Зерттеу қала-жұртының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан цитаделде жүргізілді2.
Ескерткіштің сыртқы түрі және параметрлері С.П. Толстовтың сипаттамасы мен жобасына сәйкес келеді. Ол өткен ғасырдың ортасын- да қалашықта зерттеулер жүргізіп және аэрофотолық суреттерін алған болатын3.
Қала-жұрты көлемі 100*100 м болатын, жобасы шаршы пішіндес келген. Бүгінде жайылып, үйінді тәрізді пішінге айналған қабырғаның биіктігі 7-8 м. Төрт қабырғаның әрқайсында кішігірім жайылған төмпешік түрінде мұнараның орындары сақталған. Қабырғаның жоғарғы жағында және цитаделдің ішінде, кейбіреулері мәдени қабатпен үндес келетін ыдыс сынықтары, металлдан жасалған бұйымдардың фрагменттері, жануарлар сүйектері және т.б. заттар ұшырасады. Бекіністің ішкі бөлігінде, қабырғаларды бойлай күйдірілген кірпіштердің тұтас және сынық бөліктері көптеп кездеседі. Цитаделдің ішкі алаңында да төмпешіктер мен апандар жүйесіз орналасқан. Бұлар соңғы уақыттарда пайда болғаны анық аңғарылады.
Қазбаға ішкі сектор, солтүстік-шығыс бұрыш тандап алынды. 2005 жылы дәл осы қабырғаның сыртқы секторында кішігірім қазба салынған болатын4. Осы себепті жаңа қазба жұмыс барысында ескі қазбамен қосылып, жалпы координаттық тордың нәтижесінде қабырғаның қималық профилін алу үшін салынды. Қазбаның жалпы көлемі 180 ш.м құрады.
Қазбаның стратиграфиясы саман құрылыстың қирауы нәтижесінде пайда болған күңгірт-сүр түсті шаңды супес қабатты болып келген. Қабаттың қалыңдығы түрлі бөліктерде 15 см-ден 30 см-ге дейін жетеді. Тазалау барысында керамиканың, ағаш шалалары және жану- арлар сүйектерінің аздаған фрагменттері ұшырасты.
Келесі қабатта күңгірт-сүр түсті келген. Бірақ бүл қабат көлемі 30-60 см болатын шикі кірпіш сынықтарымен нығыздалып қалған. Осы деңгейде тұрғын шикі кірпіштен тұрғызылған үйлердің қалдықтары ұшырасты. Кірпіштерінің өлшемі 22*22-20*20*6 см. Сонымен қатар, бүл қабаттан қаланың ортағасырлық кешенімен байланысты емес, мұсылман дәстүрінде жерленген 3 баланың қабірі табылды. Осы қабат пен еденнің саз сыландысы арасында ағаш шалалары мен жанған сүйектердің ұсақ фрагменттеріне толы күңгірт-сүр, күлді супесті қабат орналасқан. Олжалардың негізгі бөлігі осы қабаттан табылды. Қабаттың қалыңдығы бөлмеге байланысты, 5 см-дан 30 см-ға дейін жетеді.
Қазба барысында, солтүстік сектордан цитаделдің солтүстік және шығыс қабырғаларының түйіскен жерінің үстіңгі қабаты жартылай аршылды. Нәтижесінде, ірі пахсалық блоктардан салынған қабырғаның ішкі бөлігі бірнеше қатар шикі және күйдірілген кірпіштермен қапталғаны анықталды. Күйдірілген кірпіштердің өлшемі 22*22*6 см. Қабырғаға үлкен тұрғын үй жалғасқан. Бұл үйдің бір бөлігі қазба торларында қамтылды.
Шаруашылық және тұрғын-жайлық мақсаттағы бөлмелер ерекшеленеді. Қазбада ортаңғы бөлігінде ошақ орналасқан ас үйлік бөлменің қалдығы зерттелді. Ошақ төртбұрышты келген, өлшемі 1,1*0,9 см, жиегінің биіктігі 0,1 м. Ошақтың қасынан ыдыс-аяқтың сынықтарының үйіндісі табылды. Олар хум, бақыраш, саз дастархан түрінде келген. Тұрғын бөлмелерден қабырғаны бойлай созылған суфаның қалдығы тазаланды. Бөлмелер кішігірім ошақтардың көмегімен жылытылған.
