2006 жылғы археологиялық зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру. 2005 жылғы археологиялық жұмыстар барысында алынған материалды зертханалық-сараптамадан өткізу.

Leica TCR 407 электронды тахеометрді пайдалану арқылы далалық түсіру кезінде алынған материал өңделді. Қаланың оңтүстік-шығыс, солтүстік-шығыс және солтүстік-батыс бөліктерінің үлгісі (моделі) жасалды. Электронды тахеометрдің көмегімен түсірілген 18500-ден аса нүктелер іріктелді және бір жүйеге келтірілді. Стратиграфиялық кесінділердің суреті салынды және топографиялық түсірімдердің талдауы жасалды, сыртқы қабырға, қорған тәрізді қаланың негізгі элементтері анықталды.

Сараптаудан өткізілген топографиялық ахуалды былайша сипаттауға болады: 11-13 м ендікке шайылған, 6иіктігі 2-2,5 м, таспа тәсілімен құйылған пахсадан салынған сыртқы қалың қабырғалар, тікбұрышты пішіндегі шахристан құрылысы мен рабаттың бір бөлігін қоршап тұр. Жалпы ауданы 90 га. Қала жұртының ұзын жағы солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа 1290 м-ге, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа 840 м-ге созылып жатыр. Қаланың оңтүстік-батыс бөлігі кеңейе түсетіні байқалады. Қабырғаның сырт жағында ені 10-17 м, тереңдігі 1-2 м ордың ізі анық байқалады.

Шахристан қабырғаларының сырт жағында, солтүстік және солтүстік-батыс бөліктерде бірнеше ірі дөңестер бар, тек оның біреуі ғана қазіргі кездегі тұрғынжай құрылысы сыртында орналасқан. Бұл дөңес шаршы пішінді, іргесінің өлшемі 30*35 м. Объектіні қазу кезінде будда храмы кешенінің қалдықтары табылды, бұл кезінде Рубрук жазған храм болса керек.

2005-2006 жылдары зерттелген кесенелердің 300 шаршы метрден астам аумағы ректификацияланды. Жаңа әдістемелерді пайдалану Қаялық кесенелерін негізгі қасбеті шығыңқы, күмбезді кесенелер тобына жататындығын анықтауға мүмкіндік берді. Батыс тұстағы кесененің ішкі аумағы 9,3*8,9 м. Сірә, тік бұрышты рамада арка қуысты пішінде болса керек. Батыс кесененің порталы оңтүстік қасбеттен енділеу келеді. Порталдың екі жағынан төрттен үш бөлікті бағаналар сақталған. Шығыс кесене батысындағысына кейіннен жапсарластырып салынған, сондықтан, батыс кесененің шығыс қабырғасы, бұл екі ғимаратты біріктіретін ортақ қабырға болып табылады. Шығыс кесененің порталы 3,7 м солтүстікке қарай шегеріліп салынған, осылайша шығыс кесененің ішкі кеңістігі 5,8*5,8 м. Қасбеттің мұндай әдейі шегеріліп салынуы, оның батыс кесенеге бағыныштылығын білдіреді. Кесене порталы құрылымы жағынан батыс кесененің порталына ұқсайды.

2005   жылғы қазба жұмыстары кезінде табылған Қаялық қаласының керамикалық кешені екі тұтас шырақтан, оймышты қаш сынықтарынан және 669 керамикалық ыдыстардың бөліктерінен тұрады, олардың 113 сырлы керамика болса, 556-сы сырсыз керамика болып шықты. 2006 жылдың басынан материалды фотоға түсіру қолға алынды, керамикалық ыдыстарды статистикалық жағынан өңдеу жұмысы жүргізілді. Сырлы және сырсыз керамиканың негізгі түрлері анықталды.

2006   жылғы археологиялық зерттеулер.

