Мұнда кең ауқымды қазба жұмыстарын 2001 жылы Түркістан археологиялық экспедициясымен Археология институты «Әзірет сұлтан» мемлекеттік мұражай-қорығымен (Түркістан қаласы) бірлесе отырып бастаған болатын. Қала топографиялық белгілері бойынша Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігінің ежелгі және ерте ортағасырлық дәуірлеріне тән «алаңы бар төбешік» типіне жатады. Бірінші қазба жұмыстары қаланың жоғарғы құрылыс қабаты VІІ ғасырға, VІІІ ғасырдың 1-ші жартысына жататындығын көрсетті, бірегей сақталған бұл қоныстың өмірі жойқын өрттен кейін тоқтап қалған.

Қала қорғанынан храм кешені аршылып алынды, оған стратиграфиялық зерттеу жүргізілді. Қаланың батыс жағынан 800 м жерден табылған зиратты зерттеу де қатар жүргізілді. Алынған материалдарға қарап, жойқын өртті VIII ғасырдың 2-ші ширегіндегі араб әскерлерінің әрекетімен байланыстыруға болады. Қаланың қорғанындағы жүргізілген жұмыстар археологиялық-сәулет және құрылыс объектілерін алдағы консервациямен мұражайландыруға дайындық мақсатын көздейді. Өткен жылдардағы жұмыстардың қорытындысы алдын ала жарияланды.

2006 жылы мамыр-шілде айларында Түркістан археологиялық экспедициясы ҚР «Мәдени мұрасы» бағдарламасы шеңберінде храм ғимаратын зерттеу жөніндегі жұмысты жалғастырды. Мұндай жұмыс храм және қорған бөлігіне жататын әртүрлі кезеңде салынған құрылыс элементтерінің 3 учаскесі бойынша жүргізілді.

Храм ауласының солтүстік-батыс бөлігінде оның соқпа саз балшықтан салынған сыртқы қабырғасы анықталды, ол ауланың сұлбасымен толықтай тұйықталады. Трапеция тәрізді ауланың өлшемі 23*28 м, іргетасы бойынша 45*28 м болды. Сыртқы қабырға мен орталық стратиграфиялық жиек арасындағы аула құрылысының учаскесі 2 және 3 деңгейде аршылды. Екінші құрылыс қабаты деңгейі бойынша сыртқы қабырғаға тұрғын жайға жатпайтын бөлмежай келіп қосылатындығы анықталды. Ауланың сыртқы қабырғасының оңтүстік-шығысынан шығысқа қарай тұрғын жай құрылыс учаскесінің ВСГ деңгейі аршылды. Бұл арадан өзіне тән ерекшелігі бар бірқатар ошақ-көрігі бар өндірістік бөлмежайлар мен тұрғын жайлар анықталды.

Храм ауласының оңтүстік-шығыс бөлігін алтарьдан солтүстікке қарай тазалауда өте ертедегі қабырға табылды, бұл суфасы және алтарь ошағы, құрылыс қабатынан бұрынғы горизонт екені анық. Бұл ерте дәуірдегі деңгейдің үш бөлмежайы тазаланды. Оның қабырғалары 0,8-1,2 м биіктікте сақталған. Едендері суфасы бар қабат еденінен 1,45 м төмен орналасқан. Шағын аршылған бөлмежайлардан интерьердің іздері байқалмайды, бірақ хумдардың үйінділері мен адамның кейбір сүйектері еденнен табылды (бұл қабаттың 1-ші бөлмежайында адамның бас сүйегі жатыр). Ауланың бөлмежайларын қамалдың сыртқы қабырғалары бойымен қосымша тазалау кезінде (алтарь ошақтары мен суфалары бар қабат) тұмарлардың көмбесі табылды.

