Үлкен, күрделі Катакомбалар Рим маңында, Непольде, Сицилия мен Мальта аралдарында, Солтүстік Африка өлкелерінде, сондай-ақ, Алдыңғы және Кіші Азияда, Балқан түбегінде кездеседі. Атақты Рим Катакомбасы көпке танымал. Мұндағы көптеген кіші бөлмелері бар тармақталған жіңішке жолдардың күрделі лабиринт тәріздес жүйесі кеңінен зерттелген. Саны аз христиан қауымы Рим императорларының қатты езгісінде өмір сүріп, үнемі олардың қудалауында болған. Сол себепті алғашқы христиандар осы жер астындағы құпия құрылыстарға тығылып, жасырын жиындарын, діни мінәжаттарын өткізген және өлген адамдарды жерлеген. Рим Катакомбалары б.з.б. 2 – 4 ғасырларда кеңінен қолданылған. Қазақстанда Жетісу ақтарының Бесшатыр қорымын зерттеу барысында №3, №6 үлкен обалардың астында Катакомбаға ұқсас құрылыстар ашылды. №6 обаның Катакомбасы үйіндінің солтүстік батыс етегінен басталады да, жер астына түсіп, оба аумағын кесіп өтеді. Ұзын бойынан басқа, оның бүйірлерінен 7 қосымша тұйық дәліздер шығарылған. Жолдардың жалпы ұзындығы 55 м, биіктігі 1,1 – 1,68 м, ені 0,7 – 0,8 м. Төбелері күмбезделген. Әр жерден қабырғаларға арнаулы ескерткіштер жасалып, жер астына жарық беретін шырағдандар қойылатын болған. Жолдардың кіре беріс аузына қабырғалар бойына екі – екіден 4 ағаш баған орнатылып, үсті бөренелермен жабылған, еденінде кезінде басқыш қызметін атқарған үлкен тақта тастар бар. Археологтардың пікірінше, сақ көсемдері жерлеген үлкен Бесшатыр обаларындағы Катакомба абыздардың жасырын діни ғұрыптар өткізуі үшін жасалған. Одесса катакомбаның астындағы және Керчь маңындағы Аджимушкай Катакомбасы 2 – дүниежүзілік соғыс кезінде кеңес әскерлері тығылған қамал қызметін атқарған. Бұл екеуі де арнайы салынбаған, алғашында жер астынан тас қазып алу барысында пайда болған.