Кесене орналасқан жер маңайына қарағанда биігірек, дөңестеу келген. Сол уақыттың өзінде арнайы есеппен салынғаны осыдан-ақ аңғарылады. Яғни, көктемде су деңгейі көтеріліп, арнасынан асып төгілген уақыттың өзінде жайылған су бұл қыратқа көтеріле алмаған.

Осымен екінші жыл қатарынан жалғас тауып келе жатқан Қобыланды кесенесіндегі қазба жұмыстары биылғы жылы екі кезеңнен тұрды. Кешенді түрде іске асырылып жатқан бұл жұмыс этнографиялық, топонимикалық зерттеулерді де қамтып отыр. Төменде тек кесенеде жүргізілген қазба жұмыстарының жалпы нәтижелері ғана берілмек.

Қобыланды батыр кесенесін зерттеудің бірінші кезеңі. 2005 жылы Қобыланды батыр кесенесі бойынша зерттеу жұмыстарының бірінші кезеңі шілде айының 2-ші жұлдызынан тамыз айының 1-не дейінгі аралықты қамтыды. Оның ішінде қазба жұмыстары шілде айының 2-нен 20-сына дейін жүргізілді.

Қазба жұмысын бастамас бұрын Қобыланды батыр кесенесінің басында аруаққа арнап мал шалынып, ауыл ақсақалдары мен тізгін ұстар азаматтары шақырылып, арнайы құран оқытылып, бата жасалды.

Қазба жұмысы ескерткіштің 2004 жылғы қазу кезінде маңайына үйілген үйіндіні тазартудан басталды. Тек кесененің өзін ғана емес оның іргесін, маңайын байқау мақсатында көлемі 50*50 м болатын үлкен қазба белгіленді. Нәтижесінде кесене толықтай аршылып, негізгі көлемі анықталды. Жалпы көлемі: 11,60*8,50 м. Кесене бүтіндей талқандалған, қабырға кірпіштері сақталмаған. Бұл кірпіштердің негізгі бөлігі өткен ғасырларда сірә, құрылысқа пайдалану мақсатында тасылып алынған болу керек. Уақыт тезіне шыдамай құлаған кесененің қалдықтары жайлы Кастанье дерекке түсіре отырып, оның құлау жайында «это остатки древней могилы, разрушенной населением1» деген пікір береді. Және де ол үйіндіге айналған бұл құрылыстың беткі қабатында шашылып жатқан кірпіш қалдықтары жайлы тоқтала кетеді.

Міне осы XX ғ. бас кезінде үйінді түрінде жатқан тарихи ескерткіштің қалған бөлігі, сол ғасырдың 60-шы жылдарының аяғына таман, Н. Шаяхметовтың Қобыланды батырдың бас сүйегін алып реконструкциясын жасау мақсатында жүргізген «қазба» жұмыстары барысында бульдозердің күрегі мен табаны астында қалып, толығымен қираған. Тек бұрыш қалдықтары ғана әр түрлі деңгейде сақталып қалған. Оның өзінде бұрыш қалдықтары деп тек үшеуін ғана айтуға болады. Бір бұрыш толығымен жойылып кеткен. Бұған кесененің шығыс бұрышы дәлел бола алады. Бульдозер кесененің қақ ортасынан траншея қылып күрегенде дәл осы шығыс бұрыштың үстінен өткен. Нәтижесінде шығыс бұрыш сақталмай, тек оның тұсында кірпіш үйіндісі пайда болған. Сондай-ақ, оңтүстік бұрышта осы сипатта. Ол бұрыш дегеннен гөрі бір-екі қатар болып сақталып қалған қабырға кірпіштеріне сай келеді. Оңтүстік бұрышта шығыс бұрыштың тағдырын кешкен. Тек бұл тұста бульдозер емес экскаватор жұмыс істегендіктен аз да болса сақталып қалған. Экскаватор оңтүстік бұрыштың ортасынан өтіп, екі бөлікке бөліп тастаған.