Көмбе №18 бөлмежайдың суфасынан табылды (2005 ж. сипаттама бойынша), ол храмның «алтарь» бөлігінен оң жаққа қарай (шығысқа таман) орналасқан. Бұл бөлмежайдың сұлбасы 2005 жылғы маусымда анықталып, тазартылды. Оның өлшемі – 5,7*5,2 м, үш қабырғаның периметрі бойынша орташа биіктігі 0,35 м жалпақ суфа (1,2-1,3 м) анықталды. Бөлмежайдың солтүстік- шығыс қабырғасы сыртқы бекініс қабырғасының ішкі жиегі болып табылады. Оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс қабырғалар бір кірпішпен өрілген, оның қалыңдығы 0,4-0,5 м, сақталған биіктігі 1,9 м-ге жетеді. Суфалардың жиектері шикі кірпішпен өрілген және де осындай жарты кірпіш пен шаршы бөліктер іштей бөлінген, онда ірі хумдар мен хумчалар (бес дана) көміліп, іші топырақпен толып қалған, яғни олар бос, топырақ толған күйінде кездесті. Хумнан жарты метр жерде оң жақтағы суфада жатқан бір құлақты құмыра аршылып алынды, оның аузы қара саздан жасалған асханалық құмыраның сынған түбімен жабылған. Қызыл сазды құмыра ашық қоңыр ангобпен боялған, ол бүтін, бірақ жарығы бар. Құмыраның биіктігі 26,5 см, бүйірінің диаметрі 15,5 см, мойнының диаметрі 9,5 см, түбінің диаметрі 10 см. Сопақша келген тұтқасы ұзын мойнының (6,5 см) орта жері мен бүйірінің төменгі жағын жалғайды.

Құмыраның ? көлемі еріген сазбен толтырылған. Онда көптеген моншақтар және әр алуан тұмарлар табылды.

Ұсақ әралуан түсті әйнек маржанның көп мөлшері кездесті (700-дей дана). Әйнегі тотыққан, бірақ маржандардың сары, ақ, қызыл, көк түстерін ажыратуға болады, диаметрі 2-ден 5 мм-ге дейін; алқызыл кораллдан жасалған моншақтар түтікше тәрізді әртүрлі ұзындықта кездеседі, оның диаметрі де әртүрлі және алқызыл түсті реңкі бар (ұзындығы 1-ден 2,5-3,0 см-ге дейін, барлығы 190 дана); әйнектен жасалған шар тәрізді моншақтар көк және қызыл түстерден жасалған болуы керек (диаметрі 6-9 мм, барлығы 123 дана); қызғылт сары сердоликтен жасалған моншақтар шар тәріздес диаметрі 8-9 мм, (5 дана) және цилиндр тәрізді ұзындығы 10-11 мм (15 дана); әртүрлі диаметрдегі ақ түсті мөлдір емес минералдан жасалған шар тәрізді моншақтар (13 дана, диаметрі 6-11 мм); жартылай мөлдір минералдан (хрусталь?) жасалған шар тәрізді моншақтар, диаметрі 6-7 мм (3 дана). Бір шар тәрізді жапырылған пішіндегі үлкен ойығы бар моншақ (диаметрі 9 мм, биіктігі 7 мм); перламутр маржаннан жасалған ұсақ жалпақ моншақтар (8 дана); төртбұрышты тесігі бар жалпақ диск тәрізді моншақ (диаметрі 13-14 мм); Қызыл-қоңыр пастадан жасалған екі шарды біріктірген моншақ (диаметрі 8 мм, биіктігі 16 мм); қара және сары-жасыл түсті ірі пасталық көзі бар екі моншақ (диаметрі 19-20 мм), оның бірі ақ түсті жанында сызықтары бар (диаметрі 21 мм, 3 жалпақ тікбұрышты (11-15 мм), біреуі жолақты призмалық, ал енді біреуі куб тәрізді жасыл түсті; әртүрлі өлшемдегі тесіктері бар, бір жағы ұшталған каура қабыршағы (32 дана); қара қоңыр жартылай мөлдір минералдан (сердолик?) жасалған бір ірі шар тәрізді моншақ, диаметрі 19*22 мм; сарғыш реңкті халцедоннан жасалған бір ірі шар тәрізді моншақ, диаметрі 2,3*2,4 см, көгілдір реңкті халцедоннан жасалған бір шар тәрізді моншақ, диаметрі 20*11 мм және ұзындығы 25 мм, диаметрі 15 мм қара жылтыр минералдан сопақша етіп кесіліп алынған бір моншақ. Моншақтардың құрамын диаметрі 2-ден 3,5 см-ге дейін жететін ірі тығыз орналасқан жұмыр он янтарь моншағы толықтыра түседі.

