Бұл осы өңірдің ортағасырлардағы әйгілі қаласының орны. Қала жұрты жазық жерде жатыр, ол бұрынғы құрылыстардан қалған пішіні мен көлемі әртүрлі үйінді төмпешіктерден анық байқалады. Қазір көне қаланың орнын сексеуіл мен жиде басып кеткен. Қазақстанның әкімшілік бөлінісі бойынша ескерткіш Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында, аудан орталығынан солтүстік-батысқа қарай 40 шақырым жердегі Сунақата шатқалында, Самара-Ташкент магистральді автокөлік жолының солтүстігінде орналасқан.

Қала жұрты екі бөліктен: шахристаннан және оған үш жағынан жанасып жатқан рабадтан тұрады. Оның оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан шахристан кезінде пішімі бесбұрышқа ұқсайтын мықты қамал болған, оның өлшемдері: солтүстігі – 275 м, солтүстік- батысы – 175 м, оңтүстік-батысы – 180 м, оңтүстігі – 175 м және оңтүстік-шығысы – 320 м. Оңтүстік-шығыс дуалдың солтүстік шетінде орналасқан қаланың қақпасы ұзындығы 20 метр болатын дәліз түрінде жасалған. Қамал дуалы үйіндісінің биіктігі 6-7 м, бірақ оның қазіргі кезде сақталған түрі дуалдың бастапқы биіктігі 10-12 м болғанын көрсетеді. Дуал бойында 15 мұнара орнатылған, олар қазір дуалдан 1 м биік үйінді түрінде көрініп түр. Шахристанның ішкі бөлігін толығымен мәдени қабат басып жатыр. Оның бүкіл аумағынан күйдірілген кірпіш, сондай-ақ негізінен кейінгі ортағасырларға тән сырлы және сырланбаған керамика сынықтарын теріп алуға болады.

Шахристанға, оңтүстік-шығыс жақтан басқа, үш жағынан рабат ұласып жатыр. Оның ең ұзын жері 650 м, ал ені 250-400 м. Рабадты қазір 0,7-1,5 м биіктікте сақталған қамал үйіндісі қоршап жатыр. Құрылыс қалдықтары әсіресе оның батыс және солтүстік бөліктерінде тығыз орналасқан. Пішімі мен көлемі әртүрлі келген ортағасырлық құрылыстардың қалдықтары нақ осы жерден көбірек табылады. Шахристандағы секілді, рабадтың да бүкіл аумағынан бүтін және сынық күйдірілген кірпіштерді, сырлы және сырланбаған керамика қалдықтарын тауып алуға болады. Олардың көпшілігі кейінгі орта ғасыр кезеңіне жатады. Өзімізге дейінгі авторларға қарағанда, біз қаланың топографиясын анағұрлым жан-жақты қарап, толықтырдық. Мұның өзі де алдағы зерттеулердің барысында кеңейтіліп, нақтылана түседі.

Біз зерттеп отырған қаланың Сунақ түріндегі атауы жазба деректерде X ғ. соңындағы белгісіз парсы авторының «Худуд-әл Әләм» қолжазбасында кездеседі. Осы фактіні тіркеген А.Ю. Якубовский «... бұл атаудың Сигнаққа (Сугнак) қатысты екеніне күмән келтіруге негіз жоқ» деп есептеген. XI ғ. Махмуд Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» шығармасында «Суғнақ ғұздар еліндегі қала» деген ескертпе бар. А.Ю. Якубовский бұл туралы «біздің қолымызда Сүғнақ қаласының XI ғ. өмір сүргені жайында ғана емес, сондай-ақ оның ғүздардың қаласы болғандығы жайында да айғақ бар» – деп ерекше атап көрсетеді. Қаланың атауы араб-парсы авторлары шығармаларының бәрінде дерлік Х-ХІ ғасырлардан бастап кездеседі. Өзі өмір сүрген кезде қала Сырдарияның төменгі оң Сығанақта астаналық, қалаға тән сәулеттік ғимараттар бой көтереді. Онда мешіттер, медресе және басқа да салт-жоралық және қоғамдық ғимараттар салынады. Мұны жазба деректер мен археологиялық қазбалар растайды. Көршілес елдердің қалаларымен тарихи- мәдени байланыстар күшейе түсті. Бұған қала орналасқан Ұлы Жібек жолы айтарлықтай септігін тигізді. Сығанақтың көшпенді халық өміріндегі маңызы аса зор. Көшпенділер қалаға күнделікті сауда жасауға мал және мал шаруашылық өнімдерін әкеліп отырды. Ортағасырлық автор Рузбихан Сығанақты «Дешті-Қыпшақтың сауда айлағы» деп атайды. Өзінің өмір сүруінің соңғы тұсында, яғни XV ғ. соңы – XVII ғ-да Сығанақ қазақ хандығының орталығы болды.    

Сығанақтың зерттелуі Орыс археологиялық комиссиясының тапсырысы бойынша П.И. Лерхтің, осы өңірдегі бірқатар ортағасырлық қалалардың қираңдыларын қарап көру үшін 1867 жылы Түркістанға сапар шегуінен басталады. Сығанақта болған П.И. Лерх оны «бұрынғы Сунақ-қорған қамалының қалдықтары» деп тауып, көне қала жұртының орнын дұрыс анықтады. 1892 жылы Ташкенттен Перовскіге (қазіргі Қызылорда) жол тартқан кезінде жергілікті өлкетанушы Е.А. Смирнов та Сығанаққа соғып өтеді. Өкінішке орай, ол П.И. Лерхтің айтқандарына Сығанақ пен оның төңірегі Төменарық арқылы суландырылатыны туралы ғана болмашы бір мағлұмат қоса алады. Е.А. Смирновтың артынша 1899 жылы Сығанақты Түркістан өлкетанушысы В.А. Каллаур зерттеп, өзінің алдындағы зерттеушілерге қарағанда ол оның топографиясының толық суреттемесін беріп, сызбасын түсірді. Кезінде А.Ю. Якубовский ескерткен бірқатар кемшіліктері болғанымен, бұл сызба айтарлықтай рөл атқарды. 1906 жылы қаланың орнына И.А. Кастанье келіп, сәулеттік ескерткіштер мен суару жүйелерінің сипаттамасын беріп, зиратта араб жазулары бар құлпытастардың барлығын атап көрсетіп, В.А. Каллаурдың мағлұматтарын толықтыра түседі.

