Оның феноменді түрі беғазы-дәндібай мәдениетінде атап өтілді. М.Қ. Хабдулина, Р.Б. Исмаилов, В.И. Молодин, В.В. Бобров, В.В. Варфоломеев еңбектерінде беғазы-дәндібай феноменінің әр түрлі жақтары көрсетіледі. Үлкен беғазы-дәндібай қауымдастығы Қазақстан, Батыс Сібір және Синьцзянь аймақтарында өмір сүрді ме деген сұрақ қойылады. Беғазы-дәндібай кезеңінде қала мәдениетіне ұқсас тұрғын орындардың пайда болуы туралы мәселе өнделуде. Шортанды – Бұлақ, Бұғылы 2, Мыржық сынды қоныстар негізгі белгілер қатарында қала санағына кіреді. Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының Қызылкеніш өзенінің сол жақ жағалауында (Талды өзені құйылысы) Кент ауылынан шамамен 6 км шығысқа қарай орналасқан қала типіне ұқсас белгілері бар қоныстардың бірі – Кент қонысы. Храмы, ауыл шаруашылығы мен қолөнер өндірісі бар, халық саны бірнеше мыңға жететін ертедегі қалалардың аумағы 5000 шаршы метр екені көпшілікке белгілі.
Қазіргі уақытқа дейін Кент қонысында тек қана сүйек ою шеберхана орны табылды. Бірақ, полиметалл кезеңіндегі қажет өндірістерінің бірі – металлургия өнеркәсібінің іздері табылған жоқ. Сонымен бірге 1985 ж. табылған заттар қатары нақты қызығушылық танытады. Кент қонысына қарама-қарсы Қызылкеніш өзенінің оң жақ жағалауына жаяу жүргізілген барлау маршруты нәтижесінде жер бетіне шығып жатқан шлак қалдықтары кездесті. Алат деп аталатын орынға 1991 ж. барлау қазба жұмысы жүргізілді, нәтижесінде темір рудасы, сарғары-алексеевка түріне жататын шлак қосылған керамика табылды. Ал, 2004 ж. металлургиялық өндірістің сақталған бөлігін жарыққа шығару үшін, шлактың археологиялық жасы мен пайда болуын анықтау мақсатында қазба жұмысын жүргізілді.
Алат орны орманды қырат сайында орнаасқан. Бұл жерде 20 жеркепе қалдық іздері мерзімге алынды. Олар сопақ және шеңбер формалы болып келеді. Өлшемдері 4-10*4-8 м. Тұрақтар террасаға жақын жерде бір қатар бойына орналасқан. Тұрақтарға қарама-қарсы бетінде өртке қарсы минерализовалық жолақ жүргізілген.
1991 ж. қазба жұмысы орнының жалғастыру мақсатында 2004 ж. 270 шаршы метр көлемінде қазба орны алынды. Мәдени қабатының қалыңдығы 0,6 метрден 1,5 м дейін. Қазбаның батыс бөлігіндегі тереңдігі 1,5 м. Зерттеу барысында қазбаның батыс бөлігінен пеш көкжиегінің деңгейінде орналасқан тас қиранды құрылыс табылды. Сонымен қатар бұл құрылыс синхронды пешпен бірге металлургиялық кешен компоненті ретінде қосымша бағалы мәлімет беруі мүмкін. Сондықтан белгілі өндірістің бөлмесін анықтау үшін қазба орны кеңейтілді.
Бөлменің ішкі мәдени қабаттары мен құрылыс өндірісінің қабырғасын тазалап беткі қабатын алғаннан кейін қазба шекарасының мәдени- хронологиялық жағдайын анықтауға және де құрылысқа жалпы сипаттама беруге болады.
Мәдени-хронологиялық жағдай екі көкжиекті – төменгі, ерте көкжиек беғазы-дәндібай уақыты, жоғарғы, кейінгі көкжиек доңғал уақытын сипаттайды. Хронология жағынан төменгі көкжиек б.з.д. II мыңжылдықтың соңғы ширегіне, ал жоғарғысы б.з.д. II-I мыңжылдықтарға жатқызылады. Төменгі көкжиектен ошақ, шаруашылық және бағана орлары, таспен толтырылған (мұндай құрылыстар арнайы өндірістік ошақ ретінде пайдаланылған) төрт канал тәрізді орлар диаметрі 1,5-2 м, ені 0,6-0,8 м табылды. Осы мәдени қабаттан табылған қола пышақ, жебе ұшы, сарғары-алексеевка керамикасы, тас үккіш, қырғыш, тас жылтыратқыштар (лощила), жануар сүйектері, қола қоспасы бар бірнеше шлак жұмырлары, қалың қабырғалы саз тигельдер ұсынылған.
