Қазба оңтүстік бағытқа қарай 11*54 м кеңейтілді. Шым қабатын тазалағаннан кейін, 0,6-0,7 м тереңдіктен тұрғын үй бөлмелерінің құрылыс қалдықтары: тастан қаланған іргетастар, сылақ, сыпалар, кішігірім алаңға төселген тастар, бұзылған тандыр, ашық ошақ ашылды. Іргетасқа қаланған тастар алғашқы кезде қақпа қоршауында қолданылғанға ұқсайды, өйткені, тастарда диаметрі 10-11 см, тереңдігі 5-6 см ойықтардың орны кездеседі. Бұл тастар ағаш қақпа, есіктердің тіреуі түбіне қойылған болуы мүмкін.

Ашылған құрылыс конструкциялары жоғарғы қабатқа жататын болғандықтан нашар сақталған. Осы себептен шығыс қақпа маңындағы тұрғын үй кварталдарының салыну жобасын толық анықтай алмадық. Қазба алаңынан ашылған кварталдағы тұрғын үй және шаруашылық бөлмелер еден деңгейіне дейін, яғни екінші құрылыс қабатына дейін жеткізілген жоқ.

Қазба барысында және құландыны тазалауда қызыл түсті саздан жасалған тұрмыстық ыдыстардың: қазан және құты, құмыра, өлшемі 12*32 см су құбыры сынықтары табылды. Құбырдың ішкі жағындағы ені 0,5 см, тереңдігі 0,2 см болатын бедерлі көлденең сызықтар арнайы шарықта жасалғандығын куәландырады. Бұл қала көлемінде осындай өнімнің талап етілгенін көрсетеді.Су құбырларының кезеңі бұрынғы қазбалардан белгілі болғандай Х-ХІІІ ғ.басына жатады¹.

Қыш заттардың жиынтығы, металл бұйымдар мен стратиграфиясы бойынша жоғарғы құрылыс қабатын XII ғ. аяғы - XIII ғ. ортасына жатқызуға болады.

Жарып өткен қазба алаңының оңтүстік-шығыс бөлігінен көлемі 1,89*0,75 м жерлеу шұңқыры анықталды. Түбінен шалқасынан созыла жатқан, басы солтүстікке бағытталған адам қаңқасы шықты. Қолы көкірек тұсына қарай бүгілген. Бас сүйек нашар сақталған, негізінен сынықтары. Аяқ-қолдарының төменгі жақтары шіріп кеткен: екі аяғының да табаны мен сирағының төменгі жағы (шамамен 1/3) жоқ. Сүйектен кедір-бұдыр сынықтың іздері байқалады. Аяғы мен бас сүйегі жанынан қыш ыдыс - үлкен ыдыстың сынықтары табылды.

Бұл кездейсоқ жерлеу орнын алдын ала мұсылмандық ғұрыптағы деп анықтап, XIII ғ. ортасы – ХІV ғ. басына жатқызуға болады. Шыққан жерлеу орнының осы жерде лайда болу салдарына қарағанда, шамасы, осы уақытта қаладағы тұрғын үй кварталының бір шеті өмір сүруін тоқтатқан.

Темірден жасалған бұйымдар. Үзеңгілердің жинақы жатқанына қарағанда бір кезде жіпке немесе сым темірге тізілген болуы керек. Үзеңгілердің көлемі мен пішіні әр түрлі, олардың саны 11 дана, оның 3-і жұп (6 дана), қалғандары әр түрлі көлемде. Шомбал балта, сына тәрізді, сапқа арналған тесігі бар. Балтаның биіктігі 13,5 см. Жүзі доғалданған, жүзінің шүйдесі артқа қайырылған. Жүзінің ұзындығы 5,5 см. Желкесі жалпақ, ұрылған. Сапқа арналған қалыңдығы 3,2 см-ден өткен дөңгелек тесігінің диаметрі 2,8 см. Құралды металлургияда шикізатты ұру үшін, құрылыс ісінде немесе шаруашылықта қолданылған болуы мүмкін.