Заттай мәдениет тарихы Академиясының тапсырмасы бойынша 1927 жылы Сығанақты А.Ю. Якубовский зерттеді. Қалада 2,5 тәулік болған зерттеуші қыруар жұмыс атқарады. Ол ескерткіш топографиясының тиянақты суреттемесін жасап, шахристан, рабад аумақтарын анықтап, суреттер түсіріп, 1927 жылға дейін сақталған сәулеттік ескерткіштерді толық суреттейді, олардың кейбіреуінің әрленуіне егжей-тегжейлі сипаттама береді. Қала жұртының жекелеген бөліктерінің және құрылыстарының топографиясын түңғыш рет жасап, жинақталған мағлұмат негізінде қаланың өмір сүрген уақытын анықтады, оның сумен қамтамасыз етілуі мен суару жүйелерін, нумизматикалық материалды зерттеп, ортағасырлық жазба деректерден Сығанақ жайында мүмкіндігінше толық мағлұматтар жинақтады. А.Ю. Якубовский осы мағлұматтардың негізінде Қазақстанның ортағасырлық қалалары туралы тарихнамасында теңдесі жоқ еңбек жариялады.

Осыдан 20 жыл өткен соң, 1947 жылы Сығанақтағы зерттеу жұмыстарын А.Н. Бернштам басқарған Оңтүстік Қазақтан археологиялық экспедициясы қайта қолға алды. Экспедиция қаланың сызбасын түсіріп, ескерткіштің археологиялық сипаттамасын толықтырды. Ескерткіштің өмір сүрген, әсіресе оның бой көтерген уақытына қатысты А.Н. Бернштам «архаикалық қара керамикаға қарағанда, қаланың негізін кангюйлік қыстақ құраған» деген пікір айтады. 40-шы жылдардың соңы мен 50-ші жылдардың бас кезінде Оңтүстік Қазақстан экспедициясын Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич басқарды. Қала жұртында бұл жолы да қазба жұмыстары жүргізілмеді. Авторлардың пікірінше, Сығанақ аумағынан жинап алынған керамика қаланың ең гұлденген уақыты V-VIII ғғ. екенін көрсетеді. Кейіннен оның маңызы төмендейді де, қайтадан өрлеуі XIII-XVI ғғ., яғни монгол шапқыншылығынан кейін Ақ Орданың астанасы дәрежесіне дейін көтерілген уақытына түс келеді.

70-ші жылдардың басында қаланы К.А. Ақышев, К.М. Байпақов және Л.Б. Ерзакович зерттеді. Жинақталған материалмен және қала жұртының топографиясымен танысқан олар Сығанақты тарихи маңызы жөнінен Отырардан кейін екінші орынға қойды. 2002 жылы археология және этнология кафедрасының ізденісінен кейін, Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті басшылығының қаулысы бойынша Сығанақта Отырар және басқа да ескерткіштердегі дей тұрақты қазба жұмыстарын жүргізуге шешім қабылданды. 2003 жылы Сығанақ археологиялық экспедициясы құрылды. Екі далалық маусым барысында экспедиция аталмыш бірегей ескерткіштің тарихы мен археологиясы бойынша, бұрынғы зерттеулерді толықтыра түсетін едәуір жұмыс тындырды.

Қазіргі уақытта көне қала жұртының ұлкен бөлігі шаруашылық және құрылыс жұмыстарының салдарынан бұзылған. Оның орталығында (шахристанда) ұзақ жылдар бойы өліктер жерленіп келеді, шығыс бөлігінде көптеген зираттар орналасқан, ал жан-жағында шаруашылық және тұрғын-жай құрылыстары, жолдар және автокөлік тұрақтары салынған. Қала жұртының үстін қалың бұталы тоғай басып кеткен.

«Қазақстанның тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану туралы» Заңның бар екендігіне қарамастан, қала жұртын қорғау шаралары бұрын-соңды жүргізілген емес.

Қ.А. Яссауи атындағы ХҚТУ археология және этнология кафедрасының Сығанақ археологиялық экпедициясы жұмысқа кіріскеннен кейін ғана жағдай түбірімен өзгере бастады: орталықта жерленген сүйектер алынып, қайта жерленуде, аршылған нысандардың жекелеген бөліктерін консервациялау мен қайта қалпына келтіру шараларын ұйымдастыру мақсатында ЮНЕСКО мамандары (Е.Хорош) шақырылды, жергілікті тұрғындар арасында қаланың Қазақстан тарихында алатын орны мен маңызы жайлы сұқбаттар жүргізілуде. Қаланы ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру мақсатында осы айтылған және басқа да шаралар енді ұдайы өткізіліп тұрмақ.

Қала орнының халықаралық Самара-Ташкент автотрассасы мен жақын маңайда өтетін теміржол бойында жатуы, ежелгі Сығанақты болашақта Алматы-Тараз-Сайрам-Шымкент- Отырар-Түркістан-Сауран-Сығанақ-Қызылорда туристік маршрутындағы ірі ескерткіштердің біріне айналдыруға мүмкіндік береді.