Географиялық координаттары: N. 43°10’871", Е. 070°25’901", теңіз деңгейінен биіктігі 544 м.

Тамдыны 1941 жылы Жамбыл археологиялық бекетінің экспедициясы ашқан 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы қаланың цитаделінде шағын көлемде қазба жүргізіп оның мәдени қабатының 3 м екенін анықтап, сол кездегі қаланың тарихи-топографиялық құрылымы туралы: «... тік бұрышты қабырғалары әлемнің төрт жағына қарай бағытталған алаңның (шахристанның-М.Е.) өлшемдері солтүстіктен оңтүстікке қарай 175 м, батыстан шығысқа қарай 300 м, биіктігі 1 м шамасында. Оны қоршап жатқан биіктігі 1,5-2,5 м қамалдың солтүстік-шығыс бұрышында үлкен мұнара, оңтүстік қабырғасының ортасында екі шағын мұнаралар сақталған. Шахристанның солтүстік-батыс бұрышында орналасқан биіктігі 4 м шамасындағы цитадель тік бұрышты, көлемі 55 * 55 м, сыртындағы биіктігі 0,5 м жалда мұнара орындары сақталған, оның солтүстік-батыс бұрышындағы мұнара пахсадан тұрғызылған. Цитадельден шығыста орналасқан тік бұрышты, көлемі 80 * 80 м, биіктігі 1,5 м шамасындағы алаңды қоршаған биіктігі 0,5-0,6 м қамалдың төрт бұрышында мұнаралар орналасқан. Қаланың солтүстік қабырғасының көп жерін Тамды өзені шайып кеткен» - деп жазған 3.

2000 жылы Тамдыны Ә.Х. Марғұлан атындағы археология институтының Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы зерттеген.

2009 жылы Республикалық «Мәдени мұра» стратегиялық бағдарламасы бойынша «Археолог» Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Тамды археологиялық экспедициясы табиғи апаттан (өзен шайып) және жүргізілген шаруашылық жұмыстарының нәтижесінде бұзылып жатқан ортағасырлық Тамды қаласының тарихи-топографиялық құрылымын зерттеп, цитаделінде үш қазба (қазба 1, қазба 2, қазба 3 ж) жүргізіп, стратиграфиялық кесік салды.

2009 жылы Тамдының топографиялық жобасын түсіру кезінде оның шахристаны мен цитаделінің тарихи бедері 1947-2008 жылдар аралығында Тамды өзенінің шайып құлатуына байланысты және әр жылдарда жүргізілген шаруашылық жұмыстарының барысында қатты бұзылғаны анықталды (1- сурет).

Шахристанның солтүстік қабырғасының көп жерін өзен шайып кеткен, жағалық террасада орналасқан құрылыстар осы заманғы үйлерді, олардың қора-жайларын салу, бау-бақша алқаптарын тегістеу кезінде қатты бұзылған.

Солтүстік-шығыс бұрыштағы мұнараның шығыс, оңтүстік-шығыс жақтары жол салу, құрылыс жұмыстарына топырақ қазып алу кезінде бұзылған. Шахристанның шығыс бөлігіне үй, қора-жайлар тұрғызылып, қоқыс төгілген, ал оңтүстік бөлігінің мәдени қабаты тегістеліп, үстіне Қаратау қалалық жол құрылысы мекемесінің құрылыстары салынып, оның сырты тастан қаланған қабырғамен қоршалған.

Шахристанның солтүстік-батыс бұрышында орналасқан цитадельдің солтүстік-батыс, солтүстік жағын Тамды өзені шайып кеткен, оның солтүстік бөлігіндегі XX ғасырдың 60-жылдарында қазылған шұңқырдың ұзындығы 23 м, ені 10-12 м, тереңдігі 2-2,5 м.

Цитадельдің оңтүстік, солтүстік-шығыс бөлігінің үстіңгі қабаты 0,5-0,6 м, ал кей жері 1 м тереңдікте қазылып, тегістелген. Цитадельдің шахристанның деңгейінен осы кездегі биіктігі 1-1,5 м.

2009 жылы түсірілген топографиялық жоба бойынша Тамды қаласының сақталған бөлігінің көлемі анықталып, қорғау аймағы белгіленіп, оның картасы «Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет басқармасының тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мемлекеттік мекемесіне берілді.

Қазба-1. Цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінің жоғары қабатын зерттеу үшін салынған қазбаның көлемі 12 * 16 м, тереңдігі 0,3-0,8 м. Қазбаның шығыс бөлігінен солтүстіктен оңтүстікке қарай бағытталған ені 0,3-0,5 м (әр түрлі көлемдегі тастардан қаланған) ұзындығы 7,25 м қабырға ашылды. Осы қабырғадан батыста 0,9 м және 1,4 м жерден 2 шұңқыр ашылды, оның біріншісінің аумағы 1,5 м, тереңдігі 0,8 м, екіншісінің аумағы -1,35 м, тереңдігі 0,75 м. Қазбаның оңтүстік-батыс бөлігінен бір-бірімен есік арқылы байланысқан үш бөлменің қалдығы ашылды. Бөлмелер (2 * 2,2 м; 1,8 * 1,5 м; 2 * 2,25м) көлемі 32-42 * 20-22 * 9-10 см кесектен қаланған қабырғалары 0,2-0,3 м биіктікте сақталған, олардың ішкі жағында 1-2 қатар сылағы бар.

