Зерттеу жұмыстарының міндеттерінің бірі Батыс Түркі қағанатындағы түркі көшпелі тайпаларының культтік орталығы ретінде сипатталатын жаңа түрдегі ескерткіштерді, оның ішінде тас мүсінді мемориалдарды ғылыми айналымға енгізуде қажеттілік болып табылады. Әр түрлі типтегі ескерткіштерді ландшафтты-топографиялық аудандастыру бойынша жүргізілген жұмыстар: мүсінді мемориалдарға, жартастағы суреттер мен рулық таңбаларға, тас алтарьларға, руникалық және олардың жаңа түрлерінің ашылуына байланысты дерек көздерінің талдауы бойынша жұмыстар жүргізілді.
Келесі бағыттағы зерттеулер түркі ғибадатханасымен аттас территорияда Мерке ұлттық паркін құру жобасын дайындау бойынша жүргізілген жұмыстар болып табылады. Жамбыл облыстық қоршаған ортаны қорғау экспертімен бірге су көздеріне және жердің жағдайына экологиялық экспертиза жүргізілді. Архитектормен бірге ұлттық парк концепциясын дайындау мақсатымен ғибадатхана ескерткіштерін ландшафты аудандастыру жұмыстары жүргізілуде. Ұлттық табиғи-тарихи парктің жоба концепциясы ескерткіштерді биік таулы алқапта және культтік кешеннің қоршаған ортамен байланысы жағдайында архитектуралық орналастыру жұмыстарымен қатар жүреді. Парк территориясын ішкі аудандастыру жұмыстары жүйелі шаруашылық қызмет етуге мүмкін боларлық мәдени ландшафт және зона түрінде, нақты қорықтық зона мен ландшафттың зоналық таралуымен сәйкес келетіндей етіп жүргізілуге жоспарлануда. Жайлау ретінде көшпенділер пайдаланған Альпі шалғыны жағдайында мал шаруашылығы тарихи пайда болған шаруашылықтың дәстүрлі тәсілі болып табылады. Мерке ғибадатханасының культтік мемориалдары мыңдаған жылдар бойы осы жерді қоныстанған көшпелілердің мәдени мұрасы. Демек, болашақ ұлттық парктің территориясындағы көшпелілік дәстүрлі, табиғи түрді алып жүру керек. Қазіргі қоғамның урбанизациялау процесі жағдайында бірте-бірте өзінің өзіндік сипатын жоғалтып бара жатқан, қыста Шу өзенінің сағасында, жаз айларында биік таулы жайлауда өтетін көшпеліліктің табиғи бет-бейнесі мен нақты түрі әзірге осы Мерке ауданы территориясында өзгермеген күйінде сақталған. Шопандардың жаз айлары кезіндегі тұрмысының этнографиялық мінездемесіне келсек, күнделікті мал шаруашылығы жағдайындағы киіз үйдегі тұрмыс, сүт өнімдерін дайындау, сонымен катар ұлттық ойындар және де жайлаудағы көшпелілердің өз ортасындағы бөлінбес басқа да көптеген тұрмыс-тіршіліктері бұрынғысынша көшпеліліктің дәстүрлі үлгісін сақтап қалған. Ұлттық табиғи-тарихи парктің аясында көшпеліліктің үлгісін сақтамай, түркілік Мерке ғибадатханасының мәдени ландшафтысын сақтау мүмкін емес. Бұл оның тарихи дамуында мәдени мұраны сақтаудағы жалғыз мүмкіншілік болуы мүмкін.
Еуразия даласын қоныстанған көшпелілердің таралуын олардың мемориалдары мен Мерке ғибадатханасындағы монументальды өнер ескерткіштерін салыстырмалы талдау орта ғасыр кезеңінде Шу өзені бассейнінде қоныстанған түркі тайпаларының тарихи дамуына байланысты бірқатар қорытынды жасауға мүмкіндік берді.
Ортағасыр кезеңінде қазақ даласындағы этномәдени жағдаймен байланысты құрамында қорғандар және тас мүсінді қоршаулар, рулық таңбалар, жартастағы суреттер, тас алтарьлар бар культтік-мемориалды екі бірегей, жергілікті ғибадатхана барынша қызықты. Екі ғибадатхана да Шу өзені бассейнінде орналасқан: Мерке биік таулы альпілік шалғынды Қырғыз Алатауында, Жайсан - Шу-Іле тауының солтүстік-батыс бөктерінде (екеуінің арасы оңтүстіктен солтүстікке қарай 100 км шамасында). Әр ғибадатхана бір-бірінен өзінше ажыратылады. Өзіндік ерекшеліктері ландшафтты-топографиялық аудандастыруда, ескерткіштердің жергілікті кеңістікте орналасуында, ғұрыптық құрылыстың конструкциялық ерекшеліктерінде, статуялардың иконографиясында және т.б. көрінеді.
