Тұңғыш рет Аристей Проконесскийдің дерегінен (шамамен б.з.б. 5 ғасыр) мәлім. Көне заман авторлары атап көрсеткендей, осы жүз жылдықта қоныс аудару нәтижесінде Исседондардың бір бөлігі Шу мен Әмудария алқабына келіп қоныстанған. Исседондардың бірнеше бөлікке бөлінетіні ежелгі замандағы жазбаларда атап көрсетілген. Солардың бірі (Птолемей, б.з. 1 ғасыр) Исседодарды сақ (батыстық) және сереклік (алтайлық) деп екі топқа бөледі, сонымен қатар нақ осы алтай тобы “исседондардың үлкен нәсілі” деген болжам жасайды. Византиялық Цец (5 ғасыр) ежелгі шығармаларға түсініктеме бере келе, Исседондар аримаспалармен көрші тұрды, менің ұғымым бойынша, бұлар таңғажайып адамдар деп тұжырымдады. Оның айтуынша, Исседондар жер астынан ағып шығатын өзен бойын жайлайтын, жұлдыздарға табынып, өзенді пір тұтатын адамдар екен. Ал А.Н. Бернштам, Ғ. Мұсабаев, К. Ақышев, Г.А. Кушаев қытай деректемелеріндегі исседондар кейінірек қытай шежірелеріндегі “у-сунь”, Птолемей деректемелеріндегі исседондар үйсін болуы мүмкін деген пікір айтады. Неміс зерттеушісі Альберт Германның пікірінше, “Исседондар” термині Батыс Сібірдің кет тілдік гидронимикасына жатады. Осы негізде ол Исседондарды Исеть өзенінің (Обь) алабында өмір сүрген халық деп есептеген. Германның бұл болжамы дұрыс болуы да мүмкін, өйткені жазба деректерде Исседондар Алтайды мекендеуші аримаспалармен көршілес отырған. Егер ежелгі замандарда Обь өзенінің жоғасыр ағысы және Катунь (Қатын) өз. кет тілдер тобында Эссет (Иссет, Эссес), яғни “Тәңірі өзені” деп аталғанын ескерсек, онда шығыс Исседондар (серскілер) тап осы аймақты қоныстануы мүмкін деген қорытынды жасауға болады.