Қорым 2008 жылы Ақтөбе облыстық тарих, этнография және археология орталығы, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті және Ақтөбе педагогикалық институты бірлескен археологиялық экспедициямен қазылды.
Ерте темір дәуіріне жататын Оңайбұлақ қорымы Ақтөбе облысы Алға ауданы Бескоспа ауылдық қеңшары территориясында, Есет батыр ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 12 шақырым және Көсем қыстағынан солтүстік-шығысқа қарай 2,5 шақырым жерде орналасқан. Жағрафиялық координаттары: N 49°51, 856' Е 057° 42, 362' һ 333 м. Жер және таспен жер аралас жеті обадан тұратын топ, Елек өзеніне оң жағынан құятын саласы Тамды өзенінің оң жағалауына баяулап түсетін шағын төбеде орналасқан.
Қорымда зерттеу жұмыстарын жүргізу Елек өзенінің орта ағысы аймағының ескерткіштерінің тиісті деңгейде танылмауына байланысты таңдалды. Сонымен бірге археологиялық қазбалар өңірдің этномәдени жағдайын анықтауға бағытталды.
Қорымда қазба жұмыстары 3 нысанда жүргізілді. Сыртқы көріністері бойынша №1 оба таспен топырақ араластыра, №2, №3 обалар топырақтан тұрғызылған және қорымдағы ірілері болып табылады.
№1 оба диаметрі – 18 м, биіктігі – 0,8 м. Түзілген қабатын байқау мақсатында, оба алты секторға бөлініп батыс-шығыс бағытында екі жиек және солтүстік-оңтүстік бағытында бір жиек сақталды. Бірнеше қатар көтеріліп беті таспен тұтастай жабылған оба үйіндісінің конструкциясы мұқият қаралды. Орталық сектордан үйіндінің астынан бөлшектелген адам сүйектері мен қоңыр реңді қыш-құмыра сынықтары табылды. Обаның шығыс жақ шетінен бөлек тұрған тас конструкция анықталып, ол ұзақ уақыт бойы күйдірілген тастардан түзілгендігі байқалады. Обаның қозғалмаған қабатын тазалау барысында ұзын қабырғаларымен батысқа бағытталған екі қабір шұңқыры айқындалды. Біріншісі төртбұрышты формада, өлшемдері ұзындығы – 3,20 м, ені – 2,30 м, тереңдігі – 0,65 м. Екінші қабір шұңқыры әлде қайда тарлау формада өлшемдері ұзындығы – 2,20 м, ені – 1,40 м, тереңдігі – 1,15 м. Екі шұңқырда барлығы бес ересек адамдардың сүйектері жатты, оның ішінде біріншісінде жұпты жерлеу, екіншісінде үш сүйек қойылған (Фото 1.). Бірге қойылған бұйымдар қатарында: қолдан жабыстырылып жасалынған қыш ыдыстар, моншақ көздері, қорамсақтың темір ілмешегі, жебенің қола ұштары, доңғалақ тәрізді кішкене қола бұйым, және тас құрбандық табақ.
№2 оба бірінші обадан солтүстік-батысқа қарай 35 м қашықтықта орналасты. Обаның беті біркелкі тегіс емес. Нысанның қазіргі кездегі сақталған өлшемі: диаметрі – 19 м, биіктігі – 0,8 м. Обаның топырақ үйіндісі тазартылғаннан кейін жиектерінің қас беттерінен қоңыр топырақ пен ұсақ тастар араласқан сары құмнан үйілген үйме сызығы көрініс берді. Қабір шұңқырын айнала диаметрі – 10 м, биіктігі – 0,8 м жететін тас қоршау тұрғызылған. Яғни үйінді астының конструкциясы екі компоненттен тас қоршау және оның сыртын айнала қоршаған үймеден тұрды. Осы конструкцияның оңтүстік - шығыс жетінде жылқының жақ сүйектері мен бөлшектелінбей тұтастай қойылған алдыңғы аяғымен мойын омыртқасының сүйегі аршылып алынды. Қабір шұңқыры обаның орта тұсында орналасып, ұзын қабырғаларымен солтүстік-оңтүстік бойымен бағытталған. Шұңқыр бетінде оны жапқан ағаштың қалдықтарының іздері байқалады.
Шұңқырдың формасы квадратқа келеді, өлшемдері ұзындығы – 3,20 м, ені – 2,70 м. Тереңдігі жерленген құнарлы қабат деңгейінен – 2,10 м. Шұңқырдың түбінде шалқасынан аяқ-қолы созыла, басы батыс-солтүстік-батысқа бағытталып, диагонал бойымен ересек адамның сүйегі қойылған. Бас сүйегі шалқайтылып, аяқ сүйектері тігінен созыла, қол сүйектері дене бойымен созылып жатыр. Жерленгенмен жамбас сүйектерінің үстінде темір қысқа қылыш; жебенің қола ұштарымен қорамсақтың қалдықтары; жылқының қабырға сүйектері бірге қойылған (Фото 2.).
Таспен топырақ араластырыла тұрғызылған №3 обаның диаметрі – 13 м, биіктігі 0,4 м құрады. Обаның орталық тұсында тереңдігі 0,1 м болатын ойпат ажыратылады. Обаның үйіндісі қабат-қабатымен төрт жаққа бағытталған жиектер қалдырыла қазылды.
Топырақ үйіндісі аршылғаннан кейін обаның ортасынан қабір шұңқырының даты көрінді. Шұңқыр бұрыштары дөңгеленіп біткен төртбұрышты формалы, солтүстік-оңтүстік бойымен бағытталған. Ұзындығы – 2,2 м, ені – 1 м, тереңдігі – 1,5 м. Сақталып қалған сүйектеріне қарағанда жерленген ересек адам шалқасынан аяқ-қолы созыңқы, басымен оңтүстікке бағытталып жатқызылған. Бірге қойылған бұйымдардың қатарында: оңтүстік-шығыс бұрышта басының деңгейінде үлкен құмыра; сүйектің оң жағын ала ұзын темір қылыш; жамбас сүйектерінің маңында қола әшекей бұйымдары; сол жақ тізесінің тұсында жебенің қола ұштары салынған қорамсақ қалдықтары; шұңқырдың солтүстік-шығыс бұрышында екі қайрақ тастар; мойын омыртқаларының тұсында моншақтың көзі мен жануардың күрек тісі болды.
Қорыта келгенде, зерттелінген ескерткіштер б.з.д. VІ - II ғғ жататын Батыс Қазақстанның ерте көшпелілерінің нысандарына жатады және аймақтың этномәдени бағытындағы сұрақтардың шешімін табуға ықпал ететін мәдени-айқындаушы сипаттағы маңызды материалдарды берді. Жерлеу кешендері мұқият зерттеліп, құжатталғаннан кейін Алға ауданы ескерткіштері мен табиғи мұраларының жинағын шығаруда материалдар блогына енгізіледі.