Есік обалар қорымы Алматы – Есік тас жолының екі бойымен созылып, Есік қаласының солтүстік-батыс шетінде орналасқан. Ескерткіш алғаш рет 1936 жылы аталады. Қорым өзінің обаларының бірінен табылған «Алтын адам» қабірінен кейін аты әлемге әйгілі болды. Қорымда әр жылдары К.А. Ақышев, А.Г. Максимова, А.С. Загородний және т.б. археологтар жұмыс жасады. Жұмыстың нәтижелері – Жетісудың ерте көшпелілерінің мәдениеті мен тарихын зерттеу барысында алынған ғылыми материалдар мен көптеген жариялымдар болып табылады. Ғалымдардың көзқарасы бойынша Есік қорымы – Жетісудағы сақ мемлекетінің ақсүйектерінің жерленген жері. Жерлеу ғұрыптары бойынша айқын материалдар және биіктігі 10-12 м, диаметрі етегінен 70-100 м болатын түрлі обалар көлемі ежелгі қоғамда әлеуметтік жіктелістің болғандығын дәлелдейді. Ерте көшпелілердің обаларымен бірге бұл жерлерде ортағасырлық дәуірдің жерлеу құрылыстары да орналасқан.
Билеуші өкілдер обаларының қасында қоныстың орын тебуі, бұл аймақтың сақ тайпаларының қоныстанған жерлерінің негізгі орталығы болғанын дәлелдейді. Қазіргі мезетте қорымдағы обалардың жалпы саны 40-тан асып, үйіндінің негізгі бөлігі топырақтан тұрады.
Обалардағы археологиялық қазбалар жерлеу ғұрыптары жөнінде, қабір іші құрылыстарының ерекшеліктері жөнінде жаңа мәліметтер алу үшін, сондай-ақ жобаланып отырған сақ мәдениетінің Мұражайы мен Есік-Талғар археологиялық қорығын ұйымдастыруға байланысты олардың мұражайландыру мен консервациясын жасау себебінен жүргізіліп отыр. Есік қорымының толықтай топографиялық картасын жасау және қорымды көркейту жобасына байланысты құжаттар мен ұсыныстар дайындау жұмыстары жүргізілуде.
Рахат қонысы «Рахат» ауылының оңтүстік-шығыс шетінде, тау етегінде орналасқан. Ескерткіштің Есік қорымына жақын жатуы, ерте көшпелілер мәдениеті жөнінде жаңа мәліметтер алу мақсатында қоныста зерттеулер жүргізуге ұштасты.
Ескерткіш сегіз төбеден тұрады. Орталық төмпешігі тікбұрышты көлемі 60-65 м, биіктігі 17-23 м. Төбені айналдыра ор қоршаған.
Өлшемі 4*4 м болатын стратеграфиялық қазба орталық төмпешіктің солтүстік-шығыс бұрышына салынды (1 фото). Беткі қабатын алған соң және тазартылғаннан кейін көзешінің шарығымен жасалған керамика сынықтары (құлақтары, түбі және ыдыс бүйірлері), мұрыншасы бар қыш майшам, үй жануарларының сүйектері табылды. Одан арғы тазалау жұмыстары қабырғы бөлігін және көлемі 50 см-ге дейін жететін екі шаруашылық шұңқырын (күйдірілген іздері бар) анықтауға мүмкіндік берді. Табылған материалдар, қоныстың беткі қабатын ортағасырлық кезеңдікі екенін дәлелдейді.
Есік қорымында үш қиранды (№4, 5, 6) обаларында қазба жұмыстары жүргізілді.
№4 оба батыс-шығыс сызығы бойынша бағытталған, 4 обадан құралған, оңтүстік- шығыс тізбекте орын тепкен. Обаның диаметрі 11,8 м, биіктігі 0,25 м. Обаның үйіндісі топырақ тас аралас. Қорымның бұл жақ бөлігі бірнеше рет жыртылып, нәтижесінде обалардың солтүстік және оңтүстік бөліктері үйінділері бұзылған. Үйіндінің стратеграфиялық зерттелінді. Мүрде мен бұйымдар обадан табылған жоқ.
№5 оба №4 обадан шығысқа қарай 39 м жерде орналасқан. Обаның диаметрі 14,6 м, биіктігі 0,75 м (2 фото). Обаның орталық бөлігінде, 0,85 м тереңдікте сопақша келген, жерлеу шұңқыры аршылды. Жерлеу шұңқырының көлемі: ұзындығы 2,9 м, ені 1,1 м, тереңдігі 85 см. Қабір тоналған. Ағаш және қыш ыдыстардың сынықтары, сонымен қатар жерленген адамның сүйектерінің ұсақ қалдықтары табылды.
№6 оба қорымның солтүстік жағында ағып жатқан Есік өзенінің сол жағасында орналасқан. Обаның солтүстік бөлігі өзеннің арнасымен бұзылған. Обаның диаметрі 31 м, биіктігі 2,2м. Орталық бөлігінде, осында орналасқан басқа да обалардағы сияқты 1,2 м тереңдікке жететін ойық бар. Сірә, бұл құрылымының бұзылуы немесе тонау барысында пайда болған болуы керек. Обаның бірнеше қабаттан және тас сауытынан тұратын үйіндісінің құрылымы зерттелінді. Жерлеу шұңқыры жобасы бойынша тікбұрышты болып келіп, обаның орталық бөлігінен 1,56 м тереңдіктен аршылды. Өкінішке орай, қабір тонаушылардың назарынан тыс қалмаған. Жерлеу шұңқырының түрлі бөліктері мен деңгейлерінде жерленген адамның сүйектерінің қалдықтары және ағаш сынықтары табылды.
Ағаш, сірә, жерлеудің конструкциясы: табыт немесе қорапқа пайдаланылған болуы керек. Сонымен қатар, ағаш жерлеу шұңқырының бетін жабуға да пайдаланылуы мүмкін.
Зерттеуді одан әрі жалғастыру керек. Яғни, ерте мәдени қабаттарды анықтау және жаңа мәліметтер алу үшін қазбаның аумағын ұлғайту.