Мерке мемориалдарының негізгі түрі қорғанда тұрған түркі статуяларымен, ал Жайсан ғибадатханасының мемориалдары төртбұрышты қоршаудың шығыс жағында тұрған статуялармен таныс. Культтік конструкцияның түпкі типологиялық айырмашылығы тас мүсіннің иконографиясында көрініс тапқан. Алтайдағы, Тува және Монголия мен Қырғызстандағы ертедегі түркілердің ескерткіштері ерте түркілік ғұрыптық қоршаулар болып табылатын және ғылыми әдебиетте кең танылған Жайсан ғибадатханасының ескерткіштерімен ұқсас. Жайсан ғибадатханасындағы ғұрыптық қоршаулардағы секілді Алтай аймағындағы конструкцияларда ер адам мүсінімен катар әйел адамның мүсіні қатар тұрады. Жайсан ескерткіштерінде тас бағаналар - балбалдар тізбегі қатар жүрмейді. Басқа жағынан, қорғанда орналасқан, жұп түріндегі қарусыз, екі қолымен ыдыс ұстаған әйел және ер адам мүсіндері тең көлемде Мерке ғибадатханасындағы ескерткіштерге тән. Аталған феномен кейіннен VIII-IX ғғ. және кейінгі кезеңде Шығыс Европа жерінде, Волга өзенінен батысқа қарайғы аудандарда дамиды.
Ғибадатханадағы мүсіндерге, стелаларға, жартастарға соғып салынған ру таңбалары кәне жартастағы сурет көріністері қызықты, сонымен бірге өте маңызды. Мысалы, Мерке тауындағы жартастарда орта ғасыр кезеңінде тастағы өнерде кең тараған түркілік салт атты тақырыбына байланысты суреттер жоқ. Сонымен қатар аңшылық көрінісі, әскери тақырып, бұғы бейнесі жоқ, керісінше бұлардың барлығы Жайсан ғибадатханасындағы жартастарда көрініс тапқан. Меркедегі жартастарда негізінен көп мөлшерде тау ешкі стиліндегі түркі таңбасымен ұқсас тау ешкілер – тау теке бейнесі берілген.
Екі түркі ғибадатханасындағы монументальды өнерде көрініс тапқан тақырыптағы тұтас айырмашылық Орталық Азияның әр түрлі аймағын қоныстанған түркі тайпаларының екі қарама-қайшы идеясын бөліп көрсетеді. Жайсанның ғұрыптық қоршауларындағы тас мүсіннің иконографиясы, жартастағы сурет көріністері шығыс ареалдағы көшпелілердің мәдениетімен ұқсастығына күдік туғызбайды. Бірақ Жайсаңдағы қоршауларда ер адам мүсінімен қатар тұрған әйел адам мүсіндері Алтайда, Тува мен Монғолияда ешқашан кездеспейді. Мерке ғибадатханасындағы мүсінді қорған конструкциялары, оның ішінде көп тараған әйел мүсіндері Шығыс Европадағы түркі көшпелілерінің ортағасырлық мәдениетін сипаттайтын ескерткіштерге біршама жақын. Екі қолына ыдыс ұстаған иконографиядағы түркі бейнесінде оңтүстік орыс даласындағы материалдар бойынша белгілі болғандай қару пайда болады. Шу өзені алқабында орналасқан шығыс және батыс қанаттарындағы түркі тайпаларының ұзақ және тығыз карым-қатынасы аталған феноменде көрініс тапқан болуы мүмкін.
Қазба жұмыстары жүргізілген қоршаулардағы заттарға талдау жасау, конструкция түрлері, статуяның иконографиясы екі ғибадатханадағы түркі көшпелілерінің бір кезеңде әмір сүргендіктерін анықтауға мүмкіндік береді. Этнографиялық дерек көздерімен бірге археологиялық материалдар түркі тайпаларының мәдениетін бұрынғы қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Қазақ жерін ерте заманнан мекендеген тайпалардың мәдени шеңбері Мерке ғибадатханасындағы мемориалдарға ұқсас Орталық Қазақстандағы культтік ескерткіштердің географиясымен анық белгілі. Түркі көшпелілерінің ерте тарихи кезеңінде аталған мәдениетті әкелушілер он оқ халқының өкілдері және оның мұрагерлері – Түргеш тайпалары болды. Жайсан ғибадатханасының культтік-мемориалды кешені барлық Белгілерімен жазба деректерде анық берілгендей, Екінші Түркі қағанаты ыдырағаннан кейін, VIII ғ. ортасында Шу өзені алқабында қоныстанған, шығыс ареалдағы түркі мәдениетіне тән Қарлұқ тайпаларына ұқсас (P.B.Golden, 1972, р. 50).
