Зерттеу жұмыстары қорымның №71, 4, 4а обаларын қамтыды. Төменде соларға қысқаша сипаттама береміз.

№71 оба. Қазбаға дейін оба үйіндісі толығымен шым қабатының астында жатты. Беткі топырақ қабаты аршылғаннан кейін оба- ның толық көлемі 13*14,5 м құрады. Оба үйіндісінің орта тұсынан көлемі 2,10*3,30 м, ал тереңдігі 3,30 м болып келетін қабір шұңқыры аршылды. Қабір шұңқырының оңтүстік-шығыс бөлігінде ағаштан жасалған раманың ішіне қойылған адамның қаңқасы орналасқан. Тонаушылардың әсерінен адамның қаңқасының алғашқы жерленген қалпы бұзылған, өз орнында тек қаңқаның жамбас бөлігі қалған.

Жерленген адаммен бірге нашар сақталған темір чекан және екі жүзді, ұзынша төртбұрыш балдақты қанжар қойылған, сонымен қатар қабірдің әр бөлігінде сүйектен жасалған үш қырлы шегелі жебе ұштары табылған. Қанжардың сабының ұштығы, жүзінің ұшы сақталмаған.

Қабірдің солтүстік-батыс бөлігінде бастары солтүстік-батысқа қаратылған екі жылқы орналасқан. Жылқылардың аяқтары іштеріне бүгілген және бас жақтарында жүгеннің қоладан жасалған шеңберлі ауыздықтары, ағаш сулығы және сулықтың сүйектен жасалған қосалқы бөлшектері сақталған. Жылқылардың біреуінің жүгені жиырмадан астам қабанның азу тістерінен жасалған салпыншақтармен әшекейленген, олардың біреуінде грифон бейнеленген. Сонымен қатар алдыңғы жылқының бас сүйегінің жанынан бірнеше күйдірілген малта тастар тазаланды.

№4 оба. Қазбаға дейін оба үйіндісінің орта бөлігі ғана жер бетінен көрінген, ал жан- жақтарын топырақ басып қалған. Қазба жұмыстарының барысында оба үйіндісін біртіндеп алу және негізгі тастарды ұсақ тас қабыршақтарынан, құмнан, топырақтан тазалау арқылы ескерткіштің жер үсті құрылысы толығырақ зерттелді (1 фото). Сонымен қатар, қазба жұмыстарының әр кезеңі фото және сызбаға түсірілді. Оба үйіндісін топырақтан тазалағаннан кейін оның толық көлемі 22*28 м болды және оңтүстік-шығыс бөлігінен тонаушылардың кірген жолы көрінді. Үйіндінің негізі үлкен тас плиталардан бір- біріне қиюластырып қойылған құрылыстан түзілген. Бұл құрылыс үйіндінің тастарын сыртқа шығармай бөгеп тұрған. Оба үйіндісін айналдыра қоршап, қырынан орнатылған үлкен плита тастардан төрт қатар тұғыр құрылған. Плиталардың арасындағы бос жерлер малта тастармен және ұсақ тастармен толтырылып, бір бүтін кешенді құраған. Үйіндінің өзі әр түрлі көлемдегі тастардан үйілген, ең үстіңгі қабаты малта және ұсақ қатпар тастардан құрылған.

Обаның үйіндісі аршылғаннан кейін обаның орта тұсынан ұзынша төртбұрыш пішінді қабір шұңқырының орны тазаланды. Көлемі 3,20*4,40 м, тереңдігі 3,70 м болатын қабір шұңқыры әлемнің төрт бұрышына бағытталған. Қабірді көму ұшын қабір шұңқырына толтырылған ірі көлемді тастарды шығару бары- сында көне жер бетінен екі метр тереңдіктен ағаштан жасалған күректің басы және сабының кейбір бөліктері табылды. Қабір шұңқырының оңтүстік-шығысында бетін жеті қатар тақтайлармен жапқан үш бөренелі қима-таған ашылды. Қиманың ішінен самырсыннан ойылып жасалған астау-табыт аршылды. Табыттың сақталуы нашар, беті тақтайлармен жабылып төрт бұрышынан қола шегелер қағылған. Қабір толығымен ерте кезде тоналған. Қиманың солтүстік-батысында, бастары солтүстік-шығысқа бағытталған жылқылар орналасқан. Қабір шұңқырындағы қима мен жылқылар қайыңның қабығымен бірнеше қабат болып жабылған.

