Қара теңіз бен Кавказдың солтүстігіндегі далалық өлкелерде тараған. Ескерткіштер батыста Днепр, шығыста Орта Еділ өзенінің, солтүстікте Курск мен Елец қырлары мен оңтүстікте Қырым өлкесі аралығын қамтиды. Алғаш рет В.А. Городцов 20 – ғасырдың басында Солтүстік Донец өзені алқабын ашты. Кейін Б.А. Латынин, А.П. Круглов, Т.Б. Попова, С.Н . Братченко және т.б. жаңа деректер негізінде біршама толықтырулар енгізіп, жалпы сипаттамаларын жасады. Деректердің басым көпшілігі әр аймаққа кеңінен тараған зираттардан алынды. Мәдениеттің атының өзі жерлеу ескерткіштерінің ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан. Катакомба жер асты қабірі ұғымын береді. Мұндағы кішігірім шұңқыр қабірлердің бүйірінде ақым тәріздес бөлек жерлеу бөлмесі, яғни катакомба жасалып, мүрделер соның ішіне қойылған. Негізінен, онда мүрдені бүрістіріп жерлеу тәсілі тән. Ал қоныстар аз зерттелген. Камышин қ. мен Луганск төңірегінен, сондай – ақ, Дон өзені бойынан ашылған қоныстардан құнды деректер алынды. Оңтүстік өлкелердегі тайпалар қамыстан тоқып, сырты балшықпен сыланған үйлерді мекендесе, солтүстік пен шығыста ағаш шатырлы жеркепе түріндегі баспаналар тараған. Қолдан құйылған жапырақ пішіндес пышақтар, тесікті балталар, біз бен іздер түрлі әшекейлер заттық мәдениеттің ерекше белгілеріне жатады. Сонымен қатар, тұрғындар өмірінде шақпақтастан жасалған жебе мен найза ұштары, пышақтар мен қырғыштар, тесікті балталар сияқты тас құралдар әлі де болса көбірек орын алады. Тас балталар, т.б. құралдар ерекшеліктері бойынша Солтүстік Кавказ ыдыстары әр түрлі. Сипаттамасы жағынан Көнешұңқыр мәдениетінің қышынан мүлдем оқшауланып тұрады. Бүйірі шығыңқы, мойны жіңішкелеу көзелер кеңірек қолданылған. Үшкір құралдармен басылған оюлар, негізінен, үшбұрыштар, шеңберлер, спиральдар. Отырықшы тайпалардың негізгі кәсіптері егін, мал шаруашылығы болған. Жерді шағын тас кетпендермен өңдеген. Оңтүстікте қойды, солтүстікте сиырды көбірек өсірген. Барлық өңірде де балық аулау мен аңшылық дамыған. Ескерткіштердің таралу аумағы өте үлкен болғандықтан, оларға түрлі дәрежедегі аймақтық өзгешеліктер тән. Осы орайда ғалымдар жекелеген аймақтық мәдениеттерден тұратын үлкен катакомба мәдени қауымдастығы деген атауды ұстанады. Мысал, Донецк алқабында тараған нұсқасын осы қауымдастыққа кіретін жеке Донецк мәдениеті ретінде қарастырады. Катакомба мәдениетінің шығу тегі күрделі мәселелер қатарында саналады. Зерттеушілердің пікірінше, оның іргетасын қалауға өзінің алдындағы Көнешұңқыр мәдениетінің тайпалары қатысқанымен, сырттан келген ықпалдардың әсері үлкен болған. Соның ішінде, Солтүстік Кавказ тарапынан келген тайпалардың қомақты мәдени әсері бар. Қыш ыдыстың қалыптасуында Орталық және Шығыс Еуропа көне мәдениеттерінің ықпалдары көрінеді. Тіпті катакомбалап жерлеу ғұрпының өзі жергілікті мәдени дәстүрге жатпайды, бұл Жерорта теңізінің маңынан келген болуы мүмкін.