Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласынан оңтүстік батысқа қарай 100 км жерде, Ильинка ауылының маңында, Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан. 1967-1968 жылдары археолог Г.Б. Зданович зерттеген. 340 шаршы метр бөлігі қазылып, мұнда аумағы 23х12 м тікбұрыш пішіндес бір үйдің орны ашылды. Жертөле тектес үйдің еденінің тереңдігі 1 м-ге жуық, қабырғалары мен тіреу бағаналарына түрлі жуандықтағы бөренелер мен сырықтар пайдаланылған. Есік ұзындығы 1.5 м, ені 2 м дәліз түрінде шығыс бүйірден шығарылған. Тұрғындар отты 6 ошаққа жаққаны анықталды, бұлардың үшеуі ортада орналасса, қалғандары шығыс және солтүстік батыс бұрыштарда. Заттай деректердің барлығын дерлік қыш ыдыс бөлшектері, ал қалған аз мөлшердегі бұйымдарды сүйек, тас, қола құралдар құрайды. Қоныстан барлығы 2.5 мың қыш сынығы табылды. Ернеуі бар сынықтарды пайдалана отырып санағанда бұлардың арасынан 169 ыдысты ажыратуға болады. Сыртқы пішіні, ою-өрнегі мен дайындау технологиясын зерттей келе ғалымдар ыдыстардың негізгі тобы қола дәуірінің соңғы сатысына жататынын дәлелдеді. Қонысты Қазақстанның солтүстік аймақтарын б.з.б. 2-мыңжылдықтың соңы мен 1-мыңжылдықтың бас кезінде мекендеген тайпалар қалдырған.