Темір қазан шамамен 0,5-0,6 м тереңдіктен табылды. Ыдыстың сынықтарына қарағанда, кесіндісінде ернеуі тік бұрыштанып келген, иығында тұтқасы тігінен орналасқан. Қазанның бүйірі жарты шар пішінінде. Түбіндегі дөңгелек (2,5 см) аяғының ұзындығы 7 см. Дегенмен, аяғы кем дегенде 3 болуы керек, симметриялы қойылған.

Қоладан жасалған бұйымдар. Кесе қабырғасының сынықтары. Кесенің биіктігі 11,7 см, ернеуінің диаметрі 24 см. Қабырғасы өте жұқа, қалыңдығы 1-15 мм. Кесенің бүйірі жарты шар тәрізді, түбіне еркін жалғасқан, сыртына араб әліпбиінде Құранның нақыл сөздері жазылып, өсімдікті өрнектермен бай әшекейленген. Өрнек ойылмаған, бедерлі, тегіс, мөлшерлеп айтқанда өте жақсы орындалған. 

Кесе қоладан жұқа, нәзік (1-1,5 мм) жасалған, сынықтары барлық құланды қабаттан табылды, оның жалпақ дөңгелек түбінен тіктеу шыққан қабырғасының биіктігі 6 см, қабырғасы түбіне дөңгеленіп еркін жалғасқан, ернеуінің диаметрі 34 см. Ернеуі қабырғасынан ажыратылмай аяқталған. Қабырғасы тегіс, әшекейсіз.

Сырсыз қыш ыдыстар. Қазбадан шыққан қыш заттарды қолданылуына қарай төмендегідей негізгі топтарға бөлуге болады:

Ас үйлік ыдыстар – бұл негізінен қазандар мен әртүрлі көлемдегі құтылар, қақпақтар.

Қазандардың бүйірі шар тәрізді, жалпақ. Олардың 2 немесе 4 болуы мүмкін ілмек тәрізді дөңгелек тұтқалары көлденеңнен, симметриялы орналасқан. Саусақпен қысу, басу арқылы қабырғасына жапсырылған. Мойнының (ернеуінің) диаметрі 16-28 см, қабырғасының қалыңдығы 0,5-1,3 см. Қазандардың сыртын әдеттегідей күйік шалған қабат жапқан.

Құтылардың мойыны қысқа тік келген, жоғарғы жағы томпайған, шар үлгісінде және бүйірінен төмен конус үлгісінде тарылған. Құтылар тұтқасыз немесе ілмек тәрізді қалыңдалған екі кішкентай тұтқасы мойынына бекітілген.

Қақпақтар жалпақ, диаметрі мен қалыңдықтары әртүрлі. Кейбір қақпақтар сыртының беткі жағы өрнектеліп әшекейленген. Жиынтықта өрнектеліп орындалған саңырауқұлақ үлгісіндегі қақпақ бар. Бірқатар қақпақтардың жиегі саусақпен бастырылып әрленген.

Ыдыстардың басым көпшілігі арнайы шарықта орындалған, дегенмен, қолмен жапсырылып орындалған ыдыс сынықтары да бар.

Асханалық ыдыстар – бұлар           құмыра, тостаған, саптыаяқ, кесе.

Құмыралар суға арналған, жіңішке ұзын емес мойыны томпайған бүйіріне жалғасқан. Мойыны мен сопақша келген бүйірінің буындалып жалғасқан жеріне тұтқасы бекітілген. Құмыраның бүйірі бір немесе бірнеше қатар әр түрлі биіктік пен жиілілікте жарты шеңберлі немесе толқын үлгісіндегі сызықтармен өрнектелген.

Топты негізінен су құйғыш-құмыралар, қабырғасына бекітілген суағар тұмсығы (шүмегі) бар ыдыстар құрайды.

Тостаған түбінің сынықтары. Табанының диаметрі – 6 см, қабырғасының қалыңдығы – 0,8 см, түбі – 0,6 см. Түбінің ұқсастығына қарай орта көлемдегі кесеге жатуы мүмкін.

Саптыаяқтар арнайы шарықта жұқа қабырғалы етіп жасалған. Ыдыстардың табаны жалпақ, әрі тегіс. Саптыаяқтарға ілмек тәрізді тік тұтқа тән. Жиынтықта саптыаяқтардың бірнеше сынықтары бар.