1. 2004 жылы қазылған манихей храмынан оңтүстікке таман №8 деп белгіленген объектіде қазба жұмыстары жалғасты. Жоғары мәдени қабаттың нашар сақталуына байланысты мұнда, қазба кезінде жекелеген кесектен салынған құрылыстар ғана анықталды. Жоғарғы қабатта қоғамдық мақсатқа арналған, салыстырмалы түрде үлкен, ғимарат болған тәрізді. 2006 жылғы аршу кезінде оңтүстік қабырға (іргетасында қиыршық тастар төселген) және оңтүстік жақтан кіретін есік бар екендігі анықталды, батыс ернеудегі батыс жақ қабырға ішінара сақталған. Батыс қабырғаға жапсарласқан, екі тандыры бар сыпа жақсы сақталған. Жоғарғы құрылыс қабаты қазіргі жер деңгейінен 0,55-0,7 м тереңдікте жатыр. Жоғарғы қабаттан, сондай-ақ, су құбырының керамикалық құбырлары табылды. Олардың диаметрі шағын (сыртқы диаметрі 11-12 см), соған қарағанда, жоғарғы қабаттың тұрғынжайы мен қоғамдық ғимараттары Жоңғар Алатауынан ағып келетін су көздерінен сумен қамтамасыз етілген.

Екінші құрылыс қабаты су құбырының бес тармағы бар екендігін, оған жөндеу жасалғанын көрсетті. Қазбаның батыс ернеуінде көлемді қоқыс тасталған орын табылды. Батыс ернеудің стратиграфиясы, мұнда кезінде үлкен қоқыс шұңқыры болғанын дәлелдейді, ол бірінші құбырлар қазылған кезде, салыстырмалы түрде тез, толтырылып тасталған. Стратиграфияға қарағанда, XIII ғасырға жататын қоқыс үйіндісінің қабаты, су құбырларының тармақтарының құрылысын жүргізу және жөндеу кезінде әлденеше рет кесілген. Қазба жұмысы батыс бағытта, 17*19 метр аумақты алатын қосымша қазбада жалғасты. Мұнда қатты бұзылған тұрғынжай құрылысы бар екені анықталды. Үш құрылыс қабаты бары белгілі болды. Табылған олжалардың ішінде қытай монетасын, жоғары жағында иероглифтері бар екі жақты қола мөрді, екі түймесі бар өрнектелген қола жапсырманы, мифологиялық тақырыпта сюжет өрнектелген иран фарфорын атауға болады. Табылған заттардың біраз бөлігін сүйек дайындамалары құрайды (негізінен араланған мүйіздер).

2. Сондай-ақ, қаланың орталық бөлігіне, яғни қазылған үй-жайдан батысқа қарай 50 метр жерде, дөңгелек дөңестердің бірінің еңісінде қазба жұмысы жүргізілді. Төмпешіктер пішіні төртбұрыштылау болып келген. Өлшемі 16*1,5 м ор солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай тартылған, ол болжамдағы қабырғаны кесіп өтетіндей етіп салынды. Шым қабатты алғаннан кейін сары түсті кесектің шайындысы табылды. Бұл қабаттан сырсыз керамика кездесті. онын арасында құбырдың сынығы да бар. Жер бетінен 45-50 см тереңдікте ұзындығы 140 см, ені 16 см ағаш тақтай аршылды. Ордың солтүстік-шығыс шетінен 6 м жерде, 50 см тереңдіктен бір-бірінен 5 см арақашықтықта тігінен орналасқан диаметрі 6 см сырғауыл табылды. Ол тазартылған кезде қабірдің беткі жабыны екені анықталды. Жабын қабірдің ішіне құлап түскен. Ордың аумағы. қабірдің көлемі 1,5*0,8 м орталық бөлігін қамтыған. Мәйіт солтүстік-солтүстік-батыстан оңтүстік-оңтүстік-шығысқа қарай бағытталған. Бұл мұсылман зираты болуы керек. Қабір ашылған жоқ.

Одан кейінгі қазба жұмыстары көлемі 9*6 м қазбада жалғасты.

Мұнда аша тәрізді орналасқан төрт бөлме анықталды. Өлшемі 430*250 см бөлменің бірі толығымен аршылды, ал қалған үшеуі (өлшемдері ұқсас) ішінара қазылды. Сонымен, зерттеулер төрт бөлмеден тұратын, шұңқырлар мен қабірлер кескен, қатты бұзылған құрылымдарды анықтады. Құрылымдардың нашар сақталуы және одан қандайда бір нәрсенің табылмауы, бұл бөлмелердің неге арналғанын анықтауға мүмкіндік бере қоймайды. Сірә, бұл бұрын (1999-2000 жж.) қазылған, қаланың бай тұрғынының үй-жайына жататын шаруашылық құрылыс болуы керек.

