Ислам діннің нығайып, қанат жаюымен бірге, мұсылмандықтың әсемдік хақындағы ұғымдары мен салт-дәстүрлеріне үйлесетін жаңа құрылыстар (мешіт, медресе, кесене, т.б.) жаппай салына бастады. Ислам архитектурасының ең бір ғажайып туындысы Меккедегі үлкен мешіт (һарам әл-Мәсжид). Ол - ашық алаң ортасына Қағба орналасқан, төрт жағынан бірнеше қабат ашық галереямен қоршалған, оған тарихи Сафа, Маруа төбелерін галереямен жалғастырып қосқан үлкен кешен. Ислам архитектурасының бір ерекшелігі – әлемнің басқа жерлеріндегі сәулетшілік тәжірибесінде кездеспейтін мұнаралы тұрғын үйлер тұрғызу. Олардың кейбіреулерінің биіктігі 11 қабатты үйдің биіктігіне тең. Алғашында олар тастан қаланған іргетастарға отырғызылып, шикі кірпіштерден тұрғызылды. Дамаск (Шам) Араб халифатының орталығына айналып, билікке Омейя әулеті келген кезде Сирия мен оның төңірегіндегі елді мекендерде аса ірі қамалдар тұрғызылып, көптеген мешіттер мен сарайлар салынды (мысалы Каср әл-Хаир әл-Ғарба, Уалид Кусейр-Амра, т.б.). Аббас әулеті билеген тұста Халиф Мансұр 762 жылы Бағдад қаласын салып, астананы сонда көшірді. Осыған байланысты Месопотамияда (Қосөзен аралығы) Ислам архитектурасы жедел өркендеді. 9-ғасырда Египет Бағдат халифатынан бөлініп шығып, билікке арғы тегі түркілерден тарайтын Тулун әулеті келді. Осы кезде аса ірі ибн Тулун мешіті салынды (879). Египеттегі билік Фатима әулетіне (969 – 1171) ауысқан тұста Ислам архитектурасы одан әрі өркендеп, ел астанасы Каир қаласына көшірілді. Кейінгі билеуші әулеттер – аби әулеті (1171 – 1250) мен мәмлүктер (1250 – 1517) тұсында да Мысы Ислам архитектурасының негізгі орталығына айналып, аса ірі мешіттер мен сарайлар тұрғызылды (Самарра, Фустат, Султан Хасан мешіттері). Арабтар 711 жылы Пиреней түбегін жаулап алып, кейін Кордова халифаты құрылған кезде осы өлкеде де ғажайып Ислам архитектурасы ескерткіштері тұрғызылды. Атап айтқанда, Кордовадағы үлкен мешіт, Гранада әмірлерінің сарайы, т.б. 10 – 13 ғасырларда ислам діні қанатын кеңге жайып, Орталық Азияға, Үндістанға, Кавказға тарала бастады. Ислам дінімен қатар, аталған ендерде Ислам архитектурасы да өркендеді. Мысалы 13 ғасырда Делиде салынған әйгілі Кутб-Минар мұнарасының биіктігі 70 метрге, табанының диаметрі 16 метрге жетті. Бұл мұнараның өнбойы ою-өрнекті 24 шығыңқы кернеумен безендірілген. Бұған қоса Делиде мешіт ауласында тұрғызылған Темір мұнарасы бар. Ахмадабақтағы 1427 жылы салынған Джамми-Мадджид мешіті 70х30 метрлік алаңды алып, онда 260 бағана 15 күмбезді ұстап тұр. Ұлы моғолдар билігі тұсында Үндістанда атақты Тәж – Маһал (1630 – 52) салынды. Оның сырты әлемде теңдесі жоқ ою-өрнектермен, алтын-күміс мозаикалармен көмкерілген, жақтаулары құран мәтіндерімен нақышталған. 10 – 12 ғасырларда Иран, Ауғанстан, Орта Азия мен Қазақстанда да көптеген. Ислам архитектурасы ескерткіштері салынды. Атап айтқанда: Тараздағы Айша бибі, Үргеніштегі Фахриддин Рази, Мервтегі Сұлтан Санжар, Нахичеваньдағы Момине хатун, Исфаһандағы жұма мешіті, т.б. кесенелер. Бұл өлкелерде 14 – 15 ғасырларда Ислам архитектурасы одан әрі өркендеп, Самарқанда Гөр Әмір, Шахизинда, Түркістанда Қожа Ахмет Иасауи кесенелері, Бакуде Ширваншахтар сарайы, т.б. салынды. 16 – 18 ғасырларда салынған Бұхарадағы Мір-Араб, қос медресе, Ляби-хауз, Самарқандағы Регистан, Аградағы Тәж-Маһал (Үндістан) кешендері, Стамбұлдағы Сулеймание және Андрианопольдегі Селиме (Түркия) мешіттері, Турфандағы Сулейман мұнарасы (Қытай), Нұхтағы Шекі хандарының сарайы; 19 – 20 ғасырлардағы ескерткіштер – Бұхара маңындағы Ситораи Мохи Хоса, Хиуадағы Шырғызы хан, Аллақұли хан, Мұхаммед Амин хан медреселері, Батыс Қазақстандағы Бекет ата, Шақпақ ата жер асты медреселері, Айтман, Ерғали, Тәжике және Омартұр кесенелері ислам архитиктурасының озық үлгілеріне жатады; қ. Архитектура.