Тұрмыстык ыдыстар - бұлар құмдар және осыған ұқсас көлемі кішілеу келген құмшалар. Мұндай ыдыстар негізінен сусымалы немесе сұйық өнімдерді, сонымен бірге, астықты ұзақ уақытқа сақтау үшін пайдаланылған. Тәртіп бойынша құмдар еденге ернеуіне дейін көмілген. Құмдар мойынының диаметрі 18,5-34 см. Ыдыстар шарықта ленталық тәсілмен орындалған. Ыдыстардың жоғарғы жағы балшықпен сыланған немесе қызыл қоңыр түсті ангоб жағылған, ол қолмен немесе бір шоқ шөппен орындалған.

Тегене – шұңғыл шаралардың (шылапшын) екі түрі кездеседі: қабырғасы тік және қабырғасы жоғары қарай кеңіген. Табаны тегіс жалпақ. Ернеуі тік немесе сыртына қарай қайтарылған, оның (ернеуінің) үстіне қатты затпен бастырылып сызылған толқынды өрнектер салынған. Тегене – орта ғасырда кең тараған дәстүрлі ыдыс. Тегенеге өте ұқсас ыдыстар Оңтүстік-батыс Жетісу 2 мен Қазақстанның оңтүстігінен 3 табылған.

Келі – конус үлгісіндегі ыдыс, шомбал тұғырынан жоғары қарай пішіні кеңейген. Оның биіктігі 20-25 см, ернеуінің диаметрі 15-20 см, табаны 10-12 см. Ауыр шомбал тұғыры саусақпен бастырылып жапсырылған. Келілер өзен құмы немесе ұсақ тас араластырылып саздан тығыз дайындалған. Бұған ұқсас қыш ыдыстар Шу өңірінде 4 бар.

Арнайы мақсаттағы қыштар – шырақтар, су құбыры, тандыр-пештер. Шырақ-майшамдар қайық           үлгісінде кездеседі, бір шетінде ұзынша науасы, оның басында білтесі болатын жақтаулы сауыттың биіктігі 2-4 см. Тұмсығына қарама-қарсы ілмек тәрізді тұтқасы бекітілген. Осы негізгі пішінге кейде екі және төрт тұмсық (науа) орнатылғандары да таралған.

Су құбыры цилиндр үлгісінде, оның бір шеті тар болса, екінші жағы кеңірек. Бұл Жетісулық және Оңтүстік Қазақстандық ескерткіштерден, Ақтөбе, Тараз және Баба-Ата 5 қалаларынан табылған құбырларға ұқсас. Оған ХІ-ХІІ ғғ. Орта Азиялық қалалардың ұқсастығы жақын.

Тандыр – пештер нашар иленген саз балшықтан жасалған. Оның құрамына өзен құмы (түйір көлемі 0,3-0,4см дейін) мен шабылған сабан қосылған. Өрнектелуінде қабырғасындағы толқын үлгісіндегі сызықтар, тік сызықтардың аралығындағы үшкіл қысқа кертіктер қатты затпен тереңдетіліп бастырылып орындалған.

Сүйек пен мүйізден жасалған бұйымдар. Шахмат фигуралары. Қазбаның оңтүстік бөлігінен піл сүйегінен жасалған екі шахмат фигурасы табылды. Олар станокта жонылған, мұны шахмат фигурасының табанындағы шеңберлі іздер куәландырады.

Оның үстіне қазбадан бұрын да осыған ұқсас фигура табылған болатын. Барлық фигура дөңгелек цилиндрлі, биіктігі 3,7 см, 4 см және 4,2 см, диаметрлері 3,5-3,7 см. Цилиндрдің жоғарғы жағы еркін сопақтанған. Жоғарғы бөлігінің ортасы үш шеңберлі сызықта сатыланып кесіліп, бірыңғай орталықтанған дөңгелекті (шарды) құраған. Бұл шар еркін дөңгеленген,биіктігі 4 мм,диаметрі 5мм.

Талғардан табылған алғашқы шахмат туралы И.И. Копыловтың 7 мақаласында айтылған. Ол қазіргі Талғар қаласының тұрғыны тапқан алты шахмат фигурасы туралы жазған. Фигуралар піл сүйегінен станокта жонылып жасалған.