Кесененің орыны мен маңайы тұтастай аршылғаннан кейін болған жайтты толығымен қалпына келтірудің сәті түсті. Егер бульдозер жалпақ күрегімен кесененің ортасынан бір рет жүріп өтсе, экскаватор кесененің өне бойын және іргесін әбден тілгілеген.

Тағы бір тоқтала кететін жайт, өткен жылғы қазба жұмыстарының нәтижесінде ескерткішті мазар деп белгілесек, биылғы жылғы зерттеу жұмыстары бұл ойымызды өзгертіп кесене деп атауға мүмкіндік беріп отыр. Бұған кесененің жалпы көлемінің 11,60*8,50 м екендігі дәлел. Яғни, Қобыланды кесенесі аумағы жағынан Абат-Байтақ кесенесінен кем түспейді. Сондай-ақ кесене деуімізге жауап беретін басқа да қырлары бар. Ол Қобыланды мавзолейінің тек өз басы ғана емес, маңайында өзге де қабірлердің болуы. Уақытында бұл жердің үлкен қорым (жергілікті айтылуынша - қауым) болғанын әлі де болса көруге болады. Қобыланды кесенесі осы қорым ортасында, кезінде ғұрыптық сипатта негізгі мән-мағынаға ие болып, әрі осы қалың қорымға атау берген тарихи ескерткіш. Батырдың маңайына келіп жерленіп, оның шарапаты тиіп жатсын деген қалың қазақ қорымының бүгінгі жағдайы жыларман күйде. Қорымның бір шеті ауыл үйлерінің, кезінде шаруашылық маңызда арнайы тұрғызылған мал қораларының (баздардың) астында қалса, негізгі бөлігі төмпешіктерге айналып аяқ астында, көліктің табаны асты жолдарына айналып кеткен. Ал бұл мәйіттердің қасында тұрған құлпытастарға соғыс жылдары осы өңірлерге жер аударылған шешен халқының өкілдерінің қолдары тиіп нәтижесінде түрлі құрылыстарға, мақсаттарға пайдаланылып кеткен. Және де қарттардың айтуынша бұл қорымның арасында, сол қиын-қыстау уақытта қайтыс болған олардың да (шешен халқының) жекелеген қабірлері ұшырасады.

Бұл күнде қорымда бой көтеріп тұрған бір ғана құлпытас бар. Ол кесененің оңтүстік- шығыс жағында орналасқан. Бұл құлпытас суретке түсіріліп, өлшемдері алынды. Көне көз кәриялардың айтуынша, олардың бала кезінде қаптап тұрған ескі құлпытастардан бүгінде сақталып қалғаны осы ғана. Сонымен қатар XX ғасырдың 50-нші жылдары бой көтерген бірнеше бейіттің (жергілікті айтылуынша - мәйіт) басында тұрған құлпытастар сақталған. Бұл мәйіттердің құлпытастары цемент араластырылып құйылған.

Халықтың ұғымы бойынша аруақты, әулие адамның маңайына жақын жатуға немесе жерлеуге қашанда үлкен маңыз берілген. Өйткені, о дүниеде ол кісінің шарапаты тиеді деп сенген. Сондықтан бұл қорым Қобыланды кесенесінің маңызын арттырып тұрған белгілердің бірі.

Қобыланды батыр кесенесін зерттеудің екінші кезеңі. Қобыланды кесенесіндегі қазба жұмыстарының екінші кезеңі бір жарым айдан аса уақытқа созылып, түпкі нәтижесінде өз жемісін берді. Кесене ішінен кездейсоқ сақталып қалған ортағасырлық қабірлер табылды. Яғни, кесенеде негізгі қабірден (Қобыланды деп тұспалданып отырған) басқа тағы да үш қабірдің болғандығы анықталды. Оның арасында екеуі бірінің үстінде бірі орналасқандықтан, әрі жартылай қирағандықтан № 2 және № 2А қабірлер деп белгіленді.

Қазба жұмысы бірінші кезекте техниканың күшімен қазылған траншеяларды зерттеуден басталды. Арасында көзге ілінбей кетіп қалған артефактілердің болуы мүмкін деген сеніммен қазылған тексеру жұмысы, бұл үмітімізді толығымен ақтады. Бұл ордың ішінен адам сүйектері, мал сүйектері, бұған дейін ұшыраспаған көптеген кірпіш үлгілері, қыш ыдыс сынықтары, күйген топырақ, жанған ағаш қалдықтары және титімдей алтын сым шықты.