Моншақтардың арасында тесіктері бар (диаметрлері 2,2; 2,5; 3,0 см) диск тәрізді тастан жасалған ұршықбас табылды. Бір қара агаттан жасалған сопақша-призмалық қадағыш (2,5*2,5*1,5 см), және үлкен тесігі бар жалпақ тастан жасалған массивті қадауыш (3,7*2,6*1,8 см). Сондай-ақ хальцедоннан жасалған әртүрлі өлшемдегі «жүзік сияқты көрінетін» үш гемма да бар.

1. Өркешті бұқа бейнесі бар гемма. Биіктігі 18,5, диаметрі 24, қалқаншасы 18*16, қалындығы 18 мм. 2. Арқарға «арқардағы құдай» суреті бейнеленген неғұрлым ірілей гемма. Биіктігі 21, диаметрі 29, қалыңдығы 20,5, сопақша қалқаншасы 20*25 мм.; 3. Құстың тұмсығында бұтақшасы бар (?) құстың (үйрек?) суреті бар гемма. Биіктігі 20, диаметрі 23,5, қалқаншасы 12,5*16, қалыңдығы 15 мм.

Қоладан және өзге металдардан жасалған бұйымдар кешеннің едәуір бөлігін құрайды: 3,5*2,7 см өлшемді үлкен тесігі бар қола массивтік биконикалық қадауыш; ұшында «жалпайған күрегі бар қола шпилька» (ұзындығы 13 см); түймесі бар жартылай қоңырау (диаметрі 2 см, биіктігі 2 см); жоғарғы бетінде тіке тесігі бар екі жартыдан құралған жарты шар (диаметрі 2,1 см); үш сүйір сырға (оның бірінде орта бөлігі жалпақ, ұштары сүйірленген, диаметрі 1,5-1,8 см); ай тәрізді құйылған жартылай сопақ пішіндегі қола алқа (оның бет жағында төрт бөлік бар, ал сопақ жиегі бойында шар тәрізді көрінетін бау орналасқан. Ұшында бекітуге арналған тесік бар, екінші жағы тегіс. (Өлшемі 2,5*2,4 см): дөңгелек әйнек қондырмасы бар құйылған жүзік. (Қондырма майда інжумен жиегі бойынша сақина тәрізді жапсырмамен бекітілген); жиегінде айнала құйылған бейнелі өрнектер бар. Сақинаның диаметрі 18 мм, қондырманың диаметрі 13 мм; бауға арналған тесіктері бар қола таутекенің екі мүсіні. Оның бірінде мүйізі қосарланған. Өлшемі – 2,0*2,1 см; қола жартышар, оған іш жағынан темір кішкентай қола жапсырылған.

Бұл кешенде «үш негіздегі үш жапырақты өсімдік» - күміс мүсінді белдік жапсырмасы ерекше көзге түседі. Өлшемдері: биіктігі 3 см, негізінің ені 2,5 см. Екінші бетінде негізге бекітуге арналған екі бекітпе тіл бар.

Екі алтын «ғұндардың» самайға ілінетін алқаның азғантай бөліктері табылған қазбаның құрамындағы қызықты заттардың бірі. Оның бірінің бет жағында қола имек пен гауһар қондырманың безендіруі сақталған. Жиегінде ұсақ шарлардың бүртіктері дәнекерленген.