Үш шахмат фигурасы шар тәрізді пішінде. И.И. Копылов бұл фигураларды VIII-ІХ ғғ. шығыстық (араб) король мен ферзі фигураларына орналастырылған жарты дөңгеленген шарларға ұқсастырып король мен екі ферзі тасы белгісімен болжаған. Басқа екі шахмат фигурасын, тағы да VIII-ІХ ғғ шығыс (араб) шахматындағы жоғарғы жағы бірте-бірте тарылып жасалған цилиндрлі ат пен жай тас (жаяу әскер) фигурасымен байланыстырған. Фигураның жоғарғы жағы дөңгелек, ұшы алғашқы екеуі секілді жарты шарлы бастанып жонылған. Пішін үйлесімділігі, көлемі мен сыртқы орындалу көрінісі бойынша Хальбуктен шыққан Х-ХІІ ғғ цилиндрлі шахмат фигураларына ұқсас. И.И. Копыловтың пікірі бойынша бұл фигуралар атты бейнелейді.

Көпшілік зерттеушілер алғашқы шахмат ойыны Үндістаннан шыққандығын қолдайды.

Ирандық тарихшылар осы сияқты ойынның парсылық шығу тегі пайдасында Греко-Бактриялық патшалыққа (Солтүстік-батыс Үндістан) апарып дәлелдер жүргізген.

Ағылшындық шығыстанушы Г. Мэррей Үндістандағы шахматтың пайда болуын б.э. 570 ж жатқызады, одан кейін, оның ойынша ол Иранға жеткен8. И А .Обрели мен К.В.Тревердің көзқарасы бойынша Үндістаннан шыққан шахмат Қытайға жеткен, одан Малай аралдарына, батыста – Иранға және одан ары кеткен9. Зерттеушілердің басым көпшілігі осы туралы жеткілікті дәлелдер жүргізбесе де, шахмат Қытай, Жапония, Корея және Қиыр Шығыстың басқа да елдеріне кең тараған деп қарайды. «Шахмат» ойыны атауының шығу төркіні араб-парсылық, «шах» (патша) парсы      сөзінен шыққан, ал, «мат(а)» (өлу) араб етістігі10.

Ресейде шахмат VIII-ІХ ғғ. пайда болды, термині куәландыратындай Шығыспен байланыссыз. Орыстың «ферзі» сөзі «визир» (нысана) сөзінен шыққан.

Орта Азия шахмат ойынын қалыптастыру мен дамытуда маңызды рөл ойнады. Бірқатар зерттеушілер оны шахматтың екінші отаны санайды. Бұл солай да, себебі, Орта Азия Үндістан мен Қытай аралығындағы мәдени жетістіктердің ортасында жатыр. Біздің эрамыздың бірінші ғасырында Үндістандық буддистер діни идеялармен қатар, басқа да мәдени жетістіктерді, оның ішінде - шахмат ойынын да таратқан11.

Шахмат әртүрлі материалдардан дайындалды. Олар піл сүйегінен ойылды (Дальверзин, І-ІІ ғғ.; Афрасиаб, VIII-ІХ ғғ.; Моншақ тебе, VI- VІІІ ғғ.; Хульбук, Х-ХІІ ғғ.). Саздан (Айыртам, І-ІІ ғғ.), шыныдан (Афрасиаб, Х-ХІІ ғғ.), саздан (Дальверзин, XV-XVIІ ғғ.)     жасалған фигуралар да белгілі12.  Осы қалалардың тізіміне піл сүйегінен жасалған шахмат (Х-ХІІ ғғ.)   табылған Жетісудағы Талғар қаласын қосуға         болады.

Сүйек түймелер. Ұқсас түймелер Талғар қаласының өткен жылғы жәдігер жиынтығында бар. Түймелер дөңгелек диск түрінде, диаметрі 2 см , ортасындағы цилиндр үлгісіндегі өткен тесігінің диаметрі 0,5 см. Түйменің жоғарғы жағы жатық дөңесті, төменгі жағы тегіс. Дөңесті жақтауында ортадағы нүктеден симметриялы 4, диаметрі 0,3 см тесік орналасқан. Түймелер орталық тас төселген жолды ашуда табылды.