3.        Үшінші қазба қала жұртының батыс бөлігінде, болжамдағы цитадель орнында, дөңестің солтүстік-шығыс шетінде салынды. Өлшемі 10*10 қазба бұрыштары дүниенің төрт бұрышына бағытталды. Қазба жүргізілген жер деңгейі солтүстік-шығысында орналасқан дөңестен төмендеу. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл жердегі еңістік жол құрылысына топырақ алудан болған. Дей тұрғанмен, қазба жұмыстары барысында бұл айтылған пікір шындыққа жанаса қоймады, топырақты алу қазбадан оңтүстік-батысқа қарай 10 м жерде жүргізіліпті.

Солтүстік бұрышта, 45 см тереңдікте пахсаға ұқсас құйма табылды, ол қазбаның солтүстік- шығыс жиегіне қатар тартылған және 4 м ұзындықта байқалды. Оның ені 1,2 м. Оған 1, 11 бөлмелердің солтүстік-батыс қабырғасы болып табылатын, ені 60, биіктігі 30 см, кесектен қаланған қабырға тікесінен келіп қосылады. Осы деңгейде қазбаның бұл бөлігінде құрылыстың ізі байқалмады, бірінші құрылыс қабатының кезеңінде бос жер және немесе екінші құрылыс қабатының ауласы болса керек. Қазбаның қалған, яғни солтүстік-шығыс бөлігінде, бірінші құрылыс қабаты бойынша екі бөлме және үшіншісінің азғантай учаскесі тазартылды. Қазбаның оңтүстік-шығыс ернеуінде, шығыс бұрыштан 2,5 м жерде өртенген қабат, күйген еден анықталды, бұл әлі қазыла қоймаған көрші бөлменің ошағы болуы мүмкін. Күйген аумақтың ұзындығы 1,7 м.

Бірінші құрылыс қабатының құрылымы анықталғаннан кейін ол алынып тасталды. 1-бөлме еденінің астынан екінші құрылыс қабатының құрылымдары табылды. Бөлмелер жобасы кейбір өзгерістерге ұшыраған. 1-бөлме оңтүстік-батыс және солтүстік-батыс қабырғалардың жылжуынан 3*3 м аумаққа дейін тарылған.

Екінші қабат деңгейінде 2-бөлменің солтүстік бұрышында, солтүстік-шығыс қабырғаға жапсарласқан екі тандыр табылды. Бірінші тандыр солтүстік бұрышқа жақын, диаметрі 0,8 м. Ол қатты бүлінген. 1-бөлмеден оңтүстік-батысқа қарай қалқан-қабырғамен екіге бөлінген көлемі 3,2*1,2 м бөлменің бөлігі анықталды. Қалқан-қабырға солтүстік-батыс қабырғадан 1,1 м қашықтықта солтүстік-шығыс қабырғаға тікесінен келіп қосылады. Бөлменің солтүстік-батыс қабырғасынан кен табылды, ол 2-ші бөлмедегі тандырлардан тартылған болса керек. Кеннен ағаш тақтайлар сақталған.

4.        Қала жұртының орталық бөлігінде, цитаделден батысқа қарай аумақта төртбұрышты құрылым қазылды, бұл қазылғанға дейін көлемі 30*30 метр шаршыны құрайтын, мүжіліп шөгіп кеткен қабырғалар жалы болып жатты, оның бұрыштары дүниенің төрт жағына қаратылған. Жүргізілген зерттеулерден кейін сыртқы қабырғалары 24*27 м шаршы қамтитын, қабырғаларының ені 2,5 м, құрылыс бары анықталды. Оның қабырғалары кесектен қаланған. Қаланған қабырғаның биіктігі 30-45 см. Кесектің 3-4 қатары анық көрінеді. Оңтүстік-батыс қабырғада, оның батыс бұрышына таман ені шамамен 3,5 м есік анықталды. Ғимаратың ішкі аумағы шеңберінде төбе жабынын тіреуге пайдаланған бөренелердің бірнеше негіздері табылды, олардың әу баста қалай орналасқандарын анықтай қою мүмкін емес. Іргелеріне орташа көлемдегі қиыршық тастар салынған. Осы құрылыс кезеңінің қазбасынан табылған заттар біртекті келеді. Құрылыстың не мақсатқа пайдаланғаны белгісіз.