Тазалау жұмыстарының нәтижесінде, бірнеше жылқы, арқар мүйізі және алтынмен қапталған әшекейлі әбзелдерімен қойылғаны белгілі болды. Сол себепті анықтап тазалау, ат әбзелдерін толыққанды қалпына келтіру мақсатымен жылқылар екі бөлікке бөлініп алынды. Лабораториялық жағдайда жылқыларды тазалау кезінде химиялық анализге қажетті кейбір үлгілер алынады, сонымен қатар ат әбзелдерін консервациялау жұмыстары жүргізіледі. Обадан табылған жылқыларды лабораториялық жағдайда зерттеу, ежелгі көшпелілердің рухани-материалдық мәдениетінің жан-жақты мәселелері жөнінде мүмкіндігінше толық мәліметтер алуға жағдай туғызады.

Жоғарыда айтылған обалар жерлеу ғұрпы, заттай деректері бойынша б.д.д. ІV-ІІІ ғғ. мерзімделеді.

Едәуір кейінгі уақытпен 4-ші обаға жақын орналасқан №4а нысанасы мерзімделеді. Қазбаға дейін айтылмыш ескерткіш жер бетінен байқалмай, тек 4-ші қорғанның үйіндісін тазалау нәтижесінде белгілі болды.

Қазба жұмыстарының нәтижесінде ежелгі топырақ қабатына әр түрлі тастардан тұрғызылған, пішіні сегіз тәрізді, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа 7,0 м созылған үйінді аршылды. Беткі қабатты түзетін тастарды алғаннан кейін жеке-жеке екі тас қоршау көрінді: солтүстік-батыстағының көлемі 3,15*2,45 м, ұзынша төртбұрыш пішінді, солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай созылған; солтүстік-шығыстағы тас қоршау да солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа созылған, көлемі 2,50*1,90 м. Үлкен қоршау бір қатар және бір қабат болып орташа тастардан құрылған. Қоршаудың ішінде жұқа тас плиталарды қыры- нан қойып жасаған жәшік орналасқан. Жәшіктің бетіне жабылған плиталарды кезінде тонаушылар қопарып кеткен. Жәшіктің ішінде адамның бас сүйегінің кейбір бөлшектері ғана кездеседі, қалған бөліктері сақталмаған.

Солтүстік-шығыстағы қоршаудың сырты жалпағынан қойылған тастармен қоршалған. Жәшіктің іші топырақпен толтырылған, заттар табылған жоқ.

Мерзімі бойынша №4а нысаны алғашқыларға қарағанда кейінірек болуы мүмкін, бірақ заттай деректердің және адам сүйегінің жоқтығына байланысты нақты мерзімін анықтау мүмкін емес (2 фото).

Берел қорымында ерте темір дәуірімен мерзімделетін обалар кездеседі және өз ішінде көлемі мен заттары бойынша ерекшеленіп, ежелдегі әлеуметтік жіктелудің бір дерегі болып табылады. Зерттелген қорғандардың бір тізбекке орналасуын сол жерге жерленген адамдардың туыстық қатынастарымен түсіндіруге болады. Зерттеу жұмыстары жүргізілген Берел қорымының қорғандары жер үсті құрылысы және қабір шұңқырының құрылымдық ерекшеліктері, заттай деректері, жерлеу ғұрпы бойынша Алтайдағы Пазырық мәдениетінің кейінгі кезеңіне ұқсас.

Қорымдағы археологиялық қазба жұмыстары қолмен біртіндеп, яғни үйіндіні қабат-қабатымен алу негізінде жүргізілді, нәтижесінде жер беті құрылыстарының архитектуралық ерекшеліктері анықталып, ежелгілердің құрылыс өнерінің кейбір әдіс-тәсілдері анықталды, сонымен қатар жерлеу ғұрпының принциптері айқындалып, сол тайпалық бірлестіктердің дүниетанымдарының кейбір мәселелері жөнінде мәліметтер алынды.

Ерте темір дәуірінің обаларының шығыс жағына орналасатын түркілердің ғұрыптық ескерткіштерінің кездесуі, бұл қорымның кейінгі кездерде де киелі болғандығының бір көрінісі болып табылады. Түркілер өздерінен бұрын өмір сүрген тайпалармен байланыстарының болғандығын біліп, өз ескерткіштерін айтылмыш кезеңнің обаларына жақындатып орналастыратын болған.