БАҚЫТБЕК СМАҒҰЛ, ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

- 2015 жылы Қазақстанда Елбасының бастамасы бойынша Қазақ хандығының 550 жылдығы кең ауқымда атап өтілді. Бұл – қазақ мемлекеттілігінің бастауы болса, ал Жошы ұлысы мен Алтын орда – қазақ ұлтының қалыптасуында шешуші рөл атқарды. Қазақ хандарының Ұлы Атасы саналатын Жошы ханға және Ұлық ұлысымыз болып есептелетін Алтын ордаға лайықты құрмет көрсету – біздің қасиетті парызымыз. Жезқазғанның солтүстік-шығысында 50 шақырымдай жердегі Жошы хан кесенесі – Шыңғыс хан мен оның әулетінен жер бетінде қалған жалғыз белгі. Сондықтан оның жанынан бұл мазардың дүниежүзі тарихын өзгерткен дара тұлғаға тиесілі екенін алыстан әйгілеп тұрар айбынды ескерткіш-белгі тұрғызу маңызды. Шыңғыс ханның үлкен ұлына арналған тарихи кешен тек Шығыс елдері үшін ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемдегі саяхатшылар мен зерттеушілер үшін зор қызығушылық тудырып, туристік тартымды орынға айналары сөзсіз. ХІІІ ғасырдың ескерткіші және планетамыздағы Шыңғыс хан әулетінен қалған жалғыз белгі ретінде Жошы хан кесенесін келешекте ЮНЕСКО-ның «Дүниежүзілік мәдени мұра тізіміне» енгізу жолдарын қарастырған жөн. Себебі, халықаралық беделді туристік операторлар, жеке саяхатшылар сапарын жоспарлағанда, көбіне ЮНЕСКО тізіміне енген ескерткіштерге қарап, бағыт-бағдар түзеді. Қазақ хандарының ұлық бабасы Жошы ханды ұлықтау – халқымыздың ұлт рухының ұлы бастауларынан қуат алуына жол салу деген сөз.

Сондай-ақ, депутаттың айтуынша, Алтын орданың 750 жылдығы аясында Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне кешенді түрде археологиялық, этнографиялық зерттеу жұмыстары жүргізілгені жөн. Кесенедегі таңбалар мен жазуларды тарихи, тілдік тұрғыда зерттеп, реставрация және консервация жұмыстарын жүргізу қажет. Себебі, Ұлы Дала елінің қойнауында тұнған адамзат құпиясын жаһанға насихаттау арқылы Қазақстанның әлемдегі бедел-имиджі нығаяды.