5.        Өлшемі 10*10 м, «14» деген кодтық атауға ие болған қазба Қаялық қаласының оңтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Қазба орны жұмыс алдында көлемі 40*30м дөңес болатын. Зерттелетін бөлме де сондай өлшемде болуы тиіс. Қазба орны (10*10 м) бұрыштарымен дүниенің төрт бұрышына қаратылған. Шым қабатты алғаннан кейін қазбаның әр алуан бөлігінде топырағы нығыздалған учаскелер бар екендігі анықталды. Осы учаскелер арасындағы аумаққа сүр түсті бос құмдақ толтырылған. Қазбаның солтүстік-шығыс бөлігінде шығыстан батысқа бағытталған, көлемі 850*94*11 см, кесектен қаланған қабырға табылды. Оңтүстік-шығыс ернеу бойында, оңтүстік-шығысқа қарай иілген сыпаның ізі байқалады, мұнда сыпаның ішінде кеннің желілері анықталды. Оңтүстік-шығыс ернеудің орталық бөлігінде тандыр қабырғаларының сынықтары кездесті. Оның өлшемдерін дәл анықтай қою мүмкін емес, өйткені, ол қатты қирап қалған. Қазбаның орталық бөлігінде тұтқалары көлденең орналасқан, диаметрі 50 см, археологиялық тұрғыдан бүтін қазан табылды. Қазанның түбі орташа көлемдегі қиыршық тастармен бекітілген.

6.        Қаялық қала жұртынан 6 шақырым жерде орналасқан ортағасырлық Лепсі қала жұртында археологиялық жұмыс 2003 жылдан бастап жүргізілуде.

№1 шурф 2*2 м көлемде салынды. Зерттелетін аумақ бақтың күзетшісі үйінен оңтүстік- шығысқа қарай шамамен 40 м жерде, ортағасырлық Лепсі қала жұртының аумағында орналасқан бақ ішінде. Күзетшінің үйі қала жұртының солтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан, сірә, ортағасырлық кезеңде қалаға кіретін қақпа нақ сонда болған болса керек. Қала жұртының шығыс қабырғасы жергілікті ГЭС үшін канал құрылысын салу кезінде бұзылған, қала жұртының солтүстік- шығысында қала жанындағы қазіргі бөлініп қалған тұстар да бұдан аз ғана уақыт бұрын болған, ал, кіретін қақпа орны солтүстік-шығыс бұрышында болса керек.

Қала жұрты және оның айналасы бұрын тегістелген. Қазба болса мұндай тегістеулерден аман дөңесте жалғасты. Дөңесте үй және шаруашылық құрылыстары салынған. Шурф көлемі 5*4,4 м, қазба аумағында табылған кесектен қаланған ірі қабырғаның бағытын анықтау мақсатында ол батысқа қарай 1,2*0,7 м- ге кеңейтілді. Мәдени қабаттың тереңдігі 1,35-1,40 см болды. Анықталған қабырға күрделі құрылысқа қатысты болуы керек, ол қазбаның бүкіл ұзындығы бойына созылып жатыр (5 м).

Қосымша 2003 жылғы қазбада зерттеулер жүргізіліп, кесек қабырға аршылды. Көлемі 6,2*3,5 м бір бөлме аршылды, онда күл, көмір және ұсақ сүйектер толтырылған тандыр қалдықтары бар сыпа табылды. Негізгі қабырға бойынша салыстырмалы биіктік 98*63-98, 77, кесек төселген еден бойынша 97, 98-97, 92 болады. 1-бөлменің солтүстік шетінде пайдаланған, тапталған жоғарғы қабат анықталды, тал осы қабаттан негізгі олжалар табылды: керамикадан жасалған, бетіне бір тұтас крест және екі крест бөліктері оймышталған қакпақ бөлігі, катафрактарий сауыттың бірнеше таспасы табылды. Таспа ұзындықтары 9 см, ені 3,5-3,8 см, шетіндегі тесіктері арқылы сыммен бекітілген болуы керек.

7.        «Будда ғибадатханасы» нысанында консервациялық шаралар жалғастырылды. Айнала ортаны тазалау жүзеге асты. Нысанды жарамды күйінде ұстау мақсатында ғибадатхана қабырғаларының ашық тұрған беттері сыланды.