Қазба-2. Цитадельдің солтүстік бөлігіндегі XX ғасырдың 60-жылдарында қазылған шұңқырдың оңтүстік-батыс бұрышында жүргізілген көлемі 8*10 м, тереңдігі 1,5-1,8 м қазбадан 2 құрылыс кезеңінің қалдықтары ашылды. 1- құрылыс кезеңінен сақталған екі бөлменің едені қазбаның жоғары нүктесінен 1,3 м тереңдікте жатыр. Көлемі 3*3,75 м 1 -бөлменің қалыңдығы 0,5 м солтүстік қабырғасы кесектен, басқа қабырғалары пахсадан тұрғызылған. Бөлмеден ашылған тандырдың аумағы 0,75 м, шұңқырдың тереңдігі 0,8 м.

1-бөлмемен батыс қабырғасы ортақ 2-бөлменің көлемі 3*3,5 м. Оның оңтүстік-батыс бұрышынан ашылған шұңқырдың аумағы 0,3 м, тереңдігі 0,3 м.

2-құрылыс кезеңіндегі екі бөлменің едені қазбаның жоғары нүктесінен 1,7 м тереңдікте жатыр. Көлемі 3*3,75 м 1-бөлменің шығыс, солтүстік қабырғалары кесектен, батыс және оңтүстік қабырғалары пахсадан тұрғызылған. Бөлменің шығыс қабырғасының жиегіндегі сұпадан ашылған тандырдың аумағы 0,85 м, солтүстік қабырғасының жиегіндегі шұңқырдың аумағы 0,35 м, тереңдігі 0,4 м. Осы бөлменің оңтүстік-шығыс бұрышында орналасқан қабырғасы кесектен өрілген шағын қойманың көлемі 1,1 * 0,85 м.

1- бөлмемен батыс қабырғасы ортақ 2-бөлменің көлемі 2,6-2,8*2,3 м, оның қалымдығы 0,5-0,75 м солтүстік және батыс қабырғалары кесектен қаланған. Бөлменің шығыс қабырғасының жиегіндегі сұпада орналасқан аумағы 0,4 м тандырдың жанынан уақ малдың 60 асығы табылды.

Кесік. Цитадельдің мәдени қабатының қалыптасу тарихын және қамалын зерттеу мақсатында 2-қазбаның солтүстік-батыс бұрышынан бастап оңтүстіктен солтүстікке қарай қазылған стратиграфиялық кесіктің ұзындығы 11 м, ені 2-2,3 м, тереңдігі 5-6,2 м. Жүргізілген қазбаның нәтижесінде 4 құрылыс кезеңінің қалдықтары ашылды. 1 -құрылыс кезеңінде биіктігі 1,5 м табиғи жарқабақтың үстіне бір-біріне жапсыра қаланған 3 қатар пахса блоктарынан (2,1 м; 0,8 м; 1,5 м.), жалпы қалыңдығы 4,4 м қамал тұрғызылған. Оның сақталған биіктігі 4 м.

2-құрылыс кезеңінде қамалдың ішкі жағынан оңтүстікте 5 м жердегі қабырғасы пахса мен кесектен қаланған құрылыс салынып, оның іргесінде жатқан 1 қатар су құбыры орнатылған (2-сурет). Желідегі құбырлардың ұзындығы 0,5 м, кең жағының аумағы 15 см, тар жағы-10 см. 3-құрылыс кезеңінде 1 және 2 құрылыс кезеңдерінде салынған құрылыстардың арасында жатқан қалыңдығы 0,7-1 м топырақ құландысының үстіне әр түрлі көлемдегі 1-3 қатар жалпақ тастар қаланып, оның үстіне айналма дәліздің қабырғалары тұрғызылған. Дәліздің ені 1 м, биіктігі 2,35 м солтүстік қабырғасы 1-кезеңдегі қамалдың ішкі жағына қосарлана қаланған, ал оңтүстік қабырғасының төменгі жағы пахса, кесек және бірқатар тастан, жоғары жағы - кесектен қаланған. 4-құрылыс кезеңінде айналма дәліздің еденінде жатқан қалыңдығы 0,4-0,5 м тығыз топырақ құландысының үстінен беті жалпақ тастармен жабылған ені 0,3 м, тереңдігі 0,2 м оңтүстік-батыстан солтүстік-шығысқа қарай бағытталған пайдаланған су ағатын арық қазылған.

3-қазба. Цитадельдегі кесіктен ашылған 4-құрылыс кезеңінде салынған айналма дәлізді зерттеу үшін жүргізілген қазбаның ұзындығы 10 м, ені 1,6-2,3 м, тереңдігі 1,6-2,75 м. Жүргізілген қазбаның барысында айналма дәліздің ішкі жағы 10 м аралықта, ал оның табанындағы су ағатын арық 5 м ұзындықта ашылды.

Сонымен, жүргізілген археологиялық зерттеулер дің нәтижесінде ортағасырлық Тамды қаласының цитаделі мен шахристанының сақталып қалған бөліктерінің көлемі анықталды. Цитадельдің стратиграфиясы зерттеліп, оның бекініс жүйесі мен жоғарғы қабатының құрылыстары ашыла бастады.

Өзен шайып және шаруашылық жұмыстарына байланысты бұзылып жатқан ескерткіште 2009 жылы басталған жұмыстарды онан әрі жалғастырып, ашылған құрылыстарды бекітіп, қайта қалпына келтіріп, ашық аспан асты музейіне айналдырса дұрыс болар еді.