Негізін б.з.б. 825 жылы Тир қ-нан шыққан финикийліктер қалаған. Географиясы өте қолайлы аймақта орналасқандықтан ол көп ұзамай Шығыс жерорта теңізі, Эгей т. жағалауы, қазіргі Италия аумағы елдерімен тығыз байланыс жасайтын аса ірі сауда орталығына айналды. Б.з.б. 8 – 7 ғасырларда Карфаген Солтүстік Африканың Жерорта теңізі жағалаулары мен аралдарында бірнеше қоныстар салып, Пиреней түбегінің оңтүстігіндегі сауда жолдарына үстемдік етті. Б.з.б. 7 ғасырларда Жерорта теңізі батысындағы, Оңтүстік Испаниядағы, Батыс Сицилия мен Солтүстік Африкадағы финикийлер қоныстары сыртқы жаулармен (гректер, тартестер, т.б.) соғысу үшін Карфагеннің айналасына топтасты. Грек қоныстарымен күресте финикийлер этрустармен одақтасты. Сицилия үшін гректермен болған соғыс 300 жылға созылып, б.з.б. 4 ғасырдың аяғында Карфагеннің пайдасына шешілді. Б.з.б. 5 ғасырларда Карфаген Ливиядағы егінші тайпалары, б.з.б. 4 ғасырларда Оңтүстік Испанияны өзіне бағындырды. Олар күміс, өзге де металдар шығарумен, жол тору, кеме тонау, құл сату істерімен айналысты. Сыртқы саясатта көрші елдермен жиі-жиі соғысып отырды. Соның бірі Рим империясымен болған Пуни соғыстары болды. Ақырында З-Пуни соғысында (б.з.б. 149 – 146) талқандалып, қиратылды. Негізін Финикиядан алатын Карфаген өнері Ежелгі Египет және Грекия мәдениетімен тығыз байланыста болды. Ірі құрылыстар (көп қабатты үйлер, ғибадатханалар, мазарлар) тас пен балшықтардан тұрғызылды. Археологиялық қазбалар кезінде Карфаген мәдениеті мұрасынан зергерлік бұйымдар, қысқа шырағдандар, түтіктер, маскалар мен адам бейнесін бедерлеп түсірген астау табылған.