Оңтүстік Қазақстанда Қаратаудың оңтүстік жотасы зерттелді. Арпаөзен және Қойбағардағы ірі ғибадатханалар жаңа методикалық және техникалық деңгейде зерттеліп, археологиялық ескерткіштердің топографиялық сызбалары жасалды және жартас бетіндегі суреттер тіркелді (фототіркеу мүмкін болмаған жағдайда суретке түсіріп, пленкаға көшірілді). Петроглифтердің барлық топтары GPS-ке тіркелді. Қойбағар ғибадатханасында ерте темір ғасыры мен қола дәуірінің үлкен қорымдары табылды. Бұл ескерткіштерді болашақта зерттесек, онда суреттердің салынған уақыты мен бүкіл ғибадатхананың этномәдени болмысын анықтауға мүмкіндік береді.
Далалық зерттеулер осы ғибадатханалармен шектелмеді. Оңтүстік Қаратауда Боралдай өзенінің аңғарында, Қошқарата қонысында, Жіңгілшек, Тектұрмас, Үшөзен, Бересек шатқалдарында петроглифтердің ірі жаңа шоғырлары зерттелді. Бүл ғибадатханаларда суреттер мен басқа археологиялық ескерткіштер тіркелді, мәліметтердің электронды базасы жасалды. Боралдай және Қошқарата ғибадатханаларының топографиялық жобалары жасалды.
Зерттеулердің нәтижелері осы ескерткіштер жайлы дайындалған кітаптарда келтірілген. «Қаратаудың жартастағы суреттері» (Кадырбаев М.К., Марьяшев А.Н.) кітабы жаңадан басылып шықты. Бүл басылымға бұрын-соңды белгісіз болып келген петроглифтер, түрлі-түсті иллюстрациялар, сызба суреттер мен топографиялық жобалар қосылды. Сондай-ақ «Боралдай Петроглифтері» (Байтанаев Б.А., Потапов С.А) және «Қаратаудың жаңа ашылған петроглифтері» (Байпақов К.М., Марьяшев А.Н., Байтанаев Б.А.) кітаптары баспаға дайындалды.
Жетісу өңірінде зерттеулер Аңырақай тауларында (Тамғалы, Қарақыр, Серіктас), Асы үстірті мен Ешкіөлмес тауларында жүргізілді.
Аңырақай тауларында Қарақыр жотасының петроглифтері тізімге алынып, петроглифтердің барлық шоғырлары көрсетілген тиянақты топографиялық план жасалды. Ғибадатханада және оның төңірегінде ерте темір ғасыры және көнетүркі уақытының қорымдары, сондай-ақ түрлі уақытқа жататын салт-жоралғылық алаңдар табылды. Қарақыр жотасының батыс сілемдерінде, Қоғалыбастау қонысында ерте темір петроглифтері салынған 800 астам жартастар зерттелді, бес қыстақ ашылды. Шаруашылық-мәдени, хронологиялық және этномәдени тұрғысын анықтау мақсатымен қыстақтарда археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қоғалыбастау 3,4,5 қыстақта рында салынған шурфтар ерте темір ғасыры қаббаттарын ашуға қол жеткізді. Қоғалыбастау 2 қыстағы бірқабатты болып шықты. Керамика мәліметіне сүйене отырып оны көне түркі кезеңіне (9-12 ғғ.) жатқызуға болады. Қарақыр тауларында жүргізілген зерттеулер нәтижесі «Древнее святилище Каракыр» (Потапов С.А., Алматы, 2007) кітабында жарияланды.
Серіктас шатқалында петроглифтер шоғырланған жерде орын тепкен қола дәуірі қонысында зерттеулер қайта жалғасты. Қыстақтағы зерттеулер он жыл үзілістен кейін жанданды. Үлкен жайдағы қазбаны аяқтап, құрылыс ерекшелігін, этномәдени болмысы мен ескерткіштің уақытын анықтау осы жұмыстардың басты мақсаты болды. Серіктас қыстағында 3*3 м бес төртбұрыш аршылды, мәдени қабаттың тереңдігі 2-2,1 2 м құрады. Тұрғын үй пішіні тікбұрыш, іргесі тастан қаланған. Шығыстағы дуал доға пішінді. Бұл дуал солтүстік-батыс бөлігінде өзінен ертерек қаланған дуалмен жалғасады. Барлық материалдар алғашқы өңдеуден өтті, сүйектер мен керамикаға талдауға тапсырылды. Зерттеулер нәтижесінде қыстақты өмір сүрген уақыты анықталды: кейінгі қола дәуірі, бұдан көне қабат табылмады. Тұрғын үйді зерттеп бітіру 2008 жылға жоспарланып отыр. шатқалда сондай-ақ қола дәуірі мен ерте темір ғасырына жататын петроглифтердің 7 шоғыры анықталды.
2007 жылы археологиялық зерттеулер Асы үстіртінде де, ерте темір ғасыры мен қола дәуірі петроглифтері шоғырланған аудан- да жүргізілді. Қола дәуірі қыстағында 2001 жылы басталған қазба жалғастырылды. Қазба нәтижесінде 3*3 м 4 квадрат аршылды, мәдени қабаттың қалыңдығы 1,55-1,9 м құрады. Үлкен тұрғын үй және оны- мен жалғасып жатқан қора-қопсылар ашылды. Керамикалық материал бойынша қыстақ кейінгі қола дәуіріне жатады. Қыстақтағы төменгі қабаттардың уақытын анықтау үшін көміртекті талдауға үлгілер жинап алынды. Қыстақты 2008 жылы зерттеп бітіру көзделіп отыр.
2007 жылы Ешкіөлмес тауларында бүкіл ғибадатхананың археологиялық картасын жасау мақсатымен археологиялық ескерткіштерді барлау және тіркеу жүргізілді. Петроглифтердің 20 шоғыры, 41 қорым және түрлі кезеңдерге жататын 19 қыстақ ашылды. Зерттеулер жалпы аумағы 40 шаршы км ауданда жүргізілді. Петроглифтерді тізімге алу кәне оларды толығымен тіркеу жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта Ешкіөлмес жотасының археологиялық картасы жасалуда.
2007 жылғы зерттеу жұмыстары нәтижесінде жартас сурет өнерінің ескерткіштерін басқа да археологиялық ескерткіштер: қорымдармен және қыстақтармен қосып қарастыру мүмкіндігі туды. Бұл шаралар жартас суреттері бар ғибадатханалардың этномәдени және шаруашылық-мәдени болмысын анықтауға, петроглифтер арасындағы хронологиялық қабаттарды нақты жіктеуге мүмкіндік береді. Басталған шаралар жартас сурет өнерінің бірегей ескерткіштерін сақтап қалуға, олардың қорғау аумағын және білім беру мен туристік салада қолдану қолдарын анықтауға септігін тигізеді. Қазақстан петроглифтерінің мәліметтік базасы анағұрлым кеңейеді, бул шара ғылыми материалды білім беру саласында қолдануға жағдай жасайды. Зерттеулердің негізгі нәтижелері ғылыми басылымдарда жарық көрді.
Пікірлер
фуууу