Тегіс бет жағында өрнегі бар ежелгі бөлшекті түйме-кесек те ерекше нәрсе деуге болады. Сынған жерінен оның бауға арналған бастапқы өзегін, сондай-ақ жаңадан бұрғыланған жаңа өзегін көруге болады. Яғни, плакетка бауда сол сынық күйінде болған. Диаметрі 18 мм. Тат басқан темір сақиналардың қалдықтары баудың немесе сауыттың сынығы болуы мүмкін. Сақинаның диаметрі 12-13 мм. Неге пайдалануға арналғаны белгісіз білек тәрізді темір бұйымның ұзындығы 15,2 см, ұштары жалпайтылған, ұзындығы 11 см және диаметрі 15 -16 мм темір жартылай түтікке қондырылған. Ал, жалпайтылған ұштары сыртына қарайды. Темір қатты тоттанған. Кішкентай темір пышақтың сынығы сақталған ұзындығы 5,5 см.

Аталған кешеннің табылған әшекейлері мен тұмарлары осы Сидақ храмының құрылыс қабатының ІV-V ғасырларда болғанын қосымша дәлелдейді. «Тұмар» жиынтықтары құрамы жағынан Отырар алқабындағы Қоңыртөбе зиратынан табылған әйелдердің мүрдесінің қасынан табылған заттарға ұқсайды2. Ескерткіш храмға құрбандық беруге арналған сияқты, онда дүниеден өткен ағайындары мен ата-бабаларының әруағына бағышталған салт-жоралғылар жасалған.

С. Яценконың пікірінше, жерленген әйелдің әлеуметтік жағдайы онша биік болмаған тәрізді. Оның жанына салтанатты киімі мен киімдерінің азғантай заттары ғана қойылған. Мәселен, онда бірнеше алқалар, білезіктер, сондай-ақ маржанмен өрнектелген және т.б. бас киімдер мен белбеулер, шашқа түйрейтін түйреуіш, сырғалар мен жүзіктер болған тәрізді. Яғни, бұл құрамы бойынша жесір әйелге құрбандыққа қойылған сый деуге болады. Жесірдің өлген күйеуін еске түсіру туралы «әшекейлерін алып қою» дәстүр көптеген еуразия халықтарының мәдениетінде кездеседі.  

1.                  Смагулов Е.А., Туякбаев М. Археологические исследования городища Сидак // Известия МОН РК, НАН РК, сер. общ-х наук, № 1,2003; Смагулов Е.А. Арабское нашествие в Южный Казахстан: данные письменных и археологических источников // Мобилизованный археологией. Астана, 2004, с. 103-113.; Смагулов Е.А., Ержигитова А. Погребальные сооружения некрополя городища Сидак // Известия МОН РК, НАН РК,сер. общ-х наук, №1,2004, с.285-302. №1,2004, с.84-93; Смагулов Е.А. Исследования на городище Сидак // Отчет об археологических исследованиях по государственной программе «Культурное наследие-2004». Алматы, 2005, с. 177-180; Смагулов Е.А. Исследование доисламского храмового комплекса на городище Сидак// Культурное наследие Казахстана: открытия, проблемы, перспективы. Материалы международной научной конференции. Алматы, 2005, с.486-491; Смагулов Е.А. Исследование доисламского храмового комплекса на городище Сидак// Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша 2005 жылғы Археологиялық зерттеулер жайлы есеп. Алматы 2005, с.307-311; Туякбаев М. Стратиграфия городища Сидак Ата //Культурное наследие Казахстана: открытия, проблемы, перспективы. Материалы международной научной конференции. Алматы, 2005, с.494-502.

2.                  Смагулов Е.А. Амулетные наборы из погребений некрополя городища Коныртобе в Отрарском оазисе // История материальной культуры Узбекистана, вып. 32,2001, с.90-100.