Бұғы, марал мүйіздерінің кесіндісі, негізінен мүйіздер жуан, әрі кесілген. Бұлар өңдеуге дайындалғанға ұқсайды. Кесілген мүйіздердің биіктігі 15 см, негізгі бөлігінің қалыңдығы  7,8 см, түбінің диаметрі 9,5 см. Асықтар 5 дана, ірі қаранікі (сиыр). Екеуі бұрғыланған. Диаметрі 0,3-0,4 см. Асықтардың биіктігі 5,3-тен 6,6см дейін, ені 3,6-дан 4,5см-ге дейін.

Тастан жасалған бұйымдар. Қазбаның оңтүстігінен шым қабатын алғаннан кейінгі екінші күрек бойы деңгейінен екі диірмен тас шықты. Диірмен тастың астыңғы тасы пішінінде дөңгелек, қара түсті тау жынысынан дайындалған. Жыныстың құрылысы қатпарлы. Диірментастың диаметрі 35 см, жалпақ дискінің қалыңдығы 3 см. Ортасында дөңгелек цилиндр пішініндегі тесігінің диаметрі 4 см. Жиегі тегіс ұрылмаған.

Диірмен тастың үстіңгі тасы. Диірмен тас дөңес дискілі, ортасында диаметрі жоғарғы жағы 6 см, төменгі жағы 3 см болатын конус үлгісіндегі тесігі бар. Диірмен тастың диаметрі 25 см, жиегі тегіс ұрылмаған. Дискінің орта тұсының қалыңдығы 8,5 см.

Ортағасырлық Талғар қаласындағы зерттеу жұмыстарының нәтижесі қалалық мәдениетінен, қаланың тұрғын үй кварталының құрылысы мен жобалануынан, қала тұрғындарын санитарлы-гигиеналық қамтамасыз етудің жоғары деңгейде дамуынан жаңа мәліметтер берді. Қыш, металл, тас жәдігерлер қорын толықтырды. Табылған заттай жәдігерлер мен жазба деректер қаланың Х-ХІІІ ғғ. Үндістан, Алдыңғы Азия мен Оңтүстік-шығыс Азия елдерімен сауда және мәдени байланыста болғандығын дәлелдейді.  

 

Murray H.J.R. History of Chess. Oxford, 1913.

Орбепи И.А., Тревер К.В. Шатранг. Книга о шахматах. Ленинград, 1936.

Гижицкий Е. С шахматами через страны. Варшава 1970, с.15.

Лубо-Лесниченко Е.И. Привозные зеркала Минусинской котловины. Москва, 1975. С.372-373; Кляшторный С.Г. Древнетюркские рунические памятники. Ленинград, 1964. С.98-101.

Байпаков К.М., Терновая Г.А,, Горячева В.Д. Художественный металл городища Красная Речка (VI -начало XII в.). Алматы, 2007. С.196.

Байпаков К.М., Савельева Т.В., Чанг К. Средневековые города и поселения Северо-восточного Жетысу. Алматы, 2005. С.69.

Кожемяко П.Н. Раннесредневековые города и поселения Чуйской долины. Фрунзе: изд. АН КиргССР, 1959. С.44.

Агеева Е.И., Пацевич Г.И. Из истории оседлых поселений и городов Южного Казахстана //Труды ИИАЭ АН КазССР. Алма-Ата: изд. АН КазССР, 1958. TV. С.190-192, рис.108.

Бубнова М.А. Средневековое поселение Ак-тобе у с. Орловка // Археологические памятники Таласской долины. Фрунзе: иэд. АН КиргССР, 1963. С.141.

Сенигова Т.Н. Средневековый Тараз. Алма-Ата: Наука, 1972. С.126-127; Грошев В.А. Ирригация Южного Казахстана в средние века. Алма-Ата: Наука, 1985, С.80-85.

Большаков О.Г. Город в конце VIII - начале XIII в. // Беленицкий А.М., Бентович И.Б., Большаков О.Г. Средневековый город Средней Азии. Ленинград: Наука, 1973. С.306-307.

Копылов И.И. К вопросу о шахматной игре Шатрандже в Талкиғе, в древнем Талгаре // Археологические исследования в Казахстане. Алма-Ата, 1992, с.71-82.