Бульдозер кесененің шығыс бұрышы тұсынан кіріп оңтүстік-батыс жағынан, яғни қасбетінен күреп шыққан. Қазылып қалған ордың ұзындығы 14 м-ге жуық (оның 12 метрі аршылып тазаланды). Ордың ені 3 м. Ордың ең терең тұсы (орта жағы) 1,30-1,20 м тереңдікке дейін жеткен. Яғни, бульдозер осы тереңдікке дейін бойлай енген. Тек, бақытқа орай, адамдар жерленген артқы қабырғаның тұсынан, нақтырақ айтқанда, шығыс бұрыштан енгендіктен қабірлер толықтай күреліп кету қауіпінен аман қалған. Аман қалуының тағы бір сыры бульдозердің көрхана орналасқан артқы жағынан қиғаш еніп, әрі қабірлердің тұсынан біртіндеп тереңдеп түсуі де себепші болған. Соның өзінде №2А қабірдің жартысынан көбі, ал № 2 қабірдің аяқ тұсы бульдозердің күрегіне түскен. Бұл екі қабір бірінің үстінде бірі жерленгендіктен, Н. Шаяхметов аңдамай, тек беткі қабатта жатқан № 2А қабірдің ішіндегі адам сүйегін алып кеткен. Онымен қоса негізгі болып табылатын №1 қабірдің ішінде жерленген адам сүйегін алған.

№1 қабір бұл бульдозермен қазған уақытта емес, тек іске экскаватор араласқаннан кейін анықталған болуы керек. Өйткені экскаватор қазған траншеялардың бірі дәл осы қабірдің батыс қабырғасының тұсына тап келген.

Жалпы көрхананың іші 1968 жылы Ш - Б бағытында 2,40 м, О - С бағытында 4,60 м ұзындықта, 1 м тереңдікке дейін үлкен шұңқыр болып қазылған.

Зерттеудің бірінші күнінің өзінде, бульдозердің қазып кеткен траншеясының беткі қабатынан, еден деңгейінен сәл төмен 20 см тереңдікте, кесененің оңтүстік-шығыс іргесіне таяу тұстан (70 см) көзге ілінбей, бүтін сақталған адамның астыңғы жақ сүйегі табылды. Басында Қобыланды батырдікі деп жорамалданған бұл жақ сүйек, кейін келе негізгі қабірден бөлек тағы 3 қабірдің бары анықталған соң, №1-мен (Қобыланды) іргелес жатқан, № 3 деп белгіленген қабірдікі деген ойға келдік. Әрине, бұл тұста соңғы сөз антрополог мамандардікі.

Көңіл аударатыны қабірлердің кесененің артқы бөлігінде орналасуы. Бұл кесененің алып жатқан орнының 3/1 бөлігі ғана. Бұдан Абат-Байтақ кесенесіндегідей, көрхананың шағын ғана аумақты алып жатқанын көреміз. Әрі, Қобыланды кесенесінде көрханадан бөлек басқа да қуыстар тәрізді (зиратхана секілді) ғұрыптық сипаттағы құрылыс орындарының болғанын жорамалдауға болады.

Түсіндірме:

* Қобыланды батыр кесенесіндегі зерттеу жұмыстары Ақтөбе облысының аймақтың «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша іске асырылды. Осыған орай, Қобыланды секілді аруақты бабамыздың ұмытылуға айналып, қирап аяқ астында жатқан зиратын зерттеуде бастама көтеріп, осы игілікті шараның бас-қасында болған облыс әкімі Е.Н. Сағындықов пен Қобда ауданының әкімі М.С. Жұмағазиевке алғысымызды білдіреміз.

Әдебиеттер тізімі:

Кастанье. Древности Киргизкой степи и Оренбургского края. Вып. XXII, 1910 (Тиуды Оренбургской Ученой Архивный Комиссий). - С. 93.