Оңтүстік сектордың қазбасынан, басқа бөлмеден де ошақ табылды. Ошақ төртбұрышты келген, өлшемі 2,16*1 м. Ошақтың ішінен, оңтүстік қабырғаның қасынан екі қошқардың басы бейнеленген, бай түрде өрнектелген және «емізік» тәріздес жапсырмалары бар жартылай қираған сазды алтарь аршылды. Бүл дүниенің жақын баламалары Л.М. Левинаның5. Күйік Кескен қаланың жоғарғы бөліктерінен жинап алынған материалдарының арасында кездеседі, және де Жетіасар мәдениетіне жатқызылады. Жанкенттік тәріздес, қошқар бастарының мүсіндік бейнелері Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайының көрмесінде қойылған6.
Алтарды тазалау барысында қасынан, зергерлік бұйымдар мен қара шыныдан жасалатын моншақтарға пайдаланылатын, жартылай шошақ келген екі шыны тұғыр табылды. Алтардың іргесінде, күйдірілген кірпіштердің ұсақ сынықтарынан құрастырылған кішігірім шұқанақта, пішіні тостақ тәріздес келген ыдыс орналасқан. Сонымен бірге ошақтың қасынан тас диірменнің үстіңгі бөлігі және бірнеше ыдыстың сынықтары кездесті. Сірә, бұл бөлме сондай-ақ, үйдің ғибадатханалық рөлінде атқарған болуы керек. От ғұрпымен байланысты алтардың осыған ұқсас турлері Сырдарияның және онымен іргелес өңірлердің көне қалаларынан белгілі. Онда олар қала тұрғындарының арасында ислам діні әбден орныққан уақытқа дейін, яғни II мыңжылдықтың бас кезіне дейін тұтыныса болған7.
Зерттеу барысында саздан жасалған ыдыс-аяқ сынықтарының мол жиынтығы жинап алынды. Олар жасалу әдісіне қарай екі түрге бөлінеді: илемелік және станоктік.
Станоктік керамика жуқа дисперсті қамырдан иленген, бірқалыпты күйдірілген, әрі жақсы сырылған, қоңыр және ашық-қоңыр түсті кішігірім тостаған түрлерінде келген. Тостағанның ернеулерінің жиегі сопақ және сыртқа қарай аздап қайырылған. Табаны жалпақ, бүйірінде тұтқасы бар. Тостағандар өрнектелмеген. Тек бір экземплярында қырналған тамға тәріздес белгілер бар.
Біріншісі, «крест» тәріздес белгі бір-бірімен тоғысатын, екі ұзын және екі көлденең сызықтар, ал екіншісі екі көлденең көлемдегі сызықтар түрінде орындалған.
Станоктік керамиканың арасында түрлі сапа мен әр түсті саздан жасалған кішігірім хумдар, құмыралар, кеселер ұшырасады. Станоктік керамика әлсіз өрнектелген. Өрнектік түрдің басым бөлігі ретінде көлденең сызылған, ыдыстың иығының жоғарғы тұсын айнала «толқындар» мен белдеулер орын алады. Бірнеше жағдайда иректі штампты айырма, иректер және крест тәріздес іздерді пайдаланғаны кездесті. Бүл ыдыстарды дайындауда сырма және ангоб кең түрде пайдаланылған.
Керамиканың бұл тобы жетіасар дәуірінің керамикалық кешенімен, Оңтүстік Қазақстан және көне Хорезм қалаларының материалдарымен ұқсас келеді8.
Илемелік ыдыс-аяқ ірі хумдардың, бақыраштардың, құмыралардың, шырағдандардың, табақтардың, қақпақтардың сынықтары болып келеді, жәнеде ол әр түрлілігімен, өрнектерінің сәндігімен станоктік керамикалардан ерекшеленеді. Әдетте, илемелік ыдыстар құм, органика және қиыршықтар араласқан, ірі дисперсті қамырдан дайындалады. Олар түзу емес, яғни «алаулық» күйдіруге ие. Илемелік керамика өрнектелу және сәнделу дәрежесіне қарай, шартты екі топқа бөлінеді.