Екі ғибадатхананың культтік ескерткіштерінің материалдарында көшпелілердің алғашқы дүниетанымы туралы идея ғана көрініс таппаған, сонымен қатар түркі тайпаларының шығыс және батыс қанаттарының аралас идеологиялық түсініктерінің тарихи процесі де көрініс тапқан. Батыс түркілерде құдайға табыну ғұрпының дәстүрлі сипаттамасы Мерке ғибадатханасындағы монументальды скульптурада нақты көрсетілген. Қағанаттың тұрақтылығы туралы ой жұптасқан ер және әйел адамдардың статуяларында бейнеленген. Батыс Түркі қағанатындағы түркілердің монументальды өнер ескерткіштерінде дуалистік негізде көрініс тапқан аспан мен жер, күн мен ай әлемдік қос негізді құрылымда негізгі дүниетанымдық концепцияны тудырады. Әлеуметтік тұрғыда ең жоғарғы түркі қоғамы қайтыс болғаннан кейін де жер бетінде, қорғанда бірге тұратын, түркі мемлекетін бірге басқарған күн белгісіндегі Қаған және ай белгісіндегі Қатун руларынан тұрады. Киелі сумен толтырылған, екі қолымен ұстаған ыдыстағы су Жер-Су құдайдың символы болып табылады.
Батыс түркілердің киелі жерінде тұрған шығыс түркілер – Қарлұқтар олармен туысқандық қарым-қатынас орнатады. Мұндай одақтық акт саяси келісім болып қана қойған жоқ. Келісімнің негізі түркілердің әлемдік қос негізді қарылымын: аспан мен жерді, яғни қаған мен қатунды құрайды. Жайсан ғибадатханасындағы қоршаудың шығысында жұптаса орнатылған ер және әйел мүсіндері жұптық символды түсінудің көрінісі.
Орта ғасырларда қазақ даласын мекендеген тайпалардың тарихы Оғыздар тарихымен тікелей байланысты. Оғыз тайпалары конфедерациясының пайда болуының өзі жақсы үмітке жетелейді. Оғыз және Тоғыз оғыздар жайындағы алғашқы мәліметтер Күлтегін, Білге қаған және Тоны көк эпитафияларында кездесіп, «бодун» немесе «өзімнің халқым» деген сөздерді қолдану арқылы анықталады. Білге қағанды жерлеу рәсіміне түргештерден (Он оқ халқынан) Білгенің күйеу баласы тамғач Макарач және Оғыз Білге келгендігін Қытай деректері атап өтеді. (А. Tasagil. 2004. с.52). Оғыздар «біздің жауымыз болды» деген сөзде осы кезеңмен байланысты (717 жыл). VII ғасырдың басында Түрік қағанатында орын алған тайпа аралық қайшылықтарда Оғыздар оғыз конфедерациясының құрамына енген Қарлұқ, Түргеш және Изгиль/Эсгиль тайпаларымен одақтық қатынаста болғанын қолдайды (А. Tasagil. 2004. 40-41). Ю.А. Зуевтің жазуы бойынша Оғыз тайпаларының ішіндегі тутукстав Цзюлан (Кюлен. Колан) және Цяньцюан басқарған эскиль, парсылық белгісі бар кермихион тайпалары түркілер болған және олар Батыс түрік қағанатының «этникалық негізі» болды (Ю.А. Зуев. 2004, с 60).
744 жылғы оқиғалардан кейін Оғыздар Қарлұқтармен бірігіп оң және сол ябғу титулының иегерлері болады (Р. Golden. 1972 р.51). Он оқ елінің жеріне қоныстанған қарлұқтар, солармен қоса 751 жылғы соғысқа қатысады, бірақ, бұл соғыстан кейін он оқ елі өздері пана берген тайпаларға тәуелді болып қалады. Сырдария өңірінде қоныстанған Оғыздар туралы келесі мәліметтер ал-Махди жорығымен байланысты (775-785 жж.).
Кейінгі оғыздар арасындағы Он оқ, Боз оқ, Үш оқ этнонимдері Оғыздардың Он оқ тайпалары одағымен генетикалық байланысын көрсетуі мүмкін (Ғ. Sumer, Oguslar /Ankara, 1967, 24-25, 35). Он оқ тайпаларымен Оғыз конфедерациясы құрамындағы тайпалардың туысқандығын Он оқ тайпаларының жерін Қарлұқтар басып алғаннан кейін олардың Сырдарияға жылжып жаңа территорияда тарихтан белгілі Оғыз Ябғу сынды мемлекеттің құрауынан байқалады. Дегенмен оғыз тайпаларының бір бөлігі бұрынғы территорияда өмір сүре берді, яғни тайпалар толықтай миграцияланған жоқ. Идрисидің («Китап Руджар») тарихи-географиялық мәлімдемесіне сай «X ғ. оғыз тайпасының бір бөлігі Шу өзені аңғарында және Талас Алатауында көшіп қонған». Идриси Шу өңіріндегі Оғыз тайпаларын хандагамдар деп атайды. Бүл оғыз тайпалары өздерінің ер жүректілігімен және тәуелсіздігімен ерекшеленеді. Билеушілерінің негізгі резиденциясы Шу өзенінің оң жағалауындағы Хийам бекінісі болды. Бүл тайпалардың оғыздар жерінің «ішкі» аудандарында орналасқандығы назар аудартады. ( С.Г. Агаджанов, Очерки истории огузов и туркмен ІХ-ХІ вв. Ашхабад, 1969, с. 74).