Мәдени қабаттың жоғарғы көкжиегінде ұзындығы 2-4 м түтін жолы қабырғалары мен тастан қаланған төрт пеш іздері табылды. Ертедегі металлургтар төменгі мәдениет көкжиегінде 0,15 м қалыңдықта саз алаң жасап, үстіне 0,4-0,5 м көлемде шөп төсеп, бетін 0,15 м қалыңдықта саз қопасын құйған және осы қабатқа тастардан пештің ірге тасын құрастырған. Пеш жанынан екі көрік түтікше фрагменті, темір руда бөлшегі, руданы үгітуге қолданылған тас-төс, сырттан әкелінген және валикті керамикалар табылды. Пештің ішінен ашылған қола ұңғылы жебе ұшы кездесті. Темір еріту өндірісінен он килограммдай шлак табылды.
Өндіріс орны – ошақ орны, шаруашылық және үш бағана оры бар тас қабырғалы жеркепе, көлемі шамамен 60 шаршы м. Сүйек жебе ұшы, қырғыш, тас жылтыратқыш, валикті керамикалар табылды. Қола шоттың мерзімделуі Лобойковск қазбасынан табылған Т-8 тобына (XII-IX) жатады.
Керамика коллекциясы 1389 фрагменттен тұрады. Саздан жасалған ыдыстардың қалдықтарын екіге бөлуге болады. Бірінші топқа 1373 фрагмент жатса, оның 77 мойын, 1253 қабырғасы, банка және тостаған тәрізді жеке немесе құмыраның түп жағының 43 фрагменті есепке алынды. Қабырғаларының қалыңдығы 6-дан 13 мм дейін. Ыдыстардың көпшілігінің мойыны қысқа тік немесе әлсіз байқалатын қырын пішінді, көлденең тұратын немесе кішкене сыртқа қайырылған. Ернеулер шеңберленіп, қалыңдатылып, үшкірленіп, ал кейбірі сырқа қарай қайырылып келген. Ыдыстардың сыртқы беті мойын, бүйірінің жоғарғы бөліктері дөрекі кесінді өрнегімен, ірі тісті, тарақ тісті штамппен, үшбұрышты батырылған және семішке бейнелі өрнектермен әрлейтін болған. Ыдыстардың әлсіз бейнеленген мойын бөліктеріне бүртік, тырнақты өрнектерден ою салынған.
Екінші топтағы керамикалар шарықта және жапсырмалы тәсілмен шарықта жөндеу арқылы дайындалған ыдыстардың 16 фрагмент есепке алынды. Бүл керамикалар сары-сұр және қара түсті болып келеді. Ыдыстың ішкі жағынан тамақ пісірген іздері жақсы көрінеді. Қоспа өте мықты, оны иі қанған саздан жасалғаны байқалады.
Алат керамикалық кешені Кент қонысы материалдарымен сай. Басқа да құрал-саймандардың жасалау технологиясында да ұқсастықтар бар. Кент сол жақ жағалауда орналасқан Алат, Алат 1, және Алат 2 тұрақтарымен бірігіп өте үлкен қонысты құрайды. 2004 ж. қазба жөнінде осы тезис бекітеді. Сонымен бірге Алатқа жүргізілген қазба жұмыстарының нәтижесінде қола дәуірінде темір өндіретін өндірістің болғандығын анықтадық. Ә.Х. Марғұланның Орталық Қазақстанда темір рудасы мен шлактардың кездейсоқ табылғандығы жөніндегі хабары тек жалпы көріністі берген болатын. Ал, Алат қазба орнынан тек қана темір рудасы мен шлак қана табылып қойған жоқ, сонымен бірге металлургиялық пеш орындары да қазылды. Бұл фактіні бағалау өте қиын. Біріншіден, темір ғасырының алғаш пайда хронологиясын қайта қарауға негіз табылды. Алаттан ашылған жаңа материалдардан ерте темір ғасырының өтуін б.з.д. VIII ғ. емес, қайта б.з.д. X-IX ғғ. мерзімдеуге, яғни кезеңді екі ғасырға ертелетуге мүмкіндік береді. Екіншіден, қазба барысында табылған металлургиялық шеберхана орны ерте өндірістің бір қажетті белгілерін көрсетті. Алатта металлургиялық кварталдың болуы Кент қонысының қалалық маңыз атқарғанын көрсетеді. Бұдан шығатын қорытынды Қазақстанда қалалық мәдениеттің ерте ортағасырда емес, б.з.д. 2 мыңжылдықтың соңында басталғанын көруге болады.