Біріншісін, беті жақсы жағылған немесе сырылған ыдыстар құрайды. Әдетте, оларды кескінді белдеулер, иректі іздер, шыршалар, үшбұрыштар, шеврондар және т.б. түрдегі мол өрнектер бөлектеп тұрады. Ернеу астында және кеудесінде құлақшалар, қалыңдатқыш- жапсырмалар кездеседі, сондай-ақ станоктік керамикалардағы сияқты, құмыралардың бүйірінде иленген тұтқалар бекітіледі.
Екінші топты дөрекі, әлсіз тегістелген, сирек өрнекті ыдыстар қүрайды. Мысалы бақыраш тәріздес ыдыстар ернеулерінде сирек басылған іздермен өрнектелген.
Илемелі керамиканың өрнегінде көшпелілерге тән қошқар мүйіздің мәнерленген дәстүрі, өсімдік өрнектері оңай аңғарылады. Керамикалық кешеннің синкретикалығы Арал өңірінде, көшпелі және отырықшы халықтардың араласуы өте жоғары деңгейде болған, оғыз кезеңіндегі күрделі этномәдениеттік процестерді көрсететін болса керек.
Қазбадан керамикадан басқа біршама еңбек құралдары табылды. Олар: беті өңдеу барысында тегістелген тас абразивтер, қыш ұршықтардың екі түрі: жалпақ және биконивті пішінді. Сонымен қатар от тұтату үшін пайдаланылған, көптеген соққылар мен сынықтың іздері бар кремешкалар, бүйірлері ұрылған, әрі соққы іздері бар тас құралдар кездесті.
Сәндік бұйымдар шар тәріздес қалыңдатқышы және төменгі жағында бекіткіші дәнекерленген сым сырғадан, моншақтардың жекелеген түрлері, қола сақина мен жүзіктердің фрагменттері түрінде келеді. Сонымен қатар қазбадан I мыңыншы жылдықтың аяғы II мыңыншы жылдықтың бас кезіндегі ескерткіштерге тән: белдіктің қола қапсырмасы, өрнектелмеген қола доғабастар, қоладан құйылған қапсырылған сылдырмақ және алмұрт тәріздес қапсырмалы сылдырмақтың жарты бөлігі табылды.
Остеологиялық материал ұсақ және ірі қара малдың, жылқының, түйенің, құстардың, иттің, балықтың қабыршақтары мен сүйектерінен тұрады9. Жануарлардың сүйектерінің негізгі бөлігі ұсақ малға тиесілі. Екінші орынды сүйектерінің көптігі жағынан ірі қара мал иеленеді. Жылқы, түйе және құс сүйектері жекелеген түрде ғана ұшырасты.
Жанкенттің цитаделінен келешекте жинақталатын археологиялық материалдар, сонымен қатар, оларды қала-жұртының басқа нысандардағы қазба жұмыстарының нәтижелерімен салыстыру қолда бар жетістіктерімізді одан әрі кеңейте түспек.
1. Г.А. Ахатов, Т.Н. Смагулов, А.С. Ганиева, Г.Т. Амиргалина. «Археологические исследования древнего городища Жанкент// Краткий отчет по гос.программе « Культурное наследие», Алматы, 2007.
2. Топтың жұмысына археологиялық-этнографиялық зерттеу Орталығының қызметкерлері және Павлодар мемлекеттік пединститутының студенттері, белсенді түрде атсалысты. Топтың жетекшісі Т.Н. Смағұлов.
3. Толстов С.П. Города гузов//Советская этнография. 1 947, №3. С.59-61.
4. Курманкулов Ж.К., Аржанцева И.А., Зиливинская Э.Д. Отчет об археологических работах на городище Джанкент (Казахстан) в 2005 г. Москва 2006 г. Архив РГКП ИА МОН РК.
5. Левина Л.М. Этнокультурная история Восточного Приаралья в I тыс. до н.э - I тыс. н.э. Москва, 1 996, с.359.
6. Олжаның табылған жері көрсетілмеген.
7. Смагулов Е.А. «Шашлычницы» Алтын-Тобе//Известия НАН РК, сер. общ. Наук, вып. 1. Алматы, 2004.
8. Толстов С.П. Города гузов // Советская этнография...
9. Аныктама жургізген С.В. Титом.