Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының, Бесқұдық ауылынан 7 км солтүстік батысқа қарай, Ертіс өзенінің жағалауынан 2 км жерде орналасқан. 1980-1982 жылдары Шульба археологиялық экспедициясы зерттеген. Обадан 30-ға жуық заттардың табылуы обаның қола дәуірінен ерте темір дәуіріне өту кезеңінде орнатылғанын аңғартады. Табылған заттарға орай Измайловка екіге бөлінеді. Біріншісі тас жәшіктерден тұрады. Онда мүрделер екі бүктелген қалпы бастары батысқа қаратыла жерленген. Ал екіншісі күрделі жерлеу түріне жатады. Обадан табылған негізгі мүліктер – Орталық Қазақстандағы Беғазы – Дәндібай мәдениеті және Оңтүстік Сібірдегі – Қарасу мәдениеті ескерткіштеріне ұқсас өрнекті қыш ыдыстар. Заттардың қалған бөлігін ат әбзелдері – ауыздық, найзаның ұшы, біз, қашау, т.б. құрайды. Табылған заттай деректер б.з.б 9 – 7 ғасырларға жатады және олардың құндылығы – жергілікті тұрғындар өмірінің соңғы қола дәуірінен темір дәуіріне өту сатысын көрсетеді.