөлігінен құймышақ, аяқтары сақталған, сондай-ақ ортасында сопақша болып келген тесігі бар, жіңішке пластиналы шеңбер тәріздес жылқының салтанатты жылқы әбзел бөлігі табылды. Алғашқысында осы пластиналармен бұйымның ағаш негізі жапсырылған болуы мүмкін.
In situ қалпында мыналар жатуы мүмкін: В жылқысы, А жылқысының артқы бөлігі, С жылқысының құймышағы, ағаш конструкция мен жылқыларды бөліп жатқан төрт тас, екі қыш ыдыстардың сынықтары, О-Ш бағыты бойынша созыла орналасқан ағаш конструкция мен мола шұңқырын бөліп жатқан қабырға малта және ұсақ әрі орташа тастармен толтырылған қалпы.
Ағаш конструкцияның қасына жерленген «С» әрпімен белгілеген бірінші жылқының жабдығы алтын фольгамен жалатылған қырлы әшекейден, орта бөлігінде тесігі бар шеңбер пластиналардан, шеңбер пішіндес сары түсті фольга пластиналардан, құйысқан алтын фольгадан кесіліп алынған тіктөртбұрышты пластинамен әшекейленген.
Екінші «А» жылқысының жабдығы, алтын сымдармен өрілген жалдық, үшбұрыш пішіндес әшекеймен және фигуралы пластиналармен, ақық моншақтармен әшекейленген. «В» жылқысында қандай да болсын жабдық элементі тіркелмеді.
Жылқы жабдықтарының салтанаттылығын айқындайтын жәйт 8 жылқының бассүйегі тонау барысында шығарылып, тонаушылардың соқпағында қалдырылған. Қосымша кешен элементтеріне өрілген жіңішке сымдар мен сары фольгадан жасалынған әшекей, жиырма ақық моншақтармен, қырланып әшекейленіп, алтын фольгамен жапсырылған ағаш әшекеймен, толықтырылған фрагменттер жиынтығын жатқызуға болады.
16А және В обьектілері №16 обаға іргелес орналасқан.
16А обьектісі орташа көлемді тастардан тұратын ғұрыптық қоршау кешені. Қоршаудан темір ауыздықтардың фрагменті табылды.
16В обьектісі Б-Ш бағытымен созыла орналасып, тастары бір қатар әрі бір қабат етіп қаланып, пішіні сопақша келген кішігірім қоршау. Ол да ғұрыптық мақсатта пайдалануы мүмкін.
16С обьектісі №16 обаға оңтүстік, оңтүстік-шығыс жағынан іргелес орналасып, орта және ұсақ тастардан бір қабат етіп қаланған кішкентай оба. Конструкция негізін бір қатар етіліп, ірі тастармен қаланған қоршау құрайды.
Қоршауда жылқымен қоса жерленген адамның жалғыз мүрдесі анықталды (?), олар Ш-Б бағыты бойынша жатқызылған. Адам арқасымен, созыла жерленген. Жылқы аяғын ішке бүге жатқызылған. Адам мен жылқының жатыстарына қарасақ, жерлеу ғұрыптық тонаушылық (?) әрекетіне ұшыраған болуы керек, тонау барысында мәйітті залалсыздандыру ғүрпы өтуі мүмкін. Бұған жанама түрде адам мен жылқы басының жоғарғы деңгейде тіркелгені дәлел бола алады. Бастапқыдан адам мен жылқының бағытталуы қарама-қарсы бағытта болған: адам шығысқа, жылқы батысқа.
Кешеннің қосалқы элементтерінің арасында мүйізден жасалған салпыншақ (?), садақтың жапсырмасы, белдіктің қапсырмалары, пышақ (?), сүйектен жасалған заттар, қатты тот басқан темір бұйымдардың қалдықтары байқалды.
Жерленген адамның бас жағында және жылқының аяқ жағында ұсақ малдың сүйектері табылды.
Жалпы алғанда, зерттеу объектілеріндегі жерлеу ғұрпының элементтері қорымда зерттеу жұмыстары бұрын жүргізілген, б.з.б. 4-3 ғасырларға жатқызылған сақ- скиф (№16 оба ) және 7- 8 ғасырдың көне түркі дәуірінің (16А, 16В, 16С нысандары) ескерткіштерімен өз ұқсастығын табады.